Өлең-жыр байқауы

Арыстанбайдың Мұқышы

Төртбақ, теке көз, шалбар бет қараны көрсең, бұл Арыстанбайдың Мұқышы екен де қой. Мұқыш екенін сездіруге өзі де құмар. Қызмет басындағы адамды көрсе, шырғалап соның маңынан шықпайды.

— Жақсы келдің, шырағым, сені көруге құмар болып отыр едік, — деп, өзіңе жастық қоя, сені мақтай сөйлейтіні де бар.

— Кеңес үкіметінің жұмысына қасық қаным қалғанша дайынмын! — деп, белсенділік көрсететіні де бар.

Онда да түсіне алмай томырықтық істесең:

— Арыстанбайдың Мұқышы дейтін белсенді кедейің мен боламын! — деп төсін қағып қоюдан да тайынбайды.

Осының бәрін жаудырса, "Мұқыш осы екен ғой" — деп өзің де қол қоясың.

Мен Мұқышты бірінші рет ауылдық кеңесте кездестірдім. Ауылдың белсенділерін, комсомолдарын жинап алып, қалқоздың өндіріс жоспарын істеп жатқанбыз. Екпінімен сең бұзғандай болып біреу кіріп келді.

— Әлгі өкіл қайда? Сіз боласыз ба? — деп, маған төне түсті.

— Ал жұмысыңыз...

— Жұмысым, белсенді кедей едім. Осы елдегі. " Арыстанбайдың Мұқышы" дейтін мен боламын. Батырақтар көрісінен қалқозымызға орын келген екен, соған мені жібер десем, бастығымыз жібермейді. Бастығымыз оңбаған неме, әкесінің әкесі бәдел "қажыға" барған кісі. Өзін түсіртіп тастамасам болмас...

Түсіне алмай қайта сұрап едім. Мұқыш шатаққа салды.

— Сіздің мұныңыз "төрешілдік", мұныңыз "оңшыл мен солшылдық!" Мен ізденетін жерді білем, сіздің үстіңізден де іздене аламын, — дейді Мұқыш.

— Мұныңыз асыра сілтеу! — деп шалқаяқтайды. Біреу қисынсыз жала жапса, ісің ақ болса да бетін бір күрең тартпақшы ғой.

Мұқыш кеткен соң, отырған жолдастардан сөз тартып көріп едім, біріне-бірі қарап жалтақтасты.

— Неге айтпайсыңдар ? Айтсаңдаршы,—деді Досан дейтін батырақ.

— Өзің неге айтпайсың? — деп, былайғылары оған түйлікті.

Досан жан-жағына бірер қарап алды да, Мұқыштың кеткеніне әбден көзі жетіп:

— Мұқыштың осы еркелегені жетер. Мұқыштың құлманын ашу керек! Мұның кім екенін білесіңдер ме? — деді.

— Білеміз ғой, — деп отырғандар күрсінді.

Сөз аралап кетті. Жұмыс тығыз. Егіс басталғалы жатыр. Жоспарды бүгін қайтсек те бітіру керек. Мұқыш жайындағы әңгіме екінші кезекке ысырылып қала берді.

* * *

Орталық партия комитетінің қаулысын түсіндіру туралы ауыл-ауылды өкіл қаптады. "Еңбек" калқозына жағалап мен де келдім. Бір бөлмелі ағаш үйді қалқоз басқармасы кеңсеге алыпты, кеңсесінің іші жағалай орындық. Басқарма ағасы Сәлім дейтін жас жігіт екен. Дүрдиген салалы саусағын созып амандасты. Басынан аяғына шейін сүзе бір қарап шығып, "нәтің батырақ болар-ау" деген қорытындыға келдім. Оным дұрыс шықты. Басқарма мүшелерінің анкетін қарағанымда, Сәлім кісі есігінде 10 жыл өмір өткізген болып шықты.

— Хат танимын. Малайлықтан босанғаным былтыр ғана еді. Қалқоз мүшелері тапсырған соң болып отырмын, — деп, Сәлім жайын айтып мұңайды.

Қала модысымен киінген қызыл шырайлы жігіт қалқоз мүшелерінің сауатсыздығын жою үшін келген мұғалім болып шықты.

— Сәлім жолдастың қолы босамайды, жұмыс көп... әйткенмен, түнге қарай оқытып, ептеп хат танытып келемін, — деді ол.

Үстел үстінде бір қағаз жатыр, "Рапорт" деген сөзді бас жағына ірі қылып жазып қойыпты. Бұл — ауылдық кеңеске жолданылатын "Рапорт". "Еңбек" қалқозы егіске әзірлік жұмысын жүз процент дайын қылып, енді серт орнына бергелі отырған рапорт осы. Рапорттың аяқ жағында арбиған бір жазу тұр. Бұл — Сәлімнің қойған қолы. Өмірі айыр мен күректен босанбаған мына дүрдиген саусақ бүгін жаңа жұртшылықтың серт қағазын сендіріп, мөр орнына шимай таңбасын салып отыр!

— Мұқыш дейтін белсендіміз болатын, естуіңіз бар шығар, — деп, Сәлім күлімсіреді.

Елең ете қалдым:

— Ал, ол қайда?

— Ол үйінде, қалқоздан шыққан, жеке шаруа, — деді Сәлім.

Ауылдың жалпы жиылысы шақырылды. Мұқыш та келді. Алғашқы көргендегімдей екпін жоқ бәсең. Әйтсе де, шырға тартып жақындап:

— Жақсы келдіңіз, сізді ынтығып күтіп отыр едік, — деді.

Баяндамадан кейін бірінші сұрауға Мұқыш жабысты:

— Қалқоздан шығып, жеке шаруа болып отыруға ерік пе?

— "Ерік емес" деп айтқан адам болып па еді, — деп, Сәлім ілінісе түсті.

Мұқыш сұрланып сала берді. Көзі шапыраштанып, ұясынан шығып кететіндей болды. Шарт жүгініп алып, басындағы елтірі бөрікті жерге алып ұрғанда, жамаулы құрым киіздің тозаңы түгін құсап бұрқ етті.

— Сәлім мені ауызға қақты, сөйлетпейді. Мұнысы "Асыра сілтеушілік!".. "төрешілдік!".. Мен ізденемін! — деді...

— Нені ізденеді: зорлық көрсеткен бар ма? Қысым көрсеткен бар ма?..

"Еңбек" қалқозының мүшелері талай жиылыста керісіп, ысылып қалғандар екен, Мұқыштың сөзбен дода-додасын шығарды. Додаланған сөзден шыққан қорытынды мынау болды:

1) Арыстанбай атқамінер, қу, ел жегіш парақор болған, Мұқыш соның ізімен жүрген.

2) Қалқоз болғанға шейін Мұқыш осы ауылды бір шыбықпен айдап келген.

3) Қалқоз боларда 18 ірі қарасы бар екен, қалқозға кіргенде үш-ақ қарасы бар. Өзгесін сатқан, сойған, ыдыратқан.

4) Қалқозға мүше болып тұрған кезінде жұртты бірімен бірін байланыстырып, күнде дау туғызып берекені кетірген

5) Орталық партия комитетінің хатын өзінше түсініп, басқаларды да өзінше түсіндіріп, 12 үйді қалқоз қатарынан өзімен бірге алып шыққан.

6) Қалқоз құрылысы туралы адам нанбастық өсектер таратқан...

Осының бәрін жалпы жиылыс Мұқыштың мойнына мөлдіретіп салып берді.

— Бұл — "оңшылдық пен солшылдық". Бұл — әкімшілік қолданғандық. Бұл — асыра сілтеушілік. Бұл — жеке шаруаға тізе көрсеткендік! Мен бұған көнбеймін, мен ізденем!—деп, Мұқыш бурадай бұрқылдады.

Таптық бетін ашқан кедей-батырақ Мұқыштан именбейді, жауапты қысқа берді.

— Онан арман ізден, қараңды батыр!—деді...

Мұқыштың азғырып алған 12 кедейі жиылыста қатесін мойнына алды:

— Бізді орталарыңа ал!— деді.

— Алайық!— деді жиылыс.

Мен сол ауылдан шыққанымда, төр төбелдің орта беліне жарбиып Мұқыш та ауылынан шықты. Былай шыға жолымыз түйісті: көзі ежірейіп, қырықпа сақалы шошаңдап, тор төбелмен сабалап жортып келеді екен.

— Жолдас, мұның асыра сілтеу болды. Жеке шаруалардың арасына іріткі салдың, оларды қалқозға қайта қуып тықтың,— деді маған тұнжырай қарап.

Мұқыштың ойынша елге үгіт жүргізу — асыра сілтеушілік болыпты! "Асыра сілтеу", "оңшыл, солшыл" деген сөздерді қабаттап, көрінгенге жапсырып, талайдың мазасын алған қу-ау дедім.





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз