Адам өмірінде сан түрлі таңдау бар. Алайда солардың ішінде жүрекпен таңдалған жол ғана адамды шынайы бақытқа жетелейді. Мен үшін ол – ұстаздық жол. Осы қасиетті мамандыққа деген сүйіспеншілігіме негіз болған ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби айтқан «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген даналық сөзі. Бұл қағида менің өмірлік ұстанымыма айналып, бар ғұмырыма бағыт-бағдар беріп келеді.
Мен Сыр өңіріндегі Шардара қаласында, Сырдарияның жағасында өсіп-жетілдім. Балалық шағым табиғаттың әсем көріністерімен астасып, өзеннің сыңғырлаған үнімен өрілді. Сол бір тыныш та тұнық орта менің мінезіме сабыр, жүрегіме мейірім ұялатты. Осындай ортада өскен менің жүрегімде үлкен армандар бүр жарып, сол армандардың ең асылы – ұстаз болу еді.
Мектеп қабырғасында жүрген кезімде-ақ болашақ мамандығымды айқындап, білім мен тәрбие жолына түсуге бел будым. Қолға алған алғашқы куәлігім – сол арманға бастар алғашқы қадамым болды. Бір күні ата-анамның алдында «Мен мұғалім боламын» деп нық сеніммен айттым. Сол сәтте әкемнің «Мұғалім болам дедің бе – демек, боласың!» деген сөзі мен үшін үлкен сенім мен жігердің бастауы болды.
Осы сенім мені алға жетелеп, Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетіне алып келді. Студенттік жылдар менің тұлғалық қалыптасуымда ерекше орын алды. Бұл кезеңде мен тек білім алып қана қоймай, ұстаздықтың ұлы миссия екенін терең түсіндім.
Еңбек жолымды өзім білім алған мектепте бастап, кейін Ақтау қаласында жалғастырдым. Осы уақыт аралығында ұстаздық мен үшін жай мамандық емес, өмірлік мәнге айналды.
Ұстаз – шәкірт жүрегіне жол табатын, оның болашағына бағыт беретін тұлға. Бұл туралы Бауыржан Момышұлы «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деп дәл сипаттаған. Шынында да, ұстаз – адам жанының бағбаны, келешек ұрпақтың сәулетшісі.
Қазіргі жаһандану дәуірінде ұстазға қойылатын талаптар да жоғары. Ол – білім беруші ғана емес, жаңашыл, ізденімпаз, шығармашыл тұлға болуы тиіс. Әр сабағымда жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың ой-өрісін дамытуға, олардың еркін пікір айтуына жағдай жасауға тырысамын.
Мен үшін әрбір шәкірт – қайталанбас бір әлем. Сол әлемнің ішкі сырын түсініп, оның жүрегіне жол табу – ұстаздық шеберліктің ең биік көрінісі. Баланы жақсы көру, оған сенім арту, жетістігін бағалау – менің басты қағидаларым.
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай». Сондықтан ұстаз әрдайым өз білімін жетілдіріп, заман талабына сай дамып отыруы қажет.
Ұстаз – сарқылмас бұлақ, мәңгілік шуағын шашқан күн секілді. Ол өз бойындағы бар білімін, бар мейірімін шәкірттеріне арнап, олардың болашағына жол ашады.
Мен үшін ұстаздық – өмірдің мәні, жүректің таңдауы. Осы жолда бар күш-жігерімді, білімім мен тәжірибемді шәкірттеріме арнап келемін. Егер олар өмірде өз орнын тауып, биік белестерді бағындырып жатса – мен үшін одан асқан бақыт жоқ.
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Азамат Төре (авторлық өңдеу)
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі