Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы азат ел болуды аңсап өтті. Сол асыл арман жолында қаншама батырлар жанын пида етіп, туған жерін қорғау үшін ерлікпен қаза тапты. Талай сәби ата-анасының мейірімінен айырылып, жетімдік тауқыметін тартты. Елдің еркіндігі үшін күрескен ақын-жазушылар да қуғын-сүргінге ұшырап, ауыр тағдыр кешті. Мен тәуелсіздік алғаннан кейін дүниеге келген ұрпақтың өкілі болсам да, егемендіктің қандай қиын жолмен келгенін терең түсінемін.
Ғасырлар бойы халқымыз аңсаған тәуелсіздік – бүгінгі ұрпақ үшін ең қастерлі құндылық. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде тарих сахнасына шықты. Бұл күн – ел тағдырындағы айрықша маңызды белес, әрбір азамат үшін қасиетті мереке.
Бізді бүгінгі бейбіт өмірге жеткізген тарихи оқиғалар аз емес. Ел қорғаған соғыстар, ұлт-азаттық көтерілістер – барлығы да халықтың қайсар рухын, жігерін айқын көрсетті. Осы ерлік жолы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына дейін жалғасып, тәуелсіздікке деген ұмтылыстың жарқын көрінісіне айналды. Сондықтан егемендік бізге оңайлықпен келген жоқ, ол – талай ұрпақтың жанқияр еңбегінің нәтижесі.
Тәуелсіздік жылдары еліміз зор жетістіктерге жетті. Бұл – елдегі тұрақтылық пен бірліктің, көреген саясаттың нәтижесі. Көпұлтты Қазақстан халқының татулығы мен ынтымағы – мемлекетіміздің басты байлығы.
Бүгінгі таңда тәуелсіздік күні – елдіктің, бірліктің және болашаққа деген сенімнің символы. Ата-бабаларымыз азаттық үшін күресті, ал біздің міндетіміз – сол тәуелсіздікті нығайтып, келер ұрпаққа аман жеткізу.
Қазақстан – табиғаты көркем, жері бай өлке. Мұнда асқар таулар мен мөлдір көлдер, шалқар теңіздер мен кең далалар, ну ормандар мен шөлейт аймақтар тоғысқан. Ұлан-ғайыр даламыз өзінің кеңдігімен де, байлығымен де ерекшеленеді.
Еуразия құрлығының дәл жүрегінде орналасқан Қазақстан жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орында тұр. Оның кең байтақ аумағы бірнеше Еуропа мемлекеттерін біріктіргендей үлкен.
Халқымыз үшін туған жер – қасиетті ұғым. Оны қастерлеу – қанымызға сіңген қасиет. Батырлар жырындағы қарапайым жолдардың өзінде туған жерге деген шексіз махаббат айқын сезіледі.
Бүгінде Қазақстанда түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Қазақ халқы – негізгі ұлт, сонымен қатар елімізде орыс, украин, өзбек, неміс, татар және басқа да этностар бейбіт тіршілік етуде. Бұл – еліміздің бірлігі мен келісімінің айқын көрінісі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, тәуелсіздікке жету жолы оңай болған жоқ. Алайда халқымыз ең қиын кезеңдерді артқа тастап, бүгінгі күнге жетті. Бұл – ортақ жеңісіміз.
Сондықтан әрқайсымыз үшін ең басты міндет – туған Отанымыздың тәуелсіздігін қадірлеу, оны нығайту және қорғау. Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіреп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Азамат Төре (авторлық өңдеу)
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі