Тәуелсіз еліміздің ең асыл қазынасы – білімді, ойы ұшқыр, болашағы айқын жас ұрпақ. Ұлттың ертеңі де, мемлекеттің мерейі де тікелей білім сапасына байланысты. Осы орайда білім беру саласын дамытуға ерекше мән беріп келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауларында ел болашағы – бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған жастардың қолында екенін үнемі атап өткен.
Бүгінгі жаһандану дәуірі білім саласына жаңа талаптар жүктеді. Қоғамға тек білімді емес, сонымен қатар сыни ойлай алатын, жауапкершілігі жоғары, шығармашыл тұлғалар қажет. Осындай тұлғаны қалыптастыруда білім беру үдерісін жаңаша бағалау жүйесіне көшіру – уақыт талабы. Сол себепті критериалды бағалау технологиясы оқу үдерісінің ажырамас бөлігіне айналып отыр.
Осы бағыттағы маңызды іс-шаралардың бірі ретінде Өрлеу БАҰО ұйымдастыруымен Ақтау қаласындағы №4 гимназияда «Қазақ тілі сабағында оқушылардың білімін критериалды бағалау технологиясы» тақырыбында мазмұны терең, тәжірибеге бай облыстық семинар өткізілді.
Семинардың басты мақсаты – жаңартылған білім мазмұны жағдайында мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру, критериалды бағалаудың тиімді жолдарын көрсету және педагогтер арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау болды.
Іс-шара барысында білім мен тәжірибе тоғысқан ерекше педагогикалық орта қалыптасты. Ақтау қаласындағы №10 жалпы білім беретін мектеп директоры Б. Испекеев мектеп тарихына тоқталып, ұжымның жетістіктерімен таныстырды. Ал қазақ тілі пәнінің мұғалімі А. Измағамбетова 1-сынып оқушыларымен «Мен ертегі білемін» атты ашық сабағын өткізіп, кішкентай шәкірттерді ертегі әлеміне жетеледі. Сабақ барысында қолданылған ойын әдістері – «Көз жұмбақ» секілді тапсырмалар – оқушылардың қызығушылығын арттырып, білімді жеңіл әрі әсерлі меңгеруіне жол ашты. Бағалау үдерісі әр кезеңде жүйелі жүргізіліп, оқушылардың белсенділігі нақты көрініс тапты.
Келесі бір әсерлі сабақ №4 гимназия мұғалімі С. Бибекованың ұйымдастыруымен өтті. Сынып бөлмесі ертегі әлеміне айналып, оқушылар кейіпкерлер бейнесінде білім мен өнерді ұштастыра білді. «Мақта қыз бен мысық» ертегісі негізінде жүргізілген сабақта балалар диалог құрап, сахналық көрініс қойып, өз қиялдарын еркін көрсетті. Бағалау түрлі-түсті ою-өрнек белгілері арқылы жүзеге асырылып, өзара және өзін-өзі бағалау мәдениеті қалыптасты.
Сондай-ақ Ж. Өзбекованың «Шақырады көктем» атты әдеби-сазды шарасы семинарға ерекше көркемдік реңк беріп, қатысушылардың рухани әлемін байытты. Оқушылардың мәнерлеп оқу, ән айту және би өнерін ұштастыруы қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.
Критериалды бағалау жүйесінің тиімділігі жөнінде Жаңаөзен қаласы №16 бастауыш мектеп мұғалімі Г. Мұсабаева мен Ақтау қаласы №12 мектеп мұғалімі С. Мұхамбет мазмұнды баяндамалар жасап, бұл жүйенің оқушы жетістігін нақты, әділ әрі ашық бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Семинар барысында әдіскерлер мен ұстаздар өз тәжірибелерімен бөлісіп, білім берудегі жаңашылдық пен ізденістің маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Іс-шара соңында семинар жұмысы қорытындыланып, белсенді қатысқан ұстаздарға алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табысталды.
Қорытындылай келе, критериалды бағалау технологиясы – білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеретін, оқушының қабілетін әділ бағалауға және оның жеке дамуына жол ашатын заманауи педагогикалық жүйе. Бұл бағыттағы ізденістер – болашақтың білімді де бәсекеге қабілетті ұрпағын қалыптастырудың берік негізі.
- Азамат Төре (авторлық өңдеу)
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі