Өлең, жыр, ақындар

Жалбыр батыр (І нұсқа)

Жалбыр — Бөрібай батырдың кенже баласы. Жалбыр туғанда өте кішкентай болып туылыпты. Бөрібай баланың орасан нәзік кішкентай боп туғанына көңілі толмай, өзінің қарттығын есепке алып: (Бөрібайдың жасы 82-де екен) «Әй, тірі болса, бұл да бір адам болып шығады да» деп, атын Байсал қойыпты. Жалбыр туғаннан күн санап өсіп, бес жасында жиырма жастағы жігіттей алып денелі болады. Ол кезде қазақ елі «жеңген алды» жаугершілік заман. Ел шетіне жау тиіп, «аттан!» деген қорқынышты ұран шықса, халықтың іске жарайтын ер-әйелдері тегіс аттанып, жауға қарсы соғысқа шығады екен. Жалбыр он жасында-ақ көптен қалмай, қолына түскен тай-тулақты ұстап, жайдақ мініп жауға қарсы шаба беріпті.

Баланың алып денелі, айбарлы талабына риза болған әкесі Бөрібай батыр Жалбырды он екі жасында арнаулы атқа мінгізіп, тал жібектен тығыздап тоқыған, асыл темірден оймақтатып жеңіл сауыт кигізіпті. Шешесі жылқыдан Ақбоз ат алдырып мінгізіп, үш құлаш қыл шылбыр есіп байлапты.

«Балам жаудан жаралы қайтса, аққан қызыл жарастық, балам аттан құласа, ұзын шылбырдың бір шетін беліне байласа, сүйегі жауда қалмас» деп. Жалбыр қару-жарақ ұстауға ұқыпсыз. «Аттан!» деген дауыс шыққанда, орнынан тұрып атқа қонып жүре береді екен. «Батыр, қолыңа қаруыңды алсайшы!» деушілерге: «Сол шіркіннің өздері де құр қол келмес», — деп жаудың өз қаруын өзіне жұмсармын деген оймен кете береді екен. Айтқанындай, соғысқа кіргенде, қарсыласқан жаудың найзасын тартып алып, қайыра жаудың өзіне жұмсайды екен. Бір қатты соғыста Жалбыр ауыр жаралы болып келгенде, әкесі қарт Бөрібай:

— Жалбырдың жарақаты алдынан болса ауылға алып кел, артынан болса әкелмеңдер, далаға тастаңдар, ол жаудан тайып, қашқан қорқақ неме тумай кетсін! — депті. Хабаршы жігіт:

— Батыр, ата, омырауында үш найза ұңғысынан сынып, қадалып тұр, — депті. Бөрібай батыр:

— Жарайды, оңаша үйге кіргізіп жатқызыңдар, өзім барып көремін, — депті.

Жалбырды әкеліп жатқызған соң, сексен алты жастағы қарт Бөрібай барып қадалған найзалардың ұңғысын, қыл шылбырды мықтап байлап, қол күшімен біртіндеп суырып тастағанда, Жалбыр қабағын шытпапты.

Оқуға кеңес береміз:

Науша батыр туралы

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер