Өлең, жыр, ақындар

Дүние жүзіндегі ең жылы теңіздер

Кез-келген адам теңізде шомылғанды ұнататын шығар, әсіресе, ауа-райы жайлы, ал суы жылы болса. Көбінесе қыстың ызғарлы күндері суға түсуді армандаймыз. Ал жер шарында үнемі жылы температураны сақтап, өзіне қарай баурап тұратын теңіздердің барын білетін бе едіңіз?

Теңіз суының жылылығы күннің белсенділігі мен қоршаған ортаның температурасына ғана емес, басқа да көптеген факторларға байланысты қалыптасып отырады. Температура теңізге келіп қосылатын өзендерге, ағымдардар мен желдерге және бөгет болатын аралдар мен мүйістергеде байланысты болады. Ең жылы теңіздер экватордан солтүстікке қарай, поляр маңы аумақтарынан суық су әкелетін мұхит ағымдарынан оқшау жерде орналасқан. Ендеше әлем бойынша туристтер үшін тартымды саналатын ең жылы бес теңізді атап өтейік.

Бесінші орында — Арабия теңізі

Қызыл теңізбен және Парсы шығанағымен ұласатын бұл теңіз Үнді мұхитының солтүстік жағында орналасқан. Оман немесе Сомали мемлекеттеріне барып осы теңізде демалуға болады. Жазда теңіз суының температурасы 29 градусты құраса, қыста температурасы 20 градусқа дейін төмендейді. Құбылмалы жел соғып тұратын, муссонды климат орнаған бұл теңіз демалыс үшін өте қолайлы мекен.

Төртінші орын — Тимор теңізі

Төртінші орынға Тимор теңізі жайғасты. Бұл теңіздің ерекшелігі — ол оңтүстік жарты шарда орналасқан, және оның оңтүстік бөлігі Австралияның жағалауын шайып жатыр. Бұл тереңдігі 435 метрден аспайтын кішігірім теңіз. Көлемі кіші болғандықтан тропикалық күннің қызуының арқасында суы толықтай жылынады. Мұнда муссондық субэкваторлық климат орныққандықтан, теңіз суының температурасы 30 градусқа дейін жылиды. Алайда, бұл жер аса жайлы деп айта алмаймыз, себебі климаты құбылмалы келеді. Ауа-райы да, желдің бағыты да үнемі өзгеріп отырады, күтпеген жерден дауыл мен циклондар пайда болуы мүмкін. Судың да температурасы тұрақты емес: теңіз айлақтарында температура 31 градусқа дейін жоғарыласа, Үнді мұхитына жақын бөлігінде құбылмалы ауа-райы мен дауылдардың әсерінен көрсетіш күрт төмендеп кетеді.  Тіпті тыныш уақыттың өзінде теңіз түбінің күрделі бедері мен басқа да факторларға байланысты су айдынының әртүрлі нүктелерінде температура көрсеткіші әртүрлі болады.

Үшінші орында — Андаман теңізі

Үшінші орында суының температурасы 30 градусқа дейін, тіпті кейде одан да жоғары көтерілетін — Андаман теңізі. Теңіз туристтерді баурайтын Тайланд, Малайзия сияқты бірқатар елдермен шектеседі. Бұл теңіз жан-жағынан құрлықтармен қоршалғадықтан үнемі жылы болып тұрады, әрі қыста да суының температурасы 22 градустан төмендеуі сирек кезеседі. Сондай-ақ бұл теңіз әлсіз тұздылығымен ерекшеленеді, өйткені оған көптеген өзендер келіп құяды да оны тұщыландырады. Сонымен қатар оған жаңбыр маусымы басталғаннан жауын-шашын көп мөлшерде түседі. Жағымды климаты мен жылылығынан басқа, бұл теңіз керемет су асты әлемімен тартымды, бұл — дайверлер үшін нағыз жұмақ мекен.

Екінші орында — Парсы шығанағы

Бұл тізімдегі екінші орын суының температурасы 35,6 градусқа дейін жылитын Парсы шығанағына тиесілі. Бұл су айдыны аса терең емес. Оның орташа тереңдігі шамамен 90 метрді құрағандықтан, суы тез жылиды. Сонымен қатар, теңіз жан-жағынан құрлықпен қоршалып тұрғандықтан температурасы тұрақты сақталады. Мұнда демалу үшін Катар, Кувейт, Бахрейн, Иран, БАӘ және оның акваториясына шығатын басқа да елдерге баруға болады. Тіпті қысқы мезгілде де судың температурасы 18 градустан төмен түспейді. Бұл теңізге ұлы Тигр мен Ефрат, Карун өзендері келіп құяды. Теңіз тұңғиығы бай флорасы мен фаунасымен ерекшеленеді. Бұл өз кезегінде дайверлер үшін қызықты мүмкіндіктер ашатыны анық.

Әлемдегі ең жылы теңіз

Әлемдегі ең жылы теңіз — Қызыл теңіз. Орташа тереңдігі 437 метрді құрайтын Қызыл теңіз 35 градусқа, кейде тіпті одан жоғары температураға дейін қызады. Ол Африка мен Араб түбегі арасында орналасқан. Египет, Сауд Аравиясы, Джибути және т.б. бірқатар мемлекеттердің жағалауларын шайып жатыр. Теңіз негізінен шөлмен қоршалып жатқандықтан бұл жер өте ыстық. Сондықтан бұл курортқа адамдар әлемнің түпкір-түпкірінен ағылып жатады. Бұл мекен әрдайым танымал болып қала береді, себебі, бұл жердің қысы да жылы. Теңіз тек жылы суымен ғана емес, өзінің әсем флорасы, фаунасыменде тартымды. Мұнда маржандар тіршілік етеді және теңіз тұңғиығында эндемикалық түрлер көп.

Жергілікті билік су асты әлемін, оның барлық сұлулығымен сақтап қалу үшін қатаң заңдар қабылдаған. Мысалы: кораллдарды сындыруға және оларды кәдесыйларға алуға қатаң тыйым салады. Дегенмен су астында жүзу кезінде оларды қалағаныңызша тамашалауға мүмкіндігіңіз бар.

Демалуға және шомылуға жарамды жылы теңіздер аз емес. Мейлі бұл баршамызға танымал Жерорта немесе Қара теңіз болса да. Кейбір адамдар тіпті Баренц теңізіне шомылып, одан айтарлықтай ләззат алып жатады. Алайда, жылы суда шомылу әлдеқайда жағымды болар. Сонымен қатар, осы аталған теңіздер керемет демалыс үшін барлық жағдайды жасайды. Қыста саяхатқа шықсаңыз, жайлылықпен демалысыңызды өткізуге ниет білдірсеңіз, дәл осы теңіздерге баруға кеңес береміз.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар