Өлең-жыр байқауы

Мастопатия

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мастопатияны сүт бездеріндегі эпителий мен дәнекер тіндерінің тепе-теңдігінің бұзылу нәтижесінде пайда болатын фиброзды-кистозды ауруға жатқызады. Мастопатия — ісікалды ауруы. Бұл организмдегі гормоналдық бұзылыстар салдарынан дамиды.

Қазіргі кезде сүт безінің қатерлі ісігі мастопатиясы бар ауруларда 3-5 есе, ал сүт бездері тіндерінің пролиферациясы бар мастопатияның түйінді түрлерінде 40 есе жиі кездеседі.

Мастопатияның пайда болу себептері

Сүт бездері — әртүрлі гормондардың нысанасы. Оның өсіп-жетілуіне аналық без гормондары (эстроген, прогестерон) және гипофиз гормоны — пролактин ықпал етеді. Пролактиннің әсерінен сүт бездерінің эстрогендерге сезімталдығы күшейіп, босанғаннан кейін сүт бөлінуіне әсер етеді. Сонымен қатар сүт бездеріне қалқанша без гормондары, бүйрекүсті безі гормондары және ұйқы безі гормоны — инсулин де өз әсерін тигізеді. Ал сүт бездері май тіндерінің осы гормондарды жинайтын қасиеті бар. Осы айтылған себептерден гормоналдық тепе-теңдіктің бұзылуы мүмкін.

Гормоналдық тепе-теңдіктің бұзылуынан туындайтын сырқаттар:

1. Гинекологиялық аурулар;

2. Етеккір айналымының бұзылысы;

3. Гипофиздегі патологиялық өзгерістер;

4. Гормоналды аурулар немесе гормондардың әсерінен кейінгі жағдай:

— етеккіралды синдромы;

— эндокриндік бедеулік;

— сары дене қызметінің жетіспеушілігі;

— жатыр миомасы;

— эндометриоз;

— түсік тастау;

— жыныстық жетілудің кешігуі;

5. Түсіктер;

6. Бала емізбеу;

7. Сүт безінің жарақаты;

8. Бауыр аурулары;

9. Депрессиялар.

Мастопатияның бірнеше түрі бар. Олар:

— кистозды мастопатия (кисталар, яғни жылауықтар пайда болады);

— фиброзды мастопатия (дәнекер тіндер көптеп түзіле бастайды);

— диффузды мастопатия (бездік және дәнекер тіндер түзіле бастайды);

— түйінді мастопатия (фиброзды тіндер белгілі бір жерде жинақталып, түйін пайда болады);

— склерозды аденоз.

Мастопатияның белгілері

— бір немесе екі бірдей сүт бездерінде ауырсыну сезімдерінің болуы (азғантай ауырсынудан бастап өте қатты ауырсынуға дейін);

— сүт бездерінің үлкеюі және ісінуі;

— емшек ұшынан бөліндінің шығуы (түссіз немесе қан аралас);

— сүт бездерінде түйіндердің болуы;

— сүт бездерінің үлкеюі қолтықасты бездерінің ісінуімен және ауыруымен жалғасады.

Мастопатияны нақтамалау

— физикалық тексеру;

— екі проекциялы маммография;

— дуктография;

— сүт бездерін ультрадыбыстық зерттеу;

— пункциялы аспирациялық биопсия;

— цитологиялық тексерулер;

— ісік маркерлері мен гормондарға қан тапсыру.

 

Л. Қ. Қайнарбаева дәрігер-рентгенолог


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз