Өлең, жыр, ақындар

ҚАРА ПИМА сценарийі

1-КӨРІНІС Сахнада көңілді көрініс. Үй іші айнадай тап-таза, диван, теледидар, орындықтар, биік үстел, жерде кілемдер төсеулі. Дастархан жасап жүрген жас келіншек. Ыңылдап әнтедіп қояды. Баласы қуанып кіреді. Мақсат: -Мама, мама! Мен сабақтың бәрінен де бес деген баға алдым! Шешесі (құшақтап): -Айналайын құлыным! Түріңнен сол. Әкесінен аумай қалған. Ақылыңнан сенің. Баласы: -Мама. Мен әкем сияқты ел мақтайтын маман болам. Сізді, әкемді жұмыс істетпей асыраймын. Шешесі: -Күнім менің! Жалғызым... Ол үшін көп оқып, көп еңбектену керек. Баласы: -Иә, мен бәріне даярмын. Үнемі дайындалып жүрмін. Шешесі: -Білем, жарығым, білем. Кейде әкең ұрсып жарықты өшіретіні сол ғой. Баласы: -Мықты болу үшін, көзім ашық болу үшін әкемнің өзі де «оқы, оқы, оқы, балам» деп айта береді емес пе?!. Шешесі (тағы да құшақтап): -Алтыным! Арманыңа жет, арман адамның – күш беретін қанаты ғой. Қанатың талмасын, құлыным. Мақсат: -Анашым, қанат құстарда болады емес пе? Құстар ұшады ғой. Ал мен ше? Шешесі: -Сен әлі баласың. Әкеңдей тау болып өскенде, түсінерсің бәрін. Мақсат: -Аа, түсіндім, мама. Былай ма сонда?.. Менің алға қойған мақсатым бар. Сол мақсатқа жету үшін армандаймын. Солай емес пе? Өскен соң инженер боламын. Әкеме ұқсап елге сыйлы азамат атанамын. Сосын, сосын... Аа, айтпақшы, папама көлік әперемін. Сізді отырғызып алып қыдыртады. Көкшетау-Ыстық көлге, Дубай-Түркияға жыл сайын барасыңдар. Әйел аламын, мама. Өзіңнен аумайтын келіншегім болады. Үйдегі жұмыстың бәрі-бәрін сол істейтін болады. Ал сізді үнемі алақаныма салып жүремін, анашым. Шешесі (күліп): -Балам-оу, арманың, шынымен, мықты-ы екен. Келіншегің тыңдай ма екен. Ол да қыдыру керек қой. Обал емес пе біреудің мәпелеген баласын үй қызметіне салып қойғаның. Мақсат: -Жоға, мама. Сонда да дегенім ғой. Біз жаспыз ғой. Ал сіздер қартаясыздар. Сіз де бейнет көріп жатырсыз. Өзіңіз айтпақшы, «Жас кезде көрген бейнет, қартайғанда жасаған зейнет» деп... Мен жай әйел алмаймын ғой. Өзіңіз сияқты мейірімді, сұлу келін аламын. Сіз әкеме жанашыр, маған мейірбан анасыз. Мен әкемдей бар тапқан-таянғанымды үйге әкеп беремін, ол сіздерге қарайды. Күшті емес пе? Шешесі: -Ақылыңнан айналдым... Қолыңды жу, әкеңнің де жұмыстан келетін уақыты болды. Кешкі ас дайын. Сахнаға күйеуі кіреді. Қабағы салыңқы, көңіл-күйі түсіңкі. Әйелі күйеуінің сырт киімін шешіп іледі. Әйелі: -Отағасы-оу, келдің бе? Дастарханға тамақ салайын. Шаршадың ғой, төрлет, әкесі. Баласы әкесін көріп: -Әке, мен бүгін тағы да барлық сабақтан өте жақсы бағалар алдым. Әкесі баласын құшақтап, маңдайынан иіскеп: -Жарайсың, балам. Өзің үшін оқы, айналайын. Баласы әкесіне сүлгіні беріп: -Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғыбын» жатқа айтып жатсам, тәтей деген қатты мақтады мені. Кластағы ең жақсы мәнерлеп оқығанымды айтты. Шешесі: -Болды, балам. Әкеңнің мазасын алма. Үшеуі де дастархан басына отырып, тамақтанады. Баласы бір жананды сіміре салып, сахнадан көңілді шығып кетеді. Өлі тыныштық орнайды. Бір сәттен соң, күйеуіне қарап Әйелі: -Кейінгі кезде мазаң болмай жүр ғой. Сырқаттанып қалған жоқсың ба? Күйеуі: -Жағдай күннен күнге қиындап барады. Жарылқасынды жұмыстан қысқартты. Жұмыс тауып баратын жері де жоқ. Шиеттей балалы-шағалы. Әйелі төсек тартып жатыр екен. Әйелі: -Ойбу, қиын болған екен. Мен ертеңгісін ұрадан алып, тосаптардан, сүрленген еттен беріп жіберейін. Күйеуі: -Мені де жұмыстан қысқартатын көрінеді басшылық. Завод өнімдерін өткізетін сбыт жоқ дейді. Жұмысшыларға беретін ақша да жоқ. Әйелі: -Бұл қиыншылықтың да қайыры болар, отағасы. Мен де қарап жатпаспын. Үйде қыстан шығарлық қор бар. Соғымға деген тайыншаны сатып, күн көрерміз. Ел ішінде отырмыз ғой. Күйеуі: -Өзің қалай болдың? Сырқатыңды асқындырып алмай, сол тайыншаның ақшасына емдетейін, Қатыш. Әйелі: -Мені алып баратқан ештеңе емес. Уайымдама. Оданша қыс қамын қылайық. Қара суық та тұрып алды сыртта. Күйеуі: -Қатыш-оу, сенің жағдайың қиындаса, біздің жайымыз не болмақ? Әйелі: -Ештеңе етпес. Қыстан кейін көктем келіп, жаз жылыр. Аман-есен жетейік, сосын көрерміз. Екеуі сахнадан шығып кетеді. 2-КӨРІНІС Сахнада қайғылы музыка ырғағы баяу шығады. Әкесі мен баласы жылап тұр. Көрші-қолаң, таныстар келіп көңіл айтып жатыр. Көршілер: -Арты қайырлы болсын. -Жатқан жері жәннатта болсын. -Жақсы адам еді. -Құдайға да жақсылар керек болғаны ма? -Ойпырмай, сұм ажал-ай! Жеңешем-оу, ақ дидарлы жеңешем! Әкесі мен баласы қайғырып тұр, көңіл айтушылар өздерімен-өздері сөйлесуде. Көрші әйелдер мен ерлері жақындап, сұрап жатыр. 1-көрші: -Қалай болды өзі? 2-көрші: -Кеше ғана жадырап, жайраңдап жүр еді. 3-көрші: -Түсінбей қалдық қой? Әкесі: -Кейінгі кездері қатты ауырғанын жасырып, сыр білдірмей жүрді. Қайтейін енді. Ауруханаға жатқызайын, емдетейін деп қанша айттым. Қу жоқшылық та қысып бір жағынан. 1-көрші: -Бекем бол, қарағым. Ажал сұрап келмейді. Өткеннің артынан кетпек жоқ. Тірі адам тірлігін жасайды. Балаңа ие бол. 2-көрші (Мақсатты құшақтап): -Алда жарығым-ай! Шеше байғұстың жөні бөлек қой, бөлек (әкесі, баласы қосылып жылайды). 3-көрші: -Қой енді жамандық шақырмай. 1-көрші: -Көрші, қандай көмек қажет. Қысылмай айт. Бір-бірімізге демеу болмасақ, несіне көрші боп жүрміз. Әкесі: -Алла разы болсын сіздерге. Рахмет. Кешелі бері отын-суын дайындап жүрсіздер. Соның өзі де үлкен қолғабыс бізге. 2-көрші: -Ертең азанда жиналамыз, көрші. Соңғы сапарға аттандырармыз... Әкесі: -Ертеңгісін қол ұштарыңызды берсеңіздер... Көршілер: -Жақсы, біз жүрейік енді. Көршілер шығып кетеді. Сахнада өлі тыныштық орнап, қою қараңғыланады. Сахнаның бір бұрышында әкесінің жылаған үні шығады. Екінші бұрышынан Мақсаттың бейнесі көрінеді. Тағы тыныштық орнап, қайғылы музыка ырғағы шығады. Мақсат: -Еһ, арманым көп еді... Анашым, сізді, әкемді алақаныма салып ер жеткенде асыраймын деуші едім... Арман боп қалғаны ма? Неге ерте алып кетті анамды? Мына алақаныма салып, аялап, мені мәпелегендей көтеріп өтер едім ғой. Тек сәл... сәл... (төбеге қарап) неліктен ұзартпадың анамның өмірін, неліктен? Мен өскенімше неге асықтырдың, сұм ажал?!! Неге? Қазір жоқсыз, анашым. Менің маңдайымнан енді кім сүйеді? Кім «құлыным» деп еміреніп, елжірейді енді. (үнсіздік) Мама, әкем екеуімізді жалғыз тастап кеттіңіз бе мәңгілікке? Қалайша біз сенсіз өмір сүреміз? Әкемді жылы қабақпен, көңілді дауыспен енді кім қарсы алады? Тамағын кім дайындап береді? Жоқ, анашым, мен... мен... отын-суын дайындап, әкемді күтетін боламын. Сіз ойлап уайымдамаңызшы. Менің арманыма кім күш береді? Иә, мама, мен өсемін, осылай қалмаймын. Сонда әкемді алақаныма салып жүретін боламын. Уәде берем, мама... Уәде берем... Тыныштық орнайды. Жарық әкесіне түседі. Әкесі тізерлеп отыр. Бет-жүзі бозарып кеткен. Әлсіз болмыс дірілдейді. Әкесінің ішкі шарасыз, қауқарсыз, алдан үмітін үзген даусы сахна сыртында. Әкесі басын ұстап (ішкі дауыс): -Қатышым, сен қайда тастап кеттің мені? Енді менің күнім не болмақ? Қалай жер басып жүрем сенсіз? Қалай? Мақсат әлі бала. Анасыз өсе ме? Жоқ! Бұл қорлыққа көне алмаймын... Қатыш, естимісің? (жаламсырап) Күйіп барам... өзегім өртеніп... Не істеймін?.. Саудам біткені ме? Жарық сөнеді. ІІІ-КӨРІНІС Күз айының соңғы күндері. Лед-экранда жаңбырлы табиғат, жапырақтары желге шайқалып түсіп жатқан сұсты көрініс. Анасының қайтыс болғанына жыл өткен уақыт. Мақсаттың үйінде көршілер, Мақсат және Әйгерім отыр. Үй іші жұпыны. Бұрынғы заттардан қалмаған. Диван орнында темір төсек, биік үстел сатылып кеткен (араққа айырбасталған). Үлкен қалы кілемнің орнына ескі қысқа, жұқа кілем. Қонақтар дөңгелек жер үстелді жағалай малдас құрып отыр. Әйгерім Мақсаттың сыныптасы, бала кезден бірге өскен көрші қыз. Әйгерім шай құйып беріп отыр. Мақсат көңілсіз, ерте есейген. Ойлы жүзі мен мұңлы қабағын көрші әйелдерден именшіктеп төмен салып қояды. Үстінде ескі, жамау киімдер. Жасы келген мосқал әйел орамалын түзеп қояды. Жанында жасырақ келіншек. Бұлар – көршілері. Мосқал әйел: -Мына қара суық үдеп кетті ме, желі азынап тоқтамады, білем. Жас келіншек: -Оны айтасыз, былтыр бұдан да ызғарлы суық болып еді (көзін Мақсатқа салып қояды). Содан әупірімдеп көкке де іліндік-ау, жише. Алдағы қыс қалай болар екен? Аязы ұзаққа баратын сияқты. (жан жағына қарап) Бұрын Қатыш марқұм барда үйдің іші оймақтай еді, Еркін балаға да қарамайтын болды. Көрші: -Ее, ол байғұс әйелінің күйігінен тоқтамай ішіп жүр. Алла, өзің жар бола гөр пендеңе! Бұлай жалғаса берсе, мына баланы үйсіз далаға тентіретеме деп қорқам... Жас келіншек: -Әлгі Нұрғайша да ұяттан безген. Бір ауылда тұрып, сонша қатыгез бола ма?.. Осы үйдегі дүние-мүліктің бәрін сол саудагер бөлмелеріне әдемілеп қойыпты, ұят-ай!.. Мосқал: -Күнімжан, кішкене құлақ бар-ау, бала отыр ғой дегенді ескермейсің, ә. Еркін есін жияр. Ақылды, оқыған жігіт өзі. Әйелінің күйігін көтере алмай қиналып жүр. Жас келіншек: -Бірақ, жише, «күйік, күйік» деп іше берсе, алқаш боп бітеді ғой саудасы. Оны көріп өскен Мақсат қайда барады? Мосқал әйел: -Тек, ей! Аузыңа келгенді отша шашып. Қайта осы Мақсатты қолда. Көңілі жарым. Бейпілдеп сөйлейтінің жаман. Мақсатқа жылы-жұмсағыңды әкеп бересің, үйіңе ертіп тамақтандырасың, рас. Жақсылық жасағаныңа бар болайын, әумесер мінезіңмен соның бәрін жуып-шайып кетесің. Мақсаттың көзінен жасы ытқып шығып кетті. Әйгерім үнсіз басын төмен салбыратып, Мақсатқа жәутеңдеп қарап қояды. Мосқал әйел (сөзін жалғап): -Айналайын, Әйгерім қызыңнан. Қолы ашықтығы, жанашырлығы өзіңе тартса да, сөзіңе тартпағанына Құдайға шүкір. Жаман сөз берекені қашырады. Марқұм Қатыш жас та болса, қуанышын елмен бөлісетін көпшіл, сондай иманжүзді, тәрбиелі келін еді. Қайтеміз, Аллаға да жақсы адам керек дейді ғой (көзіне жас алып). Тірі жүрсе, бұлардың күндері осыншама аянышты күйге түсер ме еді... Жарықтық, жатқан жері жайлы, жаны жәннат болғай... Үнсіздік. Есіктің сықырлаған дыбысы. Сахнаға әндетіп әкесі кіреді. Барлығы дастарханнан үдеріле тұрады. Әкесі: -Не? Жақтырмайсыңдар! Солай, со-лай... Мейлі, ішкішті кім жақсы көрсін. Мосқал әйел: -Әй, найсап! Сенде түк қапер жоқ екен. Ей, бүгін әйеліңнің өлген күні. Ең болмаса бір күн ішпей, есіңе алып, балаңның қасында әруағына Құран оқытып отырмайсың ба, ей! Әкесі: -Менің Құраным – күнде Қатыш қайтып келе ме деп ішімнен сан мәрте тілеу. Құран дегенді білмеймін. Білгім де келмейді. Ол ескіліктің жұрнағы. (Қойнынан шөлмекті шығарып көрсетіп) Қазір мынау – Құран! Мен үшін. Мосқал әйел: -Мынаған дауа жоқ. Алла, Алла, өзің жар бола гөр пендеңе! Жас келіншек: -Масқара! Қасиеттен жұрдай. Айттым ғой, жише, алқаш деп бұны. Алқаш! Мосқал әйел: -Жүр кеттік! Адамдықтан жұрдай міскіннің жанында тұрғанның өзі хәрам! Көрші әйелдер шығып кетеді. Әйгерім мен Мақсат состиып, бұрышқа шегінеді. Еркін дастарханға дөңбекши шынтайып, тамақтан апыл-ғұпыл жейді. Әкесі: -Оо, қанша болды тамақты ұмытқалы. Әйгерім Мақсаттың құлағына сыбырлап, сахнадан шығып кетеді. Мақсат дастарханға отырып, әкесіне шай құйып береді. Әкесі суып қалған шайды сіміріп алады. Әкесі: -Оһ, жан шақырдым, балам. Әкесі орнынан әрең тұрып, тәлтіректеп барып, темір төсекке қалың киіммен құлайды. Қорылдаған даусы шығады. Баласы әкесінің етігін тартқылап шешеді. Үстіне ескі көрпені жабады. Мақсат пештің аузын ашып отын салады. Сырттан ызғырық жел мен сықырлаған қарлы боран үні. Мұңды музыка ырғағы баяу шығады. Мақсат пештің түбінде тізесін құшақтап, ойлы көзімен залға қарап отыр. Мақсат (ішкі даусы): «Анашым... сіз келе ме деп алаңдаймын. Әлі сенбеймін. Сенбеймін. Есік ашылып, мені келіп құшақтаса екен деп, түнімен күтіп жатамын. Сіз де мені сағынып жүрген шығарсыз. Мен аман-есенмін. Мектептен қалмаймын. Сабағымды да жақсы оқып жүрмін. Сіз алаңдамаңызшы, мама. Иә, уәдемді ұмытқан жоқпын. Әкем сіздің жоқтығыңызға шыдай алмай ішіп кетті. Анашым, арақ сондай жаман ғой. Күнде ішеді. Әкем сізді жоқтап, жылайды. Маған үлкен адамның жылағаны қорқынышты. (пауза) Үсті-басы сасып, жағымсыз иіс шығады. Жо-жоқ, анашым, мен киімдерін тазалап жуып беретін болдым. Тамақ жасағанды, кір жуғанды үйрендім. Уәдемді орындаймын сізге берген. Есейемін ғой мен де. Сонда көресіз... әкемді арағынан емдетіп, жұмыс істетпей асыраймын, анашым.» Сахнада алагеуім қараңғылық. Мақсат орнынан тұрып, дөңгелек үстел жанына қисайып жатып, үстіне курткасын жамылып ұйықтайды. Айнала жарық болады. Мақсат орнынан тұрып сахнадан шығып кетеді. Әкесі оянады. Темір төсекте отыр. Әкесі: -Түһ, өңешім құрғап кетті. (Темір төсек астындағы шелекті көтеріп алып, ожаумен іліп алып су ішеді). Сахнаға мектеп киімін киінген Мақсат кіреді. Әкесіне дастархан әзірлеп жүр. Әкесі (мүләйімсіп): -Басым-басым... туһ... уһ... ауырып тұрғаны... шыдатпай... Мақсат, тиын-тебен бар ма? Мақсат: -Жоқ, әке. Нан алатын ақшаны сізге бердім кеше. Әкесі: -Аа, иә. Алып едім ғой. Басқа жоқ па? Сен қайда барасың? Мақсат: -Мектепке. Әкесі (міңгірлеп): -Жолың болсын. Мақсат сахнадан шығып кетеді. Әкесі орнынан тұрып, үй ішін ақтарады. Ештеңе таппаған соң, қысқа жұқа кілемді үстел астынан суырып алып, сахнадан шығады. ІV-КӨРІНІС Лед-экранда мектеп картинасы. Сахнада мектеп оқушылары. Үзіліс кезіндегі сабылыс, шулаған оқушылар. Қоңырау соғылады. Парталарға оқушылар жайғасып отыр. Мұғалім кіреді. Балалар сәлемдеседі. Мұғалім: -Балалар, бүгін ұлы ойшыл ақын Абай Құнанбайұлының «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» өлеңін өтеміз. Алдымен тыңдалым әрекеті. Ендеше мұқият тыңдаңыздар, сосын сұрақтармен жұмыс жасаймыз. Мұғалім (өлеңді оқиды) Біреудің кісісі өлсе, қаралы - ол, Қаза көрген жүрегі жаралы - ол, Көзінің жасын тыймай жылап жүріп, Зарланып неге әнге салады ол? Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл, Қыз таныстыр - қызыққа жұрт ыржаңшыл. Қынамен де, жар-жар мен беташар бар, Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл? Бала туса, күзетер шілдехана, Олар да өлең айтар шулап жаңа. Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған, Би де тақпақ, мақал бар, байқап қара. Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең. Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен, Ойласаңшы бос қақпай елең-селең. Өлеңді айтпақ түгіл, ұға алмайсың, Айтсаң да үддасынан шыға алмайсың. Сен білмейді екен деп айтпасын ба, Неге мұнша сіресіп құп алмайсың? Өлең деген - әр сөздің ұнасымы, Сөз қосарлық, орайлы жарасымы. Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе, Оған кімнің ұнасар таласуы? Қарны тоқ қаса надан ұқпас сөзді, Сөзді ұғар, көкірегі болса көзді. Қадірін жақсы сөздің білер жанға Таппай айтпа оған да айтар кезді. Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан, Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан? Сүйсінерлік адамды құрмет қыл, Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан. Мұғалім (Мақсатқа қаратып): -Мақсат, ауырып отырсың ба? Не болды? Көзің кіртиіп... Үйге қайтасың ба? Мазаң болмай отыр ғой. Мақсат: -Жоқ, тәтей. Жақсымын. Тыңдаймын. Мұғалім (оқын жалғастырады) Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ, Ондай жерде сөз айтып болма мазақ. Біреуі олай, біреуі бұлай қарап, Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ. Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бірі - жамау, бірі - құрау. Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса, Кемшілігі әр жерде-ақ көрнеу тұр-ау. Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ. Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер, Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ. Мұғалім: -Ал, балалар. Кімде сұрақ бар? Нені түсінбедіңдер? Балалар: -Бәрі түсінікті. -Тәтей, үйден жаттап келеміз бе? Мұғалім: -Әрине, жаттауға жазып алыңдар. Абайдың өлеңін толық мәнерлеп айту. Қоңырау соғылады. Мақсат пен Әйгерім сахнада қалады. Әйгерім: -Мақсат, шынымен де бәрі дұрыс па? Ауырып тұрған жоқсың ба? Мақсат: -Жоқ, Әйгерім. Бәрі дұрыс. Тек жөнді ұйқым қанбады. Әйгерім: -Бәсе, көзің кіртиіп тұр. Айтпақшы, ұмытып кетіппін ғой. (Сумкасынан оралған затты суырып) Мынау саған, апам беріп жіберді. Кеше демалыста базарға барған. Маған да жемпір алыпты. Мақсат: -Жоқ, алмаймын, Әйгерім. Мен жаурап жүрген жоқпын. Киімім жылы. Әйгерім: -Қойшы, Мақсат. Саған арнап алды. Сыйлық ретінде. Бес күннен кейін сенің туған күнің емес пе еді? Мақсат: -Бүгін нешесі? Әйгерім: -Мәссаған! Ұмытшақ. Бүгін 28-ші қараша. 2-ші желтоқсан сенің туған күнің. Ұмыттың ба, не? Мақсат: -Иә, аз қалыпты ғой. (қуанып) Апаңа арнайы рахметімді айтамын ғой сосын. Әйгерім: -Ураа! Әйтеуір, біздің үйге сүйреп кіргізе алмайтын қымбатты қонағымыз – Мақсат та келетін болды! Мақсат: -Бүгін емес. Қазір отын дайындау керек. Жарылған ағаш та бітті. Әйгерім мұңайған Мақсатты жұбатып: -Уайымдамашы. Әкемнен екі шелек көмір сұрағанмын. Рұқсатын берді. Мамама алғыс айтуға келгенде, алып кетесің. Келсітік пе? Мақсат (күліп): –Келістік. Әйгерім: -Мә, Мақсат! Сенің күлгеніңді сағынып жүр едім. Осылай көңілді жүрші. Жарай ма? Мақсат иығын шошаңдатады. Екеуі бір-бірін жұлқылап, қуалап сахнадан шығып кетеді. V-КӨРІНІС Сахнада алагеуім қараңғы. Үстелдің жанында Мақсат ұйықтап жатыр. Сахнаға маскүнем әкесі кіреді. Әндетіп, қисалаң басып, тәлтіректеп ары-бері жүреді. Еркін: -Халу-ләку, ләйлім, уәли-ләкум, ләй-ли-ләй. (Залға қарап) Күлесіңдер. Күл-күліңдер! Ал мен жылаймын. Ішім жылайды. (Кеудесін ашып) Жүрек жоқ дейсіңдер ме? Иә... иә... жоқ... біткен... бітті... Аумин... болған... Жүректі айтам... Қандай раха-ат! Жоқ жүрек! Проблема да жоқ. (Құлағын тосып) А-а... Не?.. Не?.. Балаң? Мақсат? Балам болса не бопты... өлмейді... Күнін көреді. Жүрмін ғой мен де өлмей... (Күледі) Ха-ха-ха-ха... ха-ха-ха-ха... Жоқ. Мені тастап кетті. (Жылайды) Қатыш тастап кетті. Енді келмейді. Мен де өлгенмін. Қатышыммен бірге мен өзімді көмгенмін. Мен тірі өлікпін. Өстіп жүре берем... Сахнаға шайтан кіреді. Шайтан: -Әй! Албасты! Мені шақырдың ғой! (Темір төсекке барып отырады) Кел мұнда. Маскүнем Еркін шайтанның қасына отырады. Шайтан: -Ал. Неге шақырдың? Еркін: -Мен... мен... сені шақырған жоқпын. Шайтан: -Кімді ақымақ қып тұрсың? Менің жындарыммен сөйлескен кім қазір? Еркін: -Ойпырмай-а. Мен өзіммен-өзім сөйлестім ғой. Шайтан: -Қуғынбай! Бері қара. Тура қара. Мен – шайтанмын. Мына қазіргі өміріңнің қожасы – менмін. Сенің жаның маған тиесілі енді. Сенің тірі өлік боп жүргенің де менің арқам. Сен бұдан былай ешкімге керек емессің. Жаныңды мен алдым. Еркін: -Ойбай! Шайтан: -Ойбайлама, нақұрыс! «Ойбай» да менің атым. Еркін: -Басқаша не дейін? Шайтан: -«Қожайыным» де. Сен арақ ішкен сайын жаныңды маған беріп отырдың. Сен өзің сөзіңе есеп бересің бе? (Ұзақ пауза) Орнынан тұрып, залға қарай ақырын, нық адымдап, көрермендерді асықпай суық шолып өтіп) Әр стақан ішкен сайын менің жындарым сенің миыңды улап, жынды етіп айналдырып алды. Сен менің толық қарамағыма кірдің. Арақтың әрбір тамшысы менің сиқырымның зәмзәмі. (Маскүнем қалбалақтап шайтанның қатарына келгенде, оған қарап) Сен ар, ұят, намыс, адамгершілік, әкелік парыз, өлінің әруағына құрмет дегенді сезінесің бе? Еркін: -Қо... қожайын... Бұрын болған. Қазір түк жоқ. Шайтан (қарқылдап күліп): -Ха-ха-ха-ха! Жө-өн. Жарадың, алқашым! Адамдық қасиеттер сенің не теңің. Осылай міскін боп, менің алдымда құрдай жорғалап жүргеніңнен артық мен үшін ләзза-ат жоқ! Түсіндің бе? Еркін: -Түсіндім... қо-қожайыным... Шайтан: -Се-ен... былай істе... Ана ұйқыдағы балаңның пимасын апарып, әлгі менің саудагер досым бар ғой... Еркін: -Кім ба? Анау... Кім еді? Шайтан: -Әй, байқұсым-ай... Менің жындарым миыңның ботқасын шығарған ба, есіңнен ес қалмапты. Иә, сол. Нұрғайшаға апарып араққа айырбастайсың. Ұқтың ба? Еркін: -Ұқтым, ұқтым, қожайыным. Шайтан сахнадан шығып бара жатып «Адам затының маған құлша жорғалағаны қандай ғажап! Ха-ха-ха-ха! Ха-ха-ха-ха!» Еркін тізерлеп отырады. Құп-қу, өңі қашқан. Еркін: -Мынау... мынаны... қалай айтам? Құрысын, айтпай-ақ қояйыншы. (жан жағына үрейлене қарап) Тағы жетіп келсе. (ойланып төбеге қарап) Алла Тағаланың тоқсан тоғыз көркем есімі болады деуші еді... (залға қарап) Ой... ой, құрысын. (Аузын алақанымен бүркемелеп) Әлгінің де тоқсан тоғыз аты болғаны ма? Орнынан тұрып, тәлтіректеп төсегіне барып құлайды. Сахнаға жарық түседі. Мақсат орнынан тұрып, сыртқа шығып кетеді. Әкесі оянып, төсегіне қисайып отырады. Еркін: -Үһ, түһ... Басым... басым... Өңешім кеуіп... шөлдедім... Төсектің астынан шелекті алып, ожаумен суды сіміреді. Сахнаға Мақсат қолында құшақ отынын көтеріп кіреді. Әкесі Мақсаттың әрбір қимылын аңдып отырады. Пимасын шешіп, пештің үстіне қояды. Өзі пештің аузын ашып, отын салады. Көсеумен пешті шұқылап жатады. Орнынан тұрып, сөмкесін ашып кітаптар сала бастайды. Осы сәтте маскүнем әкесі орнынан атып тұрып, аяқ ұшымен зытып барып, пеш үстіндегі пиманы қойнына сүңгітіп жібереді. Қипақтап баласының жанына келіп, сәл кідіріп тұрып, сыртқа қаша жөнеледі. Баласы жүгіріп бара жатқан әкесіне бір, пешке бір қарап жанұшырайды. Масқат: -Әке! Әке, пимамды... пимамды беріңіз. Әке! Әкесінің артынан қуа жөнеліп, шығып кетеді. Сахнаның екінші жағынан әкесі жүгіріп кіреді. Масқат артынан қуып кіреді. Баласы әкесінің қолына жармасады. Мақсат (жалынып): -Әке... пимамды... Әке! Мектепке қалай барам? Жалаңаяқ па? Беріңізші, әке! Еркін: -Кет, әкең... боқмұрын! Өлмейсің! Жармаспа. Әкесі итеріп жібергенде, Мақсат жерге құлап, ботадай боздап жылайды. Мұңды музыка. Көмейіне тығылған өксік. Қайғыдан қан жұтқан, тауы шағылған күнәсіз жетімнің аянышты халі. Мақсат жылаған күйі өксігін баса алмай, сүйретіліп шығып кетеді. VІ-КӨРІНІС Лед-экранда қар үстінде жатқан бала суреті. Сахна қою қараңғы. Біртіндеп жарық түсе бастайды. Сахна ортасында жалаңаяқ ес-түссіз Мақсат жатыр. Көршісі мосқал әйел кіреді. Ол қар үстінде жатқан балаға қарай жүгіреді. Мосқал әйел: -Алда жарығым-ай! (Баланың маңдайынан сипап, қолынан ұстап, тамырын басып көріп) Еламан, Қараман! Ойбай! Тез жүгіріңдер! Скорый шақырыңдар! (Бір бозбала жүгіріп кіреді.) Бозбала: -Апа, не боп қалды? Мосқал әйел: -Ойбу, жарығым! Баланың көрмегені жоқ. Тағдыр аямады-ау, сорлыны. Аман қалса игі. (баласына) Не отырсың? Жылдам скорый шақыр. Бозбала жүгіріп кетеді. Жедел жәрдем сиренасы естіледі. Іле-шала екі дәрігер кіреді. Дәрігер: -Балаға не болды? Мосқал әйел: -Жетімді аясын ба? Жалаңаш аяғынан суық өтіпті. Бір шарасын жасаңдар, айналайын, дәрігер. Дәрігер (жүрегін, өкпесін құрылғымен тыңдап тексеріп): -Жеңеше, баланың жүрегі қалыпты соғып тұр. Өкпесі де аман. Тек... Мосқал әйел: -Немене «тек»? Әйтеуір аман ба? Дәрігер: -Суық өтіп кеткен. Аяғын әбден үсік шалған. Екі дәрігер баланы көтеріп әкетеді. Соңдарынан мосқал әйел «Жарығым-ай! Жастайыңнан қорлық көретіндей не жаздың... Алтыным-ай... Құдайдан амандығыңды тілеймін, қарағым...» деп шығып кетеді. VІІ-КӨРІНІС Лед-экранда операция үстелінде жатқан балаға дәрігерлердің ота жасап, қарбаласқан сәті бейнеленген сурет. Сахна қою қараңғы. Операция төсегінде бала жатыр. Ыңырсып қояды. Мақсат: -«Анашым... (пауза) Анашым... (пауза) Анашым...» Сахнада Мақсаттың түс көруі. Өлім мен өмір арасындағы арпалысы. Сахнаға жартылай жарық түседі. Бұлыңғыр қараңғылау бұрыштан әппақ ұзын көйлек киген анасы шығады. Жарық репродукторы сахнаның келесі бұрышына түседі. Бал-бұл жанған өңі нұрланып, сахна ортасына жүгіріп кіреді Мақсат. Әруақ ана: -Балам-ау! Амансың ба? Мақсат: -Мама! (жүгіріп барады да тоқтап) Неге суықсыз? Неліктен мына жер салқын? (денесін жиырады, екі қолымен өзін құшақтайды) Мама... Мені алып кетші өзіңмен... (анасына қарай жүреді) Әруақ ана: -Тоқта, балам. Бұл – өлілер мекені. Саған баруға болмайды. Мақсат: -Тым болмаса құшақтайыншы... сағындым, анашым. Репродуктор өшеді. Әруақ ана ғайып болады. Сахна сыртында әруақ-ананың даусы: «Балам! Мен сенің амандығыңды тілеймін. Қайда жүрсең де есен-сау бол. Білемін, мені ойлап қатты қамығып жүрсің. Мен енді келмеймін, балам. Берік бол өзіңе. Менің әруағым разы саған, Мақсатым. Бірақ есіңде болсын, сен өмір сүруге тиіссің! Естимісің? Қайта орал өмірге. Әкең енді арақ ішпейді. Әкең сені қарайтын болады. Ендігі өмірің әкең мен өзіңнің қолыңда, жарығым!» Сахнадағы Мақсат та ғайып болады. Жарық операция үстеліне түседі. Мақсат ыңырсып сандырақтайды. «Мама... анашым... су... су...» Сахнаға кезекші дәрігер мен медбике келеді. Мақсаттың температурасын көріп тексереді. Медбике ыңырсып сусырап жатқан сырқаттың ернін сулы мақтамен сүртеді. Дәрігер: -Жақсы. Температура түскен. Аяғының тамырлары бір қалыпты. Қан айналымы жақсы. (Балаға телміре қарап) Баланың көрмегені жоқ. Әкесі жалғыз, шешесі бақилық болған. Қиын... қиын. Алқаш әкесі арақты қойса дұрыс болар еді. Медбике: -Сәрсен Аманжолұлы, баланың әкесінен басқа ешкімі жоқ екен. Бір жасы келген апа тамақ әкелді. Сол кісі анасының өмірден озғанына бір жыл болғанын, әкесі әйелін жерлей сап, араққа ауып кеткенін айтты. Дәрігер (баланың қолын қысып): -Бұның тағдырын ешқандй балаға бермесін. Бақытты балалығын ұрлаған кім кінәлі? Алқаш әкесі ме, қатыгез заман ба? (пауза) Жігітім. Берік бол. Ендігі өмірің өз қолыңда. Медбике системаны қолына көтеріп алып, бала жатқан каталканы сүйреп, дәрігердің артынан шығып кетеді. VІІІ-КӨРІНІС Лед-экранда аурухана көрінісі. Сахнада науқастар палатасы. Төсектерде сырқаттар жатыр. Әдемі киінген Еркін кіреді. Кезекші дәрігерге жақындайды. Еркін: -Саламатсыз ба? Кезекші: -Сәлеметсіз бе. Кімге келдіңіз? Еркін: -Мен балама, Жарылғапов Мақсатқа келіп едім. Кезекші (тізімді шолып): -Қазір... Мақсат... 12 палатада. (Еркінге қарап) Қазір осылай тік жүріп, оңға бұрылсаңыз, алдыңыздағы есік. Соған кіресіз. Еркін: -Рахмет. Еркін сахна ортасына келіп, оңға бұрылып, палатаға келеді. Мақсат: -Әке! Әке! Еркін: -Балам! Күнім... Аман-есенсің бе? Ауырып қалды дейді ғой сені. Жақсымысың. Мақсат: -Жақсымын. Екеуі де жылап көріседі. Баласын құшақтап, аймалап бәйек болады. Еркін: -Балам... Айналайыным... Кеш... кеш әкеңді. Кешір әкеңді. Мақсат (көмейіне өксік тығылып): -Әке, мен... мен... кешіргенмін... сізді. Кешіремін. Мақсат әкесін құшақтап өксиді. Көз жасын тыйып, екі қолымен сүртеді. Мақсат: -Әке. Әке! Әке, енді арақ ішпейсіз бе? Қойыңызшы ішкенді. Мен сізді анашым қайтыс болғалы бірінші рет көріп тұрмын. Сау болғаныңызды бірінші рет... Еркін: -Болды, балам. Енді ішпеймін. Ішпеймін. Құлың болайын, балам, ішпеймін... Еркін қытай ала дорбасын ашып, баласына алған киімдерді алады. Еркін: -Құлыным... Ауруыңнан айығып кетесің, құлыным. Мыналарды ауыстырып киесің. Енді өзім жуындырам сені. Өзім... жазылып шығасың ғой. Сонда тамағыңды да істеп, өзім бағамын, балам. Мына тамақты көрші апа беріп жіберді. Көрші апаңның сәлемдемесі. Мақсат: -Қалипа апа ма? Еркін: -Иә, балам, Қалипа апаң. Еркін (қалбалақтап): -Айтпақшы, саған әкелген сыйлығым бар. Қазір, күнім (сумкасын ақтарып)... Міне... Қазір, күнім. (қара пиманы қолына көтеріп) Міне, жап-жаңа пима. Енді аяғың жылы жүреді, құлыным. Мақсат (кемсеңдеп): –Сыйлығыңның керегі жоқ. Енді маған пиманың керегі жоқ, әке. Еркін: -Өйтіп айтпа, күнім. Оқуыңа киесің. Аяғың суымай, жылы барып қайтасың, құлыным. Еркін баласының аяқ жағын көрпе үстінен сипалайды. Еркін: -Құлыным... Күнім... Жооқ! Жоқ. Жоқ, құлыным. Еркін баланың үстінен көрпесін түре береді шиыршықтап. Еркін (ышқына айғайлап): -Жоооқ! Қайғылы қобыз ырғағы. Әкесі баласының төсегіне басын қойып жылайды. Мақсат әкесінің шашынан сипап отырады. Мақсат: -Әке, ішуді қойдың ба? Еркін: -Балам, қойдым... Әкесі орынан тұрып, залға қарай жүреді. Еркін (жылап келеді залға): -Жооқ... жо-оқ... жо-оқ. Тізерлеп отырады. Сахна тастай қараңғы болады. (Лед-экранда батып бара жатқан күннің көзі. Қобыз ырғағы тоқтап, «Қара пима» әнінің осы жолдары орындалады.) Қараса... кеште баяғы... Пиманы сатып ант ұрған... Үсіген екі аяғы Кесілген екен балтырдан!...» СОҢЫ Сценарий авторы: Тұрлыбаев Үсен


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз