Жәңгір хан мектебіне 175 жыл толады

14 қазан күні Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында Бөкей хандығының 215 жылдығына және Жәңгір хан мектебінің 175 жылдығына орай мерейтойлық шаралар өтпекші. Батыс Қазақстан, соның ішінде Бөкей ордасы тарихында Жәңгір мектебінің орны ерекше. Бұл жөнінде ұзақ уақыт бойы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне басшылық еткен белгілі ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Бозымов былайша әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, Жәңгір хан еуропалық білім беретін бастауыш мектепті ашуды Нарынның бір бөлігі Жасқұс құмына сол өзінің ордасын тіккен 1826 жылдың өзінде ойлаған деуге болады. Патша шенеуніктеріне, соның ішінде Орынбор әскери губернаторы П.К.Эссенге Ордада қазақ балаларына арнап орыс тілінде білім беретін мектеп ашу қажеттігін дәлелдеп, әлденеше рет хат жазған. Жәңгірдің ойынша, ондай мектеп қазақ балаларының Қазан университеті мен Орынбордағы Неплюев кадет корпусына, Ресейдің басқа да оқу орындарына түсуі үшін керек еді.
null  

Жәңгірдің мектеп ашу жөніндегі арманы тек он бес жылдан кейін барып іске асты. 1841 жылы 6 желтоқсанда қазақ даласында қазақ балалары үшін тұңғыш мектеп ашылды. Ол архив құжаттарында училище деп жазылғанмен, халық аузында «Жәңгір мектебі» болып аталып кетті.
null  

Қарағайдан қиып салынған мектеп үйі Ордадағы еңселі ғимараттың бірі болған. Екі қабатты ғимараттың іші көрнектілігімен көз тартқан көрінеді. Оқушылардың партасы, мұғалім үстелі мен орындығы, класс тақтасы, шығыс мәнеріндегі оймыш буылтық ағаш бағанасы мектеп ішінің жоғары эстетикалық талғаммен безендірілгенін көрсетеді. Жәңгір хан бұл мектепті 1841 жылдан өз қарамағына алып, барлық материалдық  қажеттерін өзі қамтамасыз етіп отырған. 1905 жылы осы екі сыныптық мектеп төрт сыныптық (қазіргі жүйе бойынша 9 сыныптық білім беретін) қалалық мектепке айналып, жанынан мұғалімдер даярлайтын педагогикалық курс ашылады. Мектепте шекті аспаптар оркестрі, хор және бай кітапхана болған.
null   

Шәкірттерге орыс мұғалімі дәріс беретінін, орысша оқытатынын естіген ата-аналар «Шоқынып кетеді, орыс болып кетеді» деп балаларын мектепке беруден бас тартады. Мұны көрген Жәңгір олардың ойының негізсіз екенін дәлелдеу үшін өзінің екі бірдей баласын оқуға беріп, үлгі көрсетеді. Одан басқа мектептің алғашқы лектегі 25 шәкіртінің ішінде ауқатты отбасылардың балалары болған көрінеді. Олардың бір-бірінен жас алшақтығы 9 бен 22 жас аралығында екен. Терезелері түстік бетке қараған мектептің іші кең де жарық екі үлкен бөлмеден тұрған. Оның бірі класқа, екіншісі жатақханаға арналып жабдықталған. Тұңғыш оқу ошағының үйі біздің кезімізге жеткен жоқ, тек фотосуреті сақталған. 25 оқушының 18-і үйден келіп, жетеуі жатақханада жатып оқыған.
null  

Мектепте діни дәріспен бірге орыс тілі, арифметика, тарих, жағрафия сияқты негізгі ғылыми пәндер оқытылған. Дінтануды және шығыс тілдерін Садриддин Әминов оқытқан екен. Мектеп меңгерушісі әрі мұғалімі болып жоғары білімді мал дәрігері Константин Петрович Ольдекоп деген кісі істеген. Оған мұғалімдігімен қатар тәрбиешілік міндет қоса жүктеліпті. Кейін 1852 жылы Ольдекопты Потанин ауыстырады.

null  

Музей қорындағы Бөкей ордасы мектептерінің альбомында Ольдекоп туралы: «Инспекция архивіндегі ханға берген ұқыпты есептерінен оның өз жұмысын аса білгірлікпен атқарғандығын, оқу ісін тамаша шеберлікпен жолға қойғандығын, ыждағаттылығын, өз ісіне шын ниетімен берілгендігін аңғару қиын емес. Ол осы мектепте он жылға жуық еңбек еткен кезінде орысы бар, қазағы бар жергілікті жердің қарт тұрғындары арасында игі ісімен өзі туралы ізгі естелік қалдырды» делінген. К.П.Ольдекоп бірыңғай қазақ балаларына орыс тілін қапелімде меңгеріп кету қиынға түсетінін байқады. Сондықтан оны неғұрлым тезірек меңгеріп, жетік білу үшін мектепке орыс балаларын да қабылдап, араластырып оқыту керек деп есептеді. 1848 жылы ол қазақ балаларымен бірге ставкадағы орыс тұрғындарының балаларын ешқандай ақы алмастан тегін оқытуға ниеті бар екенін білдіріп, уақытша кеңестен рұқсат сұрап, келісімін алады. 

Бөкей ордасынан, оның ішінде Жәңгір мектебінен шыққан, халқына адал қызмет жасаған қайраткерлер, ғалымдар, мұғалімдер мен дәрігерлер, заң қызметкерлері мен агрономдар көптеп саналады. Жәңгір мектебінде оқып, кейбіреулері кейін оқуын орыс жеріндегі жоғары оқу орындарында, әскери училищелерде жалғастырып, дарындылығымен, іскерлігімен көзге түсіп танылған зиялы азаматтар, қайраткерлер, оқымыстылар аз болған жоқ. Олардың есімдері, тындырған істері тарихи деректерде сақталып, халықтың жадында қалған. Кейбіреулерін атап өту орынды. Мәселен, Дәулеткерей Шығайұлы - Бөкей хан өлгеннен кейін уақытша орданың ханы болған Шығай сұлтанның баласы, атақты домбырашы, төкпе күйдің атасы. Сұлтандар ортасынан шықса да, бар ғұмырын күйге, өнерге арнаған. «Қоңыр», «Бұлбұл», «Топан», «Жігер» деген күйлері бәрімізге таныс. Дәулеткерей сонымен бірге біраз әкімшілік қызметтермен де айналысқан. Бірақ айналасына жиі-жиі әншілерді, күйшілерді, өнерпаздарды жинап, ойын-сауық құруды ұнатқан сал-сері.

null

Жәңгір хан мектебінде оқыған, хан әулетінен шыққан, Жәңгірдің Жүзім деген әйелінен туған үлкен ұлы Сейткерейдің баласы Шәңгерей Бөкеевтің аты, ісі, өнері дүйім қазаққа таныс: тамаша ақын, ойшыл-философ, аудармашы. Хан сарайы жөнінде:

«Сол айтылған Нарында,

Нарынның қызыл құмында,

Ай белгілі ақ мешіт,

Алпыс бөлме, жүз есік,

Салынған екен көк орда...», деп жырлаған.

«Ай белгілі ақ мешітті» Жәңгір хан 1835 жылы салдырғаны белгілі. Хан сарайын «алпыс бөлме, жүз есік» деп сипаттауы ақындық әсерлеу болса керек. Сол кездегі мәліметтерге қарағанда, сарайда 23 бөлме болғанға ұқсайды. Осы сарайда Шәңгерей 1847 жылы тамыз айында дүниеге келіпті. Бес жасында ата-анасынан айрылып, материалдық жағынан болмаса да, рухани, адами тұрғыда жетімдіктің зардабын тартады.

Шәңгерей әуелі Жәңгір мектебінде оқып тәрбиеленіп, кейін, кейбір деректерге қарағанда, Орынбордағы кадет корпусына түсіп, екі жылдай оқиды. Бірақ одан соң оқуын жалғастырмай, елге оралып, серілік құрады, саятшы болады, шығармашылыққа ден қояды. Өздігінен ізденіп оқып, арабша, орысша таза сөйлейтін, дін ілімін жетік меңгерген өте сауатты адам болып шығады. Өлеңдері философиялық ойға толы болып келеді.

Шәңгерейден тәлім-тәрбие алған ақын, ағартушы, философ Ғұмар Қараш ұстазы жөнінде:

Әкім де емес, хан да емес,

Хандардан бағың кем емес.

Кем еместің белгісі,

Тыңдалар сөзің әр жерде,

Ешбір адам ләм демес,- дейді.

Білім әлеміне жорығын Жәңгір хан мектебінде бастап, Орынбордың Неплюев атындағы кадет корпусын бітіріп, Батыс өңірде, Орда жерінде Шоқан сияқты жан-жақты білімді, танымал тұлға - Мұхамед-Салық Бабажанов. Ол Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Бөкей ордасын басқару үшін құрылған уақытша кеңестің кеңесшісі, кейін Орданың бір әкімшілік бөлімін басқарған, Ресей жағырапиялық қоғамының мүшесі. Ресеймен тығыз байланыста болған, орыс мәдениетімен, озық қоғамдық ойымен таныс болған, көптеген орыс ғалымдарымен, шығыстанушыларымен, саяхатшыларымен үзбей қарым-қатынас жасап тұрған. Орыс тілінде таза сөйлеп, апталық газет-журналдарда көптеген мақалалары жарық көрген. Қазақ даласының әлеуметтік-саяси, қазақ тарихы мен тұрмысына, мәдениетіне қатысты еңбектері үшін ресми марапатталған (Ресей жағырапиялық қоғамының күміс медаліне ие болған) тұңғыш қазақ. Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылындағы бір мектеп бүгінде Мұхамед-Салық Бабажановтың атымен аталады.

Бөкей жұртының тағы бір мақтанышы - Мақаш (Мұхамбетжан) Бекмұхамедов. Ол да - Жәңгір мектебінің түлегі, Орынбордағы Неплюев кадет корпусын бітірген. Бөкей хандығына қарасты округтерде әкім болған, елде «Мақаш-правитель» атанған. Ағартушы-ғалым, қоғам қайраткері. Ел ішінде шешендігімен, алғырлығымен, әділдігімен аты шыққан тұлға.

Жәңгір хан мектебі, Бөкей ордасы туралы әңгіме болғанда, бірден ойға оралатын тұлғалардың бірі - Бақтыгерей Құлманов. Жәңгір мектебін бітіргеннен кейін Санкт-Петербордағы император университетінің шығыс факультетіне түсіп, табысты аяқтаған. Шығыс тілдері бойынша қазақтан шыққан тұңғыш ғылым кандидаты (бұл атақты 1887 жылы алған). Бөкей ордасының Қамыс-Самар бөлігін басқарған. Бірінші және екінші мемлекеттік Думаға Орда қазақтарынан депутат болып сайланған. Бөкей ордасындағы уақытша үкіметтің комиссары болған. 

Ордадағы мектепте сауатын ашып, кейін Петербордағы императорлық паж корпусында оқыған, ұзақ жылдар әскери қызметте болған қазақтан шыққан тұңғыш генерал-лейтенант, Жәңгір ханның кіші баласы Ғұбайдолла Жәңгіров еді. Орыс-түрік соғысына қатысып, көзге түсіп, Ресейдің көптеген жоғары наградаларына ие болған. Патша үкіметі Ғұбайдолланы лауазымы биік қызметке шақырып, империяның телеграф департаментіне бастық етіп қояды. Петерборда жүріп, қазақтың мұң-мұқтажына көп көмектеседі. Университетте, гимназияда оқыған жастарға қамқоршы болады, қызметке орналасуын қадағалайды.

null  

Жәңгір мектебінен сондай-ақ жүзден астам ғалым-зерттеушілер шыққан. Олардың ішінде Асан Тайманов сынды жиырмадан астам академик  бар.         

Жәңгір өлгеннен кейін оның мектебін 1848 жылы мемлекет өз қарамағына алып, жыл сайын қажетіне 1404 сом ақша бөліп тұрған. Осы жылдан бастап мектепте орыс балалары да көптеп оқи бастаған.  1848 жылы мектеп салықтан түсетін қазына қаражатына көшіріліп, халық ағарту министрлігінің қарамағына беріледі. Кезінде айтылып, Кеңес дәуірінде көңіл аударылмай келген нәрсе - 1841-1848 жылдары аралығында бұл оқу орны халық арасында «Жәңгір мектебі», ал Бөкей ордасын басқару жөніндегі уақытша кеңес шенеуніктері арасында «Джангировское училище» деп аталды. Өйткені, мектеп Жәңгірдің көзінің тірісінде және қайтыс болғаннан кейін де үш жыл бойы ханның жеке қаржысы есебінен жұмыс істеді. Кеңес өкіметі Жәңгір есімін зердемізден өшіруге қанша тырысқанымен, оның халқына сіңірген еңбегін тарихи сана бәрібір ұмытпапты.

Осы мектептің тұңғыш түлектерінің бірі, ғалым-этнограф М.-С. Бабажанов өз естелігінде ол туралы былайша еске алады: «Біз Жәңгір мектебінде тәрбиелендік. Бұрынғысынша ол қазір де кадет корпусы үшін даярлық класы іспетті саналады. Бір күні біз ханның алдына шақырылдық және оның бізден корпусқа түсуге деген ықыласымызды білгісі келетіндігі алдын ала ескертілді. Ханның үйінде біздің жасымызға лайықтап дастархан жайылған екен. Ол жылы қарсы алып, біздің ойымызды сұрай бастады. Үзіліс кезінде біріміздің алдымызға біріміз түсіп, өзіміздің ризалығымызды және оқуға баруға әзір екендігімізді білдірдік. Осыдан кейін ол бізге уыстап ұсақ күміс ақша үлестірді де қоя берді. Бұл 1845 жылдың басында болған еді».

null

Одан әрі М.-С. Бабажанов сол жылдың жазында бір топ сыныптастарымен бірге кадет корпусына оқу үшін Орынборға жол тартқанын, зиялы хан оларды біраз жерге дейін шығарып салып, қимай қоштасқанын сөз етеді. Иә, бұл хан өмірінің соңғы жылы болатын. Сол 1845 жылдың тамылжыған тамыз айының 12 жұлдызында Тарғын өзенінің бойындағы жазғы резиденциясында Жәңгірдің жүрегі соғуын мәңгі тоқтатты. Бірақ, соңына, болашақ ұрпаққа өшпес мұра қалдырып кетті, ол - өзі ашқан мектеп, ол өзі салған сара жол еді. 

Жәңгірдің еңбегі еш кетпей, мектеп табалдырығын аттаған шәкірттердің бәрі дерлік жақсы оқыған. Мектепті аса үздік бітіргендердің көбі Орынбор, Петербор, Саратов, Қазан, Омбы қалаларындағы жоғары оқу орындарын бітіріп, мамандықтары бойынша басым көпшілігі туған топырағында еңбек етсе, кейбіреулері империяның басқа да өңірлерінде қызмет етті. Жәңгір хан мектебінде үздік оқыған шәкірттер шетелге оқуға жіберіліп, оларға арнаулы стипендиялар төленіп тұрған. Мәселен, жеті түлек Стамбулдағы діни семинарияны бітіріп шығады. Ал жиырмасыншы ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің бірі Ғабдолғазиз Мұсағалиев Мысыр қаласындағы университетті бітіріп, сегіз тілді меңгерген. Үндістан, Пәкістан, Индонезия сияқты елдерде болып, олардың тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен, мәдениетімен танысқан. Қазақ-татар тілдеріндегі басылымдарда қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, қоғамдық-саяси мәселелері жөнінде мақалалар жазады.

Ордада ашылған жоғары бастауыш училищені бітіріп, Кеңес Одағында белгілі әскери қайраткер болып қалыптасқан тұңғыш қазақ кеңес генерал-майоры Шәкір Жексенбаев та - сол Орда мектебінің түлегі. Азамат соғысына, Ұлы Отан соғысына қатысқан, әскери атақтарға, ордендерге ие болған. Қазіргі Бөкей ордасы ауданының бір мектебі генералдың атымен аталады.

Жәңгір бұл мектепті тек ақсүйектердің балалары үшін ашпаған. Шәкірттердің ішінде өз ұлдарын орташа ақымен оқыта алатындардың да балалары болған. Қарапайым халық ішінен шыққан білімге құмар, зерделі жастардың оқуына жол ашып, кейбір менмен шонжарлардың «Қара сирақ (кедей) қазақ балаларына оқу сән бе?» деген сыңаржақ пікірлеріне қарсы болған. Мектепте негізінен арифметика, жағрапия, тарих, орыс тілі, физика т.б. пәндер оқытылған. Сонымен қатар шығыс халықтарының мәдениеті мен өнерінің тарихы, араб, татар тілдері оқытылған, діни дәрістер тыңдалған. Қазан, Орынбор, Петербор, Астрахан (Әжітархан) қалаларынан білімді ұстаздар шақырылып, оларға хан толықтай жағдай жасаған. Сол кездегі құжаттар мен деректерге сүйенсек, Жәңгір хан мектептегі оқу сапасын, тәртіп, тәрбие жайын үнемі бақылап, жөн сілтеп отыруды, шәкірттердің сабақтарына, емтихандарына қатынасуды кішілік санамай, кісілікпен зор ықылас қойған. Жәңгір хан ордалықтарға оқу-білімнің пайдасы жөнінде өзінің ойын жеткізіп, олардың ұмтылыстарын кеңінен қолдап, шәкірттер мен ұстаздарды ынталандыруға қаржысын аямаған. Кейін мектепте 30 бала Орданың шаруашылық қаржысы есебінен білім алған.

Жәңгір ханның Ресейдің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен байланыс жасауының арқасында Жәңгір мектебі Орынбордағы Неплюев кадет корпусының дайындық курсына айналып, 1845-1851 жылдарда осы кадет корпусын Бөкей ордасынан сегіз шәкірт оқып бітірген. Солардың бірі - Жәңгірдің өз баласы Зұлхарнай. Әрине, хан баласын Петерборға т.б. қалалардағы үлкен оқу орындарында оқытуға мүмкіндігі болғанына қарамастан, басқа балалар кадет корпусына барудан айнып қала ма деп өз ұлын да солармен бірге жіберіп, қамқорлық көрсетеді. Балалардың басым көпшілігінің жас шамасы  10-12 жас арасында болған. Орда балаларына қамқоршы болып, жағдайларын жасауға хан ел ішінен өз өкілін жіберіп, сол арқылы қадағалап отырған.

Жәңгір хан бұл дүниеден өткеннен кейін де ол ашқан білім бұлағының арнасы кеңейе береді. 1849 жылы Орал (Бөкей ордасы) облысында 44 болыстық қазақ-орыс мектебі жұмыс істеді. Оның жетеуі «Жәңгір мектебінің» негізінде жаңадан ашылды. Оқушылардың жалпы саны 20 мыңға жеткен. 1879-1880 оқу жылында «Жәңгір мектебі» аты өзгертілмей, халық ағарту министрлігінің қарамағына өтіп, екі сыныптық ауылдық училище болып қайта құрылды. Халықтың білімге деген құштарлығы жыл сайын артып, бұрынғы оқу орындары тарлық жасап, жаңадан тағы да мектеп ашу қажеттігі туды. 1895 жылы «Жәңгір мектебінің» негізінде ашылған мектептердің саны 14-ке жетті.

null  

Орда мектептеріне бақылау мен басшылықты одан әрі жақсарту мақсатында оқу ісі инспекциясы құрылып, оның басшылығына ғалым А.Е.Алекторовтың тағайындалуы Ордадағы халық ағарту ісінің жедел қарқын алуына үлкен әсер еткен. 1883 жылы Ордада, қазақ даласында тұңғыш рет Хұсни-Жамал Нұрлыханова басшылық еткен қазақ қыздары үшін бастауыш училищенің ашылуына көп еңбек сіңірген де осы А.Е.Алекторов болған. Бұл училищеде 1883-1889 жылдар арасында оқыған қыздардың саны мынадай: 1883 жылы 7 қазақ қызы, 15 орыс қызы, 1885 жылы 6 қазақ қызы, 16 орыс қызы, 1886 жылы 4 қазақ қызы, 14 орыс қызы, 1888 жылы 4 қазақ қызы, 14 орыс қызы, 1889 жылы 3 қазақ қызы, 13 орыс қызы. Жеті жыл ішінде барлығы 96 қыз оқыса, оның 24-і қазақ, 72-сі - орыс қызы.

«Қазақ қыздарының оқуға деген қабілеті, ынта-зейіні, үлгерімі керемет болды» дейді кейіннен Орда мектептерінің бақылаушысы болған Вознесенский. Бұл қыздар мектебінен шыққан түлектер арасынан Аққағаз Досанова, Алма Оразбаева, тұңғыш металлургия инженері Мәдина Бегәлиева, тұңғыш жоғары білімді дәрігер Мүбина Ниязова сынды қайраткер қазақ қыздары халқына қалтқысыз қызмет етті. Жоғарыда аталған оқу орындарынан басқа, 1898 жылы 4113 оқушысы бар 198 медресе жұмыс жасаған.

Жәңгір мектебі 1930-1935 жылдары колхозшы жастар мектебі болып өзгертілсе, 1936-1939 жылдары орталау мектеп болып, 1936 жылы бұл мектепке Максим Горький аты берілді. 1991 жылдан бастап Орда орта мектебі деп аталды. Тек 1999 жылдың желтоқсан айынан бастап Жәңгір хан атындағы жалпы білім беретін орта мектепке айналды.

Күні бүгін Жәңгір хан атындағы орта мектепте 445 оқушы білім алуда. Осындай тарихи мектепте тәлім алған жас жеткіншектердің тәуелсіз еліміздің одан әрі дамуына өз үлестерін қосатыны анық.

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет

Жарнама