Ревматоидты артрит (РА) - синовиалды қабықтың үдемелі қабынуынан шеміршектің бұзылуы және буын сүйектерінің мүжілуі түрінде буындардың зақымдануы арқылы көрініс беретін дәнекер тіннің жүйелі сырқаты.
Буындардың зақымдануы олардың деформациялануына, сіресіміне (контрактурасына), буын қызметінің бұзылуына және шорбуынға алып келеді.
РА қазіргі ревматологияның күрделі мәселесіне айналып отыр. Бұл оның кең таралуына, кез келген жаста, әсіресе еңбекке жарамды жастағы адамдарда кездесуіне, сырқаттың ауырлығына, тез үдеуіне, мүгедектікке жиі соқтыруына байланысты.
Ревматоиды артриттің жіктелуі. РА әртүрлі параметрлерде жіктеледі. Оның негізгі 4 клиникалық түрі бар:
1. Буынды ғана зақымдайтын РА. Бұл түрінде полиартрит, олигоартрит, моноартрит түрінде білінеді;
2. Жүйелі зақымдану тән РА. Аурудың бұл түрінде буындармен қатар ішкі ағзалар да зақымдалады. РА-тің бұл клиникалық түріне псевдосепсистік, Фельти синдромы секілді ерекше синдромдар жатады;
3. РА-тің басқа аурулармен қоса қабаттасуы. Бұл ауруларға деформация тудырушы остеоартроз, құздама және дәнекер тіннің жайылмалы аурулары (жүйелі қызыл жегі т.б.) жатады.
4. Жасөспірімдік (ювенильдік) РА (Стилл сырқатын қосқанда).
Ревматоидтық артриттің екі клиникалық-иммунологиялық түрі бар: қанның сары-суында жэне синовиалдық сұйықтықта ревматоидтық фактордың болуы (серопозитивті) және аталған фактордың болмауы (серонегативті).
РА сырқатының ауыр түріне көбіне висцеритпен сүйектің тез бұзылуы тән. Ол серонегативті РА сырқатының қатерсіз түрі деп есептеледі.
Қанның сарысуындағы немесе синовиалдық сұйықтықтағы РФ анықтау үшін Ваалер-Роузе реакциясы немесе оның модификациялары (латекстесті және т.б.) қолданылады.
РА-тің белсенділік дәрежелері төмен, орташа, өте жоғары болып бөлінеді. Бұларды анықтау үшін қабыну үдерісінің клиникалық (артриттің айқындылығы, қабынған буындар саны, буыннан тыс қабынудың орналасуы, қызба) және зертханалық (ЭТЖ, СРБ, серомукоид, синовиальдық сұйықтықтағы лейкоциттер мөлшері, т.б.) зерттеулердің көрсеткіштері пайдаланылады. Сонымен қатар қабынудың жанама белгілері (қаназдық, жүдеу) ескеріледі.
Белгілері. Аурудың алғашқы белгілеріне қол басының симметриялық буындарында ауырсыну мен ісінудің сақталуы, таңертең ұзақ құрысуы, зертханалық талдауда - эритроциттердің жылдамдығының артуы жатады.
Нақтамалау. РА-ті ерте нақтамалау өте қиын. Ауруды зерттеудің алғашқы кезеңі буынның ауырған жерін, оның күшін, буындардың зақымдану сипатын, жүйелік белгілердің бар-жоқтығын, таңертеңгі құрысу ұзақтығын, шаршау, сырқатты ауырлататын факторларды т.б. анықтаудан басталады.
РА жүйелі қызыл жегі, жүйелі склеродермия, сарыбуын, Бехтерев, Рейдер синдромдарына, псориаздық артрит, остеоартрозға т.б. ұқсас. Сондықтан нақталамау үшін сырқатнаманың мәні зор.
Емі. Емге негізінен дәрі-дәрмек қолданылады (аурудың түріне, дәрежесіне қарай ацетилсалицил қышқылы, пироксикам, флугалин, индометацин, ибупрофен, вольтарен, напросен, мовалис, неминсулит, преднизолон, делагил, меторексат, азатиоприн т.б.). РА терапиясының негізгі бағыттары: организмнің жалпы реактивтілігіне әсер ету, жұқпа ошақтарын жою, буын үдерісін жергілікті емдеу, буын қызметін қалпына келтіру.
Науқасты ауруханаға жатқызуды талап ететін жағдайлар: бірінші рет анықталған РА, РА бар деген күдіктің болуы, висцериттер бар РА, басылмайтын қайталамалы синовит, емхана жағдайында тиісті ем кешенін қамтамасыз ету мүмкіндігінің болмауы.
А.К.Бекебаева
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі