Өлең, жыр, ақындар

Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру

Құқықтық мәдениет – қоғам мен жеке тұлғаның заң аясында өз құқықтары мен міндеттерін білуі, соған сай әрекет етуі және заңды құрметтеуі.

Әр азамат өз құқығын жетік біліп, оны қорғауы тиіс. Өз құқығын қорғай отырып, өзгенің ар-ожданына тіл тигізуге, келеке етуге немесе төмендетуге ешкімнің құқығы жоқ. Заң үстемдік ететін мемлекетте әрбір азамат заңға бағынып, құқықтық нормаларды сақтауы қажет. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөз осының айқын дәлелі. Ішкі тәртіпті сақтай білген әр азамат өз елінің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосады. Қоғамды халық құрайды, сондықтан әрқайсымыз саналы түрде мәдениетті, құқықтық қоғам қалыптастыруға атсалысуымыз тиіс.

Бүгінде ел ішінде құқық бұзушылықтар жиі орын алып отыр. Тіпті кішігірім құқық бұзушылықтың өзі қоғамдағы құқықтық мәдениеттің қалыптасуына кері әсер етеді. Өскелең ұрпаққа үлгі көрсету қажет кезеңде кейбір азаматтар заңға қайшы әрекеттер жасап, өзгенің құқығы түгілі өз құқықтарын толық білмей жатады. Бұл мәдениетімізге жат құбылыс. Әрине, бұл сынау емес, алайда ел боламыз десек, тәрбиені түзеуіміз қажет. Себебі ішкі тәртіп мемлекеттің беріктігі мен дамуына тікелей әсер етеді.

Құқықтық мәдениеттің негізгі мәні – заң нормаларын білу және құрметтеу, өз құқықтары мен міндеттерін түсіну, құқық бұзушылық әрекеттерден аулақ болу, әр адамды жеке тұлға ретінде сыйлау және оған құрмет пен сыпайылық таныту.

Ал қазіргі таңда жастар арасында құқықтық мәдениет қалай қалыптасып жатыр?

Құқықтық мәдениетті қалыптастыру ең алдымен отбасы мен мектеп қабырғасынан басталады. Бала кезінен тәртіп пен тәрбиені, мәдениетті бойына сіңіріп өскен жас ұрпақтың болашақта білімді әрі тәртіпті азамат болып қалыптасары сөзсіз. Мектепте білім берумен қатар құқықтық сауаттылықты да үйрету маңызды. Бүгінде еліміздің мектептерінде құқық тақырыбында түрлі дөңгелек үстелдер мен жобалар ұйымдастырылып келеді. Бұл оқушылардың өз ойын еркін жеткізуіне, өз құқықтарын білуіне, қорғауына, сондай-ақ айналасына мейірім мен сыпайылық танытуына ықпал етеді. Осындай жобаларға белсенді қатысқан өскелең ұрпақтың бірі – біз.

Яғни жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін түрлі жобаларды көбейтіп, тіпті оны қосымша пән ретінде енгізу артық емес деп есептеймін. Қазіргі таңда жастармен ашық диалог жүргізу, олардың пікірін еркін айтуына мүмкіндік беру маңызды. Себебі өз ойын жеткізе алмайтын, тұйық жастар түрлі құқық бұзушылықтарға бейім болуы мүмкін. Сондықтан оларға ақ пен қараны нақты ажыратып, дәлелді түрде түсіндіру қажет.

Құқықтық мәдениеттің қалыптасуына әсер ететін маңызды сыртқы факторлардың бірі – ғаламтор мен әлеуметтік желілер. Әлеуметтік желілерде құқықтық сауаттылыққа арналған пайдалы әрі қызықты контенттердің санын арттыру қажет. Сонымен қатар жасөспірімдер мен кәмелетке толмаған балалардың психологиясына кері әсер ететін ақпараттарға шектеу қойып, қатаң бақылау жасаған жөн. Білім алып, пайдалы ақпаратты бойына сіңірген, заң мен тәртіпті құрметтейтін, елге қызмет ететін патриот азаматтарды тәрбиелеу – басты міндет.

Құқықтық мәдениеті жоғары елдің азаматтары өз құқықтарын біле отырып, өзгенің құқығына құрметпен қарайды. Олар заң бұзушылыққа жол бермей, әділеттілік пен қоғамдық тәртіптің сақталуына үлес қосады. Осындай саналы, білімді азаматтардың арқасында құқықтық әрі мәдениетті қоғам қалыптасады.

Қорытындылай келе, құқықтық мәдениет – қоғамдағы тәртіп пен заңдылықтың негізі. Ал оны қалыптастыру әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады. Сондықтан жастар арасында құқықтық мәдениет туралы кеңінен насихаттап, оның маңызын дәріптеуіміз қажет. Еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауда әр тұлғаның рөлі зор. Сол себепті бәріміз өз құқықтарымызды біліп, әдептілік танытып, саналы әрі сапалы құқықтық қоғам құруға ұмтылайық.

                                                                                                                                                                                 Төлеубекова Алтынай 

                                                                                                                                                                              ҚазҰУ-дың 3- курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар