Шағалалы Шардараның тарихы

Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы
№16 колледж МКҚК
Орындаған: Қ-46 топ студенті Аманолла Үсен Абдисаттарұлы
Жетекшісі: Парманкулов Канат Жаксымбекович

МАЗМҰНЫ

1. Мақсаты
2. Көрнекілігі
3. Сабақтың барысы
3.1 Кіріспе сөз
3.2 Шардара шежіресі жайлы әдеби-монтаж
3.3 Шардара жайлы ақындардың жырлары
4. Қорытынды
5. Пайдаланылған әдебиеттер

1. МАҚСАТЫ  

Білім алушыларға «Отан», «туған жер» құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту. Туған ел, туған жердің адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру. Туған жерге қамқорлық жасай білу іскерліктерін дамыту.

2. КӨРНЕКІЛІК

Деректі фильм, слайд, Шардара жайлы кітаптар.

3. САБАҚТЫҢ БАРЫСЫ

3.1 Кіріспе сөз  

Адамзат жаратылғалы бері қаншама дүние жаңарып, қаншама су ақты. Ежелден малға да, жанға да, аң, құс атауларының баршасына құтты қоныс болып,  сарқылмас несібе сыйлап келе жатқан сыршыл Сейхұндарияның орта ағысы... Еңсесі биік таулардан екпіндеп құлап, етекке жетіп, жазық даланы бауырына қысып балбырап ағып... бұйрат- бұйрат шағыл төбелерге сұғына бергенде су аяғы құрдымға кететін шексіз-шетсіз шөлейтті, құмды өлкеден секем алғандай дүр сілкініп, жарқырап ағып, теріскейге қарай жалт бұрылатын тұсы ескі замандардан Шардара деп аталады.  Шардара өңірі тарихы мен мәдениеті, өркениеті мен дамуы қатар ұштасқан киелі де шежірелі мекен. Шардара деген атаудың өзі ғалымдардың пайымдауынша парсы тілінен аударғанда «төрт қақпа» деген ұғымды береді. Олай дейтініміз Шардара төрт жолдың торабында жатыр. Түстігінде Самарқанд, теріскейінде Түркістан, шығысында Ташкент, батысында  Бұқара шаһарлары  төрт бұрыш болып орналасқан.  Шардара керуен жолдарының орта тұсында жатыр.

Төрт қақпалы өлкенің ежелгі тарихына келетін болсақ, бұл аумақ  тарихи ескерткіштерге толы ескі шежіресімен ерекшеленеді. 1959-1963 жылдар аралығында бұл өлкеде ескі қамал-қорғандар мен үйінділері ғана қалған қалашықтардың орнында археологиялық  зерттеулер жүргізді. Экспедицияны  Қазақ КРС ғылым академиясы Ш. Уәлиханов  атындағы тарих, археология және этнография  институтының ғалым-археологтары басшылық жасаған болатын. Жүргізілген археологиялық қазба зерттеулерінің  мерзімі мен ретіне қарай Шардара қаласында егіншілігі мен қолөнері қатар дамыған, отырықшы тұрғындары бары үш қала өмір сүргені анықталды. Бірінші Ақтөбе деп аталатын қалашық қазіргі аудан орталығынан 15 шақырымдай жоғарыда, Сырдарияның  оң жағалауында орналасқан. Зерттеушілердің пайымдауынша бұл қала I – V ғасырлар аралықтарында өмір сүрген. Ал екінші Ақтөбе қаласы қазір су қойманың астында қалған. Бұл қала XIII ғасырдың бас кезінде, алғашында қара қытайлар мен Хорезм шахы Мұхамедтің, кейіннен монғолдардың басқыншылық жорықтарынан  қиратылып, өртеліп кеткен.

Жергілікті халықтың ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға жетіп келе жатқан аңызында Ақтөбе кезінде Сыр бойында аппақ шағаладай сонау алыстан көрінетін Ақкент деген үлкен қала екен. Заманның заманында қаланы Кирдің әскерлері басып апты. Сөйтіп Сырдың осы бір баяу, жайыла ағатын жерінен бергі бетке өтпек болған. Қамыстан, кәдімгі түйенің үрген қарнынан сал жасап, өзеннен өтпекке әрекеттенеді. Бірақ атақты ханша Томирис қаланы тастап бергі бетке шығады да Кирдің қолын өзеннен өткізбей, қырып салады. Өзін тұтқындап, басын кесіп, ішіне қан толған қарынға салып, арғы бетте қалған парсы әскеріне қарай ағызып жібереді. «Қан құмар едің, Кир, қанғаныңша іш»,- деп қызыл бояумен жазады. Міне, сол Ақкент, Ақтөбе қалалары бүгінде Шардара теңізінің астында қалды.

Шардара қаласының солтүстік шығысындағы Мүлкіл Ата зираты маңайындағы Жаушықұмтөбе қаласы VIII ғасырда өмір сүруін тоқтатқан. Қазба материалдарына қарағанда мұнда аса ірі қамал болған. Заманында талай-талай ел қорғаған батырлар жүрген ақ қышты, ақ тасты бекініс, арулар тұрған ақ сарай, сарбаздар тұрған көк сарай  бүгінде күлге айналып, жермен жексен болды.

 Бұл қалалардан табылған жәдігерлер бүгінде Ш. Уәлиханов атындағы институтта, Санкт-Петербургтегі Эрмитаж сарайында сақтаулы тұр. Осылай төрт жолдың торабындағы Шардара іргелі тайпалардың мекені болған. Сол бір құмға көміп, бүгінде су астында қалған қалалардың жаңа елесі, бейнесі, соларға қойылған ескерткіш сияқты бүгінде бұл өңірге Шардара атты жаңа қала салынды.

Иә, Шардара тарихы – үлкен шежіре.

Ат тұяғы талатын, асусыз жатқан бел еді,

Құс қанаты талатын, шексіз,шетсіз шөл еді, демекші бір кездері құм суырған бұл өлке елсіз жатқан шөл дала болатын. Аш өзегін жарып аққан Сырдария өзенінен мейірі қанып сусындай алмай кенезесі кепкен  Қызылқұм өңірін суландыру жолындағы ұлы жорық 1958 жылы тамыз айынан басталды.

Климаттық жағдайы төзімділік пен табандылықты , қайсарлық пен қажымас қайратты талап ететін Қызылқұмда толассыз еңбек осылай өз арнасын тапты.

Ғасырлар бойы тылсым жатқан бұл  алқапқа «Тілі басқа-тілегі бір, жүзі басқа-жүрегі бір» алуан түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдерінен тұратын екпінді жастар еліміздің түкпір-түкпірінен ағыла бастады. Тың игерушілердің еселі еңбегі күні-түні толассыз жүріп жатты. Алда  жауапты да күрделі міндет- Қызылқұм өңірін суландыру, ол үшін магистральды каналдың құрылысын жүргізу, ұланғайыр алқапты тегістеу, болашақта бой көтеретін шаруашылықтардың орталықтарын салу міндеті тұрды. Қазір кәміл сеніммен айтуға болады: тың игерушілер бұл міндетті үлкен абыроймен атқарып шықты. Алайда тыңды түлеткен тыңгерлердің арқасында 1967 жылы Шардара су қоймасы мен электр станциясының құрылысы толық аяқталып, сиымдылығы 5 млрд. 700 млн. текше метрлік жасанды теңіз дүниеге келді.

Шардара өңірі жандары жайсаң, еңбексүйгіш мыңдаған адамдардың қажырлы еңбегінің арқасында өзінің бүгінгі келбетіне ие болды.

Осы өлкенің тарихын ақиық ақын М. Мақатаев та жырға қосты.

Шардара!
Шалқадан жатыр
Адамдар салған арнада.
Қанды ма шөлің,
Нар – Далам?
Тынды ма үнің зарлаған?

Шардара!
Шалқадан жатыр жарықтық
Соқыр даланы жарық қып.
Көсе шөлдердің,
Көмейін, бәлем, жарыттық,
Әкесін, бәлем, таныттық!

Бүгінгі таңда шардаралықтар сол игіліктерді өз қолдарымен жасаған еңбек иелерін шынайы мақтан етеді. Жылдар өтер. Бірақ, осынау игілік иелерінің, аптал азаматтардың есімдері, ерлік істері ширек ғасырда емес, жүздеген, мыңдаған жылдарға арқау болып, құм қойнауындағы жақұттай жарқырап тұра берері анық.

3.2 Шардара шежіресі жайлы әдеби- монтаж

Қонақ

Елдігіңді ерлігің әйгілі еткен.
Ойға алғанмын осынау жайды көптен.
Төрт қақпаға жыр алып кірдім бүгін,
Бермесем де әкеліп айды көктен.

Көріп тұрмын көгілдір бір түс бүгін,
Ұлысымның ұйытқысы Оңтүстігім.
Уа, армысың аяулым, күннің елі-
Ұлықтардың Отаны, ең күштінің.

Шардара тұрғыны-1
Хош келдің, бауырым түстікке,
Қонақ бол, аттан түс, күтпе,
Тіршілік кешіп жатырмыз,
Шардара деген үстіртте.

Аптапты желді аңызақ,
Жаз келсе жайнар бауы-бақ,
Болады қыс та дегенмен,
Жатпайды бізде қар ұзақ.

Жайлаған түрік, оғыздар,
Дей-тұғын ел де аңыз бар.
Қалыпты теңіз астында,
Қалалар, небір, қорымдар.

Толқиды теңіз кей шақтар,
Тербейді-ау сірә, әруақтар.
Бұл жерде талай жосыған,
Жаужүрек ұлы қыпшақтар.

Шардара тұрғыны-2
Сыр бүгіп ішке қат-қабат,
Толқынмен ойнап жарқабақ.
Қызылдың құмы үздігіп,
Теңізге төніп анталап,
Төрт қақпа-төрткүл дүниеге,
Төрт тарау жатыр жол тарап.

Керуен-кеме көштердің ізі қалған,
Құм- дарияда қалқыған жүзіп арман.
Сар даланың тарихы алтын шынжыр,
әр жерінен абайсыз үзіп алған.

Төрт тарапқа ашылса асыл қақпа,
Айналар деп Қызылқұм жасыл баққа,
Шардара деп атапты бұл өлкені,
Ұлы баба мұрасы жас ұрпаққа.

Шардара тұрғыны-1
Күн күлімдеп абат таң атқан жері,
Бабалардың тыныстап жатқан жері.
Жауға қарсы ту ұстап, шапқан жері.
Қара қылды қақ жарған Әйтеке би,
Ой-теңізге шымырлап батқан жері.

Шардара тұрғыны-2
Көңілім байтақ,
Көшім бай.
Шардарам менің осындай.
Сыр менен Құм бір елді
Асырап жатқан қос ұлдай...

Қонақ
Бас алып тұр, ырыс-бақ берекесі,
Уық мықты, кең екен керегесі,
Шаңырағы шалқысын, шаттық толып,
Құтты болсын, мерейлі мерекесі!

3.3 Шардара  жайлы ақындардың жырлары
Шардара

Шардарам бабаларым өскен жері,
Кіндігін сәбиімнің кескен жері.
Басында Жаушықұмның пәтуалап,
Жер дауын, жесір дауын шешкен жері.

Шардарам санадағы саналы жер,
Арыстан, жолбарысқа паналы жер.
Бір шеті Қызылқұмға аяқ басса,
Бір шеті белес-белес далалы жер.

Шардара қазағымның мақтан жері,
Жаушықұм жауға садақ атқан жері.
Қыс тоғай, жаз жайлауың мекен етіп,
Төсінде төрт түлік мал баққан жері.

Төскейі текеметтей жазықты жер,
Қойнауы қазыналы азықты жер.
Астықтың жеті атасы өсер еді-ау,
Дәу болсаң үлкен арық қазып жібер.

Шардара жырлары
Сүлейменнің жүзігіндей нұрлана,
Сәуле шашып күйген еді үр жаңа.
Құм астынан көк аспанға көтерген,
Құрыш қолдар астанасы-бұл қала.

Тарихқа терең бойлар сан ізі бар,
Ұранды Ұзын ата  абызы бар.
Мұңлық пен Зарлықты іздеп Шаншарханның,
Табысқан тау- төбенің аңызы бар.
 
Бейбіт күн тірелгенде тұйыққа шын,
Күллі жұрт өтер мәңгі иіп басын.
Батырлар, қаһармандар толғатқан жер.

Абылай, Мәулен және Сейітқасым
Жігерін күйретпеген күйік ғасыр.

Өз орнын алып тұрған анық төрден,
Ел сені теңізіңнен танып келген...
Сыймаған арнасына толқынды ГЭС,
Халыққа балық берген, жарық берген.

Шардарам сағындырған
Шардарам сағындырған,
Толқының төгілген ән
Көк теңіз құшақ ашып,
Күн нұрын шомылдырған.

Алтынды жағажайың,
Алтынға бағалаймын.
Күн сүйген келбетіңді,
Құмарта аралаймын.

Жаныма жарық саған,
Шардарам алып қалам.
ән салып шағалалар,
Аққу-қаз қалықтаған.

Бітпейтін сауығы да,
Не жетсін ауылыма.
Шардарам сағындырған,
Тартасың бауырыңа.

Шардарам менің Шардарам
Сәбиін тербеп өлеңмен,
Тұнығын берген тереңнен.
Шардарам менің Шардарам!
сәулет пен сәнге бөленген.

Армандай асыл тілекпен ,
Тыңгерлер тыңды түлеткен.
Шардарам менің Шардарам,
Жүрекке жылы жыр еккен.

Айдынды көлім тынысым,
Алқапта ару күрішім,
Шардарам менің Шардарам,
Өзіңсің шалқар ырысым.

Гүлдей бер!
Гүлден арылма!
Бұлбұлым сайра бауымда.
Шардарам менің Шардарам,
Сен менің байлық, бағым да!

4 ҚОРЫТЫНДЫ

Тек туған жер жазады жүрек емін,
Текті ақынның қадырін біледі елім.
Төрт бұрышының дүниенің шарлап келіп,
Төрт қақпаңа мен сенің тірелемін.

Шардара ауданын өз қолдарымен жасаған еңбек иелерін біз әрдайым шынайы мақтан етеміз. Жылдар өтер. Бірақ, осынау игілік иелерін, аптал азаматтардың есімдері, ерлік істері ширек ғасырда ғана емес, жүздеген, мыңдаған жылдарға арқау болып, құм қойнауындағы жақұттай жарқырап тұра берері анық.

Олай болса қымбатты студенттер еліміздің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа! Өткендердің қадірін білу, олардың арман-мүдделерін жалғастыру адамгершілік парыз ғана емес, қоғамдық дамудың, ілгері басудың негізгі алғышарттарының бірі.

5. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1. Ғаламтор беттері
2. Баспа материалдары
3. Ж. Мұқанов «Шағалалы Шардара»


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
ҰБТ(онлайн тест)