Өлең, жыр, ақындар

Жалған патриотизм: Қазақ жастарының шетелге кетуі – ұлттық тамырдан ажырау ма, әлде дамуға қарай ұмтылу ма?

Патриотизм – отансүйгіштік. Яғни әр адамның бойында болуы тиіс рухани сезім мен өз еліне қызмет етуге деген ішкі талпыныс. Патриотизмнің негізгі белгілері:

  1. Қиын сәттерде өз мемлекетін қорғауға дайын болу;
  2. Өз ұлтының ділін, тілін, мәдениетін құрметтеу;
  3. Шетелге шыққанда ұлтының айнасы болу – сол елдің халқы туралы жақсы пікір қалыптастыра білу.

Қазақтар үшін патриотизм тақырыбы ежелден өзекті. Егер бұрын адамдар егемендік үшін күресу арқылы отансүйгіштігін танытса, қазір заман өзгеруіне байланысты патриот болудың «өлшемдері» де жаңаша сипат алып келеді.

Жалған патриотизм – адамның ішкі түйсігіндегі Отанына деген ыстық сезімі мен істеп жүрген іс-әрекетінің сәйкес келмеуі; көзбояушылық. Қазіргі таңда бұл мәселе жиілеп барады. Мысалы: жігіттердің әскерден қашуы, қазақтардың өз тілін білмеуі, халықтың туған жеріне құрметсіздік көрсетуі, жерді ластауы және оның бізге қандай жолмен жеткенін ұмытуы секілді кемшіліктер белең алып отыр.

Басты мәселеге тоқталмас бұрын, бұл тақырыптың өзектілігіне назар аударайық. Қазіргі таңда патриотизм ұғымы көбіне іспен емес, сөзбен дәлелденеді. Қазақ тілін меңгермеген, бірақ «Мен Қазақстанды сүйемін, мен патриотпын» деп жар салатын адамдарды жиі көреміз. Сонда адам қарапайым өз тілін меңгере алмаса, елге қандай үлес қоса алады? «Қазақстан демографиясында +1 адам болып тұрғаннан басқа қандай пайдасы бар?» деген сұрақ ойға оралады. Бірақ, әр адамның жағдайы әртүрлі, сондықтан көпке топырақ шашудан аулақ болайық.

Осы тұстан біз елде пассивті және активті қозғаушы күш бар екенін аңғарамыз. Біреулер оқу бітіріп, ата-анасы секілді үйреншікті өмір салтын жалғастырғысы келеді. Олар өмірдің ағымымен жүруді жөн көреді, бұрын жасамаған іс-әрекеттерді жүзеге асырудан қашады. Ал басқалары биік шыңдарды бағындырып, дүниежүзілік деңгейде мойындалуды мақсат етеді, кең ауқымда армандайды. Дәл осындай активті адамдар – еліміздің дамуына серпін беретін күш.

Ел халықсыз дамымайды. Халқы білімге, инновацияға ұмтылған сайын мемлекет те алға жылжиды. Ал елінің дамуына үлес қосқан адам – нағыз патриот.

Бұдан шығатын қорытынды: елге деген махаббат – ұранмен емес, іспен өлшенеді. Сол секілді елден жырақта жүрсе де, Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген Димаш Құдайберген сияқты азаматтар да, бұл мәселені үлкен талқыға салып отырған мен де – осы елдің жанашырларымыз. Арамыздағы айырмашылық жасымызда емес, басып жүрген жеріміз бен істеп жатқан ісімізде.

Осы орайда тақырыпты кеңірек ашу мақсатында БҚО, Бәйтерек ауданындағы Абай мектеп-гимназия-интернатының 11-сынып оқушылары арасында кішігірім сауалнама жүргіздім. Жауап бергендердің 90%-ы бір ойды ұстанды: шетелге бару – елден қашу емес. Керісінше, Отанымыздың дамуы жан-жақты білімді талап еткендіктен, шетелге барып тәжірибе жинақтау – елге сырттай болсын үлес қосуға мүмкіндік.

Алайда қалған 10% оқушының көзқарасы өзгеше болды: олардың пікірінше, елдің нағыз жанашырлары – мүмкіндігі аз болса да, елде қалып, сол мүмкіндікті жасаушылар. Себебі, жаңа мүмкіндіктердің пайда болуына жастар ықпал етпесе, бұл мәселелерді кім қолға алады?

Әрине, елді басқарып отырған үкімет бар. Дегенмен, әрбір мемлекет жас ұрпақтың тың ойы мен жаңа идеяларына қашанда мұқтаж.

Шын мәнінде, білім іздеп, армандарын қуып шетел асқан жастарды сөгуге ешкімнің құқығы жоқ. Олар сатқын емес. Керісінше, сатқындар – әлеуметтік желіде тарихты сылтау етіп, өзге ұлттарды кемсітетіндер; білім алмай, дамымай жүріп, елді артқа сүйрейтіндер. Мұндай адамдар – қоғамның қасіреті.

Қазіргі ойы сергек жас ұрпаққа қарасақ, ұлттық тамырдан ажырау бізге жат. Алайда ересектердің басым бөлігі бұл пікірмен келіспеуі мүмкін. Олардың түсінігінде шетелге кету – елдегі білім сапасын немесе өмір сүру деңгейін мойындамау сияқты көрінеді.

Пікірлердің сан алуандығына қарамастан, білімге ұмтылу – ата-бабамыздан қалған қасиет. Алаш зиялыларының өнегесіне үңілсек, дамуға деген талпыныс біздің ұлттың қанында бар екенін айтуға толық негіз бар.

Патриотизм – сөзде де емес, көзде де емес. Ол адамның тұрып жатқан жерімен өлшенбейді. Ұлтымызға адал болайық!

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз