Өлең, жыр, ақындар

Күнжіт майы

Күнжіт майы (сезам майы) — күнжүт өсімдігінен алынатын өсімдік майы. Ол негізінен глицериннің толық күрделі эфирлерінен — глицеридтерден (95 — 98%), қаныққан және қанықпаған бір негізді майлы қышқылдардан тұрады. Күнжіт майының түсі ашық сары; тығыздығы 0,922 г/ см3; -3 — 6°С-та қатаяды; сұйық күйінде жартылай кебеді; суда ерімейді, органикалық еріткіштерде ериді (төм. спирттерден басқа). Күнжіт майы күнжүт дәнін ылғалдап, 100°С шамасында қыздыра езіп, екі рет сығымдау және шаю арқылы алынады. Күнжіт майы кондитер және консервілеу өнеркәсібінде, маргарин және сабын өндірісінде пайдаланылады.

Күнжіт тұқымдасы — шөп, кейде бұта түрінде кездесетін қос жарнақты өсімдіктер. Негізінен Оңтүстік Африкада, Мадагаскар, Сокотра аралдарында, Оңтүстік-Шығыс Азия, Жаңа Гвинея және Солтүстік Австралияның тропиктік, субтропиктік белдемдерінде кездеседі. Күнжіт тұқымдасының дүние жүзінде 12 туысы, 90-ға жуық түрі, ал Қазақстанда күнжіт (Sesamum) туысы, оның бір ғана – үнді күнжіті (Sesamum indicum) деген түрі бар. Бұл – биіктігі 1 — 2,5 м-дей, өте тез өсетін бір жылдық өсімдік. Сабағы тік, 4 — 8 қырлы, тамыры 1 м тереңдікке дейін кетеді. Төменгі жапырақтары қысқа, жалпақ болады. Орта тұсындағылары ірі келеді. Ашық қызғылт, күлгін не ақ түсті, дара гүлі жапырақ қойнауынан жетіледі. Гүлі оймаққа ұқсайды. Маусым-тамыз айларында гүлдеп, жемістенеді. Вегетациялық мерзімі 2,5-5 ай. Жемісі – көп қырлы қорапша, ұзындығы 3-5 см, піскенде қақырап ашылады да, тұқымы жерге төгіледі. Бір қорапшада 80-ге жуық дән болады. Күнжіт тұқымдасы май алу үшін өсіріледі. Оның дәнінде 50-65% май болады (құндылығы жағынан зәйтүн майынан кем түспейді). Күнжіт майы тағам өндірісінде, сабын қайнату үшін, парфюмерияда қолданылады. Сондай-ақ күнжіт дәнін шығыстың тәтті тағамы — халуа жасау үшін пайдаланылады. Қайнатқандағы шығатын майының күйесінен жоғары сапалы қытай тушы (сурет салатын бояу) жасалады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз