Біздің болашағымызды өзгертетін 11 материал

Material ConneXion компаниясының материалдар және материалтану жөніндегі вице-президенті Эндрю Дент сомельены еске түсіреді. Эндрю әлемдегі материалдарды сақтайтын ірі қоймалардың бірін басқарады. Оның жұмысы – Armani, Chrysler, Calvin Klein, Hermann Miller, Disney, Nike, Toyota және сол сияқты басқа да ірі компаниялардың клиенттерінің қажеттілігіне қарай инновациялық материалдарды ұсыну болып табылады.

Денттің өз ісіне берілгені соншалық, тіпті Apple компаниясының бас дизайнері Джонатан Айвты шаң қаптырады. Эндрю Дент топтамасында келешекте дизайнерлерді қызықтыратындай ультра заманауи материалдар жетіп артылады. Ендеше, солардың кейбіріне тоқталып өтсек.

Графенді наножабынды

Графен болаттан жүз есе мықты. Бұл жылу және электрэнергиясын жеткілікті мөлшерде өткізе алатын жеңіл әрі күңгірттеу материал. Сондықтан графен электроникаға, биомедицинаға, күн энергиясын өндіруге біршама ыңғайлы. Бірақ бұл материалмен жұмыс істеу өте күрделі. Оны көп мөлшерде таза күйінде өндіру де қиынға соғады.

Графенді наножабынды графеннің ең үздік қасиеттерін қолдануға мүмкіндік береді. Олардың бірі ретінде – батареялық уақыты жағынан шыдамдылығы жақсартылған жіңішке әрі берік смартфондарды жасап шығару үшін графенді наножабындыны қолдануға болады.

Karta-Pack мақта талшығы

Бұл 100 пайыздық деңгейде қайта өңделген материал. Оны сипап көрсеңіз мақта екенін сезесіз. Ал бірақ ол пластик секілді қатты болып келеді. Ол ескі джинсы мен футболкалардың қайта өңделген талшықтарынан жасалады.

Karta-Pack мақта талшығы жылына қолданыстан шығып қалған миллиондаған затты қайта өңдеуге жол ашып қана қоймай, өнімнің жоғары сапалылығымен таң қалдырады. Елестетіп көріңіз, сіз қаптамадан қандай да бір қымбат гаджет алсаңыз, оны сипағанда мақтаның қаттылығын сезесіз. Денттің айтуынша, жиһаз дизайнерлері Karta-Pack-ты ішкі көрініс (интерьер) элементтерін жасауға қолдана алады. Өйткені, оның  мата тәрізді жағымды әрі адам салмағын көтере алатын қасиеті бар.

Әртүрлі түстегі өткізгіш сиялар

Бұрыннан келе жатқан электр қуатын өткізетін сиялар күміс және көмірдей қара екі түстен ғана тұрады.  Денттің айтуынша, мұндай сиялар «инженер болмағандар нағыз сұлулықты көре алмайды» екен. Жаңадан ойлап табылған өткізгіш сияларға кез келген түс беруге болады. Оларды смарт киім және киілетін гаджеттерде қолдануға мүмкіндік бар. Мысалы киіміңіздің жеңіндегі сурет арқылы смартфоныңызды басқаруды елестетіп көріңіз.

ReWall төбе плиткалары

ReWall төбе плиткалары бағдарланған-жоңқалау плиткаларды өндіруге ұқсас әдіспен, яғни, қайта өңдеуден өткен сусындарға арналған контейнерлерден, картон қағаздарынан, пластик бөтелкелерден және алюминий құтылардан жасалған. Материалдың құрылымы шынында да, жоңқаланған плитаны еске салады. ReWall-ды ағаш тәрізді кесуге және бұрғылап тесуге болады. Бірақ ол сызға өте төзімді, сондықтан төбені өңдеуге әбден жарап тұр. Сонымен қатар, материал әр түрлі ауа райы жағдайына төзімді келеді.

ZrOC жабындысы

Сәнді металл бұйымдарының жабынды процесіне тоқталсақ. Мәселен, ыдыс-аяқ жуатын шұңғылшаға (раковина) немесе автокөлік дискілеріне ерекше беріктік беру үшін және оларды сызаттардан қорғайтын процесс - су буының тұндырылған жабындысы немесе PVD деп аталады. ZrOC – бұл металға, пластикке, ағашқа, әйнекке немесе маталарға жағуға болатын оттегі және көміртекті пластик, цирконий қоспаларынан тұратын жаңа жабынды. Аталмыш элементтерді араластырылуына қарай хромның реңдері алуан түрлі болады.

«Бастапқы кезеңде бұл материал асхана элементтерін жабуға арнала жасалған болатын. Алайда мен оны смартфондарға және «ақылды» сағаттарға да қолдануға болады деп есептеймін», - дейді Дент.

Тесонит (tethonite)

Дәстүрлі әдіспен жасалған заттармен салыстырғанда 3D-принтерде шығарылған заттар әркез нашар көрінеді. Тесонитпен бәрі басқаша: бұл 3D баспаның көмегімен алынған күрделі керамикалық зат. Күйдіріліп қатайғаннан кейін өндірістік жабдықта немесе қолдан жасалған кәдімгі керамикадан еш айырмашылығы жоқ десе де болады. Тесонит керамика өнерінің шекараларын кеңейтіп қана қоймай, басқа да салаларда қолданылуы мүмкін.

«Apple» сияқты компаниялар керамиканы пайдаланудың жаңа әдістерін ашпақ. Өйткені, ол ерекше материал, - деп сөзін қорытындылайды Дент. – Ол қатты, жіңішке, жарық, металмен салыстарғанда нәзік келеді».

Керамика тез сынады. Сондықтан оны қандай да бір гаджеттерден сирек кездестіруге болады (алайда жақында ғана керамикалық үлгідегі «Apple Watch» сағаттары таныстырылды). Тесонит керамика мен металдың ең жақсы қасиеттерін өзіне балайды. Сондықтан керамика «Apple» сынды компанияларға жаңа құрылғылардың жасалуына қажет болуы мүмкін.

ThermalTech

ThermalTech – жүз пайыздық тат баспайтын болат сымнан жасалған, патенттелген жеңіл мата. Бұл мата спорттық киімдерді тігуге таптырмайтыны анық. Материал жылуды ультракүлгін сәуледен оп-оңай тартып алып, киімнің барлық сыртқы бетіне таратады. Спорттық жеңіл костюм жүннен тоқылған киім секілді жылу беретінін елестетіп көріңіз. Сол кезде ғана ThermalTech-тің «Nike» секілді ірі компанияларды неліктен қызықтырып отырғанын түсінер едіңіз. Денттің айтуына қарағанда, спорттық киімді өндірушілер «тер мен жағымсыз иісті өткізбейтін материалды тауып қойған». Басты мәселе – олардың температурасының реттілігін жолға қоя алмауы.

Paptic

Paptic деген – қағаз бен пластиктің ортасындағы нәрсе. Бұл басып шығару оңайға түсетін жаңа материал. Оны қайта өңдеу немесе қаптама ретінде қолдану аса қиын емес. «Бәлкім, Paptic бүкіл әлемді өзгерте алмауы да мүмкін», - деп мойындайды Дент. Десе де, оның есептеуінше бұл материал бүкіл жерде қолданыла бастайды, өйткені сипап сезген кезде ол қағазға ұқсас, ал беріктігі жағынан пластикке ұқсас.

RE>CRETE

Бетон – бұл әр түрлі қалдықтардан тұратын күрделі зат. Негізінен цементпен біріктірілген құм мен қиыршық тастан құралады. RE>CRETE-нің бетоннан аса қатты айырмашылығы жоқ, бірақ құм мен қиыршық тастың орнына оның құрамында газет қиындылары, ескі хаттар, ұсақталған пенополистирол, тұрмыстық электрониканың сымдары, несиелік карточкалар, CD-дискілер, бояулар, қылшықтар, портландцементтер қолданылады. RE>CRETE-нің көмегімен біз бұрын қоқыста жататын заттармен ұй тұрғызып алуымызға болады.

Жұмсақ батарея

Енді елестетіңіз – сіз литий-ионды батареядан тұратын костюм киіп алсаңыз. «Jenax»  компаниясы өндіретін жеңіл батареяның арқасында мұндай костюм шынайылыққа айналып шыға келуі мүмкін. «Әдеттегі батареялар біріккен бөлшек ретінде жасалады, ал бұл батарея талшықтан тоқылғандықтан, өте жұмсақ келеді», - деп түсіндіреді Дент. Мұндай батареялар «ақылды» киімдерге келеді.

Жабысқақ металл

Жабысқақ металл аты да айтып тұрғандай, тікенектен тұратын металл жапырақ. Ол желімнің, дәнекер мен болттың қолдануынсыз бірнеше металл жапырақтарын байланыстыра алады. Мұндай жабысқақ арқылы бір-бірімен байланыстырылған металлдардың қосындысы әдетегіден үш есе берік болады. Мұндай металлдар жиһаз жасау, құрылыс пен өндіріске аса ыңғайлы болып келеді.

Бұл матералдардың барлығы да болғанымен, оған жайшылықта қол жеткізу аса күрделі. Бәлкім, ол келер жылда немесе бірнеше айда ашық қолданыста пайда болуы ықтимал. Денттің есептеуінше, бұл материалдар – материалтану сахнасындағы болашақ жұлдыздар болуы мүмкін.

Дереккөзі: интересные-факты.com


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
ҰБТ(онлайн тест)