Өлең, жыр, ақындар

Гонконгтағы оқуы мен өмірі, ондағы қиындықтары жайлы қазақ жігітінің әңгімесі

Дархан Ділдахан — Алматыдағы Ақсай білім-инновация лицейінің (қазақ-түрік лицейі) түлегі. Лицейді бітіргеннен кейін өз күшімен Гонконгке оқуға түскен. Ол қазіргі уақытта Chinese University of Hong Kong-та computer science мамандығында оқиды. Бұл университетті бірнеше себептерге байланысты таңдаған. Соның бірі — білім сапасы мен университеттің рейтингі. Ол шетелдік үздік оқу орнына қалай түскені, ондағы өмірі жайлы толыққанды ақпаратпен бөлісті.

Шетелге оқуға тапсыру процесі

Шетелге оқуға түссем деген ой оқушы кезімде келді. Дегенмен, нақты іс-әрекетке 11-сыныптың ортасынан бастап кірістім. Қазан айынан бастап IELTS тестіне дайындалдым.

Құжаттарға келетін болсам, көптеген университеттердің өзінің стандарттары бар. Бірінші, жаңа жылдан кейін IELTS тапсырдым. Екінші,  мектептегі табельдерімді (9 сыныптан бастап), атестат және ҰБТ нәтижесін өткіздім. Үшінші — егер бар болса грамоталар. Мен мектепте оқып жүргенде белсенді оқушы болдым. Химия пәнінен олимпиадаларға барып, орын алдым. Мәнерлеп өлең оқудан және спорт жағынан жарыстарға қатыстым. Осылардан алған грамоталарымды өткіздім. Сондай-ақ мектепке президенттік партияның мүшесі болдым. Оны да атап өттім. Себебі олар тек білім жағынан емес, мектептегі белсенділігіңе де назар аударады. Төртінші — мотивациялық хат жаздым. Құжаттарды өткізгенде осылардың бәрін ағылшын тіліне аударып, жібердім. Арада бір немесе екі апта өткеннен кейін өздері интервьюға шақырды.   Менде интервью Skype-пен болды. Интервьюде бірнеше адам қатысады: факультет бастығы, international Students Office-тің басшысы және профессорлар. Олар тапсырған құжаттарыңа байланысты сұрақтар қояды. Аса қиын сұрақтар емес. Олар сұрақты танысу үшін, ағылшын деңгейіңді тексеру үшін қояды деп ойлаймын.

Негізінде мен бір емес, бірден үш университетке тапсырдым. Екі интервью болды. Біреуінің жауабы кеш келгендіктен оған аса мән берген жоқпын. Гонконгтегі университеттер жайлы көп білмегендіктен, интернеттен рейтингтерін қарадым. Сондай-ақ мен кішкене кеш тапсырғаннан кейін біраз университеттердің тапсыру уақыты жабылып қалған яғни мерзімі  өтіп кеткен. Сондықтан үш университетке ғана тапсырдым. Бұдан бөлек Chinese University of Hong Kong менің мамандығым computer science жағынан жақсы көрсеткіштері болды. Сондықтан дәл осы университеттке тапсырдым.

Chinese University of Hong Kong

Менің университетім Chinese University of Hong Kong деп аталады. 1963 жылы негізі қаланған. Қателеспесем, рейтинг жағынан әлемдік топ-50-ге кіреді. Ал менің факультетім бойынша әлемдік рейтингте 22-26 — орында.  Университет үлкен. Бізде баклавират пен магистранттарды қосқанда 24 мыңдай студент білім алады. Кампусы да үлкен. Үлкендігі сонша басқа факультетке бару үшін автобус қолданамыз.  Университетімізде колледж жүйесі (college system) пайдаланылады. Бұл — Кембридж, Оксфорд университеттеріндегі жүйені қолданатын Гонконгтағы жалғыз университет. Солай, бізде 9 колледж, олардың әрбірінің асханасы, жатаханасы бар.

Оқу ақысы жылына 18-19 мың доллардың айналасында. Мен грантта оқимын. Сонымен қатар, ай сайын $400 жуық алатын стипендиям бар. 

Бір күндік оқу күні

Күндерім бірдей болады деп айта алмаймын. Дегенмен бір күндік оқу күнімді сипаттап көрейін. Таңертең 7:30-8:00 аралығында таңғы ас ішемін. 8:30-9:00 — аралығында университетке барамын. Егер сабақ бар болса, сабаққа барамын, болмаса сабақ басталғанша кітапханада отырамын. Үй жұмысын орындаймын, алдағы емтихандарға дайындаламын немесе демаламын. Кітапханада демалатын арнайы жерлер бар.  Одан кейін достарыммен бірге түскі ас ішемін. Түскі асты көбінесе үйден әкелуге тырысамын. Себебі университетте 20-ға жуық асхана болғанымен, бәрінен тамақтана алмайсың. Тамақтары жақсы емес...  Кейбір асханалар тамаққа шошқаның етін де қолданады. Тек  пәкістандық бір асхана бар. Сол жерден түскі ас ішемін. Бірақ бір жерден тамақтана берген де кейде жалықтырады. Түстен кейін сабаққа барамын. Бірақ әр күнде сабақ кестесі әртүрлі. Аптасына бес күн таңертеңнен кешке дейін емес, бір күн бір сабақ болуы мүмкін немесе 2-3 сабақ қатар болуы мүмкін. Кейде таңертең бір сабақ болса, кешке бір сабақ болады. Күндіз бос уақытымды университетте яғни кітапханада өткіземін. Кітапханада жоғарыда айтып кеткенімдей, сабақ оқимын, емтихандарға дайындаламын, демаламын. Кешке сабақтар ең кеш дегенде 18:30-да бітеді. Содан кейін үйге барып, кешкі асымды ішемін. Одан кейін қайтадан сабақ оқимын (күлді). Сабақ аз сияқты болып көрінгенмен, негізінде көп. Үй жұмыстарын орындап үлгермейсің. Емтихандарға дайындалу керек. Уақытым сабақ оқумен өтеді. 

Мен жатақханада тұрмаймын. Университетте оқитын достарыммен бірге пәтер жалдаймыз. Пәтеріміз университетке жақын орналасқан. Өзіміз кезектесіп тамақ жасаймыз, үйді де кезектесіп тазалаймыз. Мұнда пәтер ақысы да, азық-түлік те қымбат. Енді айта берсең бәрі қымбат.  

Оқытушылары

Оқытушылардың көбісі қытайлар. Қытай дегенде сол Гонконгтің өзінің қытайлары. Дегенмен, шетелден оқып келген профессорлар да өте көп. Олар әлемдегі Гарвард, MIT, Оксфорд сияқты мықты университтерден білім алған. Шынымды айтсам, кейбір профессорлар ағылшын тілінде сөйлегенде акценттері байқалады. Сөйлегенде жағымсыздау болады немесе кейбір сөздерін түсінбей қалуың мүмкін. Осы жерде оқытушылармен қарым-қатынас жасау оңай екендігін атап өткім келеді. «Мен профессормын, сен студентсің» дегендей бюрократия жоқ. Жазсаң, тез жауап береді. Тіпті түнде жазсаң да, саған тез жауап беруге тырысады. Проблемаң болып қалса, барып сөйлессең көбінесе қолұшын созады. Кейде профессорлардың өздері «егер түсінбесеңдер, тағы бір қосымша сабақ жасайық, жиналыңдар, мен сендерге қайтадан түсіндіріп берейін» дейді. Бұл жағынан оқытушылар өте жақсы. Сондай-ақ  профессорлардың арасында Нобель сыйлығын алғандар, зерттеу жағынан жақсы жетістіктерге жеткендер аз емес.

Қазақстандағы білім беру жүйесінен айырмашылығы

Гонконгта мемлекеттік сегіз университет бар, оның бесеуі әлемдік рейтингте TOP-100-ге кіреді. Бұл оқу сапасының жоғары болғандығын көрсетеді. Университетте студенттерге өте көп жағдайлар жасалынған. Сол жағынан бұл жақта жақсырақ деп ойлаймын. Бізде білім беру жүйесінде баға беру жағы басқаша. Бұл бағалау жүйесін curve system деп атайды. Қазақстанда 90-нан жоғары «А», 80-90 арасы «В»  деп есептелінсе, бізде ең жоғары балл алған студентікі «А» болып есептелінеді. Ал топтың тек 10% ғана «А» ала алады. Егер басқалардың бәрі  100 балл алса, сен 100–ден 90 балл алып та «В-», «С» алып қалуың мүмкін. Топтың жартысы немесе 20% «А» ала алады деген жоқ.  Сондықтан студенттердің арасында бәсекелестік жоғары. Бұл өзіме ұнамайды. Грант сақтап қалу үшін студенттермен баға жағынан жарысу қажет болады. Ал бұл жақта қытайлар мен Үндістаннан келгендер бар. Олармен жарысу қиын. Қазақстанда нақты айта алмаймын. Себебі өз басым ешқандай университетте оқыған жоқпын. Бірақ достарым айтуынша ол жақта да оқу қиын. Бірақ дәл мына жақтағыдай қиын деп айта алмаймын. Мына жақта студенттерді кішкене қинап жіберетін сияқты. 

Бос уақытында немен айналасатындығы жайлы

Оқудан бөлек, спортпен айналысамын. Футбол ойнағанды қатты жақсы көремін. Апта соңыңда достарыммен бірге футбол ойнаймыз. Бір рет жарысқа қатысып, чемпион да болдық.  Жүзуге қатысамын. Үстел теннисін ойнаймын. Кітап оқимын.

Гонконгке ең алғаш келген кезде... 

Ең алғаш келген кезде бес жыл бірге жүрген лицейдегі достарымды сағындым. Жалғыздықты сезіндім. Басында ешкіммен сөйлеспей жүрдім. Ағылшын жағынан сөйлесу практикасы болмағандықтан, сөйлеуге кішкене қиналдым. Егер бірдемені дұрыс емес айтып қоям ба деп ұялдым. Шынымды айтсам, басында көп сөйлесе алмадым. Сондықтан да көп досым болмады. Бұдан бөлек ауа райы бізге қарағанда өте ылғалды әрі ыстық. Сол қиын болды. Тамақ жағынан қиналдым. Сол кезде университетімізде халал асхана болған жоқ. Бірақ өзіміз дайындайтынбыз. Тамақ жасауды үйрендім. Кейде түскі ас ішпей, дұрыс тамақтана алмай жүрген кездерім де болды. Бұл жақта лицейді  менен екі жыл бұрын бітірген қазақ досым болды. Қалай, не істеу керек дегендей сұрақтарды содан сұрайтынмын. Оның кеңестерінің көп көмегі тиді.

Қазақстандық студенттер көбінесе неден қиналады?

Жаңадан келген студенттерде мәдени есең (культурный шок) болуы мүмкін. Өйткені мүлдем басқаша ортаға тап болады. Климат жағынан басқаша, адамдары басқаша. Бірақ аса бір қатты қиналады деп ойламаймын. Соңғы үш жылда қазақ студенттерінің саны көбейді. 3-4 жыл бұрын келгенде қиын болатын еді. Ол кезде қазақ студенттері аз болғандықтан жалғыздықты сезінесің. Ал қазір барлық жерде Қазақстаннан келген студенттер бар. Университеттер алдыңғы қатарлы озық оқу орындары болғандықтан, сабақ жағынан қиналады, әрине.  Көптеген студенттер грантқа түсіп келеді. Ал грантты сақтап қалу үшін белгілі бір GPA-ді ұстап тұру керек. Грантты сақтап қалу керек, стипендиядан айырылып қалмау керек деген қысым түседі. Сабақ қиын. Жоғары балл алу да қиын. Сондықтан студенттердің арасында бәсекелестік жоғары. Кім емтихандарды жақсырақ тапсырады, сол жоғары балл алады. Ал қытайлармен, гонконг студенттерімен оқу қиын. Себебі оларда кішкентайынан бастап оқуға қатты көңіл бөлген. Егер статистикаға қарасақ, дүниежүзінде Гонконг мектептері сапасы жағынан Сингапурдан кейін екінші орында тұр. Солармен жарысу қиын болады. Одан бөлек, инженерияда оқимын. Үндістаннан келген жақсы оқитын көптеген студенттер бар. Солармен жарысу керек. Себебі әркім өзінің грантын сақтап қалғысы келеді. Бастапқы кезде сол жағынан қиыншылықтар болады. Тамақ жағынан қиналуы мүмкін. Жаңадан келген кезде баға жағынан қиналуы мүмкін. Транспорт, азық-түлік болсын, бәрі қымбат.  Мына жақтағы бағаны теңгеге аударсақ өте қымбат болып көрінеді де, алғың келмей қалады. Нан — 500 теңге, автобус — 300 теңге, такси — 3000-4000-5000 теңге. Бұл ең алғаш келген кезде ғана. Содан кейін үйреніп кетесің. Соған қарамастан маған Гонконг ұнайды. Аса бір қатты қиналып жүргенін көрген жоқпын. Өзім басында қиналғаныммен, қазір үйреніп кеткенмін. Ұнайды өзіме.

Гонконг не үйретті?

Ең алғаш Гонконгті көргенде біздің елдің әлі қаншалықты дамуы керектігін аңғардым. Екінші бір жағынан шүкір етуді үйрендім.  Тамақ жағынан болсын, үйлер жағынан болсын... Себебі мына жақта ақшаң, дұрыс жұмысың болмаса, өмір сүру қиын.  Сол себепті үйсіз адамдар көп. Өте байлар да, өте кедейлер де бар. Соған қарап шүкір етуді үйрендім. Былай бұл жақтағы өмір жақсы жағынан әсер етті.  Көзқарастарым өзгерді. Егер қаласаң әр нәрсеге жетуге болатындығын үйрендім. Қиын болса да, алдыма үлкен мақсаттар қоя алатын болдым. Өзіме деген сенімім артты. 

Гонконг тұрғындары Қазақстанды дұрыс білмейді. Мен оларға жер көлемі жағынан 9-орындағы мемлекет, Қытайға көрші, осындай да осындай деп түсіндіремін. Оларға жылқы етін жейтінімізді айтқанда таң қалады.

Алдағы жоспарлары жайлы

Оқу бітірген соң, 1-2 жыл жұмыс істеп, өзімді осы саладан көргім келеді. Сосын магистратураға тапсырсам деген ой бар. Егер де жұмыс табылып жатса, Америкада да жұмыс істеу ойымда бар. Өйткені біраз тәжірибе жинау керек. Сондай-ақ бітіре сала елге қайтсам, кішкене қиындау болады. Себебі тәжірибең болмаса, жұмыс табу да қиын.  

Шетелде оқығысы келген студенттерге айтарым...

Шетелде оқығысы келген студенттерге берер кеңесім: біріншіден, ағылшын тілін жақсы меңгеру. Екіншіден, белсенді болу. Спорт жағынан болсын, басқа саладан болсын, белсенді болып, іс-шараларға қатысуға кеңес беремін. Себебі университеттер тек білім жағынан емес, күнделікті өмірдегі белсенділігіңе де назар аударады. Оқушының қаншалықты жан-жақты екендігі олар үшін де маңызды. Тағы да айтарым, ешқашан артқа шегінбеу керек, қорықпау керек. Мүмкіндіктер өте көп. Тек өзіміз ізденіп қарамайтын сияқтымыз. Ізденіп қарасақ, көптеген жерлерде біраз мүмкіндіктер бар.

Қания Табыс


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

Ерхан

Шетелге оқуға кету керек!

Дархан

Неге жылқы етін жейтініне таңғалады? Өздері әрбәлені жейді емес пе?

Орхан

Шетелде оқу керек міндетті түрде, 1 тіл үйренесің, 2 басқа мәдениет, менталитет, 3 өмірлік тәжірибе, 4 ел көресің жер көресің, 5 білім аласың, комбо емес пе?

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз