Өлең, жыр, ақындар

«Вавилондағы ең бай адам» кітабы

«Вавилондағы ең бай адам» кітабының авторы Джордж Самуэл Клейсон бірде: «Адамның байлығы оның әмиянындағы теңгенің санымен өлшенбейді», — деген екен. Байлық оның әкелген табысымен айқындалады. Ал табыс әмияныңызға үздіксіз құйылып отыратын және оны томпайтатын алтын ағыны сияқты. Әрбір адам осыған ұмтылады. Табыс сіздің жұмыс істейтініңізге немесе саяхаттайтыныңызға қарамастан көбеюі керек.

Қысқаша мазмұны

Клейсонның бұл кітабы әлемнің көптеген тілдеріне ондаған жылдар бойы тұрақты түрде аударылып басылып келеді. Қазақ тіліне Серік Әбдірешұлы Ерғали аударды. Бүкіләлемдік бұл бестселлердің орасан танымалдығы кітапта ежелгі әрі сынақтан өткен байлық ережелерінің жазылғандығы. Бұл кітапты әрбір миллионер оқыған кітап деп те атайды. Бұл кітап қаржыңызды жоспарлауды, өз табысыңызды сақтауды әрі еселеуді үйретеді. Мұны БАЙЛЫҚ ӘЛІПБЕСІ десе де болады. Бұған дейін бұл еңбек жүз мыңдаған адамдарға қаржылай тәуелсіз болуға жәрдемдесті. Сіз де оқып солардың қатарына қосыла аласыз. Біз сіздерге осы кітаптан ең маңызды жерлерін жинақтап, қысқартып ұсынып отырмыз.

Қабысқан әмиянды толтырудың жеті дауасы:

БІРІНШІ ДАУАСЫ — тапқан ақшаның бір бөлігі ғана саған тиесілі (әмиян толтыруды баста)

Табысты үнемдеуді үйреніңіз

Толығырақ: https://massaget.kz/men_kasipkermin/usyinamyiz/47347/
Материалды көшіріп басқанда Massaget.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаң

Әмиянға түсетін әрбір он теңгенің тоғызын ғана өз қажеттеріңе жұмсаңдар. Жұмсалуға тиіс он ақшаның орнына тоғызын ғана шығындағанымызда, ол байғұс қампия бастады. Сендердің әмияндарың да соны бастан өткізеді әлі!

...Байлыққа барар жолға, тапқан ақшамыздың бір бөлігін өзімізге тиесілі болғанда ғана түсеміз. Ол сенің де қолыңнан келеді.

Сен тапқан ақшаның бір бөлігі ғана саған тиесілі. Бұл бөлік табыс мөлшеріне қарамастан, кемінде оннан бір бөлігін құрауы керек. Әрине, одан да көп бөлігін өзіңе арнауға болады, егер де сенің жағдайың оны көтерсе. Табыс тапқан күні ең алдымен өзіңмен есептескен жөн. Тігіншімен де, етікшімен де өзіңнен қалғанымен ғана есептесуге дағдылан. Соның ішінен, асқа да, садақаға да, қайырымдылыққа да қалдыруды ұмытпа.

Байлық титтей тұқымнан жайқалатын ағаш секілді. Өзің үшін сақтаған алғашқы жез бақыр, кейін өсіп шығатын байлық ағашының тұқымы болмақ. Неғұрлым сол тұқымды тезірек ексең, соғұрлым тезірек байлық ағашы көгеріп шығады.

Ыждағатпен жинақтау арқылы неғұрлым оның топырағын тыңайтып, суарған сайын, оны көлеңкелеп, рахатына соғұрлым тезірек бөленесің.

ЕКІНШІ ДАУА — Шығынды қадағала

Сендердің бәрің айтатын «күнделікті қажеттілік»-терің табыстарың өскен сайын артып отырады, егер оған өздерің қарсы тұра алмасаңдар.

Күнделікті қажеттілік пен өздеріңнің нәпсілік құмарларыңды шатастырмаңдар. Әрқайсыңда тапқан табысқа сәйкес қажеттіліктен гөрі құмарларың басым. Сондықтан да жиналған ақша әлгі қаптаған құмарды қандыруға шығындалып жатады. Соған қарамастан, қанағаттандырылмаған құмардың шегі бәрібір де болмайды.

Табыстың оннан бір бөлігі шығындалмайтындай, қаржыңды күнделікті қажетке де, сайрандауға да және негізгі құмарды қандыруға да жететіндей жұмса.

ҮШІНШІ ДАУА — жинақ ақшаңды көбеюге итермеле (табысты арттырудың жолдарын табыңыз)

Әмияның тола бастады. Ондағы табыстың оннан бір бөлігін қалдыруға өзіңді көндірдің. Жинақты қор үшін өз шығындарыңды қадағалай бастадыңдар. Енді ақшаларыңды сендерге жұмыс істететін әрі көбейтетіндей сайман керек. Әмиянда жатқан алтын сендердің жандарыңды жадыратып, көңіл тоғайтқанымен, ешбір табыс әкелмейді. Жиналған қаржы - бар болғаны алғашқы қадам ғана. Жинақ табыс әкеле бастағанда ғана есіктен байлық сығалайды.

Қабысқан әмиянға арналған үшінші дауа, міне осы: әрбір теңгені өрістегі қаптаған малдай, өзіндейлерді өндіретіндей етіп, әмиянға байлық ағынын бағыттайтындай жұмысқа салыңдар.

ТӨРТІНШІ ДАУА — жинақты жойылудан сақта (тиімсіз инвестициядан аулақ болыңыз)

Алтынның жарқылы қайғы тартады. Әмияндағы алтынды жоғалудан сақтаған жөн. Сондықтан да, данагөй адам Жаратқанның бұйрығымен ірі салым қолға түскенше, әуелі аз ғана соманы іске салып, соны сақтауды үйренеді. Әрбір алтыны бар адам, сенімді көрінген іске үлкен қаржысын салғысы келіп, қыпылдайды да тұрады. Ол көбіне достары мен туыстарының жолын қуып, солай істейді де.

Қаржы салудың бірінші әрі басты ұстанымы — негізгі мал-мүліктің сақталуын қамту. Іске салар қорыңмен қоштаспай тұрып, оның қайтып ораларына көз жеткізіп, зерделеген жөн. Тезірек баюды көксеген өзіңнің желбуаз тілегіңді басшылыққа алмағайсың.

Жинаған қорыңды біреуге өткізер бұрын, ол кісінің қайтарым қабылеті мен абыройының дұрыстығын тексерген дұрыс, әйтпесе, ебіл-себіл болып жинаған қорыңды оған өз қолыңмен сыйға тартқандай күй кешуің ықтимал.

Алтыныңды тәуекел етіп, өз ақылыңа сенбе. Онан да, алтынмен істеуді меңгерген білікті адамнан кеңес алған дұрыс.

Қабысқан әмиян үшін төртінші дауа мынау: өз жинақтарыңды пайдамен қайтарып алатындай, сенімді іске салу арқылы сақтаңдар. Ақылгөй, білікті адамнан кеңес алыңдар. Біліктінің кеңесі алтынға парапар. Әрі оның ақылды кеңесі сендердің әмияндарыңа қойған күзет болып табылады.

БЕСІНШІ ДАУА — жинақты тұрғынжайға сал

Қабысқан әмиянның бесінші дауасы дегеніміз — жеке баспаналы бол.

АЛТЫНШЫ ДАУА — келешекке жетер табысты қамты

Байлықтың өсу заңын біле тұра ақша жинаған адам, ылғи да келешек туралы ойлауы керек. Дер кезінде алдын ала ойластырылған жылдарға жететіндей кейбір салымды жоспарлаған абзал.

Сонымен қабысқан әмиянға арналған алтыншы дауа: егде кезеңдегі өз қажетің мен жанұяңды қорғауға алдын ала қамдан.

ЖЕТІНШІ ДАУА — табыс табу мүмкіндігін кеңейте түс

Алғышарт ретінде табыс табуға деген адамда аса күшті де айқын тілек болуы қажет. Айқындалмаған тілек – ол бар болғаны арман ғана. Баюға ұмтылатын адам үшін оның пайдасы жоқ. Егер адам бес алтын ақша тапқысы келсе, ондай тілек орындалады. Егер оған ол қол жеткізсе, онда ол дәл солайша он да, жиырма да, мың да ақша таба алады да, ақырында байып кетеді. Ұсақ тілекті орындау арқылы ол өзін ұлы тілектерге әзірлейді. Байлық осындай жолдармен ғана құралады. Әуелі ол ұсақ-түйектен жиналады да, артынан адамның білік пен тәжірибе жинақтауына орай, бұл сома ұлғая береді, ұлғая береді.

Тілек қарапайым да, анық болуы керек. Ол аса көп және күрделі болса, егер де ол бұлдыр әрі адамның өз мүмкіндігінен тыс болса, күшін жояды.

Адамның өз кәсібі бойынша кемелденуіне орай, оның табыс табу қабылеті де шыңдала түседі.

Неғұрлым көбірек білсек, соғұрлым көп табысқа кенелеміз. Өз ісі жөнінде көп білуге ұмтылатын адам міндетті түрде марапатталады.

Сонымен, қабысқан әмиянға керек жетінші дауа мынау: даналық пен білікке қол жеткізу үшін ізден, оқы және өзіңді өзің құрметтейтіндей қылықты таңда. Сонда ғана өзіңе деген сенім зорайып, өзің аңсаған тілектерге жете аласың.

Өзімнің ұзақ та, жемісті ғұмырымда ашқан қабысқан әмиянға арналған жеті дауа осы еді, бұларды байлықты аңсағандардың бәріне пайдалануға кеңес берем.

Байлықтың бес заңы

Біреуде көп алтын болып, келесі біреуінде ештеңе боламаса, оны тағдырдың тәлкегі санамай-ақ қойыңдар. Байлыққа ие болғандар - байлықтың бес заңын біліп, соны ұстанғандар.

БАЙЛЫҚТЫҢ БІРІНШІ ЗАҢЫ

Табысының кемінде оннан бір бөлігін өзі мен жанұясының болашағына жинайтын адамның қолына ғана байлық дариды әрі молаяды.

Табысының оннан бір бөлігін тұрақты түрде жинап, оны іске ақылмен салған адам, өз болашағына жететіндей әрі артында қалған жанұясына жеткілікті тірлік көзін қалдырып, лайықты байлыққа қол жеткізеді. Бұл заң осындай адамның қолына әруақта алтын құймасын бұйыртады. Бұған куә ретінде мен өз өмірімді мысалға келтіре аламын. Маған неғұрлым алтын көп жиналған сайын, соғұрлым ол маған мол көлемде келді. Жиналған алтын, мен ойлағаннан артық табыс әкелді. Ал, жиналған қор еселене түседі екен. Бірінші заңның осындай күші бар.

БАЙЛЫҚТЫҢ ЕКІНШІ ЗАҢЫ

Өзіне табысты іс тапқан адамның байлығы ғана тұрақты да қалқысыз жұмыс істеп, өрістегі малдай көбейеді.

Жинақ – шынында да қалтқысыз еңбекқор. Ол мүмкіндік туғанда құлшыныспен молаяды. Байлық жыйған әр кісі осындай табысты мүмкіндікке ие. Жыл өткен сайын ол табыс еселеніп, қайран қаларлық мөлшерге жетеді.

БАЙЛЫҚТЫҢ ҮШІНШІ ЗАҢЫ

Білікті адамдардың кеңесіне құлақ асып, ақылмен іске жаратқан кісінің байлығы еселенеді.

Жинақ шынында да, есуастан қашқан жандай, қамқор қожайынға сытылып кетеді. Байлықпен ісі болған адамның кеңесіне құлақ асатын жан, өз жинағын тәуекелге салмайды, оған қауыпты жолатпай, молаюына қуана қол жеткізеді.

БАЙЛЫҚТЫҢ ТӨРТІНШІ ЗАҢЫ

Өзіне бейтаныс іске ұрынған адамның байлығы қолдан сусыйды.

Жинақ көрмеген адамның қолындағы байлық кез келген мүмкіндікті пайдалы етіп көрсетеді. Алайда, ол мүмкіндіктердің көпшілігі жинаққа қатер төндіреді. Егер де ол мүмкіндіктерді тәжірибелі кісілер сараптайтын болса, олар пайдаға жарайтын мұрсаттың аз екеніне көз жеткізер еді. Сондықтан да өздігімен өзіне бейтаныс іске қол артатын жинақ иесі көбіне тәжірибесіздігі салдарынан қолда барын шашып тынады. Істің мәнісін білетіндер кеңесіне жүгініп жинағын жаратқан жан ғана даналыққа жол салады.

БАЙЛЫҚТЫҢ БЕСІНШІ ЗАҢЫ

Қолдан келмейтін іске ұрынған болмаса алаяқтар мен қулардың қармағына түскен немесе тәжірибесіздігі мен қияли қылығы кесірінен тез баюға ұмтылған адам байлығының берекесі қашады.

Жинағы бар адамға ылғи да сыйқырға толы ертегідей алдамшы ұсыныстар түседі. Оларға қарап, шексіз байлықты сыйқырлы күш қана қолға түсіретіндей көрінеді .Бірақ та ондай жоспарға қалай мұқият үңілсең, тез байытатын ол істердің соншалықты тәуекелге толы екеніне көз жеткізуге болар еді.

ҚАРЫЗ жайлы

Жастық шақта адам тәуекелшіл келеді. Байлыққа да, алдамшы игілікке де жеңіл жол іздейді. Тезірек баю үшін жастар ойланбастан қарызға батып жатады. Өмірді бастамай жатып, олар сенімсіз қарыздың бір түссең шыға алмайтын терең құз екенін сезбейді. Ол - түнек тұңғиық қой.

Ақшаны қарызға беру қиын емес, бірақ ойсыз бере салған ақшаны кері қайтару — қиынның қиыны. Білікті молайтушы ақшасын босқа тәуекелге тікпейді, оған қайтарым кепілі керек.

Ақшаны қарызға беру — теңіз кешкен аңғал сапаршыны жартасқа соқтыратындай алдамшы жайт.

Жасанды туыстық сезімге берілу керек емес. Егер де туысыңа жанашырлық жасағың келсе, оны басқа жолмен, қолда бар жинағыңды тәуекелге тікпейтіндей, істе. Алтынның сақтай алмайтын адамның қолынан алды-артына қарамай кететінін ұмытпа. Одан да, өзгенің ақшаңды қалай жоғалтып жатқанын бақылап отырғаннан, оны өзің жұмсағаның жөн ғой.

Өздері істің ретін білмейтін және сенің ақшаңды тәуекелге тігіп байығысы келіп, бас қатыратындарға басың айналмасын. Олардың құрғақ уәдесі сенің жиған-тергеніңді бір сәтте-ақ, жойуы мүмкін. Онан да ісі оңға басқандармен бірге болғаның абзал. Білігі мен тәжірибесінің арқасында олар саған ақшаңды да сақтайды, мол табысқа да кенелтеді. Осы жолмен ғана күтпеген олжаға кенелген көп адамдардың жіберетін қатесіне жоламайсың.

ҮЛКЕН ӨКІНІШТЕН, БОЛМАШЫ САҚТЫҚ АРТЫҚ

Қарызға белшесінен батып, кейін қайтарып, мол байлыққа жеткен адамның жоспары

Біріншіден, жоспар менің болашақ игілігіме негіз қалайды. Ол үшін әр табысымның оннан бір бөлігін жинаймын әрі оны сақтаймын.

Екіншіден, өз табысымның оннан жеті бөлігін жанұямның қажетіне, киім-кешек пен азыққа, сондай-ақ, аз бөлігін өміріміздің ләззаты мен қуанышына жұмсаймын. Бірақ, бұл пайдалы шығындардың табыстың оннан жетіден артпайтынын мұқият қадағалаймын. Жоспардың сәттілігі де сонда болмақ. Мен бөлінген қаржыға ғана тірлік етіп, қаржы жетпейтін ешбір нәрсені сатып алмауым керек.

Үшіншіден, жоспар бойынша, табысымнан қарызды қайтарып отыруым қажет.

Сол себепті, ай толысқанда, табысымның оннан екі бөлігін маған сеніп қарыз бергендерге әділ түрде бөліп отыруым керек. Осылайша, белгілі бір уақыттан соң менің қарызымның бәрі қайтарылады.

Бұл адам тура осы жоспармен жүріп, бұлжытпай орындап қарыздарынан құтылған. Әрі кедей құл дәрежесінен шіріген байлардың қатарына дейін көтерілген. Осы деңгейге жетуіне арқау болған осы жоспар екендігін өзі қуана отырып жазыпты.

«Бірақ мәселе менде емес, маған сәттілік әперген жоспарда ғой. Ол маған барлық қарыздан құтылуға жол ашты, ал әмияныма сыңғырлаған алтын мен күміс толтырды. Бұл жоспарды өмірден өзінің мол сыбағасын алғысы келетін әркімге де ұсынар едім», — депті.

Жоғарыда біз жазған заңдылықтар мен ережелерді қолдану яки қолданбау өз еркіңізде. Дегенмен, осы ережелерді қолдана отырып, ежелгі Вавилондағы кедей адамдар байлыққа, қаржылай тәуелсіздікке қол жеткізген. Бұл өткен заманның ережесі бүгінгі нарыққа мүлдем келмейді деп те ойларсыз. Алайда осы заңдылықтармен танысқаннан кейін Клейсон оны өмірімінде сынап көргісі келген. Себебі өзі сол уақытта қарызға белшесінен батып қиналып жүрген кезі екен. Заңдылықтарды бұлжытпай орындаған кезде ол осыларды жұмыс істейтіндігін айта отырып, осы заңдылықтарды жазған Вавилондық дана байларға алғысын жеткізіпті.

Қания Табыс


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (4)

Нариман Абылайулы

бул китаптын орысшасын окыдым ен керемет китап бизнес китаптардын ишинде, казакшага аударайын деп журсем, меннен бурын казакшага аударып жариялаган авторлар бар екен гой

Ержан

Қания Табыс рахмет!

Динара

Шынымен де өте пайдалы кітап

Омар Ж

Барлық қазақ оқу керек кітап

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз