Қожа ахмет ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті талапкерлерді оқуға шақырады!

Құрғақ көз синдромы

Құрғақ көз синдромы дегеніміз, әдетте, этиологиясы әр түрлі аурулардың белгілерін көрсететін термин. Бұл сырқаттардың себептері сан-алуан.

Компьютерде жұмыс істеген немесе теледидар көрген соң көзіңіз ашып, ішіне қоқыс түскендей жайсыздық сезінесіз, көз қызарып, заттар бұлдырап көрінеді, бірақ көзіңізді біраз жыпылықтатқаннан кейін бәрі қайтадан қалпына келеді. Бұның бәрі құрғақ көз синдромының белгілері. Әдетте көзді жауып тұрған құрғаған пленка көзді жыпылықтатқанда ылғалданады да жоғарыда айтылған қолайсыз сезімдер жоғалады. Егер көздің тітіркенуі жиілеп кетсе, ал көзді жыпылықтату көмектеспесе, көз дәрігеріне бару керек.

«Құрғақ көз синдромы» деген нақтама қойылатын науқастар соңғы уақытта көбейіп кетті. Әдетте, бұл ауру көздің беткейін ылғалдандырып, оны жұқа қабатпен жауып тұратын көз пленкасы, яғни үлдірі сапасының бұзылуынан туындайды. Пленка көз алмасын кебуден және патогенді микробтардан қорғайды, онда мөлдір қабықты қоректендіретін заттар болады.

Көздің құрғақтығы бірқатар себептерден туындайды. Бұл себептерге ден қоюды талап ететін оқу, компьютерде жұмыс жасау жатады.   Кеселді темекі шегу, үй-жайдағы ауаның құрғақтығы, көшедегі пайдаланылған газдар, жанаспалы линзалар кию, дәрумені аз сапасыз тамақпен қоректену де тудырады.

Құрғақ көз синдромы қарт адамдарда жиі. Өйткені алпыс бес жастан асқан соң біздің организміміз май сөлін өндіруді 40 пайызға азайтады, бұл көз жасы үлдірінің тез кебуіне алып келеді. Құрғақ көз синдромының туындауына сондай-ақ климакс, менопауза, жүктілік, бала емізу, кейбір дәрілерді ішу кезінде және адамда белгілі бір аурулар болған жағдайда байқалатын эстрогендер тапшылығы да ықпал етеді. Бірақ құрғақ көз синдромы кезінде науқас адам сезінетін патологиялық ахуалдардың сипаты, әдетте, бәріне ортақ: көздің ашуы, күйіп тұрғандай сезім, қатты құрғауы немесе, керісінше, жас ағу. Науқас адам көзге құм түскендей сезімге, ауырсынуға, қатты жарықтан қозуға, оқыған кезде еңбек қабілетінің төмендеуіне, көз көргіштігінің нашарлауына шағымданады. Көбіне сыртқы белгілер байқалмайды, кей адамдарда көз қызарады.

Көздің құрғауының негізгі себебі — көз жасы сұйықтығын өндіретін жас бездері жұмысының нашарлауы. Бұған әсер ететін себептер бірнешеу:

— жасқа байланысты гормондық өзгерістер;

— аллергияға қарсы, несеп айдайтын, тамыр тарылтатын, гипотензивтік дәрілерді қолдану;

— созылмалы аурулар — ревматоидты артрит, склеродермия, қызыл жегі, қантты диабет, бауыр қызметінің бұзылуы;

—  тектік бейімдік.

Көздің құрғақтығына себеп болатын басқа жағдайлар механикалық сипатта. Көбіне салауатты өмір сүрмеуден болады. Бұл жағдайларда көз жасы бездері қалыпты жұмыс жасайды, бірақ көз жасы сұйықтығы көз бетінен тез буланып кетеді. Сонымен қатар көз жасы сұйықтығының тез булануына көзді сирек жыпылықтату, жылытқыш, желдеткіш қолдану, компьютер мен теледидар алдында көп отыру, көз жарақаттары, темекі шегілген бөлмеде болу, қабақ құрылымының патологиясы да әсер етеді. Сонымен бірге көз жасы сұйықтығының сапалық кұрамының нашарлауына майсыз емдәм, жүктілік, бала емізу, авитаминоз, бауыр мен бүйрек қызметінің нашарлауы да себеп.

Дұрыс нақтаманы және оның себебін тек дәрігер ғана қояды. Құрғақ көз синдромын емдеудің кең тараған әдісі — жасанды көз жасы тамшыларын қолдану. Бұл препараттарды жүйелі түрде қолдану науқастарға біраз жеңілдік әкеледі. Жасанды жас құралдары көбіне сұйық болады, олар аз уақыт әсер етеді, ал қою түрлерінің әсері ұзағырақ. Бұндай дәрілердің құрамында консерванттардың болмағаны жөн. Сонымен қатар тітіркенуді және көздің қызаруын тез басатын дәрмектерді пайдаланудың қажеті жоқ. Өйткені бұндай дәрілер конъюнктива тамырларын тарылта отырып тез әсер етеді, бірақ жеткілікті дәрежеде ылғалдандырмайды, сондықтан мәселені ұшықтыра түседі. Сонымен қатар гельді дәрілер де бар. Қалай болғанда да науқастың жағдайын бағалай отырып, дәріні дәрігер таңдап береді. Өз бетінше емделуден аулақ болу керек, себебі өздігінше қолданған дәрілердің көбі уақытша оң әсер береді де кейін көздің шырышты қабатын кептіріп, тіпті оның семуіне де алып келуі мүмін. Дәрігер тағайындаған дәрінің өзін бес күннен артық тамызуға болмайды. Сырқаттың алдын алу үшін көзді жиі-жиі жыпылықтату, сондай-ақ көзге арналған басқа да жаттығуларды жасау пайдалы.

Б. Б. Джардемова офтальмолог-дәрігер

Оқуға кеңес береміз:

Конъюнктивит

Көз жасы қалтасының қабынуы (дакриоцистит)

Кератит

Жанаспалы линза

Алыстан көрмеудің даму себептері және емі

Көз линзасымен ұйықтау қауіпті ме?

Дұрыс тамақтану көз саулығына сеп

Теледидардың көзге зияндары

Көзге арналған жаттығулар

Көз жарақаттары

Көзге арналған йога: көзіңіздің қырағылығын арттыратын 8 қарапайым жаттығу

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Айсауле

Көз осы ғасырдың ең үлкен проблеммаларының бірі ғой

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...