Мемлекеттік тілді үйретуде деңгейлеп, саралап оқыту технологиясын қолданудың ерекшеліктері

Мукаева Индира Турановна
«Тұран» университеті колледжінің оқытушысы


Қазақ тілінің сөз байлығын үйрену өмірді, өмірдегі сан алуан құбылыстың өзін, оның сырт-сипатын түсіндірумен қатар жүретіні мәлім.

Қазақ тілі - Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, елімізде тұратын барлық ұлттардың күнделікті өмір тіршілігі мен әлеуметтік тынысын жүзеге асыратын қатынас құралы. Қазіргі кезде қазақ тілін үйренуге арналған түрлі оқу-әдістемелік құралдар, оқулықтар жарық көруде. Әрқайсысы әр деңгейде. Қазіргі заман талабына қабілетті маман дайындау-ұстаздар алдындағы үлкен міндеттердің бірі. Қазақстан Республикасы Президентінің «Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасында»: «Тілді дамыту-Қазақстан Республикасы мемлекеті саясатының аса өзекті бағыттарының бірі», сондай-ақ «Мемлекеттік тілді оқытудың саны мен сапасына көңіл бөлу керек» делінген. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» -деп тұжырымдайды.Ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың емес миллиондаған жылдар жасап келеді. Болашаққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. «Надан жұрттың күні – қараң, келешегі тұман», - деп  М.Дулатов айтқандай, егеменді еліміздің тірегі – білімді ұрпақ. Сусыз, құрғақ, таса көлеңке жерге дән ексең өнбейтіні сияқты, жас ұрпағымызды тәрбиелемесек өспейді, өнбейді. Кез–келген мемлекеттің рухани да, әлеуметтік экономикалық дәрежесі онда өмір сүретін халықтың білім деңгейіне байланысты бағаланады.

Білім беру саласында жаңаша ойлау, жаңаша қарым-қатынас, жаңаша көзқарас қалыптасады.Бүгінгі білім беру саласында оқытудың озық технологияларын меңгермейінше, сауатты, жан-жақты  маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру оқытушының интеллектуалдық , кәсіптік, адамгершілік, рухани азаматтық келбетін қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып оқыту үрдісін ұйымдастыруға көмектеседі.

Жаңа педагогикалық технологиялардың тиімділігі дәстүрлі оқытудың айырмашылығы:
- оқытушының еңбек өнімділігі артады;
- әр оқушының деңгейіне сай жұмыс жасалады;
- оқушының еңбегі объективті түрде бағаланады;
- пәнге қызығушылығы артады;
- оқушылардың ойлау, жады, зейін тұлғалық қасиеттерін  дамытады.

Біздің міндетіміз өз бетімен білім алатын және алған білімін өмірдің түрлі жағдайларында қолдана алатын тұлғаның қалыптасуын қамтамасыз ететін оқытудың тиімді технологиясын таңдау. Қазақ тілін меңгертуде оқытушы біріншіден үйренушінің қызығушылығын оята алу керек. Екіншіден, тілдің өмірде қажет екендігін түсіндіру қажет. Осындай қажеттілікті білген, қызығушылығы бар оқушы  тілді өте жақсы меңгеріп шығады.

Мемлекеттік тілді оқушыларға үйретуде Ж.А.Қараевтың «Деңгейлеп, саралап оқыту» технологиясын пайдаланудың  тиімділігі зор. «Деңгей» сөзі термин ретінде алғаш математика ғылымында пайда болған. Мемлекеттік тілді оқытуды деңгейлік жүйеде ұйымдастыру тілді деңгейлік оқытудың дүниежүзілік тиімді әдістемелерінің жетістіктеріне сүйенеді. Деңгейлік оқытудың басты ерекшелігі білім беру, оқыту, үйрету үрдісін топтап, жіктеп бөледі, әрбір деңгейдің өзінің лексика-грамматикалық минимумы болады. Оқу материалдары бір деңгейден екінші деңгейге қарай күрделі болып, яғни қарапайымнан күрделіге қарай өсіп отырады.Деңгейлік тапсырмалар беру арқылы тіл үйренушілердің тілін дамытуға, ойлау қабілеттерін жетілдіруге, сөздік қорын молайтуға мүмкіндік береді. Деңгейге бөліп оқытудың тиімділігі тіл үйренушінің әлеуметтік-психологиялық  танымы, ынтасы, теориялық дайындықтары есепке алынуы тиіс.

Қазақ тілін оқушыларға үйретуде Ж.А.Қараевтың «Деңгейлеп, саралап оқыту» технологиясын пайдаландым. Осы технологияны қолданғандағы ұстанған шарттарым:
- оқушылардың жаңа сабақты өздігінен меңгеруіне көмектесу;
- өз ойларын және көзқарастарын жеткізе сөйлеуге үйрету;
- өз беттерімен мәселелерді шеше отырып шығармашылықпен жұмыс істеуге баулу;
- өткен материалмен өзара салыстыра отырып, жаңа материалдардың ерекшеліктерін ажыра алу;
- сөйлемдерді дұрыс құрай алуға машықтандыру;
- тапсырманың мазмұны арқылы тіл үйренушіге проблемалық ситуация туғаза алу.

Лексика саласының әрбір тақырыбын тіл үйренуші тек ғылыми ұғым ретінде қабылдамай, оларды өмірде қолдана алатындай, өзінің сөйлеу дағдысында, жазба жұмыстарында пайдалана алатындай болуы керек.Тіл үйренуші көбіне жазба жұмыстарында өз ойын анық та айқын жеткізе алмай жатады, стильдік қателерді көп жібереді.Мұндайда лексиканың көтерер жүгі ауыр. Тіл үйренуші сабақта  өздігімен жұмыс істемейінше, оның  білімі берік болады деу қиын.

Мысалы «Мемлекет болашағы – жастар»  тақырыбы бойынша оқушылармен жүргізілген жұмысым:
А) Үйренушілік деңгей. Бұл жерде тақырып бойынша сөз тауып, берілген сөзді мәтіннен оқу және сөздердің қолданылуын аудару.
В) Алгоритмдік деңгей. Үйренген білімін толықтырады яғни тақырып бойынша сөйлеп пікір таластырып, өтілген сөздерді түрлі ситуациялық жаттығуларда қолданады. Оқушы әлі ізденіс үстінде болады.
С) Эвристикалық деңгейде. Білімді тереңдету мақсатында оқушы өздігінен тақырыпқа сай әңгіме құрап айту, диолготы және монологты сөйлеу жаттығулары жасау, талдау және анализдеу.
Д) Шығармашылық деңгейде өз бетімен оқушы оқытушы ұсынған тақырып бойынша әңгіме өлең немесе жұмбақтар құрастыру, міне осындай жаттығулар оқушының нақты нәтижелі жұмыс жасағандығын көрсетеді.

Осындай жұмыстар орындалу кезінде оқушыға барынша жағдай жасап аудиторияда еркін болуын қамтамасыз етуіміз керек, оқушының өзін-өзі оқытуына өздігінен жұмыс жасауына сол жұмыстың нәтижелі болғандығына көз жеткіздіріп жұмысыт объективті түрде бағалауымыз керек. Өмірде нәтижелі еңбек қана бәрін жеңетіндігін оқушыларға сендіруіміз керек деп ойлаймын.

Жоғарыда көрсетілгендерді қорытындылай келе қазақ тілін дамыту-қазақ тілін оқытудың, білім мен тәрбие берудің ең маңызды  да салмақты мәселесі. Ол арқылы жасөскінді тіл өнеріне баулу, туған тілінің қыры мен сырын терең меңгертуойын жатық та көркем етіп жеткізе білу, мәдениетті де сауатты жаза білу әрекеттері жүзеге асады.

Оқытушылар тіл дамыту жолдарынан ізденгенде оқушының жеке бас ерекшелігін, ол жұмыстың қиын да күрделі мәселелерін есепке алады. Әсіресе тіл дамытудың маңызды бір бөлігі әдемі де сауатты жазу екеніне ерекше назар аударады. Сөйлеу мәдениетіне баулумен қатар, жазу мәдениеті, сауаттылыққа баулу іс-әрекеттері- тіл дамытудың ажырамас бөлігі болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қараев Ж.А. «Деңгейлеп, саралап оқыту» технологиясы. Алматы, 2001 ж
2. Қ.  Қадашева «Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми – әдістемелік негіздері: өзге тілді дәрісханадағы қазақ тілі» 2014 ж
3. Н. Оралбаева, Қ. Жақсылықова « Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі» 2010 ж


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)