Жақсылық Үшкемпіров

Қазақ халқының кеңінен танымал болған спортшыларының бірі — грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының жеңімпазы, балуан Үшкемпіров Жақсылық Әмірәліұлы. 1951 жылы 6 мамырда Жамбыл облысы Байзақ ауданы Тегістік ауылында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін зоотехникалық мамандықты қалап, Семейдің мал дәрігерлік институтына оқуға түседі. 1974 жылы институтты тәмамдап, республикамыздың астанасы Алматы қаласына келеді. Мұндағы мақсаты елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы В.А. Писаревтің басшылығымен спорттың күрес түрімен тереңірек айналысу болатын. Бала кезінде қазақша күреспен, ал классикалық және еркін күреспен институт қабырғасында оқып жүрген кезінде айналыса бастаған болатын. 1970 жылы жаттықтырушы Рома Хасанович Ильматовтың кеңесі бойынша өзіне таныс емес күрестің жаңа классикалық түрімен айналыса бастады. Арқадан асырып лақтыру әдісін жақсы меңгереді. Күрес кезінде қарсыласын дәл бағалай біліп, әлсіз жақтарын сезіп, нәтижесінде өз пайдасына шешетін. Ұпайы қанша жоғары болып тұрса да, ойын аяғына шейін жеңудің ыңғайлы жақтарын іздеумен болатын. Бір жылдан кейін 1975 жылы Алматы қаласында өткен алтыншы жазғы халықтар Спартакиадасының Жақсылық үшін маңызы зор болды. Еліміздің ең таңдаулы күрескерлерімен белдесіп бәрін жеңіп шығып, Спартакиада чемпионы болып, өміріндегі алғашқы алтын медалін жеңіп алды. Ж. Үшкемпіров еліміздің чемпионатының жеті дүркін жүлдегері болды.

Түрлі халықаралық турнирлерде өзімен тең түсетін қарсыластарымен шыққан ұзақ та, титықтатқан күрестер, содан кейінгі Одақтық біріншіліктегі чемпион атанған табысынан кейін ғана Ж. Үшкемпіров, өмірінде бірінші рет Олимпиада ойындарына кандидаттық жолдама алды. Ж. Үшкемпіров бар күш-жігерін Москвада өтетін Олимпиадаға қатыстуға жұмсады. 48 кг салмақта классикалық күрестен төрт адамның кандидатурасының ішінен аз ғана арасалмақпен алға шыққан Жақсылықтың кандидатурасы өтті. Бұл қиын жарыста тек Ж. Үшкемпіров қана жеңетінін басшылыққа дәлелдеген жаттықтырушы Вадим Александрович Псарев болды. Олимпиаданың бірінші күнгі жеребе салу рәсімінің нәтижесінде Жақсылық бірінші айқасқа ең күшті әлемнің екі дүркін чемпионы румын шебері Александрумен түсетін болды. Бұл сәтте де оны қолдап, көңілін көтерген Валерий Резанцев пен Вадим Александрович Псаревтар болды. Олимпиада күндері Ж. Үшкемпіров чемпиондыққа үміткер қарсыластары: румын Александру, поляк Керпач, болгар Христов, венгр Шерештерді шебер техникасымен, шапшаңдығы және төзімділігімен жеңіп шықты. Осылайша қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)