Өлең, жыр, ақындар

Жұмыс іздеу барысында жиі қайталанатын 8 қателік

Назарларыңызға жұмысқа тұру барысында жіберілетін қателердің тізімін ұсынамыз. Егер осы қателерге жол бермесеңіздер, жұмысқа тұрып кету мүмкіндігі арта түсетінін де ескере кетейік.

1. Тым ұзын қосымша хат жазу немесе мүлдем қосымша хат жазбау

Жұмыс беруші мекеменің HR қызметіндегі мамандар электронды пошталарына келген әрбір түйіндемеге қосымша берілген хаттарды оқи отырып, олардан сіздің балалық шағыңызға саяхат жасау, не болмаса сіздің жанұяңыз бен жақындарыңызға ғана қызықты болып көрінуі мүмкін өмірлік хикаяларыңызбен танысса, қате жібердіңіз деуге болады. Себебі нақты жұмысқа қатысты деректерді ғана беру арқылы сіз өзіңіздің кәсіби деңгейіңізді көрсете аласыз.

Тағы бір қателік – түйіндемемен бірге ешбір қосымша хат жібермеу немесе бір-екі ауыз сөзбен ғана тым қысқа қайырып, «Менің кандидатурамды қарастыруларыңызды сұраймын. Компанияларыңыз үшін қажет маман болып табыламын!» деп жазу да әдепсіздікке жатады. Бұдан да асқан дөрекілік – түйіндемені ғана жіберіп, оған ешбір қосымша хат жазбау. Ең дұрысы, хаттың басында амандасып, қысқа да нұсқа түрде өзіңіздің осы компанияға немен пайдалы бола алатыныңызды жазуға болады. Бұл жерде кандидатқа қойылатын талаптардың тізімі көмекке келуі мүмкін.

2. Жеке қабілеттеріңіздің тізімін жолдау

Жұмысқа тұрушы адам өзінің жұмыс тәжірибесінің жеткіліксіз екенін білген кезде, оны өзінің жеке басына қатысты қабілеттерімен толықтыруға тырысып бағады. Осы себепті түйіндемесінің бір бөлігін шаблонмен жазылған қабілеттермен толтыруды жөн көреді. Олардың ішінде стресс жағдайына төтеп беру, креативтілік, әр нәрсені үйренуге деген ынта мен өзгелері де кездесіп жатады. Алайда мұның бәрінің тек шаблонды нәрселер екенін және сіздің жеке басыңызға қатысты қабілеттеріңізді толыққанды ашпайтынын ұмытпау қажет.

Ең дұрысы нақты сізге тән 2-3 ерекше қабілетіңізді көрсету арқылы өзіңіздің ерекшелігіңізді басып көрсету болып табылады. Және де осы қабілеттеріңізге дәлел болатын сертификаттарыңыз бен дипломдарыңызды қоса беру де маңызды.

3. Жібермей тұрып, түйіндемеңізді жақсылап оқып шықпау

Негізі, түйіндемеңіз бен оған қосымша ретінде жолданатын хатты алдын ала дұрыстап оқып шығу қажеттілігі айтпаса да түсінікті болып есептелгенімен, адамдардың көп бөлігі оларда біршама қате жіберіп жатады. Мысалы, редактор немесе корректор лауазымына түйіндеме жолдай отырып, келеңсіз бір қателерге жол берсеңіз, жұмысқа тұру мүмкіндігіңіздің біршама төмендей түсетіні белгілі. Алайда техникалық мамандықтар бойынша ашылған вакансияларға да түйіндеме тапсыру барысында мұқият болған абзал, себебі грамматикалық қателерге жол бермеу де жұмыс беруші үшін маңызды болуы мүмкін.

4. Жұмыс беруші сіздің әлеуметтік желілеріңізге кіруі мүмкін екенін ұмыту

HR-маманға ұнайтындай бір түйіндеме жолдаумен іс бітпейтінін ұмытпау қажет. Түйіндеме қоса әлеуметтік желілердегі өзіңіздің аккаунттарыңызды да беру қажет екенін естен шығармағаныңыз абзал. Себебі шығармашылықпен байланысты жұмысқа орналасу барысында жұмыс беруші әлеуметтік желілерге кіріп, сіздің шығармашылығыңызға қатысты пост жасаған-жасамағаныңызды тексеріп шығуы мүмкін. Ал, мемлекеттік мекемелерге жұмысқа тұрғыңыз келсе, аккаунттарыңызды келеңсіз фотолардан тазартуыңыз қажет болар. Сондай-ақ, болашақ event-менеджердің Фейсбук парақшасында 20-ақ досының болуы да күдік тудырары анық.

5. Түйіндемеңіздің жетіп-жетпегенін білу мақсатында хабарласу

Рекрутердің алдында жаңа ашылған вакансияға дұрыс маманды таңдап алу мақсаты тұрғандықтан, оның жұмыс поштасына жүздеген хат келуі мүмкін. Сондықтан түйіндемеңізді жібере сала телефон шалып хабарласу қажет емес. Және сізге бірден хабар бермей жатса, бұл оң нәтиже болмайды дегенмен пара-пар емес. Себебі ондаған, ал кей жағдайларда жүздеген адамның түйіндемесін қарап шығу және олардың ішінен бір кандидатты таңдап алу біраз уақытты қажет ететіні белгілі.

6. Сұхбаттасуды жалақы туралы сұрақтан бастау

Кез келген жұмыс беруші жұмысқа орналасуға келген кандидаттан бірінші кезекте ақшаға емес, іске берілуді талап етеді. Сондықтан жұмыс беруші болашақ жұмысыңызға қатысты сұрақтар қоя аласыз дегенде, бірден жалақы мәселесіне емес, жұмыс барысында өзіңізге жүктелетін міндеттер тізіміне, жалпы ұжымның ұйымшылдығына және осы жұмыс орнына қандай жаңалық енгізе алатыныңызға тоқталған абзал. Ал ақша мәселесін сұхбаттасудың соңына қалдырсаңыз да болады.

7. Осыған дейінгі жұмыс орнын сынау

Кандидат тарапынан бұрынғы бастықтары мен жұмыс орнына қатысты сыни сөз айтылса, жұмыс беруші өзін ыңғайсыз сезінуі мүмкін. Себебі біраз уақыттан кейін кандидат осы жерден де кеткен жағдайда, өзіне қатысты осы тектес пікір айтылмасына кім кепіл бола алады.

Сондықтан бұрынғы жұмыс орныңыздан шығуыңыздың себебі туралы сөз қозғалғанда, мәселенің негізгі себепшісі ретін бұрынғы басшылығыңызды айыптау қате болады. Жаңа бір іске кірісіп, не болмаса осы тектес мекемедегі белгілі бір саланы дамыту мақсатында бұрынғы жұмысымнан шықтым десеңіз, өзіңіздің жұмысқа орналасу мүмкіндігіңізді біршама арттырасыз. Ал бұрынғы жұмысыңызда орын алған келеңсіз жағдайлар керіде қалсын, оларға көңіл бөлудің керегі жоқ.

8. Осы жерде нақты жұмыс істейтініңізге сенімсіздік білдіру

Бірден бірнеше мекемеге түйіндеме жолдау cіздің жұмысқа орналасып кету мүмкіндігіңізді арттырары сөзсіз. Алайда сұхбаттасу барысында «басқа жерден» жауап күтудемін десеңіз, жұмыс беруші өз мекемесінің cіз үшін екінші орында екенін сезінуі мүмкін. Сол себепті сіздің бұл жерге тағы бір мәрте оралуыңыз екіталай.

Болашағыңызға қатысты жоспарларыңыз туралы сұрақтарға да дұрыс жауап бере алу өте маңызды болып табылады. Себебі «Өзіңізді 2 жылдан кейін қай жерде көресіз?» деген сұраққа «Әлемді шарлап жүрмін» деп жауап беру қате болар еді. Сондықтан жұмыс беруші өз болашағыңызды осы мекемемен етене тығыз байланыста болмаса да, өз біліктілігіңізді арттыра түсу мақсатында жұмыс істеу үшін қолыңыздан келгеннің бәрін жасауға дайын екеніңізді көрсе жеткілікті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз