Қожа ахмет ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті талапкерлерді оқуға шақырады!

Ағылшын тілі сабақтарында жаңа әдіс-тәсілдер арқылы оқушылардың қызығушылығын арттырудың жолдары

Ағылшын тілі пәнінің басты міндеті - білімгерлердің тілдік қарым-қатынас жасай алу біліктілігін жетілдіру. Ағылшын тілі пәні мектепте білім, тәрбие берумен қатар жасөспірімдердің жеке бас қасиеттерін тұлға ретінде жетелдіруге қоғамдағы өз орнын табуға ерекше ықпал етеді.

Ағылшын тілін оқыту кезінде кез келген бір әдістемені қолдану әртүрлі шарттарға байланысты болып келеді. Ең басты шарттары: ағылшын тілін оқытудың  алдына қойылатын мақсаты,  оны оқып-үйренуге бөлінген уақыт, сағат саны жатады. Осы шарттардың ішінде  аса маңызды роль  атқаратын-оқыту мақсаты болып келеді. Бұл шарт қоғамның дамуы, оның басқа елдермен саяси,шаруашылық және тағы да басқа байланыстары  шетел тілін  оқытудың мақсаттарын анықтауға  тікелей әсер етеді.

Белгілі ғалым Н. Д.Гальскованың айтуы бойынша, кіші сынып оқушылары шетел тілдерін меңгеруге өте бейім. Баланың имитациялық қабілеттері, табиғи қызығушылығы әрқашан жаңаны меңгеруге қолайлы жағдай жасайды.

Мотивация факторлары мыналар:

- Оқу мазмұнының әртүрлілігі;

- Оқушы мен оқытушы байланысының жанды интенсивті болуы;

- Оқытушы тұлғасы;

Қазақ әдебиетінің классигі, Ұлы Абай атамыз: «Шәкірттерің жақсы оқу үшін, оның оқуға деген ынтасы және қызығушылығы зор болу керек», - деген. Расында да, тек қана жігерлі, әр нәрсені үнемі білгісі келген, табандылығын, шыдамдылығын көрсеткен адам ғана өз мақсатына жетеді.

Ағылшын тілі мұғалімі оқушылардың тіліне деген қызығушылығын арттыру үшін  тек қана оқулықты ғана емес, басқа да қосымша материалдарды газет, журналдардан, тіпті интернет көзінен де қолдануы тиіс. Оқушылар материалды толық және тез меңгеру үшін, мұғалім көп көрнекі құралдарды пайдаланып, сабақты дұрыс ұйымдастыра білуі керек. Оқушылардың ағылшын тілі сабағына деген қызығушылығын ояту үшін, мұғалім әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолданғаны жөн, бірақ бұл әдіс-тәсілдер төмендегідей талаптарға сай  болуы тиіс:

1 Әдіс-тәсілдер арқылы өзін-өзі еркін сезіну үшін жағымды атмосфера жасап, оқушы қызығушылығын ынталандыру керек, тілді практикада қолдануға деген қажеттілігін тудыру қажет.

2 Оқушы тұлғасын толығымен оқу процесіне тарту керек, оның эмоциялары, сезімдері оның қажеттіліктеріменбайланысты болуы керек.

3 Оның тілдік шығармашылық қасиеттерін ынталандыру керек.

4 Оқушыны оқу процесінің басты тұлғасы ретінде белсенді етіп, басқа оқушылармен тығыз байланыстыру керек;

5 Оқушыға өз физиологиялық, интеллектуалдық, психологиялық ерекшеліктеріне байланысты өз бетімен жұмыс істей алуына көмектесу керек;

6 Түрлі жұмыс түрлерін жеке, жұппен, топпен, сыныппен және тағы басқа жұмыс түрлерін қолдану қажет.

Ағылшын тілін оқыту әдістері мыналар: Логикалық ойлау; Грамматикалық-аударма әдісі; Сатылау; Тізбектеу әдісі; Үнсіздік әдісі;Физикалық сезіну әдісі; Рольдік ойындар;Мәдени қарым-қатынас; Жобалау ідісі; Проблемалық оқытуәдісі;Анализдеу;Миға шабуыл;Пікір алматыру; Интерактивті әдістер; Коммуникативтік, көру,есту, кинестикалық, Витагендік әдіс, Ойға шолу, Аудиолингвистикалық әдіс; Келесі әдіс;Түсіндіру; Көрнекілік әдісі; Практикалық әдіс және ақпараттық-коммукативтік технология әдісі.Бұл оқыту әдістерінің ішінде бұрыннан қолданып келген әдістер және осы замандық жаңа әдістер қамтылған. Осы ағылшын тілін оқыту әдістерін салыстыра сипаттау аса маңызды. Себебі пайда болған әрбір жаңа әдістің артықшылығы мен кемшілігі болады. Оқытушының сабақ барысында  қай әдісті  таңдауы салыстырмалы сипаттауда аса маңызды. Себебі әдістердің түрлері сан алуан және де бұл әдістердің өзгешеліктерін білмей отырып оны таңдау мен қолдану қиынға соғады. Енді ағылшын тілін оқыту әдістеріне тоқталайық. Ағылшын тілін оқыту әдістерінің ең алғашқы қолданылған әдісі-«Grammar-translational method» (грамматикалық-аударма әдісі) болды. Бұл әдістің негізі XVIII ғасырдың аяғында қаланып, XX ғасырдың ортасында іс жүзінде қолданыста болды. Ағылшын тілін меңгеру  грамматика мен сөздікті меңгеру қажет болды. Сол үшін осы әдіс түрі қолданылды. Бұл әдісте қандай да ьір грамматикалық құрылым меңгеріліп, кейін сол тақырыптарға орай сөйлем мәтіндері жинақталады.Одан кейін сол сөйлемнің аудармасы қамтылады.Қандай да бір әдіс түрі сияқты бұл әдістің де өзіне тән ерекшеліктері  болды. Біріншіден, бұл әдіс грамматиканы жетік меңгеруге жол береді. Екіншіден, логикалық ойлау деңгейі жоғары азаматтарға ыңғайлы болды. Бұл тәсіл 50 жылдардың аяғына дейін үстемдік етіп келді. Себебі уақыт  өзгере келе, қоғамда өзгереді. Сөйтіп заман ағымына сай сан алуан әдістер дүниеге келтірілді. Атап айтатын болсам, 60 жылдары пайда болған «Silenb way» (үнсіздік әдісі) әдісін атауымызға болады. Ағылшын тілін оқытуда бұл әдістің  басты мақматы – тіл үйренушіге кедергі келтірмеу, әрі оған оқытушының көзқарасын араластырмау. Бұл әдіс бойынша оқытушы ешнәрсе айтпайды, бірақ ол оқыту барысында күрделі түрлі түсті таблицаларды қолданады. Бұл таблицалардағы белгілер мен түстер  белгілі  бір дыбысты  таңбалап одан жаңа сөздер құралады. Мысалы ретінде «dog» сөзін айту үшін ең «d», кейін «о», сосын «g» дыбысының белгісі саналатын квадрат немесе түрлі таяқшалар көрсетіледі. Содан сөз құралады. Үнсіздік  әдістің артықшылығы оқытушының тілді меңгеру сапасы, оқушының тілді меңгеру сапасына  ықпал етпейді.

Келесі қарастыратын әдісіміз «Total-physical respone» (физикалық сезіну әдісі) деп аталады. Бұл әдіс оқыту барысында іс-қимылдар арқылы жүргізіледі. Оқушы  алғашқыда білім алады, ағылшын сөздерін үнемі тыңдайды. Ал кейін оқығанын не тыңдағанын қимылмен сезінеді. Оқушы физикалық қимылдарды білдіретін  сөздер арқылы барлық  сөздерді меңгеруге мүмкіндік алады.  Мәселен «отыр» деген сөзді түсініп олар отырады. Одан кейін 70 жылдары пайда болған әдістің  бірі- «Коммуникативтік әдіс» (қарым-қатынас әдісі).  Оның ең басты мақсаты- әңгімелесушілердің сөздері түсінікті болуы үшін  адам баласын бір-бірімен тілдік қарым-қатынас  жасауға үйрету. Бұл әдіс түрі ағылшын тілін үйретуде ең жеңіл және қолайлы әдістің түрі болып табылады. Себебі коммуникативтік әдіс қазіргі таңда да жұмыс  барысында жиі қолданылады. Осы әдіс ағылшын тілін үйретудегі бірқатар үлгілі тәсілдердің үйлесімді көрінісі.

Ағылшын тілін үйретудегі келесісі-«Audio-Lingual method» (аудиолингвистикалық әдіс) әдісі. Аудиолингвистикалық әдіс 70 жылдардың аяғына қарай қолданысқа енді. Бұл әдісте оқушы магнитофоннан немесе оқытушының айтқан сөздерін тыңдап, кейін бірнеше рет қайталайды. Оқушы осы іс-әрекетте сөздердің, сөйлемдердің немесе тіркестің дұрыс айтылу жолдарымен және оны аз уақыт көлемінде жаттап алу, оны қарым-қатынас әдісінде қолдану шарттары  бейімделе бастайды.

Ағылшын тілін үйретудің келесі әдісі-«Sugesto pedia» (ойға шому) деп аталады. Бұл әдіс түрі 70 жылдары қолданысқа енді. Бұл әдіс түрі басқа әдіс – тәсілдерге қарағанда күрделірек болып келді. Себебі осы әдісті қолдана отырып оқушы қиялға беріледі. Бұл әдістің мән–мағынасы мынадай: оқушы ағылшын тілін үйрену кезеңінде өзін мүлдем басқа адам болып сезінеді. Ол озіне жаңа есім таңдап, жаңа өмірбаян ойлап табады. Сөйтіп, оқушы өзін мүлдем бөгде әлемде – ағылшын әлемінде отырғандай күй кешеді. Бұл әрине оқушылар үшін қызықты және жұмбақ болып келеді. Осы әдісте қолданылған барлық тәсілдер оқушылардың оқып-үйрену процесінде оң әсерін тигізеді.

Ағылшын тілін меңгеруде сөздік қордың бай болуы да аса маңызды болып келеді. Ағылшын тілі сабағында сөздік қорды дамыту жолдары мынадай әдіс-тәсілдерден тұрады. Олар: сөйлеу, әңгімелесу, сұрақ-жауап, аударма, түсінік, кітап-мәтінімен жұмыс әдіс-тәсілдері. Оқушылардың сөздік қоры баю үшін оқытушы сабақ барысында кестелер, видеокассеталар, түрлі суреттер, көрнекі құралдарды қолдануы керек. Енді ағылшын тілін сөздік қорын дамытатын әдіс-тәсілдерге жеке-жеке тоқталайық.

Көрнекілік әдісі – ағылшын тілін үйретуде ең жиі және ең нәтижелі әдіс-тәсілі болып саналады. Себебі бұл әдіс барлық сабақ түрінде қолданылады. Көрнекілік әдісте әрине көрнекілік құралдар мен схемалар қолданылады. Олар бірнеше түстен кем болмауы керек. Бұл оқушылардың сабақ барысында қызығушылығын және сөздік қорларын дамытуда ең тиімді жолы болып табылады.

Түсіндіру әдісі – оқытушы сабақ барысында, оқыту үрдісінің бастамасы ретінде іске асырылатын әдіс. Бұл әдісте оқытушы жаңа сөзді, жаңа тақырыпты немесе сөйлемдерді түсіндіру үшін қолданылады.

Сұрақ – жауап әдісі – балалардың тілін дамыту үшін маңызды әдістің бірі. Бұл әдісте оқушылар коммуникативтік әдісте болады. Бір-бірілеріне сұрақ қойып, кейін сұрағына жауап алады. Кең көлемде қолданылатын әдіс түрі болып табылады.

Практикалық әдіс – оқушылар сабақ үйрену барысында түрлі ойын элементтері бойынша тіл үйрену іс–әрекеті болып табылады. Оқушының сөздік қорын молайтуда ойындардың ролі зор, себебі ойындар олардың сөйлеу машығын қалыптастыру үшін қажет.

Интерактивтік әдіс – сұхбат құруда оқушылардың белсенділігін арттырады. Бұл әдістің мақсаты – оқу процесінің барлық сатысында біріккен әрекетке жағдай жасау. Оқушылар және тапсырмалармен жұмыс істей отырып, топ мүдделерін де ойлауға үйренеді. Бұл әдісте әр оқушы өз міндетіне жауапкершілікпен қарай отырып, ортақ нәтижеге қол жеткізуге талпынады. Оқушылар бірігіп жұмыс істеуге үйренеді. Бұл әдісте оқушы сабақ барысында оқушыларға кеңесші, серіктес рөлін атқарады.

Ағылшын тілі сабақ барысында компьютер оқытушыға оқушының өз бетінше жұмысын ұйымдастыруға жәрдем береді. Ол үшін ғалымдардың ұсынысы бойынша мынадай жаттығулар мен әдістемелік тәсілдер қолдану дұрыс:

1. Сұрақ-жауап диалогы.

2. Таңдамалы жауаптармен жүргізілетін тапсырма.

3. Еркін құралған сөйлемдерді стильдік түзету.

4. Толықтыруды керек ететін жаттығулар.

5. Сөздікті меңгеруден өзін-өзі бағалауға арналған жаттығулар.

Компьютерлік бағдарламалар уақыт өте келе жетіліп, қарқынды даму үстінде. Сөйтіп біз бүгінде әлемдік интернет жүйесі арқылы ақпарат алып қана қоймай, білім алудың жаңа түрі аралықтан оқыту әдісі пайда болды. Бұл оқыту әдісінде мультимедиялық технологияның көмегімен бейне, мәтін, графика арқылы оқу курсының материалдары жасалады. Оқу материалы ретінде оқушыға дәстүрлі оқулықтар мен оқу құралдары және интерактивті қасиеті шектеулі бейне және мультимедиялық материалдар ұсынылады.

Ағылшын тілін үйрету барысында ескертетін жайттар:

1 - Ағылшын тілін оқытуды жүйелі түрде жүргізу.

2 - Үйрету күнделікті өмірде жиі қолданылатын контекстерден басталады.

3 - Тапсырманы оқушының қабілетіне қарай беру.

4 - Оқу материалдарын шындыққа сай етіп алу.

5 - Үйрену – қарапайымнан күрделіге қарай ұстанымы арқылы жүзеге асады.

Қазіргі ағылшын тілді елдердің экономикасының дүниежүзіне ықпалы артуда. Екіншіден, ағылшын тілі- әдебиет пен саясаттың, өнердің, сауда-саттық пен әр түрлі ресми қарым-қатынас тілі. Бірақ та ағылшын тілі мамандарының алдында проблемалар да бар. Олар: біріншіден, ағылшын тілін оқытуда жаңа технологияларды енгізуге байланысты  материалдық-техникалық базаның талапқа сай келмеуі. Екіншіден, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруда  базалық ортаның аз қамтылуы. Осы проблемаларды шешудің бірден-бір жолы оқу бағдарламасын өзгерту, әдістерді жетілдіру. Ағылшын тілін оқыту әдістемесі әрдайым толықтыруды, дамытылуы тиіс. Ендеше оқушылардың дүниетанымын кеңейтуде танымдық белсенділігін арттырып, білім, біліктерін жетілдірудің қоғамдық мәні зор болып келеді.

Осы әдістер мен әдістемелердің қолдануына байланысты оқушылардың ағылшын тіліне деген қызығушылығының артқанын көреміз.

Бакирова Жамиля Махсудовна

Солтаншаривқызы Айтаңсық


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...