Эссе және өлең-жыр байқауы

Киіз үйге байланысты ұғымдар

Ұлттық ұғымда киіз үй және оның әрбір құрамдас бөлшегі қасиетті деп саналады. Соған орай ата-бабаларымыз әрбір затқа лайық ұлықтау, теңеу, бейнелеу сияқты ойлы ұғымдармен бірге тәрбиелік  мәні бар қағидалы, қанатты сөздер де шығарған.

Ол қанатты сөздер шаңырақтан басталады. Шаңырақ – киелі мүлік.  Атадан балаға мұра болып келе жатқан үйді қара шаңырақ деп құрметтейді. Қара шаңыраққа сәлем беру, одан дәм тату-ежелгі халық жоралғысы. Шаңырақ деген сөз «үй, отбасы» деген тұтас ұғымды да бейнелейді. Жаңа үйленгендерді «шаңырақ көтерді» дейді. «Шаңырағың биік болсын!» деген батаның ең үлкені болса, «Шаңырағың ортасына түссін!» деген қарғыстың ең ауыры болып саналады. Шаңырақты аттамайды, көшкенде жеке түйеге артып, ол көш басында жүреді. Қыз ұзатылғанда мініп келген көлікті «шаңырақ түйе» дейді. Бұл көлікке ұзатылатын қыздың шешесі, жеңгесі, сіңлілері ғана ортырады. Тыныш отыр, шамаңды біл дегенді білдіру үшін: «Шаңыраққа қара!» – деп, ескерту жасайды. Мысалы, үлкен іске үлес қосты, қала, зауыт салысты дегісі келсе «Шаңырағын көтеріп, уығын қадасты», – дейді.

Керегеге байланысты сөздер де көп. «Керегең кең болсын» деген бата – үйің кең, қонағың көп, берекелі үй бол деген сөз. Біреу ақталу үшін: «Керегенің көгін жейін», – деп қарғанады. Біреу масқараға ұшырап, ұятқа қалса, ол туралы: «Керегеге таңылды», дейді. Ештеңе бермеймін дегенді сеспен айтқысы келген адам: «Керегесін итіне қомдасын», – деп зіл тайтайды. Күш көрсететіндер: «Керегесін кертемін», – дейді.

Тілге тиек етіп айтылатын сөздер туырлыққа да орай айтылады. Мал семіз болса, «Іш майы туырлықтай туырылып түсті», – деп мақтайды. Аяқ-қолы балғадай әйелді туырлықтай ту қатын деп, бейнелей айтады. Махамбет батырдың: «Туырлығын тілгілеп, тоқым етсем деп едім. Керегесін кескілеп, отын етсем деп едім», – дегені – кегімді алсам, дұшпанымды жеңсем дегені.

Бақан арқылы қазақ мықтылықты меңзейді. «Бақандай бес жігіт» дегені қарулы мықтылықты ұқтырса, «барымды киіп, бақанымды таянып» дегені әзірленіп, күтініп отырмын дегенін білдіреді.

Қазақ түндік арқылы көп жайды аңғартады. «Түндігің түтінді болсын» деген ақ батада ырыс, береке деген мағына бар. Жас әйел түндігін ерте ашса, оның шаруақор, пысық екендігі, басқа үлкен үйлердің түндігін ашса, әдептілігі көрінеді. Салақ, жалқау әйелдерді «түндігі кеш ашылатын келін» деп теңейді. Ал «Түндігі ашылмай қалды» деген сөз сол үйдің адамдарының барлығының қайтыс болып кеткендігін білдіреді.

Киіз үйдің есігіне байланысты айтылатын ұғымдар өте көп. Әркім өз үйін алтын босағам деп дәріптейді. «Есік көрген» деген ұғым күйеуден қайтып келген әйел дегенді білдіреді. Күйеудің алғаш келуін «есік көре келді» дейді. Оның «босаға аттар» деген ырымы да бар. «Табалдырық аттады» деген өте жақсы сөз «келін болып түсті» дегенді сыпайылап, құрметтеп айтқаны. Босағаны керме, табалдырықты баспа деген тыйымдар әдептілікке шақырады. Бөтен үй деудің орнына жат босаға деген ұғымды қолданады. Ұзатылатын қыздар оң жақтан аттанарда: «Алтын да менің босағам, аттап та шығам деп пе едім», – деп қоштасады. Кіріп келе жатқан бала табалдырыққа сүрініп жығылса, оны жақсы ырым деп жориды.

Ши де астарлы сөздің бір айғағы ретінде қолданылады. «Ши жүгіртті» – «түртпектеді», «құтырта түсті», «одан әрі ұшындырды» дегенді білдірсе, «шыққан қыз шиден тысқары» деп, тұрмысқа кеткен қыздың өз үйіне көп келе бермегені жөн екенін ескертеді.

Қазақта үй сабау – жаман ырым, жаман әдет. Өші кеткендер үй сабайды. Бұл өш алудың немесе дауға, ұрысқа шақырудың белгісі.

Халықта ақ үй аманат деген маңызды салт бар, яғни ақ үй сыйға тартылады. Бұл – жауласушы екі елдің татуласқандығының куәсі. Дәулетті адамдар ұлы үйленгенде немесе қызын ұзатқанда ақ отау тігіп шығарады. Бұл – құрмет әрі сый белгісі.  Қалыңдықты алғаш күйеуінің қасына жатқызуды халқымыз «отауға салды» деп, үйленген жігітті «отау көтерді» деп, сыпайылап айтады. Сол сияқты от басында, ошақ қасында, үй орнындай, кереге бойындай, есік пен төрдей, от орнындай, іргесін бөлек салды деген өлшемдер мен теңеулер – осы киіз үйге байланысты айтылған сөз тіркестері.

Қазақстанның кең даласында киіз үй мен оның жеке құрамдарына ұқсастырып қойылған жер атаулары да көп, мысалы: Ордабасы, Керегетас, Ақ отау, Шаңырақ, Босаға, Қызылорда.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (7)

Иақан.kz.

Керегең кең болсын деген жаңа үйленген екі жасқа арналған бата.!

Иақан.kz.

Базар жоқ.Керегімді алдм.Көп-көп рахмет

бомба

керегімді алмадым "!!

Зауре

Киіз үйге байланысты бата тілектер дегеннен кейін тақырыпқа байланысты жазылу тиіс

Аружан

рахмет көп көп сиздерге алгыс билдиремин кішкене болсада ақпарат алдым

Камшат

Рахмет,біраз ақпарат алдым

Камшат

Рахмет көп-көп

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...