Өлең, жыр, ақындар

Ғарышты бағындырған кинофильм

Вызов — әлемдік кино тарихында алғаш рет ғарышта түсірілген ресейлік кинофильм. 2021 жылы 5 қазан күні фильм режиссері Клим Шипенко мен басты рөлді сомдайтын Юлия Пересильд ғарышқа ұшты. Ғарыш кемесінде небәрі екі адамнан тұратын түсірілім тобы мен кеме командирі тәжірибелі ұшқыш-ғарышкер Антон Шкаплеров болды. Алғаш ғарышқа ұшқан киноэкипаж 17 қазан күні Жерге оралды. 12 күн бойы ғарышта фильмнің негізгі кадрлары түсірілді.

Фильмнің сюжеті:

ХҒС-та апат болды: ғарышкер Олег Богданов спутниктің бір бөлігінен ауыр жарақат алды. Оның бірнеше қабырғасы сынған, өкпесі зақымдалған және қатты деформацияланған. Дәрігерлер көп ойлана келе, Олег Жерге орала алмайды, себебі, шамадан тыс жүктеме салдарынан шыдамауы мүмкін деген қорытындыға келеді. Сондықтан, зардап шеккен адамға нөлдік гравитация жағдайында ота жасау үшін шұғыл түрде стансаға хирург жіберу туралы шешім қабылданды. Ол ушін Женя есімді кардиохирургты ғарышка аттандырады. Нөлдік гравитация жағдайында ота жасау  бұрын-соңды болмаған оқиға. Ғарышқа толыққанды операциялық топты да, тіпті бір анестезиологты да жіберу мүмкін емес, хирургқа тек ғарышкерлер ғана көмектесе алады. Женя есімді хирург күрделі отаны сәтті өткізе алады ма? Ол өзінің сенімсіздігі мен қорқынышын жеңе ала ма?

Дайындық барысы:

Басты рөлге үш мыңға жуық өтінім түсіп, олардың саны 20-ға дейін қысқарған. Оның ішінде атақты актрисалар, балерина, фитнес-жаттықтырушы, тіпті азаматтық авиацияның ұшқышы да бар. Кейін осы үміткерлер  бірегей психологиялық және медициналық сынақтан өтті. Осы адамдардың ішінен Юлия Пересильд суырылып шығып, басты рөлге ілікті.

Бұл сынықтардың барлығынан кино режиссеры да өтуге міндетті болды. Түсірілімге дайындалу үшін Клим Шипенко 15 келі салмақ тастап, тұтынылған калорияларды қадағалап, қарқынды жаттығады. Себебі, оның  салмағы 105 келіні құрады, ал астронавт үшін рұқсат етілген ең жоғары салмақ 95 келі.

Түсірілім тобы ұшуға бірнеше ай бойы жан-жақты дайындалды. Клим Шипенко мен Юлия Пересильд скафандр киюде жаттығып, Халықаралық ғарыш стансасы мен «Союз МС» ғарыш кемесінің конструкциясы мен жабдықтарын зерттеді. Олар сондай-ақ центрифугада және қысым камерасында сыналған. Дайындықтың ерекше кезеңі суда, екі тонналық су асты кемесінің ішінде жаттығу болды.

Киноэкипаж нөлдік гравитацияда ішуді және тамақтануды үйренді. Сонымен қатар радиобайланысты, фото және бейне түсіруді меңгерді.

Құрылғылардың ғарышта қалай жұмыс жасайтынын ешкім білген жоқ. Әрбір жүк үшін келісім қажет болды, сондықтан  станцияға кәсіби RED камерасы, ықшам Sony, үш жарықдиодты жарықтандыру панелі және «хирургиялық операцияға» арналған шағын медициналық реквизиттер ғана ұшты. Ал, Клим Шипенко мен Юлия Пересильд келуінен бірнеше ай бұрын ХҒС-ға шамамен 14 келі түсіру жабдығын жеткізді.

"Ғарышқа ұшу қорқынышты емес. Балаларыңызға қоштасу хаттарын жазып, өз қолыңызбен нотариусте өсиетке қол қою, зымыранға отырып, ғарышқа ұшудан әлдеқайда қорқынышты”, — деп мәлімдеді актриса.

Ғарышта 78 сағаттық бейне түсірілді. Бірақ фильмнің соңғы нұсқасында 35 минут қана көрсетілді. Соған байланысты фильм материалы жоғалды деген қау-өсек тарады. Дегенмен, фильмнің бастапқы материалының ешбір бөлігі жоғалған жоқ. Киноэкипаж сенімділік үшін, күн сайын арнайы байланыс арнасы арқылы түсірілім бейнелерін Жерге жіберіп отырған.

Актёр құрамы:

  • Юлия Пересильд
  • Милош Бикович
  • Владимир Машков
  • Антон Шкаплеров
  • Олег Новицкий
  • Пётр Дубров
  • Елена Валюшкина
  • Варвара Володина
  • Андрей Щепочкин
  • Александр Балуев, және басқалары

Фильм бюджеті:

2022 жылы алғашында  фильм бюджеті 905 млн рубльге бағаланды. Дегенмен, бұл қаражат Байқоңыр ғарыш айлағындағы түсірілімге жеткен жоқ. Сондықтан, бюджетке қосымша 250 млн қосылды. Осылай, жалпы бюджет 1, 155 млрд рубльді құрады.

Бірақ, 2023 жылдың сәуірінде Бірінші арнаның бас директоры Константин Эрнст бұл ақпаратты жоққа шығарып, «Вызов» бюджеті бір миллиард рубльден аз екенін айтты. Эрнсттің айтуынша, түсірілімге Кино қорынан, Бірінші арнадан және демеушілерден қаражат бөлінген.

Вызов — жоғары сапалы ресейлік блокбастердің бір мысалы. Фильм идеясы, сценарий, актер ойыны, музыкамен сүйемелдеу, визуалды әдемілік, бұның барлығы жоғары деңгейде. Фильм 3 сағатқа жуық болса да, көрерменді еш жалықтырмайды. Ұзын сөздің қысқасы, жақсы әсер қалдыра алды.

Кумарова Мейірім


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз