Испанияның Кордоба провинциясындағы Адамуз қаласы маңында екі жедел пойыздың соқтығысуы елді дүр сілкіндірді. Қайғылы оқиға салдарынан кемінде 40 адам қаза тауып, 120-дан астам жолаушы түрлі деңгейде жарақат алды. BBC агенттігінің ақпараты бойынша Испания үкіметі үш күндік ұлттық аза тұту жариялады.

Өрт сөндіруші мен Испания Азаматтық гвардиясының мүшелері апатқа ұшыраған пойыздардың бірінің жанында көмек көрсетуде. Адамуз маңында, Испания, 2026 жылдың 19 қаңтарында. REUTERS
Төтенше қызмет өкілдерінің айтуынша, апат 18-қаңтар күні кешкі уақытта орын алған. Малагадан Мадридке бағыт алған жедел пойыз белгісіз себептермен рельстен шығып, қарсы бағытта келе жатқан пойызбен соқтығысқан. Соққының қаттылығынан бірнеше вагон аударылып, кейбірі жол жиегіндегі сайға құлаған.
Куәгерлердің айтуынша, соқтығысудан кейін аймақта электр желілері үзіліп, жолаушылардың бір бөлігі вагон ішінде қысылып қалған.
·Тергеу: негізгі болжамдар
Қазір оқиғаға байланысты қылмыстық және техникалық тергеу жүргізіліп жатыр. Алғашқы тексеру барысында апат орнынан рельстің қосылыс бөлігінде ақау анықталған. Тергеушілердің айтуынша, бұл пойыздың рельстен шығып кетуіне себеп болуы мүмкін.
Апаттан кейін Испаниядағы теміржол қауіпсіздік жүйесі қоғам мен сарапшылар тарапынан сынға ұшырады. Әсіресе, жедел пойыздар қатынайтын бағыттарда рельс жағдайының дер кезінде тексерілмеуі, техникалық ақаулар туралы ескертулердің ескерусіз қалуы басты сұраққа айналды.
Ақпарат таратумен ғана емес, зерттеумен де айналысатын Reuters агенттігінің дереккөздеріне сүйенсек, апат болған жол бөлігінде бұл оқиғаға дейін де техникалық ақаулар тіркелген. Алайда қауіптің алдын алу шаралары толық жүзеге аспаған болуы мүмкін. Қазіргі таңда билік өкілдері теміржол инфрақұрылымына кешенді тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді.
Испания Премьер-министрі Педро Санчес апат орнына барып, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Әйтсе де, қайғылы оқиға ел ішінде үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде азаматтар теміржол қауіпсіздігін күшейтуді, жедел пойыздардың техникалық жағдайын ашық бақылауға алуды талап етуде.
Бұл Испаниядағы 2013 жылғы Сантьяго-де-Компостела апатынан бері ең ауыр теміржол апаты болып отыр.
Авторы: Әлмира Жамантай
Күні: 20.01.2026 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Конфуций
- Конфуций
- Эдвард Дж. Стиглиц
- Нельсон Мандела
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі