Ұлыс күні - Ұлы той!

Табиғаттың жаңарып, қайта түлеу мезгілі-көктеммен бірге келетін Наурыз мерекесі тек қазақ халқына емес, сонымен қатар күллі түркі жұртына ортақ мұра, ортақ мереке. Наурыз мерекесі - жер ана мен адамзат арасындағы үндестікті көрсетеді. Парсы тілінен аударғанда «Наурыз» сөзі  - «жаңа күн» деген мағына береді. Осынау ұлы мерекенің тойлануы осыдан 3000 жыл бұрын бастау алған. Наурыз ежелден жаңарудың, бейбітшіліктің, пәктіктің мерекесі ретінде тойланып келеді. Сондықтан наурыз айын түркі тілдес халықтар жыл басы деп біледі. Наурыз күн мен түн теңелетін күн. Көктемгі күн теңелуі наурыз айының 21-нен 22-не ауысқан түні болады. Яғни, дәл осы күннен бастап күн ұзарып, түн қысқарады. 22-наурыз күні дүйім жұрт наурыз мерекесін атап өтеді. Осы мерекеге байланысты түрлі жоралғылар жасалып,ертеден келе жатқан салт-дәстүрлер халық арасынан орын табады. Қазақ халқының түсінігі бойынша наурыз мерекесінде қазақ даласын Қызыр баба кезіп,адамзатқа құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы еріп,ақ түйенің қарны жарылған ұлық мейрамда қасиетті қара жер,қара топырақ бусанып жаңарады. Кең жазира дала төсін қызылды-жасылды гүлдермен өрнектеп, жасыл кілем төселеді. Тасыған өзен суы сай-саланы толтырып, жер-жерде құстар ән шырқап кең дала ұлы қуанышқа бөленеді.

Әрбір қазақ шаңырағы бұл күні жыл бойы тоқшылық болсын деген ниетте жеті түрлі дәмнен Наурыз көже жасап, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар орындалады. Бұл мерекені халқымыз бір ай көлемінде атап өтеді. Және де бұл мерекенің нышаны достық, бірлік болғандықтан, араздасқандар татуласып, ағайын-туыс, дүйім халық ауызбіршілікте болады.

Қазақстанда ресми түрде Наурыз мерекесі 1988 жылдан бері тойланып келе жатыр. Кеңестік тар заман кезінде ұлтымыз өзге де дәстүрлермен қатар бұл мерекеден де қол үзіп қала жаздады. Бірақ, дер кезінде тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, ғасырлар бойғы ата-баба дәстүрін қайта жалғап, тілімізді, дінімізді, мәдениет пен дәстүрімізді жойылу қауіпінен арашалап қалдық. Қайта оралған дәстүрлеріміздің қатарында Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі де бар. Бұл мереке қайта қатарға оралғаннан соң осы мерекемен бірге көптеген әдет-ғұрыптарымыз қайта жандана бастады.

Сонымен қатар алдағы уақытта Наурыз мерекесі түркі тілдес халықтардың ұсынысы бойынша халықаралық ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне кіреді деп күтілуде. Бұл жаңалық Наурыз мейрамы ортақ барлық халықтар үшін қуанышты хабар болмақ. Себебі салт-дәстүр елдің елдігін көрсететін бірден бір құндылық болып табылады, сондықтан салт-дәстүрдің ұмыт болмауын қадағалау, әлемдік деңгейде насихаттап, қорғау қай елдің болмасын елдігін асқақтатып, қуашынқа бөлері сөзсіз.

Наурыз мейрамы өнер ордасы саналатын Амантоғай ауылында да жоғары деңгейде аталып өтіледі. Ежелден келе жатқан түрлі ойындар ұйымдастырылып, халыққа ұлттық тағамдар ұсынылады. Сонымен қатар білім ордасының өнерпаздары мен ауыл тұрғындарынан құралған шығармашылық ұжым халыққа әннен тарту жасайды. Бұл шаралар біздің мекенде дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп отырады. Ондағы мақсат қазақ елінің ұлттық мұраларын насихаттап, ұмыт қалмауын қадағалау. Жас ұрпақтың бойына елге деген,мәдениетке деген жанашырлық отын тұтату.

Достығымыз жарасқан көп ұлтты еліміздің бірлігі нығайа берсін. Салт-дәстүрлеріміз бен мәдениетіміз жас ұрпақ бойынан орын тапсын. Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа құт-береке, бақ-дәулет алып келсін. Наурыз мерекесі құтты болсын!

Мұрат Наржан Дәулетұлы
Қостанай облысы, Аманкелді ауданы
Амантоғай жалпы білім беретін орта мектебі 11-сынып оқушысы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)