Ыбырай Алтынсарин шығармаларының мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеудегі алатын орны

Бұл мақалада Ыбырай Алтынсариннің қазақ балалар әдебиетіне қосқан үлесінің бүгінгі таңда мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді тәрбиелеудегі өміршеңдігін қарастырдық. Ыбырай өз шығармаларында қазақ балаларына жаны ашып, олардың көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, адамгершілігі мол болып қалыптасуларына тынбай еңбек етсе ғана жететіндіктерін дәріптеген. Бүлдіршіндерді білімге, ғылымға, адамгершілікке, өнегелікке, үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсетуге өз әңгімелерінде, өлеңдерінде тілге тиек еткендігін аңғардық.

Кілт сөздер: балалар әдебиеті, тәрбие, білім, адамгершілік, еңбек.

В этой статье мы рассмотрели внесенный вклад Ыбырая Алтынсарина в развитие детской литературы, которое в нынешнее время имеет особую роль в воспитании жизнеспособности детей дошкольного возраста. Ыбырай в своих работах сочувствовал детям казахского народа, он хотел чтобы они были образованными, воспитанными, человечными и чтобы достичь это он возносил важность упорного труда. Можно заметить что основа его песень, рассказов является призывание детей к знанию, науке, человечности, быть образцовым, уважать других людей.

Ключевые слова: детская литература, воспитание, образование, человечность, труд.

In this article, we examined the contribution of Ybyrai Altynsarin to the development of children's literature, which currently has a special role in the education of the viability of preschool children. Ybyray in his works sympathized with the children of the Kazakh people, he wanted them to be educated, humane and to achieve this he raised the importance of hard work. You will notice that the basis of his songs, stories is the calling of children to knowledge, science, humanity, to be exemplary, to respect other people.

Key words children literature, upbringing, humanity, labor 

Қазақ елі Ыбырай Алтынсаринді қазақ педагогикасының негізін салушы, прозаик және ақын деп қана білмей, қазақ балалар әдебиетінің атасы, негізін қалаушы деп те таниды. Ұлы педагог - қазақ балаларын, жалпы қазақ ұрпағын сауатты әрі білімді болуын қалаған ұстаз. Алтынсарин ұлттың бала тәрбиесінде өз халқының тұрмысы мен өмірінің тарихи ұлттық ерекшелігіне сәйкес келу идеясын ұсынған. Сонымен қатар, бар саналы ғұмырын туған халқын өнер-білімді, жаңа заманның өркениетті, мәдениетті елдерінің қатарына қосу жолына арнаған көрнекті тұлға. Ыбырай бұл жолда сан алуан кедергілер мен қиындықтарды жеңе отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді, сөйтіп, туған халқының мақтан тұтатын ардақты ұлы педагогына айналды. Қазақ балалар әдебиетінің атасына айналған алғашқы ұстазымыз өз туған халқын ерекше сүйді, оның болашағына зор сеніммен қарады. Сондықтан халық ағарту ісін айрықша шабытпен жүргізді. 1883 жылы Торғай облысының әскери губернаторына жолдаған баяндамасында ол: "Қазақтарға – осы дарынды, ақыл-есі мол халыққа – кешікпей рухани және қоғамдық даму жолына

түсетін дұрыс бағыт беру — қалай дегенмен де аса қажет болып отыр", – деп жазды. Бұл жолға жету үшін атамыз көп қиыншылықтар да кездестірді. Ел ішіндегі ескішілдік, парақорлық пен өсек-аяң оның жанын күйзелтті. "Заман осылай болған соң, амалын тауып, мүмкіндігі бар жерде қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе беру керек" деп санады.

Ыбырай балалар әдебиетіне арнап, жас өспірімдерді тәрбиелеу жолында көп шығармалар жазды. Бұл шығармаларды жазуда алдына үлкен мақсаттар қойды. Ол өз сөзінде: «Мен қазақ балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, отырықшыл тұрмыстың артықшылығына үйретудің өзі қазақ даласына тәрбиелік мәні бар жұмыс деп білемін» - дейді.[4, 225-230] Оған мынандай шығармаларды дәлел бола алады. Мысалы: «Бұл кім?», «Әй,достарым!», «Әй,жігіттер!», «Ананың сүюі» өлеңдері, «Әке мен бала», «Асыл шөп», «Бақша ағаштары», «Алтын шекілдеуік», «Қарға мен құрт», «Сауысқан мен қарға», «Әдеп», «Тәкаппарлық», «Байұлы» әңгімелері ұлы жазушының барлық өлеңдері мен әңгімелерінің мазмұнында негізінен өзі айтқан осы идея баяндалады.

Ыбырайдың балаларға арналған хрестоматиясындағы өзі жазған әр алуан қысқа сюжетті әңгімелерінде өмірдің сан түрлі қырларын ашуды мақсат етеді. Автор қазақ балаларының табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, олардың жан дүниесіне әсер ету арқылы еңбексүйгіш, адмгершілігі мол, зейінді де зерделі, адал да әдепті, білімді азамат болып жетілуін көздеді. Осы биік талаптарға сәйкес жас буынның қабылдау және жас ерекшеліктерін ескере келіп, әрі қысқа, әрі нұсқа көркем әңгімелер жазды. Атап айтатын болсақ: «Бір уыс мақта», «Аурудан аяған күштірек», «Мейірімді бала», «Полкан деген ит», «Таза бұлақ», «Әділдік», «Жан-жануарлар айтысы», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Қыпшақ Сейітқұл», «Мұңсыз адам», «Лұқпан әкім», «Зеректік», «Силинші ханым», «Білгеннің пайдасы», «Талаптың пайдасы», «Атымтай жомарт».

Қазақ халқының дарынды перзенті әңгімелерінде түр мен мазмұнның өзара бірлігіне де ерекше мән бергенін аңғарамыз. Ол соған сәйкес оқиға мазмұнының орамдылығы мен нақтылығын, ойға қонымдылығы мен логикалық дәлдігін сақтай отырып, тілінің қарапайым да көркем, айшықты болуына зер салады. Бұған қоса сол әңгіменің негізгі түйінін бірден ашпай, ойландыратын, толғандыратындай етіп жұмбақтап айту тәсілін ұстанады. Бұл баланың ойлау қабілетін арттыратыны мәлім. Айталық, «Аурудан аяған күштірек», «Асыл шөп», «Малды пайдаға жарату» атты әңгімелерде автор шыдамдылық пен сабырлылық, қайрымдылық пен бауырмалдық секілді сезімдерді тәрбиелеу үшін, жоғарыда атап көрсеткендей ұтымдылық танытады. Осындай амал-тәсіл ағартушының өзге де әңгімелеріне тән. Ұлы жазушының төл туындылары мен аудармалары да жеңіл де қарапайым сипаттарымен дараланады. Бұған сондағы кезектесу

сөздерінің (диалог) жиі қолданылуы да көп септігін тигізген. Бұған бастан-аяқ сұрақ-жауап түрінде берілген «Шеше мен бала» атты әңгіме айқын дәлел. Тентек баланың қолындағы құсты құтқару үшін қолындағы барлық ақшасын жұмсаған баланы шешесі ұрыспай, қайта қайырымдылығы үшін оған алғыс айтады. Жазушы осындай кішігірім оқиғаны тартымды етіп берумен қатар, оған лайықты үлкен міндет арта білген.[2, 129-136]

Ыбырай Алтынсарин өзінің ой-пікірлерін балаға тартымды етіп жеткізу үшін күрделі салыстыруларға бара бермейді. Қайта қарапайым да көркем баяндауларға зер салып, оның бала санасына қонымды болу жағына ерекше мән береді. Автор тиісті жерде қанатты тіркестер мен мақал-мәтелдерді де ұтымдылықпен пайдаланып отырады. Кейде жазушы өз жанынан үлгі-насихаттық өнегелік жолдар қосып, айтылар ойды ұштап әрлеп отырады. Мәселен, «Әке мен бала» әңгімесінде: «Аз жұмысты қиынсынсаң, көптен де құр қаларсың» секілді ғибратты жолдарға үлкен жүк артса, кейде пікірдің қарапайым, түсініктілігіне де ден қояды («Ақырында сол Сәтемір асқан данышпан, айдай әлемге патша болды» - «Сәтемір хан»). Келешек ұрпақ жас жеткіншектерді тәрбиелеуде ұлы ағартушы ананың рөліне ерекше маңыз беріп, оның аналық махаббатын, бала өсірудегі үздік қызметін тамаша суреттеген. Баланың алғашқы тәрбиесі ананың қолында болатынын айтқан. Өйткені бала ананың бауыр еті, соғып тұрған жүрегі деп бағалаған:

«Бала, бала, бала деп,

Түнде шошып оянған.

Түн ұйқысын төрт бөліп,

Түнде бесік таянған.

Қаймақты сүттей қалқытқан,

Суық болса жөргегін

Қорғасын оқтай балқытқан,

Айналасына ас қойып,

Изенді көлдей шалқытқан.

Қолын қатты тигізбей,

Кірлі көйлек кигізбей,

Иісін жұпар анқытқан».

Бала тәрбиелеуде бұл ана еңбегін қадірлей білген үздік баға деуге болады. Балаға осындай өлеңдерді оқып берсе, ана қадірінің теңдесі жоқ қымбат та қадірлі екенін сонда ғана сезіне бастар еді. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген сияқты ана еңбегін қадірмелеу, сыйламау, кейде тыңдамау болмас та еді. Балаға бірінші берілетін тәрбие әрқашан ата-анасын, өзінің жақын достарын сыйлауға үйретудің басталуға тиісті. Ата-анасын сыйламайтын бала жолдасына да, қоғамға да ешқандай дұрыс қызмет істей

алмайды. Өзін әлпештеп өсірген адамға немқұрайлы қараудан, анаға опасыздық етуден ауыр қылмыс жоқ. Сондықтан ана қадірін түсіне білу керек дейтін жалпы халықтық қағиданы әрқашан баланың зердесіне салып отыру – әрбір тәрбиешінің борышты міндеті дегенді Ыбырай Алтынсарин көп ескерткен. Ал «Ананың сүюі» деген өлеңі бала жанын тербітентерліктей бұдан да күшті, бұдан да әсерлірек жазылған.

«Кім сендерді, балалар, сүйетұғын,

Қуанышқа қуанып, қайғыңа күйетұғын.

Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,

Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын!

Кім сендерді сағынар шетке кетсең,

Ғылым іздеп, тез қайтпай көпке кетсең,

Ұмытпа ең кемінде жұлдыз сайын,

Хат жазып тұр төбесі көкке жетсін!» -

деп ана қадырын аяққа бастырмауды үндейді. [3, 105-116]Ана жүрегі, ананың аялы алақаны қашан да құдіретті екенін естен қалғысыздай етіп жадында сақтауға міндеттейді. Әдебиет адам тану құралы дейміз ғой, Ыбырай Алтынсарин ана құдыретін, ана образын жас өспірімдерге әдебиет арқылы танытып отыр. Балалар әдебиеті алдымен тәрбие жұмысымен тығыз байланысты болғандықтан, ол бір жақты дамымаған. Оның әр алуан саласы, тармақтары болады. Бала тәрбиелеу – балаға өмір жолын, танытып, білім беру, сана-сезіміне қозғау салып, әр жақты тәрбиелеу болып табылады. Сондықтан Ыбырай Алтынсариннің балаларға арналған шығармалары да тәрбие жұмысына бағытталған дейміз. Алтынсариннің «Жаз», «Өзен» деген өлеңдерінде өлке тану, айналадағы табиғат құбылысына құрметпен зер салуға бағытталған тәрбиелік орны бар, баланы әралуан іске баулитын шығарма болып табылады. Табиғаттың осындай мінсіз сұлулығын адам ғана түсіне алады. Шығармашылық шабыттың қайнар көзі де теңдесі жоқ бір сұлулықтан, оның ерекше эстетикалық әсетінен табылмақ. «Өзен» деген өлеңінде:

«Таулардан өзен ағар сарқыраған,

Айнадай сәуле беріп жарқыраған.

Жел соқса, ыстық соқса бір қалыпта

Аралап тау мен тасы арқыраған», -

деп, Ыбырай өзенді оның көріністері үшін ғана тектен-тек суреттеп отырған жоқ. Әсемдік сезімі көкірегіне ұялаған, жақсылыққа жаны құмар, эстетикалық талғамы жетілген, әрбір адам табиғатты осылай қызықтайды. Адамның тіршілік тірегіне, шаруашылық экономикасына байланысты ондағы әржақты пайдалы белгілерін көрсетіп отыр. Бұл өлеңді оқыған азамат, әсіресе, жас өспірімдер жаратылыстың осындай байлықтарының

көзін тауып, өзінің қажетіне жұмсай білсін, пайдасына асырсын, жайдан-жай ағып жатқан пайдасыз өзен екен ғой деп қарамасын дегенді үйретеді. Сонымен қатар адамның қандай қажеттерін өтейтінін де саусақпен санағандай етіп, даралап көрсете білген. Жас өспірімдерді өнер-білімге, оқуға, ұлы орыс халқының озық мәдениетімен үлгі-өнеге шақыруымен қатар, Ыбырай Алтынсарин отырықшылық тұрмыстың артықшылығын, белгілі бір мекен болудың жақсы жақтарын түсіндіруді мақсат етті. Жер, қолөнер кәсіптерімен айналысудың пайдалы жақтарын айтты. Ыбырай Алтынсариннің балаларға арналған қай шығармасын алсақ та, одан да жас өспірімдерге үлгі-өнеге берерлік, болашығына жол сілтерлік, оларға өмір таныталық және іс-әрекетке үйретелік мол дүниенің есігі ашылғандай болды.

Ыбырай шығармашылығының тағы да көтеретін күрделі мәселесі – үздіксіз еңбек үрдісі. «Дүние қалай етсең табылады», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Таза бұлақ» деген әңгімелері еңбектесең ғана ойлаған мақсатына жетесің деген ойды жан-жақты дәлелдейді. «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінде атасы он жасар баласын жетектеп келе жатып, ұшқан құс, жүгірген аңдар тіршілігімен таныстырады, жұмыссыз жүрген бір жан жоқ екенін айтады. Бәрі де тіршілік тірегі – өмір қамын жасауда. «Сәтемір хан» әңгімесінде жеті жасында жетім қалған Сәтемір деген бала ақсақ шегірткенің үйдің төбесіне шығу үшін қаншама әрекет жасағанын көріп, өзінің жұмыссыз босқа ойнап жүргенін ақылсыз деп табады. Артынша қалаға келіп, біреудің қолында жалшылық ете жүріп оқиды. Ақырында ірі оқымысты болып шыға келеді. Адамның барлық қабілетімен іскерлігі, таланты мен талабы тек еңбек арқылы ғана көрінетінін айтады. Ыбырай әңгімелерінің қайсысын алсаңыз да оқушысын нақты сендіретін, соған қызықтыратын шынайы көрнекілік бар. Еңбек процесі тақырыбына жазылған Ыбырай әңгімелері бірінен – бірі аса отырып, бірін-бірі қайталамайды, әр қайсысының өзіндік қызықты, тәрбиелік күшті жақтары бар. Мұны оқыған бала әрқашан пайдалы, өнегелі істерге үйренді, өнегесіз істерден жирене түседі. Әрқашан ата-анаға болысу борышты міндет деген қорытындыға келеді. Ал баланың өзінң жауапкершілігін түсіну сезімін біле бастауы еңбек етуден төселуден, еңбекті сүйе білуден пайда болады. Бұл әңгімелердің ескермейтін, тозбайтын өмірлік белгісі осы жақтарында. Еңбек етсең ғана ойлаған мұратына жетуге болатынын ескертеді. Ыбырай Алтынсарин еңбек еткен адамдарды өмір тәжірибесі мол, қандай да жұмыс болса икемі бар, өздері кішіпейіл, мейірімді және ешқандай арамдық жоқ, зұлымдық істерді білмейтін, қалың бұқараның жайдары өкілі етіп көрсетеді. Ақыл да, терең ой да, оның әр нәрсеге икемділігі де, қиын-қыстау кезінде жол тапқытылығы да еңбектену арқылы жинақталған өмір тәжірибесінің жемісі екенін білдіреді. Бұған қарама-қарсы еңбекті сүймейтін, ел үстінен күн көретін

тоғышарларды, үстем тап өкілдердің күйректігін көрсетеді. «Бай мен жарлы баласы» әңгімесінде жастайынан шаруаға араласқан, еңбек еткен, жас болса да өмір тәжірибесін көп көрген кедей баласы Үсен көбіне тәжірибеге сүйеніп, ақыл-парасатқа салып, көшкен елдің жаңа қонысын тауып алады. Бұл әңгімеде де екі нәрсені бір-біріне қарама-қарсы қойып, салыстыра суреттеу тәсілі бар. Балалар мен жас өспірімдерді өнер-білімге шақыру, отырықшылық тұрмыстың, жер кәсібімен айналысудың пайдалы жақтарын түсіндіру, оларға еңбек етудің артықшылығын ұғындырумен қатар, Ыбырай шығармашылығының көтеретін тағы бір мәселесі – ұқыптылыққа, мейірімділікке, әдептілікке үйрету. Осы идеяның бәрі де баланы оқыту. Үйрету, тәрбиелеу процесі арқылы іске асатынын ұлы педагог дұрыс түсінген, дұрыс шешкен.

Қорыта келе, ұлы жазушымыздың балаларға арналған шығармаларында қандай тақырыпта жазса да алдымен нені мақсат етіп көрсетуге болар еді деген мәселеге тоқтайды. Жазған әңгімесін өмірде кездесетін, баланың өзі назар аударатындай заттармен, іс-әрекеттермен байланыстырып отырады. Себебі, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің зейіні тұрақты болмағандықтан, бүлдіршіндерді қызықтырып, назарын аударту педагогтің ең басты міндеттерінің бірі екенін білген қазақ елінің дарынды перзенті әңгімелерінің бәрі де бүлдіршіндердің жас ерекшеліктеріне орай тілі жеңіл, мазмұнды,тартымды, олардың жан дүниесіне әсер етерліктей етіп берілгендігін атап көрсеткен. Осы әңгімелерді мұғалімдер мен ата-аналар балаларды ұқыптылық пен сабырлылыққа, шыдамдылыққа, төзімділікке тәрбиелеу мақсатында оқу үрдісінде, сынып сағаттарында, таңдаулы сабақтарда пайдалануға болады. Ұлы ағартушымыз артына қалдырған асыл мұрасы сан мыңдаған ғасырлар өтсе де, өз маңызын жойған емес. Жас өспірімдерді өскелең мәдениетке жетелейтіндей өмір оқулығы, отаны үшін алысқан күрес құралы болуы тиіс.

Пайдалаған әдебиеттер

1.Ы.Алтынсарин. Қазақ әдебиеті: Алматы: Ғылым, 1979.-110 б

2.Ыбырай Алтынсарин. Таңдамалы шығармалар .- Алматы "Ғылым", 1994.-289 б

3. Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. 2-кітап. –Павлодар: Арман, 2004

4. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы – Алматы, «Ана тілі», 1992ж, 448 бет


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)