Өлең, жыр, ақындар

Қазіргі заман басшысының психологиялық портреті: интеллект, эмпатия және креативтілік

Қазіргі қоғамның әлеуметтік және технологиялық өзгерістері басқару психологиясына жаңа бағыттар мен талаптар қойып отыр. Бұрын басшылық тек ұйымдастыру мен қадағалауға негізделсе, бүгінгі күнде басшының басты миссиясы – адам әлеуетін ашу, тұлғаның дамуына жағдай жасау және ұжымды рухани ынтымаққа жетелеу. Сондықтан қазіргі басшының бейнесі тек кәсіби тәжірибемен емес, ең алдымен психологиялық мәдениетпен және тұлғалық интеллектпен айқындалады.

Психология ғылымы тұрғысынан басшы тұлғасының құрылымында үш негізгі қасиет дараланады: интеллект, эмпатия және креативтілік. Интеллект – басқарушылық ойлаудың өзегі, талдау жасау, болжау және шешім қабылдау қабілеттерін біріктіретін күрделі психикалық жүйе. Интеллекті жоғары басшы өз ұжымының әлеуетін көре біледі, стратегиялық ойлау арқылы мақсат пен міндетті нақты үйлестіреді. Эмпатия – ұжымдағы адамдардың эмоциялық жағдайын сезініп, олардың көзқарасын түсіне алу қабілеті. Ол сенім мен ынтымақтастықтың психологиялық негізін қалайды. Ал креативтілік – жаңашыл ойлау мен стандарттан тыс шешім қабылдауға мүмкіндік беретін, заманауи басқару мәдениетінің басты шарты.

Америкалық психолог Дэниел Гоулман «Эмоционалды интеллект» ұғымын енгізіп, тиімді басшылықтың 80 пайызы осы қасиетке байланысты екенін дәлелдеген. Оның пікірінше, эмоциясын реттей білетін, өзгелердің сезімін түсінетін адам ғана шынайы көшбасшы бола алады. Ал отандық зерттеуші, педагогика ғылымдарының докторы Б. Тұрғынбаева басшының өзін-өзі тануы мен рухани даму деңгейін басқару мәдениетінің іргетасы деп қарастырады. Ол «адам өз бойындағы мүмкіндікті сезінбей тұрып, өзгенің әлеуетін аша алмайды» дейді. Бұл ой қазіргі менеджменттегі тұлғалық және психологиялық фактордың маңызын нақты көрсетеді.

Әлемдік менеджмент тәжірибесінде соңғы онжылдықта «эмоционалды көшбасшылық» ұғымы жиі қолданылып жүр. Мұндай басшылар ұжымда сенім атмосферасын қалыптастырып, адаммен қарым-қатынас мәдениетін кәсіби құрал ретінде пайдаланады. Басшының сөйлеу мәнері, шешім қабылдау стилі, ұжыммен тіл табысу шеберлігі, дау-дамайды шешудегі сабырлылығы оның психологиялық портретін толықтырады. Психологтар мұндай басшылардың ұйымдастырушылық тиімділігі мен қызметкерлердің қанағаттану деңгейі жоғары болатынын атап өтеді.

Заманауи басшының тағы бір айрықша сапасы – креативті ойлау. Креативті басшы күрделі жағдайларда жаңа шешім ұсына алады, идеяның маңызын түсінеді және жаңашыл бастамаларға қолдау көрсетеді. Мәселен, әлемдік тәжірибеде Стив Джобс пен Илон Маск секілді тұлғалар шығармашылық пен психологиялық сенімділікті басқарудың өзегі етіп, инновацияны ұжым мәдениетіне айналдырған. Бұл олардың табысының психологиялық негізі болды.

Қазіргі қоғамда көшбасшы бейнесі – тек билік иесі емес, рухани, интеллектуалды және эмоциялық үйлесімділігі жоғары тұлға. Ол адамдарды қорқыныш арқылы емес, сенім мен ынталандыру арқылы біріктіреді. Осындай басшылар ұжымдағы психологиялық ахуалды тұрақтандырып, адамдардың өз қабілеттеріне сенуіне ықпал етеді.

Қорыта айтқанда, бүгінгі басқару психологиясының басты мақсаты – басшының кәсіби ғана емес, психологиялық тұлғасын жетілдіру. Интеллекті дамыған, эмоциялық тұрғыдан орнықты және шығармашылыққа бейім басшылар ғана қоғамды жаңа деңгейге көтере алады. Мұндай тұлға өз ісінде парасат пен сабырды, білім мен адамгершілікті, сезім мен сана тепе-теңдігін үйлестіре біледі. Сондықтан ХХІ ғасырдың табысты басшысы – ең алдымен адам психологиясын терең түсіне алатын тұлға.                                                                                                                                                             

Жубаназарова Н.С.       

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, психология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а.

Адилова Э.Т.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы, PHD доктор, доцент м.а.  

Шерикбаева С.Ш.         

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультетінің 1-курс магистранты


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз