Өлең-жыр байқауы

Жаралы аққу

Сен Аяулым десе, аяулы едің-ау!.. Атыңа затың сай еді!..

Біз екеуміз беймезгілде кездесіп, бейуақытта қоштасқан ғашықтар... жо.. жоқ... бейбақтар едік!..

Бүгін тағы түсіме кірдің. Сол бәз-баяғы қалпың... Жымиясың, күлесің, еркелейсің...

Тағы да жасырын кездесіп жүрміз. Мүлде басқа әлемде... Жұмақ па деймін... жап жасыл дүние. Мәуелі бақ. Самсаған жеміс ағашы... Адам Ата мен Хауа Анаға ұқсаймыз...

Бір-бірін жаңа көрген ғашықтардай құшағымыз айқасты. Сүйістік... Аймаластық... Күнәға баттық...

Бір кезде топ етіп жерге түстік... Қара шаң бұрқ етті де, көз алдымда қара жер қақ айырылып бара жатты... Екеуміз екі жақта қалып қойдық. Қолымызды қанша созсақ та, жете алар емеспіз. Бір-бірімізден біртіндеп ұзап бара жатырмыз...

Төмен қарай көз салсам, құлама жар, түпсіз терең шыңырау...

Шошып ояндым... Өткен күндер ойыма оралды...

Қарақотырлана бастаған махаббат жарасын тағы да өзің тырнай қанатып, жанымды жаралап кеттің!..

Бүгін сенің туған күнің екені есіме түсті. Жұмысқа келе сала телефон шалып, мына жарық жалғанның есігін ашқан күніңмен құттықтадым. Әдетімше, бақыт тіледім!.. Балаша қуандың...

— Аға, сізді сағындым!.. Қатты сағындым!.. Сағынып жүрмін!.. — дедің күрсініп.

Мен де сені сағындым, жаным. Қатты сағындым. Сағынып жүрмін. Сағыныш сазы жүрегімді сыздатып, жанымды жегідей жейді.

Көңіл сені жоқтайды, жаным сені аңсайды, жүрек сені іздейді... Сені көргім келеді. Саған қарай құстай ұшқым келеді. Бауырыма басқым келеді. Құшағыма қысқым келеді. Бірақ, осының бәрі құр қиял екенін ойлағанда, жанымды қоярға жер таппай, аш қасқырдай аласұрамын.

Бүгін жұмысқа ерте келдім. Ешкім жоқ. Кабинетте жападан-жалғыз ойға шомып отырмын. Сен бір жерден жайраңдап шыға келетіндей, елегізіп қоямын...

Сен келесі бөлмеде отыратынсың. Әрі-бері өткен сайын көз салмай өтпейтінсің. Мен де саған қарай қалатынмын. Кейде жалғыз отырсам, қарсы тұрған столға отыра қалып, әңгіме бастар едің... Ондайда екеуміз ұзақ сырласып отырып қалатынбыз.

— Әңгімелесіп отыра бергім келеді, — дейтінсің көзіңді төңкере тастап.

Менің де жаным осыны қалайтын...

Қайран жалған дүние... Сынаптай сырғып, білінбей өте береді екен ғой!.. Соның бәрі көрген түстей өтіпті де кетіпті. Міне, енді сен жоқсың. Алыстасың... Тек, сол бір кезде кеудені нұрға бөлеген бал сезімдер жүректе мәңгі қалып қояды екен!.. Сол бір қимас сезімдер ғана мәңгілік екен!.. Мәңгілік!..

* * *

Сен бiздiң редакциямызға қызметке көктем шыға келдiң. Сол жылғы көктем тым жылауық болды. Көк аспан көбесi қақ айырылып, егiлiп тұратын. Қара жердiң қабырғасы қайысып, езiлiп жататын.

Сен өзiңмен бiрге шұғыладай шуақты жылылық ала келдiң. Күн көзiндей жарқыраған ақ жүзiңнен нұр төгiлiп, әсем айдай толықсыған тал бойыңнан сәруар сәуле шашырап тұратындай сезiлетiн. Сендегi нұрдан нәр алып, шуағыңа шомылғымыз келетiн.

Сен мөлдiреген жас едiң. Көз сүрiнер көрiктi, жан сүйсiнер сымбатты едiң. Аққудай сыланып, кермаралдай кербез басып жүретiнсiң. Көбiне-көп өз бөлмеңде елiктiң лағындай жанарың жәудiреп, монтиып қана отыратынсың.

Жастығың мен сұлулығыңнан жасқанып, бiрден желдей үйiрiп әкетуге батылым жете бермеген. Шоқтай жанған жанарыңдағы жарқыл да өңменiмнен өткендей, жiгерiм жасып, алыпқашпа көңiлiм жүнделген түйедей жуасып сала беретiн.

Көктем күнi жылай-жылай жылыстап жылжып жатты... “Адам сөйлескенше...” демей ме, келе-келе көз үйрендi, жылы сөйлесiп, сыпайы әзiлдесетiн болдық. Сөзге құлақ қоясың, қалжыңды түсiнесiң. Артық-ауыс сөз айтпайсың. Не нәрсеге болсын аса бiр жауапкершiлiкпен қарап, өзiңе тапсырылған істі асқан ыждаһаттылықпен атқаратынсың.

Сен осындай жаратылысыңмен еркiмдi алып, елiктiре бердiң, емiктiре бердiң...

Бiрте-бiрте әңгiмемiз жарасып, тез тiл табысатын болдық. Бөлмеңе барып ұзақ отырып қалатынды шығардым. Сенiң тарапыңнан да ешқандай қарсылық байқалмады. Қайта менiң келуiмдi тағатсыздана күтiп отыратын сияқтысың. Көрiктi көркiңе ұрлана көз тастап қойып, қызыл сөздi қымызша сапыратынмын. Алғашында өмiр жайлы ой бөлiсетiнбiз, келе-келе махаббат туралы да сыр шертiсетiн болдық. Осылай уақыт өте келе тонның iшкi бауындай жақындасып, бiр-бiрiмiзге үйренiсе бастадық. Сен жоқ болсаң, көңiлiм алабұртып, iздеп тұратын болдым. Сәл кешiксең, тықыршып тыпырлай бастайтынмын. Келмей қалсаң, ұнжырғам түсiп, үйге көңiлсiз қайтатынмын.

Бойымда саған деген бұла бiр сезiмнiң бүр жара бастағанын сездiм. Оны әзiлмен әрлеп, қалжыңмен қырлап, астарлап болса да жеткiзе бастадым. Сен ештеңе сезбейтiндей, дым түсiнбейтiндей жай ғана жымиятынсың да қоятынсың. Бiрақ, бәрiн де түсiнетiнiңдi, түйсiнетiнiңдi iшiм сезетiн.

* * *

Алғашында құмарлық, пәндәуи ойлар басым болатын. Бiрте-бiрте жақсы көру сезiмдерiм ояна бастады. Кейде өзiмдi-өзiм кiнәлап, күстаналайтынмын. “Өз бала-шағаң бола тұра, он екiде бiр гүлi ашылмаған жап-жас қызда нең бар-ей!.. Ойың неткен бұзық... Осындай пәк бойжеткендi жамандыққа қалай қиясың!” деймiн өзiмдi-өзiм оңашада жерден алып, жерге салып.

Қараң қарайса-ақ болды, оның бәрiн ұмытып, жаныңа қалай жетiп барғанымды өзiм де бiлмей қалатынмын. “Ай, пендешiлiк-ай!.. Пендемiн ғой!” дейтiнмiн өз арымның алдында ақталған болып. “Бұл пендешiлiк емес, нәпсiқұмарлық! — дейдi iшкi ойым. — Сен құлсың. Нәпсiнiң құлысың! Азат емессiң! Егер нәпсiңдi тыймасаң, өмiрден құл боп өтесiң. Адам еркiндiктi сүймей ме?!.. Сондықтан нәпсiңдi тый! Нәпсiңнiң патшасы бола бiл!.. Сәждеге, намазға жығыл. Алланы сүй! Аллаға деген махаббатың оянсын!

— Онда неге “Оралыңның барында ойна да күл” дейдi аталарым. Олар да ақымақ болмаған шығар! Оның үстiне мен оны жақсы көрем ғой!

— Жақсы көру ақталуға тиянақ бола алмайды. Кiм-кiмдi жақсы көрмейдi. Бойдақ болсаң бiр сәрi. Әйелiң сезсе, сонда көресiң жақсы көргендi!..

— Рас-ау! Қой қоймасам болмас!..”

Аллаға жүгiнгендей, оңашада осы ойға мойынсынам да, сенi көрген сәтте-ақ жын ұрғандай желiгiп шыға келемiн. Жұдырықтай жүрегiм бүлк-бүлк етiп, көңiл құсым алып-ұшып, тағы да қасыңнан табыламын. Шамды айналған жынды көбелекше айналсоқтап маңыңнан шыға алмаймын.

Әз уақытымның жымпима мысықша ұрланып өте баратынын бiле тұра бөлмеңде ұзақ әңгiмелесiп отыра бергiм келетiн. Мен үшiн сенiмен дидарласудың өзi бiр ғанибет едi. Жансарайым ашылып, жаным рахаттанып, көңiлiм шалқып, кеудемдi күмбiрлеген қоңыр күй кернейтiн.

Сөйлесiп отырып сұлу жүзiңе тесiле телмiрiп қалатынымды өзiм де аңдамай қаламын. Әсiресе жәудiр жанарың тұп-тұнық судай мөлдiреп, ерекше көз тартады.

— Олай қарамаңызшы, аға! — дейсiң қымсына.

— Қалай?

— Солай!..

— Мен... мен... — дей берем қапелiмде аузыма жiбi түзу сөз түспей, тек “ұялаған тек тұрмастың” кебiмен — ...Бiр жерге шақырсам барасың ба? — деймiн қипақтай.

— Қайда? — дейсiң сұраулы жүзбен.

— Жай әшейiн, қыдырсақ деймiн...

— Жоқ, рахмет ағай!..

— Рахметтi содан соң айтарсың!

— Жоқ, болмайды!

“Тықақтай берсем, ренжiтiп алармын!” деген оймен сөзiмдi осы жерден кiлт үзiп, өзiмдi-өзiм ақылға шақыратынмын, өрекпiген көңiлiме бұғау салғандай қақпақылдайтынмын.

Мен сенi одан кейiн де қыдырыстап қайтуға талай мәрте шақырдым. Сен ылғи да “Жоқ, болмайды!” деп кесiп тастайтынсың. Бiрақ, бәрiбiр әрненi бiр сылтауратып, айналсоқтап қасыңнан кете алмаймын.

Сен менi үнемi күлiмсiреп қарсы алып, бар сырыңды айтып, жымиып шығарып салатынсың. Мұны да жақсылыққа жоритынмын. “Ол да менi жек көрмейдi. Әйтпесе, осы уақытқа дейiн бiр белгi берер едi ғой, жақтырмаса...” деймiн өзiмше күпсiнiп. Осындай күпiр ойлар кеудемде тұтана бастаған үмiт отын үрлей жағып, маздата түсетiн.

Бiр күнi ептеп қызулаумын, бөлмеңе батылдау кiрiп, тағы да өмiр жайлы ұзақ-сонар әңгiме айттым. Көңiлiм көтерiңкi едi, сен де ерекше жарқылдап отырдың.

— Кафеге барып, аз-маз көңiл көтерiп қайтсақ, қайтедi, — деп едiм сөз арасында. Көңiлiмдi қимадың ба:

— Жоқ, ондай жерге бармаймын. “Азия дауысына” барғым келедi, — дедiң қиылып.

— Барамыз... Мiндеттi түрде барамыз! — Қуаныштан жүрегiм жарылардай күй кештiм, — Келiстi! Иә, келiстi... О, тоба! О, Құдай-ай!..”

* * *

Екеумiз “Азия дауысына” бардық. Бұл жолы ән фестивалi Медеу шатқалында емес, Алматы шаһарының қақ төрiндегi Республика сарайында өттi. Бақ сынаған әншiлер бiрiнен соң бiрi сахнаға шығып, әннен шашу шашып жатты...

Екi көзiм сахнада болғанмен, бүкiл ой-санам қасымда албырап отырған сенде болатын. Үлбiреген бүрмелi қызыл көйлек киiп, қыр гүлiндей құлпырып кеткенсiң. Қимыл-қозғалысыңды қалт жiбермей көңiлмен бағып отырмын. Қайта-қайта демiңдi iшiңе тартып, қозғалақтай беретiн сияқтысың. Менiң де дем алысым жиiлеп, өзiмнен өзiм қобалжи бастадым. Ән тыңдау жайына қалды. Қыз жанына алғаш жанаса отырғандай-ақ, өз бойымды өзiм билей алсамшы. Маңдайымнан жiпсiп тер шыға бастады. Сөзге тартайын десем, жағым қарысып қалғандай икемге келер емес. Көмейiме тас тығылғандай, үн-түнсiз бедiрейiп отыра бердiм. “Ұят болды-ау! — деп қоямын — Не болды маған!..”

Концерт аяқталған кезде ғана “уһ” деп демiмдi бiр-ақ алғандай болдым.

— Жақын маңда кафе болса, аз-маз әңгiмелессек қайтедi, — дедiм тысқа шыққан соң.

— Атакентте бар, бiрақ бармай-ақ қояйықшы. Қатты шаршадым... — дедiң тостағандай көзiңдi төңкере тастап.

— Жоқ, барамыз! Күнде шақыра бермеймiн.

Сен үнсiз келiскендей сыңай таныттың. Атакентке келiп, шеттеу орналасқан шағын кафеге кiрдiк. Темекi түтiнiн будақтатып отырған екi жас қыздан басқа адам қарасы көрiнбейдi.

Осы оңашалықты пайдаланып, көңiлiмдегiнi ақтара ашып салғым келдi.

— Жаным! — дедiм қысыла сөз бастап, — Бiр нәрсе айтайын, ренжiмешi. Ренжiсең де, бiр жолға ренжiмей-ақ қойшы!..

— Айтыңыз!.. — Не айтар екен дегендей, жаутаңдай қарайсың. Бастауын бастап алсам да, көмекейiме келiп тiрелген көп сөздi бiрден лақ еткiзiп ақтара салуға батылым жетпей, қос қолыммен жағымды сүйеген күйi аз-кем үнсiз ойланып отырып қалдым.

— Не айтқалы отырғанымды өзiң де сезетiн шығарсың!.. Мен сенi ұнатып... Жүрiсiң, тұрысың, сөйлеген сөзiңе дейiн ұнайды. Тұла бойың тұнып тұрған сұлулық қой... Көрсоқыр болмасаң, сендей қызды жақсы көрмеу мүмкiн емес. Бiрақ, қанша жақсы көрсем де, екеумiздiң жолымыздың мәңгi қосылмайтынын да бiлемiн. Ақылды жарым, торсықтай ұлым, томпиған қызым бар. Өзiмнiң отбасымды да, сенiң болашақ тағдырыңды да ойлаймын. Сенiң, сендей қыздың бақыты үшiн өз сезiмiмдi талақ етуге қашанда дайынмын. Өз ошағымның түтiнi де түзу шыққанын қалаймын. Дегенмен, жүрегiмде саған деген асыл бiр сезiмнiң ұя сала бастағанын айтқым келген. Бiле жүрсiн деп...

Мен көсемше көсiлдiм, өз тағдырым туралы бiршама әңгiме айттым. Сен де шешенше шешiлдiң, өзiң жайлы бiрқыдыру сыр аштың.

— Мен бiр жiгiттi жақсы көргем, ол да менi құлай сүйген. Аты Абылай едi. Бiрақ бiздiң тағдырымыз қосылмады, — Қас-қабағыңды мұң торлап, көзiңнен жас тамшылары сырғи бастады, — Бәрi менен болды... Басқа бiр қызбен отау құрды. Бiрақ, iшкiлiкке салынып кеттi. Iшкiш боп кеттi. Иә, мен кiнәлiмiн оған. Көз жасына қалдым. Ендi менiң жолым болмайды!..

Сен одан әрi кемсеңдеп сөйлей алмадың. Тұнжырай томпиған қалпыңда қою мұңның құшағына оранып, үнсiз отырып қалдың. Қай-қайдағы еске түсiп, ойым онға бөлiнсе де, көңiлiңдi ауламақ ниетпен:

— Жоқ, мен бұған мүлде келiспеймiн. Олай түңiлмесеңшi. Сен оның аузына жығып алып арақ құймаған шығарсың. Маскүнемдiкке салынса, өзiнен көрсiн. Әр адам өзi үшiн өзi жауапты. Ты здесь причем! — дедiм сөзiмнiң соңын орысшалап.

— Иә, оны бiлемiн... Дегенмен ойлай беремiн. Егер қазiр Абылай маған үйленейiк деп келсе, ештеңеге де, ешкiмнiң сөзiне де қарамас едiм!.. Етегiнен ұстап, жүре беретiн едiм...

— Әйелi бар дейсiң ғой!..

— Некеге тұрмаған, қазiр бiрге тұрмайды-ау деймiн. Араққа мүлде салынып кеттi дейдi ғой!.. Қой, аға қайтайықшы!.. Басым ауырып кеттi...

— Жүр, апарып тастайын!..

Үйлерiңнiң маңында қыдырыстап бiраз жүрдiк. Түн түңлiгiн түсiрiп, қымтана жауып алған. Қараңғылықты көше шамдарының жарығы түре қуып, серпи сейiлтiп тастағандай, айналадағының бәрi тайға таңба басқандай ап-анық көрiнiп тұр.

— Ендi махаббат-сахаббат туралы айтып, басыңды қатырмаймын! — дедiм қоштасарда. — Мен үшiн сенiң бақытың бәрiнен қымбат!..

Сен еркелей келiп, сүйрiктей саусақтарыңмен қолымнан жаймен ұстадың да, ақырын қыстың.

— Жортқанда жолыңыз болсын, аға! Сiзге де жақсылық тiлеймiн!..

* * *

Мен шынымен саған жоламауға белдi бекем будым. Өзiме-өзiм серт берiп, ант қабылдадым: “Уыздай жас қыз ғой, өмiрiне бөгет болмайын, тағдырына зияным тимесiн!”

Күн артынан күн сырғып өте бердi. Сенiмен сыпайы бас изесе амандасып, жай ғана жөн сұрасып, ара-тұра сөйлесiп қалып жүргенiмiзбен, бөлмеңе барып әңгiмелесудi тас тидым. Жұмысқа тiк келiп, тiке қайтамын. Көбiне-көп кабинетiмнен шықпай, газет-журнал оқығансып, ұзақ күн ойға шомып отырамын. “Оңашада ой ториды” деген рас екен, қанша басымнан ысырып тастағым келсе де, ойыма орала бересiң. Күндiз де, түнде де, жатсам да, тұрсам да сенi ойлайтын болдым. “Бұл не сұмдық?”- деймiн кейде өзiмнен өзiм шошынып, — Қой бұным болмас!”

Өзiме-өзiм ақыл айтып, тоқтау салмақ болғаныммен, сенiмен ойша сырласу үшiн оңаша қалғанды қалап тұратын болдым. Ешкiммен шешiлiп сөйлеспей, үн-түнсiз ой қармап жүретiн әдет таптым.

Сенiң де көңiлсiз жүргенiңдi байқаймын. Бұрынғыдай жадырап күлмейсiң, самбырлай сөйлемейсiң. Жабығып, жалғызсырап жүрген сияқтысың.

Кiм бiлсiн, осылай жүре берер ме едiк, бiрге iстейтiн Фарида есiмдi қыздың тойына ұжым болып бармағанда. Той Талғар қаласындағы шағын мейрамханада өттi. “Бәрi жайғассыншы, елеусiздеу шеткi бiр столға отыра салармын!” деген оймен елдiң соңын ала кiргенмiн. Ортаңғы столдың жанында үрпиiп тұрғаныңды көрдiм. Ойымда түк жоқ, шет жақтағы столға тақап келiп, отыруға ыңғайлана бергенде маған қарай беттегенiңдi байқап, амалсыздан кiдiрiстей бердiм.

Қасыңдағы қыздарды жоғары өткiзiп жiберiп, дәл жаныма келiп жайғастың.

— Аға, бүгiн басымыздағы бүкiл проблеманы ысырып тастап, алаңсыз бiр демалайықшы! — дедiң жайнаң қағып.

— Сенiң жаныңда отырғанда мен онсыз да бәрiн ұмытамын!

Көзiңдi бадырайта сұқ саусағыңды аузыңа апарып: “Тиш...ш... — дедiң, — Ақырын сөйлесеңiзшi!..”

Сыбырлай сөйлесiп, зiлсiз әзiлдесiп, ыммен түсiнiсiп отырдық. Той тарқағанша бiр-бiрiмiзден бiр елi ажырамай, қос аққудай жарасып бiрге жүрдiк... Бiрге биледiк.

Сен бидi сондай жақсы көрушi едiң. Ән әуенi құлағыңа шалынса-ақ болды, тыныш отыра алмайтынсың, иықтарыңды қозғалақтатып, ырғала жөнелетiнсiң. Кермаралдай секеңдеп, қолыңды оңды-солды сермей, ғажап билейтiнсiң. Қимыл-қозғалысың сондай жарасып тұратын. Бұл жолы да жұрттың бәрiн өзiңе қаратып, құмарыңнан шыға бiр биледiң-ау!..

Той тарқап, Алматыға қайтып келдiк. Түн ортасынан ауған. Төңiрек жым-жырт, өлi тыныштық. Машинада екеумiз ғана.

— Жұрттың көзiнше қасыма бекер келдiң-ау! — дедiм мойнымды бұра жүзiңе үңiлiп, — Сөз ерiп жүрмесе!..

— Жаныңызға отырғым келдi!..

Қапелiмде аузыма сөз түспей, тосылыңқырап қалдым да, жайлап шашыңнан сипадым. Сүзiле қарап, басыңды сәл қисайтқандай болдың. Сол сәт қыран құсша қомдана түсiп, құшақтай алып, ернiңнен сүйдiм. Сен қарсылық бiлдiрместен бауырыма тығыла бердiң...

Құшағын айқара ашқан сол түн қандай ашық едi. Мейiрлене қалған көк аспан қандай мөлдiр едi. Толықсыған толған ай қандай көркем едi. Жымың қаққан жұлдыздар қандай әдемi едi. Шаштарын жайған теректер қандай көрiктi едi.

Сен неткен қылықты едiң!..

* * *

Осыдан кейiн бiр-бiрiмiздi тiптi жақын тартып, үйiрсек боп кеттiк. Қас қағысып, қабақпен түсiнiсiп, жүрекпен тiл табысып жүрiп жаттық.

Жұмыс уақытында да әзiл-қалжыңымыз жараса шүйiркелесе қаламыз. Түс әлетiнде асханаға барып, ұзақ-ұзақ сыр шертiсемiз.

— Ешқандай жiгiтпен бұлай сөйлесе алмаймын. Қастарында көп тұра алмаймын. Ал сiздiң жаныңызда отыра бергiм келедi, әңгiмелесе бергiм келедi! — дейтiнсiң еркелей тiл қатып, — Сiз қандай бақыттысыз, өз ойыңызды жүрекке жылы ғып жеткiзе аласыз. Оны түсiнетiн адамыңыз бар!

— Иә, мен жолым болғыш жолдаяқ адаммын. Саған жолықтырған тағдырға да еш өкпе арта алмаймын. Ризамын, саған, жаным! — дейтiнмiн ағымнан ақтарыла, — Бүгiн кездесейiкшi!..

— Кездескен деген осы емес пе?! — дейтiнсiң түк түсінбегенсiп.

— Жо.. жоқ. Жұмыстан соң кафеге барып, көңiл көтерейiкшi!

Сен үнсiз жымия басыңды изейтiнсiң. Жүзiң нұрлана ерекше әдемi боп кететiнсiң.

— Неткен сұлусың! — деймiн таңданысымды жасыра алмай, — Құдай саған бәрiн берген ғой!

— Өзiм сұрап алғам! — Сылқ-сылқ етiп, сықылықтай күлесiң. Балаша мәз болып, ерiксiз езу тартамын.

Кешқұрым кафеге барамыз. Отыра қалсақ болды, әңгiмемiз жараса қалатын. Сыралғы достардай бүкпесiз сыр ашысып, сырласатынбыз.

Сен көп ойланатынсың, жан-тәнiңмен берiлiп кететiнсiң. Жаз күнiндей жадырап отырып-ақ лезде қас-қабағың салыңқы тартып, мұңдана қалатынсың. Ондайда менiң де көңiлiм құлазып, жаным жабырқау тартатын. Сендегi мұңның бәрiн тықсыра қуып жiбергiм келетiн. Әңгiме желiсiн басқа арнаға бұрып, қабағыңды тез-ақ жазып алатынмын. Көбiнесе махаббат хикаялары жайлы сыр толғаймын. Өз сезiмдерiнiң құрбаны болған Ләйлi мен Мәжнүн, Жүсiп пен Зылиха, Еңлiк пен Кебек сияқты мұңлықтардың тағдыр-талайын тiлiме тиек етемiн.

— Қозы мен Баянның тойына жылап барып, жылап қайттым! — дедiм бiрде қаланың шет жағындағы бiр елеусiздеу кафеде салқын сыра сiмiрiп отырып, — Бұл жолы ерекше әсерлендiм. Әсiресе, екеуi қос төмпешiк боп қатар жатқан мазарларына барғанда сырттай ешкiмге бiлдiрмесем де, iштей бордай езiлдiм. Көңiлiм босап, көзiме қайта-қайта жас толып кете бердi... Саған кездескеннен берi жылауық боп кеттiм. Мынау бiр боркемiк, ез бiреу екен деп ойлама... Сен менiң семе бастаған, өле бастаған сезiмдерiмдi ояттың, қайта тiрiлттiң, жан бiтiрдiң. Нәрлендiрдiң, қуат қостың. Сол үшiн де саған ризамын, жаным! Сол үшiн де саған қарыздармын!..

— “Шын ғашықтар қосылмайды!” деген сөз рас! — дедiң жәудiреген жанарыңнан мөлтiлдей сырғыған бiр тамшы жасты қол орамалыңмен сүртiп жатып, — Сiзден бiрдеңе сұрайыншы?

— Сұрай ғой, жаным!

— Адамның жаны, жүрегi егiз боп жаратылады деген сөз рас па?

— Иә... солай...

— Сол егiз жан бiр-бiрiн iздеп жүредi екен, сол егiз жүрек бiр-бiрiн аңсап жүредi екен!..

— Иә... ол да рас... Жалғыздық Құдайға ғана жарасады. Қалған тiрi жан иесiнiң бәрiнiң сыңары болады.

— Мен де солай ойлаймын. Сiздi сәл көрмесем, ойлап жүремiн, сағынып жүремiн, аңсап жүремiн, iздеп жүремiн! Сiз де ылғи солай деп айтасыз ғой. Жанымыз, жүрегiмiз егiз сияқты. Өйткенi, мен талай жiгiтпен жүрдiм. Ешуақытта бұндай сезiм күйiн сезiнген емеспiн! Шын айтам... сiз күлмесеңiзшi!..

— Күлiп отырған жоқпын, жаным, жылап отырмын. Жүрегiм жылап жатыр. Бiреу айтса сенбес едiм, жүрек те жылайды екен ғой! Кәдiмгiдей солқ-солқ етiп, солқылдап тұрып жылайды. Кеудемнен шығып кетердей, тыпырлап жатқанын қарашы!..

— Жүрегiңiзге артық салмақ сала бермесеңiзшi!

— Жүрегiм де өзiм сияқты, ешкiмнiң ақылын тыңдамайды. Өз дегенiн iстейдi, өз қалауымен жүредi. Өзi тiленiп, өзiне-өзi салмақ салады, өзiн-өзi ауыртады.

— Қызық екен!

— Жалпы мен өзiм қызық адаммын ғой. Қызық адам болмасам, өстiп жүремiн бе?! Кейде өзiме өзiм таң қаламын. Мынаған қарашы... Әнеукүнi әйелiмнiң атасы қайтыс болып, ауылға бардым ғой... Сен ойымнан бiр сәтке де шыққан жоқсың. Тiптi, әйелiмдi құшақтап отырып та, сенi ойлап отырдым. Не деген сұмдық! Оны айтасың, сол атамызды жерлеп жатқанда да мен сенi ойлап тұрдым ғой. Құдай өзi кешiрсiн!.. Мен осындай қызық адаммын.

— Жоқ, сiз қызық адам емессiз, бөлекше жаратылған жансыз. Жаныңыз нәзiк, жүрегiңiз үлкен, — дедiң де аз-кем үнсiз ойлана отырып қалдың, — Әйелiңiздi, балаларыңызды көргiм келедi!

— Мен де сен тұрған ауылды, туған үйiңдi, оқыған мектебiңдi, мамаң мен папаңды көргiм келедi.

Кенет “Бiр сынап көрсеңшi” деген ой басыма сап ете түскенi. “Сынасам, сынап көрейiншi!” деген ниетпен:

— Астанаға кеткiм келiп жүр. Бiрге алып кетсем, барасың ба? — дедiм самарқаулау.

— Жо... жоқ. Атамаңыз. Жалғыз қалсам да, бала-шағасы бар еркекке тұрмысқа шықпаймын. Сiз ана жазушы ағаларыңыз сияқты бұзылмаңыз. Мен сiздiң өз ошағыңызбен бақытты болуыңызды қалаймын. Әйелi бар еркектен он қадам алыс жүрушi едiм. Сiзге қалай жақындап кеткенiмдi өзiм де бiлмеймiн... бiлемiн ғой... Бiрақ, бiлмеймiн... Маған жiгiттер көп келедi. Бiреуi көңiлiмнен шықпайды. Егер бойдақ болсаңыз, ойланбастан сiзге тұрмысқа шығар едiм. Шiркiн, адам өмiрге екi рет келсе ғой!..

— Мен де сенiң өз теңiңе қосылып, бақытты болғаныңды қалаймын, жаным!

Сол сәт әуездi әуен естiлiп, әсем ән шырқала бастады. Кафе iшiнде отырған қыз-жiгiттер бiрiнен соң бiрi ортаға шығып, секең-секең етiп, ырғала-жырғала билей жөнелдi.

Тағдырға бағындың ба,

Жiбек мұң жамылдың ба

Менi аңсап аяулым-ау,

Сен менi сағындың ба?..

Сен әндi жақсы айтушы едiң. Дауысың да сондай әдемi едi, сыңғырлап қана шығатын.

Сағындың ба,

Сағындың ба?.. —

деп ән қайырмасына қосыла кеттiң де, ыстық алақаныңмен қолымнан ұстап, жаймен сипаладың.

— Билейiкшi, аға!..

— Билейiк!..

Мiне, бiз осылай жасырын кездесiп жүрiп, бiр-бiрiмiзге әбден бауыр басып кеттiк. Сен өзiңнiң нұрдан жаралғандай табиғи болмыс-бiтiмiңмен ақыл-есiмдi алып, алды-еркiме қоймай, жанымды баурап, жүрегiмдi жаулап алдың.

* * *

Сол жылғы күзде Түркiстанда дүниежүзi қазақтарының екiншi құрылтайы өттi. Мен де қатыстым. Барарда поездың iшiнде Әлия есiмдi әдемiше келген қараторы қызбен таныстым. “Алтын бесiк” журналында қызмет iстейдi екен. Сызыла сөйлегенi, жымия күлгенi өзiне сондай жарасады. Қылығы ұнады. Қыздың қылығымен сұлуланып кететiнiн алғаш байқауым. Әңгiмемiз жарасып, тез тiл табысып кеттiк. Қайда барсақ та бiр-бiрiмiздi iздеп тауып аламыз, бiрге тамақтанамыз, бiрге жүремiз. Бiрақ, қанша жерден өзiмдi-өзiм алдаусыратқаныммен, көңiлiм көтерiле қоймады, түк серги алмадым. Сырттай күлiп жүргенiммен, iшiмде қасқыр ұлып жатты. Кеудем қыжылдап, жүрегiм сыздап ауырып тұратын болды. Ештеңеге зауқым соқпады, табақ-табақ боп тартылған тағамдарға да тәбетiм шаппады. Басымды әбден шырмап алған шырмауық ойдан арыла алмай, меңiреу адамша меңiрейiп жүрдiм. Жатсам да, тұрсам да сенi ойлаймын, ақ дидарың көз алдымда көлбеңдеп тұрып алады, әсем дауысың құлағымнан кетпейдi, айтқан сөздерiң есiмнен шықпайды. Кейбiр қылықтарың есiме түсiп, өзiмнен-өзiм ерiксiз езу тартамын. Сен бала сияқты едiң, қылықтарың балдай тәттi едi.

— Сiз де бала сияқтысыз, — дейтiнсiң жайраңдап, — Жап-жас жiгiт сияқты жүресiз. Жас жiгiттерше киiнесiз!..

Алғашқы түнi-ақ түсiме кiрдiң. Сол бәз-баяғы қалпың. Жымиясың, күлесiң, назданасың, еркелейсiң... Түртiп қалып, тұра қашасың... қашып жүрсiң... ұстатпайсың.

Түн жарымына дейiн ары-берi дөңбекшiп ұйықтай алмап едiм, таң атпастан оянып кеттiм. “Тағы да бiраз жата тұрайын!” деген оймен көрпемдi тас бүркене жамылсам да, көз iле алмадым. Сенi ойлай беремiн... ойлай беремiн...

Ұйқымның шалалығынан ба, басым мең-зең боп, денем дел-сал күйде күнi бойы мәңгiдей мәңгiрiп жүрдiм. Аңсарым ауып, жаным жоқтап, көңiлiм аласұрып iздей бередi. Кешке дейiн әрең шыдадым. Жиналыс, мәслихаттардан қолым босай салысымен-ақ телефон соқтым.

— Сағынып кеттiм! — дедiм аман-саулықтан соң.

— Мен де сiздi сағындым! — дедiң дауысың солғын тарта күрсiнiп, — Өзiмнiң де сөйлескiм келген. Қайдан табарымды бiлмей отыр едiм. Бiрақ хабарласарыңызды бiлгем... Е, айтпақшы, сiздi түсiмде көрдiм. Менi қуып жүрсiз, мен қашып жүрмiн! Ақыры ұстай алмадыңыз, ұстатпай кеттiм! — Сылқ-сылқ күлесiң, — Неге үндемей қалдыңыз?.. Ренжiп қалдыңыз ба?..

— Жо... жоқ, жаным! Жаратылыстың қүдiретiне таң қалып тұрмын.

— Неге?

— Мен де бүгiн түсiмде сенi көрдiм. Өзiң айтқандай, сен қашып, мен қуып жүрмiн.

— Қойыңызшы!

— Алланың атымен ант етемiн, шын айтам. Бiрақ, сен қаша бер, мен қуа берейiн. Өмiр сонысымен қызық. Сенi бiреу қуады, сен бiреудi қуасың. Бiз солай жаратылғанбыз. Тағдырымыз солай! Ұстатпайтыныңды, ұстай алмайтынымды бiле тұра қуа бергiм келедi. Қуа бергiм!..

— Сiз қуа бермесеңiзшi!

— Иә, жаным өзiм де ойланып жүрмiн...

Сенiмен сөйлесiп, бойым жеңiлдеп, жаным жай тапқандай болғанымен, сыңғырлаған сазды үнiң құлағымнан кетпей, айтқан сөздерiң санамда қайталанып, жаңғыра бердi: “Мен де сағындым... Сөйлескiм келген... Сiздi түсiмде көрдiм... Мен қашып, сiз қуып жүрсiз... Ұстатпай кеттiм... Сiз қуа бермесеңiзшi!”

* * *

Алматыға қайтып келген күнi-ақ салып ұрып бiрден жұмысқа келдiм. Екеумiз есiк алдында кездесiп, әдепкi әдет бойынша “Кулинарияға” бардық. Ұйқыдан жаңа тұрғандай, жүрiсiң сылбыр, жүзiң солғын, көңiлiң пәс.

— Не болды, жаным, бiреу ренжiттi ме? — дедiм салған жерден сұрақтың астына алып, — Бiр жерiң ауырып тұр ма?

— Жоқ... жай әшейiн...

— Айтшы, жаным, не болды, саған!

— Аға... бұл жүрiсiмдi қойғым келедi. Сiз менi “Ақылдысың!” дейсiз, мен ақымақпын ғой! Ақылды болсам, өстiп жүрем бе?!. Ақымақпын!..

— Жоқ, сен ақылдысың. Ақымақ болсаң менiң сенде нем бар?! Мен де ақымақ емеспiн, ойланбайды дейсiң бе?! Ойланамын, күн сайын ойланамын. Бiрақ, бәрiнен де сезiмдi тежеу қиын екен. Ең абзалы, сол сезiмi құрғырды құрсақта өлтiру керек екен ғой, ал шыр етiп дүниеге келдi ме, ақылың адыра қалатын көрiнедi.

— Оны бiлемiн... Бiрақ, қорқамын!

— Кiмнен? Менен бе?

— Жоқ. Өзiмнен.

— Неге?

— Айта алмаймын!

— Менен несiн жасырасың, жаным-ау!

— Сiздi қатты жақсы көрiп барамын, сезiмге мүлде берiлiп кеткен сияқтымын. Ешқандай қарсылық көрсеткiм келмейдi. Қыздар айтады, артынан өкiнесiң деп. Болары болып, бояуы сiңiп қойғаннан кейiн өкiнгеннен не пайда?! Өзiме өзiм серт бергенмiн, бүлiнiп қалсам, өмiрi күйеуге шықпаймын, тұрмыс құрмаймын!

— Шынымды айтайын, сенесiң бе маған?

— Сiзге сенбегенде, кiмге сенем!..

— Ендеше тыңда. Сен қойғым келедi, қояйық десең, мен қайда барамын, жаным-ау! Мен қуанып отырмын. Шынымен қуанып отырмын. Сендей көркiне ақылы сай қызбен аз уақыт болса да сырлас, сыйлас болғаныма қуанамын. Еш өкiнбеймiн. Сен маған көп нәрсе сыйладың. Саған ұнаймын деп жүрiп, сенiң жүрегiңдi қайтсем де жаулаймын деп жүрiп, бiраз шаруа тындырдым... Ең аяғы әдемi киiнiп, таза жүруге дағдыланғаным да сенiң арқаң. Сен соны бiлесiң бе?!. Сол үшiн де саған ризамын! Сол үшiн де саған қарыздармын, жаным! Кейде өзiмнен өзiм ойланамын, бiрақ, миым жетпейдi. Ендi бәрi бiттi ғой, айтшы, жаным, артыңнан небiр сен тұр, мен атайын дейтiн сырбаз жiгiттер жүгiрдi ғой. Соның бiреуiне де көз iлмей, маған қалай ерiдiң? Бiлгiм келедi!

— Сiз... сiз ақыл-ойдың... сезiмнiң адамысыз ғой. Сезiмтал жансыз. ...сезiндiре алдыңыз! Сiздей адам ендi маған кездеспейтiнiн де бiлемiн. Жан сырымды сiзге ғана айтатынмын, сiзбен ғана ашық сырласа алатынмын. Сiз өз ой-пiкiрiңiздi ашық бiлдiресiз, ақылыңызды айтасыз. Көңiлiм қандай құлазып келсе де, сiзбен әңгiмелескеннен кейiн керемет жеңiлдеп қалатын. Сiздей адам сирек. Жаныңыздың тазалығы, адалдығыңыз ұнайды. Мен сiздi талай сынадым... Шын жақсы көретiнiңiзге, ыңғайсыз жағдайда қалдырмайтынығызға көзiм әбден жеттi. Дәлелдедiңiз. Жалпы мен сiзге сендiм. Сенгендiктен кейiн, көңiлiмнiң жiбiп, құлағаны да рас. Жаныңыздың тым шуақтығынан болар, қар сияқты қалай ерiп кеткенiмдi өзiм де бiлмеймiн. Оған еш өкiнбеймiн. Мен де сiзге ризамын! Мен де сiзге қарыздармын!

— Бұдан былай мен сенiң ағаңмын, сен менiң қарындасымсың. Аға мен қарындастық қарым-қатынаста боламыз. Сыйластық сезiмде қалайық. Бәрiне кiнәлi сезiм ғой. Жанның жарасымынан iңгәләп қызылшақа сезiм дүниеге келдi... Бiрақ, ендi бәрiн жүрекке емес, ақылға салу керек. Қоштасу керек! Бүгiн болмаса да, әйтеуiр бiр күнi саған жылап тұрып батамды берiп, бақыт тiлеп қала беретiнiмдi бiлгем. Сезгем... Өйткенi, мен сенi бақытты ете алмаймын. Керiсiнше, бақытсыздыққа душар етуiм мүмкiн. Сен менiң жүрегiмнен өз орныңды алдың, жеке өмiрiмдегi ең аяулы бейнелердiң бiрiсiң. Жылан сияқты жорғалап жерде жүрсем де, қыран сияқты көкте қалықтасам да сенi ешқашан ойымнан шығармаймын, ешуақытта ұмытпаймын! Сол бiр шуақты күндердi, сол бiр мұңлы түндердi қайтiп ұмытайын, қалайша есiмнен шығарайын!..

Сен қос қолыңмен жүзiңдi жауып отырып қалдың. Ауыр күрсiндiң.

— Мен де сiздi ұмытпаймын! Сiз де менiң жүрегiмнен өз орныңызды алдыңыз!

Әңгiме осымен бiттi де, екеумiз ендi кездеспейтiн болып, жұмысқа келдiк. Ештеңе iстегiм келмедi, кабинетiме келiп, оны-мұны қарағансып бiраз отырдым да, есiктi тарс жауып, қайта шықтым. Басқыштың жанында мөлиген қалпы қабырғаға сүйенiп тұр екенсiң.

— Аға, үйге апарып тастаңызшы! — дедiң жанарың жәудiреп.

Қия алмай қиналып тұрғаныңды сездiм. Бiрақ, қайырылғым келмедi.

— Асығып барамын, ренжiмешi! — дедiм жүре сөйлеп.

— Ренжимiн! — Дауысың саңқ ете қалды.

Мен ештеңе естiмегендей аяғымды жылдамдата басып қайырылмастан кете бардым. “Иә, қою керек!.. Жап-жас қыздай ақылың жоқ-ау!.. Барып тұрған ақымақпын! Ақылдымын деп кеуде кергенде сондайсың, жоқ, ақылды болсаң, өзiң-ақ қояр едiң ғой.

Алланың құлы, адамның ұлы боламын десең, ең алдымен нәпсiңдi тый! Нәпсiге ерсең, ешуақытта опа таппайсың! Нәпсiге берiлгенiң, адамдық қасиеттен айрылғаның деп бiл! Адам боламын десең, ең алдымен, өз нәпсiңмен күрес. Өз нәпсiңе тежеу сал! Ар мен иманды ойла! Шөлмек мың күнде емес, бiр күнде сынады. Бiр күнi болмаса, бiр күнi шаңырағыңның шаттығы бұзылып, абыройың айрандай төгiлуi мүмкiн.

Бәрiнен де қыз баланың тағдырын, абыройын, бақытын ойласаңшы!.. Жауапкершiлiк сенiң мойныңда! Бiр күндiк рахатты, бiрер сәттiк ләззәттi күйттеумен жүрiп, ғұмыр бойы арыла алмайтын күнәға батуың мүмкiн. Өмiрбойы өзiңдi кiнәлi сезiнiп, есiңе түскен сайын, көзiңнен жас емес, қан сорғалауы ғажап емес. Ендеше ендi ғашықтық сезiмдi сыйластық сезiмге ұластырып жiберуiм керек!.. Иә, солай!..”

* * *

Арада екi-үш күн өте шықты. Мен үшiн өте ауыр күндер болды. Көңiл хошым болмай, қамыға жабығып жүрдiм. Сенi көрсем, жүрегiм аттай тулап қоя бередi. Жаныңа жетiп барғым келедi, сөйлескiм келедi, сыр ашқым келедi, сырласқым келедi. Бiрақ, өзiме-өзiм тежеу салып, басу айтамын: “Отыз алтыға келдiң. Бiле бiлсең, бұл жiгiт ағасының жасы. Өзiмiздi өзiмiз қолдан жасартып жүргенiмiз болмаса. Ендi көп ыржыңдап-тыржыңдауға болмайды. Ер адамға ырбыңдау жараспайды. Алтыннан да қымбат әз уақытты құр елтең-селтеңмен өткiзбей, үнемi өнегелi бiр iс тындыруға тырыс. Дөңгеленген дүние сен үлгерiп қалсын деп, қарап тұрмайды, дөңгелей бередi. Бiлiнбей өте бередi, өте шығады... Ойланатын жасқа келдiң!.. Ойлану керек!..”

Осындай ойларға берiлiп, өзiмше жағымсыз деп санаған ескi әдеттердiң бәрiнен арылуға тырысып, сенiмен арамызды бiржолата суытуға белдi бекем будым. “Иә, Алла, мықты ғып жаратып едiң, мықтылық бер!..” деп қоямын iштей күбiрлеп.

Қанша жерден өзiме-өзiм серт берiп, уәде етсем де, миымнан мүлде шығарып тастағым келсе де, шырмауықтай шырматылып ойыма орала бересiң. Көңiлiмде жаңғырып, сұлу сұлбаң көлбеңдеп көз алдымнан кетпейдi...

Сондай бiр ой теңiзiнiң иiрiмiне иiрiлiп, тереңiне батып, мұңдана мұңайып отыр едiм.

— Сiздi бастық шақырып жатыр! — дедi хатшы қыз келiп.

Бас редактор қызылға түсер бүркiттей қомданып отыр. Қас-қабағы қатулы, жауар бұлттай түнерiп алған. Кiрген бойда, сәлемiмдi де алмастан дүрсе қоя бердi:

— Осы сен не iстеп жүрсiң, өзi?!. Бөлiмiңнiң жұмысы мүлде тоқтады. Еш ұсыныстарың жоқ. Идея тастамайсыңдар. Дым жұмыс iстемейтiн болдыңдар! Маған ерегескендей, түк жазбай кеттiңдер!.. Газеттiң бетiн өз аяғымен келген мақалалармен толтырып әлекпiз. Қашанғы авторларға арқа сүйей беремiз. Өздерiң жазсаңдаршы... Жазу қолдарыңнан келедi ғой!.. Бiр жағы өздерiңе тиын-тебен болады, — деп сөзiн екпiндетiп келiп, ұзақ-сонар ақыл айтты.

— Аға, бiраз болды ауырып жүр едiм, — дедiм ұялған тек тұрмастың кебiмен күмiлжи тiл қатып. — Ендi iстеймiз. Жазамыз!..

— Бәсе... бәсе... — Түсi жыли бастады, — Жарқылдап жүрушi едiң. Кейiнгi кездерi неге томаға тұйықталып кеттi десем... Бәсе... бәсе...

Редактордың бөлмесiнен шыға бере состиып тұрып қалдым. Хатшы қыздың жанында бiр топ қыз үйiрiле қалыпты, әлдененi қызу талқылап жатқан сияқты. Сен әңгiмеге араласпай шеттеу тұр екенсiң. Қара кофта, қара шалбар, қара туфли киiп алыпсың. «Сымбатты да, көрiктi қызға не кисе де жараса бередi-ау! — деп ойладым iштей. — Қара киiм киiп алса да, қараңғыға жарық шашар май шамдай жарқырап тұрғанын қарашы!..»

Кiдiрiстеп қалғанымды сездiң бе, тура көзiңдi көзiме қадай жалт қарадың. Жасындай жарқ еткен мұңлы жанарың жай отындай жалын атып тұр. Мұндай сырлы көзқарасты бұрын-соңды көрген емеспiн. Қас пен көздiң арасында көп сыр айтып үлгердi: «Мен сiздi сағынамын... Қимаймын... Қоштасқым келмейдi... Кездескiм келедi тағы да... Кездесейiкшi!..» дейтiн сияқты.

Жүрек тұсым шаншып өттi. Ләм-мим деп бiр ауыз сөз айта алмадым. Ештеңе ұқпаған адамдай үн-түнсiз бұрыла бердiм.

Кабинетiмде сенiмен үнсiз сырласып ұзақ отырдым. «Мен де сенi жанымдай жақсы көремiн ғой, жаным!.. Сағындым!.. Күнде көрiп жүрсем де, алыста жүргендей сағынып жүрмiн!.. Мен де қимаймын. Жоғалтқым келмейдi, сенi. Қоштасқым келмейдi!.. Кездескiм келедi тағы да. Бiрақ... иә, бiрақ... Екеумiздiң өмiрiмiз екi бөлек қой!.. Сенiң өз тағдырың, менiң өз тағдырым бар. Маңдайдағы жазудан ешкiм де ұзап кете алмайды. Сондықтан, жанымыз қанша бiрге десек те, жүрегiмiз қанша егiз десек те, болмайды ғой, жаным, болмайды! Бiлесiң бе, жаным, қоюымыз керек бәрiн!..»

Қайта-қайта көзiме жас тығыла бередi. Осылай толғана толқып отырғанда Әлия кiрдi күлiмсiреп. Екеумiз өмiр жайлы сыр шертiсiп ұзақ отырдық. Бiр кезде сен кiрдiң. Қабағың түсiңкi. Мен кезекшi едiм. Сылбыр басып келiп, «Оқыңыз!» деп дайын беттердi үстелiмнiң үстiне қойып кеттiң. Сәлден кейiн «Оқып жатырсыз ба?» деп тағы кiрдiң. Жаныма жақындап келiп, Әлияға қолтаңба жазып берген кiтабымды қолыңа алып, алғашқы бетiндегi «Жаным!..» деп басталатын жазуларды оқыдың да, тiл қатпастан бұртиып шығып кеттiң.

Сүт пiсiрiмдей уақыт өткеннен кейiн тағы келдiң. Қолыңда газеттiң компьютерден жаңа шыққан беттерi бар. «Оқыңыз!..» деп алдыма тастай салдың да, бұрыла бердiң. Қарасам, бiр беттiң шетi бүктеулi тұр. Қызыл сиямен «Қызғанады деп ойламайсыз ба?» деп баттитып жазып қойыпсың. Шыдай алмай күлiп жiбердiм.

— Не болды, ағай? — дедi Әлия сұраулы жүзбен.

— Кешiршi, жаным!.. Жай әншейiн... Ойыма бiрдеңе түсiп кеттi...

— Ондай бәрiмiздiң басымызда болады...

— Мен бiр нәрседен қорқамын! — дедiм әңгiменi басқа арнаға бұрғым келiп.

— Неден?

— Ғашықтықтан... Ғашық болып қалудан. Ғашықтықтың азабынан.

— Неге? Неге олай дейсiз?

— Өмiр қызық екен ғой, жаным. Өзiм жақсы көрiп үйленген әйелiм, бала-шағам бола тұра, жап-жас бiр қызға ғашықпын. Өлердей ғашық болып қалдым. Ғашықтықтың азабын тартудай-ақ тартып жүрмiн. Ғашықтықтың — ғарiптiк екенiн кiм бiлген!

Әдейi айттым. Өйткенi, оның сөзi мен көзқарасынан маған деген бiр бал сезiмi ояна бастағанын сездiм. Сездiрдi. Сол бiр қызылшақа сезiмнiң жарық дүниеге iңгәлай келгенiн қаламадым, жатырында тұншықтырып өлтiргiм келген. Өйткенi, бұл сезiмнiң де маған бақ әкеле қоймайтынын бiлдiм. Бiлгендiктен де алдамшы сезiмге бой алдырғым келмедi.

— Мен оны жанымдай жақсы көремiн. Сондықтан да оның болашақ тағдырына көп алаңдаймын. Бақытты болса екен деймiн. Бақытын тапса екен деймiн. Егер мен сүйген сол қыз бақытты болса, мен де бақыттымын. Ал бақытсыз болса, менiң де бақытсыздығым... Кездестiк... Құдай кездестiрдi... Оған еш өкiнбеймiн. Бiрақ, ендi қою керек!.. Қоштасу керек!..

— Бiлем!.. Бәрiн бiлем!.. Сұлу екен!..

Әлия үнсiз орнынан тұрып, қайтуға бет алды. Мен оны сыртқы есiктiң алдына дейiн шығарып салдым. Ол қоштасқысы келмей, қипақтап сәл тұрып қалды. Бiр сәт жүзiме тiке қарады да, жымия түсiп қолымды қысты. Мен тақап келiп, ернiнен сүйдiм.

— Аман жүршi, жаным!..

— Сiздiң де амандығыңызды тiлеймiн!.. — Ол елжiрей бiр жымиды да, жүре бердi.

Iшке кiре бере сенi көрдiм. Түк болмағандай жанымнан жанай өтiп бара жаттың. Аппақ бiлегiңнен шап берiп, ұстай алдым.

— Не, ренжiп қалдың ба?..

— Жоқ... Қайта сiздi ренжiтiп алдым-ау деймiн. Мен... кешiрiңiз... Ендi өйтпеймiн. Бiлмеймiн... Неге олай iстегенiмдi... — дедiң мұңайыңқырап. — Сiз оны әдейi шақырдыңыз ғой!..

— Жоқ, ол өзi келдi. Шын айтам... Алланың атымен ант етемiн, ол өзi келдi!.. — дедiм кінәлi адамдардай-ақ ақталып.

— Былай қарасаң, сен менiң ештеңем емессiң ғой. Бiрақ, мен де сенi өлердей қызғанамын. Маңыңа еркек атаулы жақындап кетсе болды, қызғаныштың қызыл итi сумаңдап, жаныма жай таптырмай кетедi.

— Е... ештеңеңiз емес екенмiн ғой!.. Ендеше...

Мен сөзiңдi аяқтатпай, iлiп алып:

— Жо... жоқ... жаным... түсiнсеңшi... Жүршi... Сыртқа шығып сөйлесейiкшi! Паркке келшi. Мен сонда боламын, — дедiм жөпелдете.

— Сiз бара берiңiз!

Мен саябақтағы алып теректiң тасасына келiп тұрдым. Сен де артымнан iле-шала шықтың.

— Менiң саған деген сезiмiм сұмдық алапат қой. Тас жарып, тау қопаратындай ғаламат, — дедiм жақындап келгенде, — Мен жазушымын. Бұны жазуым керек. Келер ұрпақ бiлуi керек... Әлi екеумiздiң махаббатымыз туралы аңыз тарайды, Қозы мен Баян сияқты жырға қосады. ...Иә, Алла-ай, адамды да осылай жақсы көруге болады екен-ау!.. Бұл махаббаттан да асқан асыл сезiм ғой!..

— Махаббаттан асқан қандай асыл сезiм болуы мүмкiн!

— Болады!— дедiм сөзiмдi нықтап,— Бұл менiң ұлы сезiмiм!..

Көзiме көзiңдi қадай мейiрлене бiр қарадың да, бас салып құшақтай алдың. Еркелей басыңды иығыма қойдың да:

— Бiздi табыстырған Алла, Алла ғана ажырататын шығар!.. — дедің жаймен ғана.

Бұндай сөз күтпегендiктен болар, не айтарымды бiлмей, аз уақыт үн-түнсiз состиып тұрып қалдым. Көңiлiм желдi күнгi теңiздей толқып кеттi. Елжiрей шашыңнан сипадым.

— Жаным, жылатасың ғой!..

* * *

Міне, біз осылай қайтадан салқынқанды ақылды ысырып қойып, сылаң қаққан сылқым сезімнің жетегіне еріп кете бардық. Бір-бірімізді қия алмай, бір-бірімізден кете алмай, жасырын кездесіп жүріп жаттық. Бірақ, мені көбінесе сенің болашақ тағдырың көбірек ойландыратын, толғандыратын. Бақытсыздыққа душар етем бе деп те қорқатынмын. Бақытты болғаныңды шын жүрегіммен қалайтынмын. «Ей, Алла, бар екенің рас болса, маған жұдырықтай жүрегін ұсынған осы қызды бақытты ете гөр!» — деп Жаратқанға жалбарынатынмын.

— Сізге жолықтырған тағдырға еш өкпем жоқ. Бақыттымын!.. — деуші едің жайраң қағып.

Бірақ, бұның алдамшы бақыт екенін мен жақсы білетінмін. Сені шынайы бақытқа бөлей алмайтынымды ойлап:

— Бұл жүрісімізді қоймасақ болмас! — дейтінмін ақылым кіріп қалған кездерде.

— Аға, өмірдің өзі-ақ әлі сіз бен бізді екіге айырып жібереді. Айрылғымыз келмесе де, ажырауға тура келеді!.. — деуші едің-ау ондайда.

Күн артынан күндер зулап өтіп жатты... Зымырандай зымыраған уақыт-ай!.. Үш жылдың үш күндей болмай, қалай жылдам өте шыққанын да білмеймін... Бақыттың шуағына молынан шомылып, сезім шарабын мейлінше қанып ішкен қимас күндер еді, сол күндер... Мен оны қалай ұмытайын!.. Ұмыту мүмкін емес.. Мәңгілік естен кетпес сәулелі сәттер, шұғылалы шақтар ғой, ол!.. Бірақ, біздің бұл алдамшы бақытымыз ұзаққа созылмады. Өйткені бір-бірімізді қанша жақсы көрсек те, бір-бірімізге қанша ғашық болсақ та, мәңгібақи қосылмайтын қос өзен сияқты едік...

Мен сені бақытты ете алмайтынымды білсем де, бақытты боларыңды сезгем. Сендей қыздың бақытты болмауы мүмкін емес!.. Кездесуіміздің үшінші жылғы күзінде сен Ардақ есімді жігіттің етегінен ұстап, шырайлы Шымкентке келін болып кете бардың...

— Екеуміздің жолымыз екі басқа! — деп айтушы едім ылғида.

Иә, солайы солай!.. Солай болды да. Өзің айтқандай, өмір өз дегенін істеді... Өз жартыңды тауып, өз жолыңмен, өз жөніңмен кете бардың...

Екеуміз кездескен соңғы түнді есіме де алғым келмейді. Не деген қараңғы, не деген қоқынышты, не деген ызғарлы түн еді!.. Ай да жоқ, жұлдыздар да жым жылас жоғалып кеткен...

...Таңның қалай атқанын да білмеймін. Жібі-түзу сөз де айта алмаппын-ау!.. Тек сенің:

— Мен сізді ешуақытта ұмытпаймын. Бейнеңіз көңілімнің түкпірінде, есіміңіз жүрегімнің төрінде мәңгі бақи сақталады. Көңілімнен өшпейсіз, жүрегімнен сөнбейсіз! Мен сіздің ақ-адал махаббатыңызбен өмір сүремін!.. — дегенің құлағымда мәңгіге жатталып қалып қойды.

Сенің көз алдымнан бақ құсындай жыраққа ұшып кеткенің жүрегімді ауыртса да, бұл мен үшін қайғы емес, қайта қуаныш!.. Қыз баланың теңін тауып, өз жолымен кеткені, қандай бақыт!..

Иә, мен саған бақыт тілеп қала бердім. Содан бері хабарласқан емеспін. Мазалағым келмеген... Тек ұлды болғаныңда ғана телефон шалып, құттықтадым. Енді, міне бүгін... өзіңнің туған күніңде хабарласып тұрмын... Іштегі ащы запыранды сыртқа шығарған да сол... Бәрін еске түсірген де сол сенің туған күнің... Сенің дауысың... Сенің сөзің...

Неге кештеу тудың екен, менің кештеу жолықтырған, арманымдай ақ құсым!..

— Бақыттымын! — дедің-ау бүгін тағы.

Иә, мен де бақытсыз емеспін!.. Сенің бақытты болғаның үшін де бақыттымын!..

Иә, мен бақыттымын!.. Шаттығы ұйыған шаңырағым бар. Асыл жарым, ешкімге де, ештеңеге де айырбастамас аяулы ұл-қыздарым бар. Бірақ... иә, бірақ, бұл өмір ғой!.. Өмірде не болмайды!.. Бәрі болады екен ғой!..

Құдай кезіктірді. Кездестік... Аз күн сырлас болдық... Сол күндерден құс жолындай із қалды... Жүректе мәңгі өшпейтін от қалды... Басым жерге тигенше шырқап өтер ән, айтып тауыса алмас жыр қалды...

Сен менің жүректе сақтар бойтұмарымсың!..

* * *

Бүгін сені есіме алып, көңіл көкжиегімді тағы да мұң торлады. Асыл бейнең көз алдымда көлбеңдеп, жүректі сағыныш сазы сыздатты.

Күні бойы жайым болмай, мазам қашып, жұмыстан ертерек шықтым. Ақырын аяңдап қарсыдағы баққа келдім.

Бақ ішін сарғайған жапырақтар жапқан. Жартылай жалаңаштанған тал-теректердің бұтақтары арбиып-арбиып, көріксіз күйге түскен. Жапырақсыз ағаштың да сәні кірмейді екен-ау!..

Бақ ішіндегі хауызда бір-біріне жанаса қос аққу жүзіп жүретін. Біреуінің бір қанаты сынық еді, су бетінде салбырап жататын. Қайда кететінін, қайдан келетінін білмеймін, жыл құсы сияқты суық түсе жоқ болып кететін де, күн жылына қайтадан пайда болатын.

Осы бақ ішінде, дәл осы жерде алғаш рет маған деген сезіміңнің бүр жарып, бүршік ата бастағанын аңғарып едім, сезініп едім... Бәрі әлі есімде, сол күнгідей көңілімде сайрап тұр...

Дүйсенбі күні болатын. Туған жерім — Семейге бір аптаға іс-сапарға барып келгенмін. Бөлмеңде бір топ қызбен әңгіме-дүкен құрып отыр екенсің. Есіктен кіре бере аяғыңдағы ақ тәңкеткеңе көзім түскен. Сүп-сүйкімді, әп-әдемі көрінген. Аяғыңа сондай жарасып тұрушы еді. Мен сенің сол тәңкеткеңе дейін жақсы көріп едім ғой!.. «Ой, дүние-ай!..» — десеңші!

Бір жапырақ қағазға «Сыртқа шығып кетші!» деп жазып, қолыңа ұстаттым да, өзім шығып жүре бергем. Дәл бір менің шақыруымды тағатсыздана күтіп отырғандай, артымнан ілесе сен де шықтың.

Екеуміз сонда осы жерге келіп, алғаш рет жүрек қылын шерткендей болып едік. Алғаш рет қолыңнан ұстап, шашыңнан сыйпап, маңдайыңнан иіскеп едім... Ең алғаш бетіңе бетім тиіп, сен тарапынан да бір жылылық сезініп едім... Сезіндіріп едің... Иә, ең алғаш...

Тек ол кезде күлімдеген көктем еді. Ал, қазір күреңіткен күрең күз. Сол күні табиғат та ерекше нұрланып еді-ау, ал бүгін түксие түнеріп тұрғанын қарашы!..

Қалың ойдың құшағында тұрып, жаңбыр жауып кеткенін де байқамаппын. Кәдімгі Алматының ақ жауыны құйып кеп берсін...

Күн күркіреді. Шатыр-шұтыр етіп найзағай жарқылдады. Кенет, бір талдың түбінде шоқиып отырған көк кептерге көзім түсті. Қанатын кеудесіне қусыра түсіп, судан шыққан саршұнақтай бүрісе қалған. Жан-жағына жәутеңдай қарап қояды...

Жаңбыр құйып тұр. Үсті-басым малмаңдай су болғанына қарамастан, бұл жерден кеткім келмеді. Кете алмай, бөгеле бердім. Күндей күлімдеп, талдардың арасынан сен шыға келетін сияқтысың...

— Бұл тарихи жер. Сенің алғаш пәк сезіміңді сезінген жер! — дейтінмін осы маңға келген сайын.

— Онда бұл жерге ескерткіш қою керек шығар! — дейтінсің наздана.

— Ескерткішті мен бұл жерге емес... Жүрегіме қоямын!..

— Мен сізге әлдеқашан қойып қойғам, сенбесеңіз жүрегімді ашып қараңыз!.. — дейтінсің сықылықтай күліп, — Кіп-кішкентай жүрегімнің ішінде сіздің алып бейнеңіз тұр!..

Сенің де нұрлы бейнең жүрегімде, көңілімде, ой-санамда мәңгіге қалып қойды. Алыста болсаң да, қасымда жүрген сияқтысың. Кейде міне осылай ойша сырласамын... мұңдасамын... кездесемін...

Ілби басып келіп, машинама отырдым. Кілтті қосып, оталдырдым. Радиодан ән әуелей жөнелді.

Аңсаудан арылдың ба

Сезімге табындың ба

Көз ілмей ойлай-ойлай,

Сен мені сағындың ба?..

Иә, аңсаудан арыла алмай, сезімге табынып, көз ілмей ойлай-ойлай, мен сені сағынып жүрмін!..

Иә, сағындым сені, жанқалқа!..





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз