Өлең-жыр байқауы

Тобылғы

Әрбір өсімдіктің табиғатта алатын өзіндік орны бар. Олардың әрқайсысы белгілі бір қызметті атқарып тұр десек қателеспеген болар едік. Өсімдіктердің барлығы да адамзаттың пайдасы үшін өседі. Мәселен, бірі адамға жеміс берсе, екіншісі ауаны тазартады. Құм тасқынынан және су тасқынынан қорғап тұратын өсімдіктер де бар. Сондай-ақ, қажеттілігі мол өсімдіктердің қатарына дәрілік шөптер мен гүлдерді жатқызуға болады. Солардың бірі — раушан гүлділер тұқымдасына жататын тобылғы бұтасы.

Тобылғы тау беткейлерінде көбірек кездеседі. Ал, кейде шілік құра өседі. Ол 1,5 метр биіктікке дейін жететін өсімдік. Тобылғының ұсақ бұтасы бір-бірімен шатыса өседі және қабығының қызғылт түсімен ерекшеленеді. Жапырақтары майда, ұшы дөңгеленген, яғни пішіні шайқурайға ұқсайды. Сол себепті оны көп адамдар «шайқурай тобылғы» деп те атап кеткен. Гүлдері ұсақ, ақ түсті, әрі гүлшоғырындағы қысқа гүл табанына орналасқан. Сәуір-мамыр айларында гүлдеп, жәндіктердің және бунақденелілердің көмегімен тозаңданады. Жемісі маусым-шілде айларында пісіп жетіледі.

Халықтық медицинада тобылғының қабығы мен жапырағын және гүлдерін аяқ-қол ауруына, тері және басқа ауру түрлеріне пайдаланады. Сонымен қатар, тобылғының бұтағын тіл-көзден сақтасын деген ырыммен үйге де іліп қояды.

Тобылғыны дәрі-дәрмек ретінде пайдалану үшін одан алдымен тұнба жасайды. Аталған тұнбаны дайындау үшін тобылғының 2 ас қасық кептірілген гүлі мен жапырағына жарты литр қайнаған су құйып, 3 сағат қоя тұрады. Содан кейін сүзіп алып, стаканның 1/3 (үштен бір) бөлігін күніне 2-3 рет ішіп отыру керек. Бұл тұнбаның несеп айдағыш қасиеті бар. Сондай-ақ ауырған жерді басумен қатар, қабынуға қарсы әсер етеді. Әсіресе, тобылғы тұнбасы қан қысымы жоғары адамдарға пайдалы. Оны 3 айдан 6 айға дейін үзбей ішсе, қан қысымы қалпына келеді. Қан қысымына қаншалықты мөлшерде ішу керектігін дәрігерден сұрағаныңыз артық болмайды, өйткені тобылғы тұнбасы әр адамға әрқалай әсер етеді.

Тобылғының майы да біраз ауруға пайдалы. Мәселен, ісіп кеткен буынға, сырқырап ауыратын жерлерге оны жақса, ауруды тез жазады. Тобылғы жапырағын малға беріп, төрт түлікті де біраз дерттен айықтыруға болады екен. Атап айтқанда, малдың бүйрек, қуық, ауруларын, асқазан мен ішек түйілуін және денесіндегі түрлі ісіктерді емдей алатын қасиеті бар.

Тобылғыны аталарымыз өте көптеген ауруларды емедеу үшін пайдаланған. Оның тұнбасымен іріңдеп тұрған жараны жуып, тазалағыш ретінде де пайдаланған. Бұл тәсіл медицинада әлі де болса қолданылып келеді. Сондай-ақ, тобылғының шайын жүрек ауырғанда, бас ауырып, жүйке жүйелері шаршаған кезде де қолданып отырған.

Жалпы, бұл өсімдік жер шарында кең тарағандардың бірі. Таулы-жоталы аймақтардың біразынан тобылғы түрлерін кездестіруге болады. Осынау өсімдік кішкентай өзендер мен бұлақтардың жағасында да, сондай-ақ батпақты жерлерде де өседі. Ал, оның осындай емдік қасиеттері бар екенін көп адамдар біле бермеген. Қазақ халқы қандай да бір ауру болмасын оның емін көп жағдайда өсімдіктерден іздеген халық. Сол үшін де тобылғыны 40 аурудың шипасы деп атап кеткен.

Тобылғы шілде айынан бастап тамыз айының бастапқы кезіне дейін гүлдеп тұрады. Оны табу аса қиын емес. Білетіндер тобылғыны аңқыған иісінен-ақ тауып алып жатады. Дәрілік өсімдікті жинап алғаннан кейін адамдар оны белінен буып, құшақ-құшақ етіп сақтап қоятын болған. Оны сақтау тәсілі де аса қиын емес. Ауа өткізбейтін ыдысқа салып, аузын жақсылап тығындап қойса болғаны. Кептірілген шөп 2-3 жылға дейін сақталынады және осы уақыт ішінде емдік қасиетін жоғалтпайды. Ал, білетіндер тобылғының ең жақсы көмектесетін кезін кепкеннен кейінгі бір жыл уақытты атап көрсетеді. Осы уақытта ол өзінің нағыз бабында болады екен.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз