Өлең, жыр, ақындар

Наурызбай туралы

Наурызбай бір қол бастап келе жатқанда, өзінің батыр жолдастары сұрайды: «Ер қаруы — бес қару, соны түгел жұмсайсың ба?» — деп сұрапты.

— Е, біреуі артық болып жұмсай алмасам, неге алып жүремін. Соны айтты да, Боз атына міне салып дөңге қарай шығып, садағымен бір боз торғайды атып тигізеді, қайта жерге түсіп келе жатқанында найзаменен бір шаншып, қылышпенен бір шауып, қамшымен бір салып өткен екен. Мұны айтқан Наурызбайдың қолында болған Дөрмен деген адам, онан Бахтыбай есіткен, оның айтқанын Дөрменнің айтуы бойынша, бір күні жорыққа жүріп келе жатқанда, Наурызбай айтады: «Ағалар, сендерге бір ойын көрсетейін, ол үшін екі жарылып жүре беріңдер», — дейді. Сонда Наурызбай Боз атпен ағызып келе жатып жолдастарының денесіне тигізбей найзамен жағадан түйреп екі жақтағы адамды бірінен соң бірін түйреп лақтырып түсіріп отырады.

Наурызбай бос уағында ағасының үйіне адамдар жиналып кеңес құрып отырғанда, ол жай ғана отырып ешқайсының сөзіне араласпай, қынынан тар екі қарыс сар пышағын алып, ұшынан ұстап жоғары қарамай секіртіп жіберіп, төмен қарап отырып, түсер кезде ұшынан ұстап алады екен.

Орыс патшалығы Құсмұрын дуанын салған, дуанбасы Қапыр Шодыр. Наурызбай бұлардың бекінісіне талай шабуыл жасап, үлкен қимыл көрсеткен. Сол кездегі салған бекініс Тайыс әулиелердің орны бар, айнала қазған ат бойы терең орлар бар, орыс әскерлері Наурызбайдан қорқып сол бекініс үйдің ішінен мылтық ататын тесік жасап, сонан ататын болған. Ақырында Қапыр Шодырды өлтіріп, қорғанын бұзып алған, сонан орыс әскерлері бұл жерден бір жола қашып кеткен, күні бүгінге шейін сол жерде «Шодыр сайы» деген жер бар. Қазір сол жерде Киров колхозы бар.

Оқуға кеңес береміз:

Жалбыр батыр (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз