Өлең, жыр, ақындар

Батырлыққа сын

Кенесары хан Ұлы жүз үйсіннен қол жинамақшы болады. Жасы ұлғайып қалғанына қарамай, Бөлтірік шешен де жинап берейін деген екен. «Не дейсің, Бөлтірік батыр сауын айтыпты, қол жинап жатыр, Кенесары ханға қосылмақшы екен», — деген хабар шығады. Содан Қаратау, Шу Талас өңіріндегі ысты ағайындардан ат жалын тартып мінер азаматтар атқа қонады. Қосында мыңбасы болып Бөлтірік батыр өзі бастап барған. Кенесары хан «Бөлтірікті ел батыр дейді, мен мұны сынап көрейін» деген екен. Ел көреміз, жер көреміз деген желеумен Бөлтірік шешенді ертіп, хан Кене үш кісімен жол сапарға шыққанда, жолда молаға жасырынып қалу үшін өзінің жансызын жіберген екен. Күн суытып, қар борап тұрады. Түн қараңғы. Суыт жүріп келе жатқан жолаушылар бір ескі қорымға кез келеді. Біразырақ дамылдан кейін от жағып, жылынып алалық деп ұйғарады.

Бір атқосшы аттарды жайғап, екіншісі ас-су қамына кірісіп, үшіншісі отын жинауға жөнеледі. Қылтасы жоқ қазақтың кең даласында қурай мен сынық шыбық қайдан табылсын. Әлгі жігіт мола ішін аралап кетеді де, қорқып, ізінше қайтып келеді. Екіншісі де баруға жүрексінеді. Сонда намысқа шыдамаған Бөлтірік батыр:

— Әй, туа шөккір! — деп барып ескі қорым ішінен ағаштарды жинай бастайды. Сонда әлгі хан Кененің жансызы:

— Ей, Бөлтірік! Тірлігімде тыныштық бермеп едің, ең бол- маса көрде жатқанда тыныштық бермейсің бе? — деп дауыс береді. Сонда Бөлтірік батыр, бүлк етпестен отын жинап жүріп:

— Иманың саламат болғыр. Көріңде тыныш жат! Ағаш болмаса, отын орнына сүйегіңді жағуға тура келеді. Тірінің тірлігі бар, — деген екен.
Бөлтірік отын жинап кеткен соң көрден Кенесарының жансызы шығып келеді. Кейін отқа жылынып, жан шақырған соң, оңаша алып шығып әлгі адамнан Кенесары сұрапты дейді:

«Қалай екен?» — деп.

— Мен дыбыс берген кезде бүлк етпестен батыл жауап қайырды, — дегенде,

— Жә, болды, бұл шынында да батыр екен, — деген екен хан Кене.

Оқуға кеңес береміз:

Наурызбайдың қарындасы

Наурызбайдың жолбарысты өлтіруі

Құрманқұлдың Наурызбайдың ерлігіне риза болуы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз