Өлең-жыр байқауы

Марапаттан дәмелену сезімін бақыт деп ойлаймыз

Басы: Дофамин, нейробиология және нейромаркетинг: неге қалау сезімін бақытпен шатастырамыз

Екінші бөлімі: Сұраныс бойынша бөлінетін дофамин

Үшінші бөлімі: Сіздің дофаминергиялық нейрондарыңыз неден бөлінеді?

Төртінші бөлімі: Дофаминнің әсеріндегі миыңыз: нейромаркетинг серпілісі

Бесінші бөлімі: Дофамин тыңшысына айналыңыз

Алтыншы бөлімі: Тәжірибе: дофаминді «Менің қалауым» деген күшіңізді сынауға бағыттаңыз

Олдс егеуқұйрығының тамақтан бас тартып, тордың ток жүргізілген еденінде ары-бері жүгіргенін көрді, бірақ дофаминның себімен туындаған өз әрекетімізді түсінуге тырысқанда көбіміздің жасайтын қателігімізді жасады. Ойымыз жинақы, үнемі іздеген нәрсемізге ұмтыламыз, қалаған нәрсемізге қол жеткізу үшін жұмыс істеуге — тіпті қиналуға да дайынбыз. Қалаумыздағы нысан бізге бақыт силайтындай болып көрінеді. Мыңыншы шоколад, жаңа асүй жабдығын сатып аламыз, тағы бір стақан ішімдік, жаңа шынайы дос, жақсырақ жұмыс, жоғары табыс іздеп өзімізді шаршатамыз. Қалаудан туған алаңдауды бақыттың кепілімен шатастырамыз. Олдстың өз-өзін әбден қинаған егеуқұйрықтары бақытқа кенеліп жатыр деп ойлағаны таңқаларлық нәрсе емес. Біз, адамдар, негізінде марапаттан дәмеленуді кез келген қуаныштан немесе іздеген марапаттан ажырата алмаймыз.

Марапаттың уәдесі мықты, сол себепті бізге бақыт сыйламайтын нәрсенің соңынан қуып жүре береміз, рақаттан гөрі азап беретін нәрсені тұтынамыз. Өйткені марапаттың артынан еру — дофаминнің басты міндеті, тіпті нәтиже уәдеге сай болмай тұрса да — ол сізге тоқта деп бұйрық бермейді. Корнелль университетіндегі тағам мен брендтерді зерттеу зертханасының жетекшісі Брайан Уонсинк «Филадельфия» кинотеатрының көрермендерімен әзілдесу арқылы осыны дәлелдеді. Попкорнның түрі мен иісі — көптеген адамдардың дофаминергиялық нейрондарын қоздырудың сенімді әдісі: келушілер Павловтың иттеріне ұқсап, тілдері салақтап, сілекейлері ағып попкорнның алғашқы уысынан дәмеленіп кезекте тұрады. Уонсинк киносүйгіш қауымға екі апта бұрынғы попкорнды сатып, өткізіп жіберді. Адамдар киноға алданып, мұны жей ме, әлде олар оның шын дәмін сезіп, лақтырып тастай ма, соны тексергісі келді.

Фильмнен кейін көрермендер екі апталық попкорнның жаман: қатып қалған, ескірген, жабысқақ және жүрек айнытарлықтай болғанын айтқан. Бірақ олар ақшаларын қайтарып беруді талап етіп дүңгіршектерге ұмтылды ма? Жоқ, олар оны жеп қойды. Олар дәм рецепторларына емес, дофаминергиялық нейрондарына сенген.

Бұл қалай болуы мүмкін деп ойланып қалуымыз мүмкін. Бірақ бұған төтеп беретіндер көп емес. «Мен бас тартамын» деген күшіңізді сынап көрген кезіңізді еске түсіріп көріңіз. Қалауыңызға қол жеткізгенде қуанышқа бөленгендей немесе бөленетіндей болып түйілген сияқты сезім шығар. Дегенмен алаңдау мен оның салдарларына нақты анализ жасау көбіне мүлде басқа нәрсені көрсетеді. Әрі кетсе қызығуға беріліп, оны қаттырақ қалау үшін марапат уәдесінен туындаған алаңдау сезімінен арыласыз. Соңында өзіңізді шаршаған, разы емес, көңілі қалған, масқара болған, ауру немесе бұған дейінгімен салыстырғанда бақытсыздау болып сезінесіз. Егер адамдар жалған марапатқа қол жеткізгендегі сезімдерін жақсылап зерделеп қараса «сиқырдың» тарағанын көреді. Егер миыңыздың күткен нәрсесі (бақыт, ләззат, рахат, уайым мен күйзелістің аяқталуы) мен сізді әкеп соқтырған нәрсесін салыстыруды мәжбүрлесеңіз, уақыт өте ол күтуді үйренеді. Мәселен, егер тамақ сүйер қауым қомағайлықты оятатын тағамды баяуырақ жей батаса, әдетте олар тағамның әдемі және хош иісті, бірақ аса дәмді емес екенін байқайды. Егер де ауыздары мен асқазандары толып тұрса, милары бәрібір қосымша тамақты сұрата береді. Тамақтану барысында олардың уайымы күшейе түседі: кейде олар тым тез жұтқандықтан, тіпті дәмін де сезбейді, ал содан кейін өздерін физикалық және рухани тұрғыдан тамақтанудан алдындағыдан да нашар сезінеді. Басында бұл әбігерге салуы мүмкін: түптеп келгенде олар тағамның бақыт көзі екеніне шынымен сенді емес пе? Дегенмен, зерттеулер мұқият тамақтанатын адамның тамақтану мәселесінде өздерін қолда жақсырақ ұстай бастағанын және артық тамақтанудан да ұзақтау болатынын көрсетеді. Уақыт өте келе олар артық салмақтан арылып қана қоймай, күйзеліс, алаңдаушылық пен тұнжыраңқы көңіл-күйге де азырақ душар болады. Өзімізді жалған марапаттардың уәдесінен арылтқанда, бақыт іздеген нысанымыз қайғыларымыздың ең басты қайнар көзі болағанын байқаймыз.

Тәжірибе: марапаттың уәдесін тексеріңіз

Миыңыз бақытқа кенелтем деп сендіргендіктен үнемі беріліп кететін еліктіргіштен күткен сыйдың қаншалық рас екенін тексеріңіз. Менің сабақтарымда көбіне тамақ, дүкен аралау, теледидар және ғаламторда электронды поштадан бастап, покерге дейін уақыт өткізуді таңдайтын. Көңіл көтеруге абайлап кірісіп, бірақ оған беріліп кетуден аулақ болыңыз.

Сізге марапаттың уәдесін сыйлайтын не нәрсе екенін: дәмету, үміт, қуаныш, алаңдаушылық, сілекейдің бөлінуі — миыңыз бен тәніңізде болатын барлық өзгерістерді белгілеңіз. Содан соң бұған беріліңіз. Қызықтыру барысындағы сезім мен күту арасындағы айырмашылық қандай екен? Марапаттың уәдесі жоғалды ма, әлде ол сізді әлі де көбірек тамақтануға, көбірек ақша жұмсауға және ұзағырақ отыруға итермелейді ме? Әбден қанағаттанатын уақытыңыз қашан болады (жалпы ондай болады ма)? Әлде тым көп тамақтанғандықтан, шаршағандықтан, ашуланғандықтан, кешіккендіктен немесе «марапат» таусылғандықтан әрі қарай жалғастыра алмайтын кезге жетесіз бе?

Бұл жаттығуды жасап көретін адамдар әдетте екі нәтиженің бірін байқайды. Ләззат тәжірибесіне мұқият назар салғандардің кейбір өздері күткеннен әлдеқайда азымен қанағаттанатынын байқайды. Басқалары тәжірибенің мүлде қанағаттандырмайтынын, марапаттың уәдесі мен шын бастан өткен нәрсенің арасыда үлкен айырмашылық бар екенін анықтайды. Екі зерттеу де басқара алмайтындай болып көрінген жағдайда өз-өзіңізді жақсырақ басқаруға көмектеседі.

Қалаудың маңыздылығы

Дәрігерден дофаминді басып тастайтын дәріні сұрамас бұрын, марапаттың уәдесі сезімінің жағымды жақтарына назар аудару керек. Біз қалауымыз бен бақытты шатастырғанда шынымен де келеңсіздіктерге тап боламыз, бірақ қалауды жоғалту да мәселенің шешімі емес. Қалауы жоқ адамның өмірі өз-өзін басқаруды қажет етпес, бірақ ол мәнінен де айрылады.

Тәуелділігі бар адам әуестігін жоғалтады

Адам мүлде ұстамды жан емес еді. Ол 33 жаста болатын, әдетте күніне 10 бокал спиртті ішімдік ішіп, бір шымшым кокаин қолданатын, кейде бұған экстазиден қосатын. Ол бұрыннан, тоғыз жасынан бастап ішетін, кокаинді 13 жасынан иіскей бастады және ересек жасында марихуана, кокаин, опиат және экстазиге тәуелді болды.

Барлығы оны отырыстан реанимацияға әкеткен күні өзгерді: тексеріс келгенде ол полиция алып кетпес үшін, өзінде бар есірткілерді тез қабылдап алды (бұл қисынды шешім емес, алайда оның ақыл-есін толық білмегенін ескеру керек). Кокаин, экстази, оксидон мен метадонның қауіпті комбинациясы өлімге әкеп соқтыратын артериалды қысымның артуына себеп бола жаздады және миға оттегінің баруын қысқартты.

Оның есін жидырып, ақырында емханадан шығарғанымен, оттегінің уақытша жетіспеушілігі бәрібір өз нәтижесін көрсетті. Адам есірткі мен алкогольге деген әуестігінің бәрін жоғалтып алды. Ол бұларды мүлде қабылдамайтын болды, мұны келесі жарты жылдықтағы медициналық сынақтар көрсетті. Бұл ғажайып өзгеріс рухани кемелдік емес еді — ол өлім аузынан аман қалған сәтінен есін толық жимаған. Адамның өзі айтқандай, ол бар болғаны психобелсенді заттарды тұтынуға деген қалауын жоғалтып алған.

Бұл жақсы өзгеріс болып көрінуі мүмкін, бірақ ол кокаин мен алкогольге деген қалауын ғана жоғалтқан жоқ. Адам бар қалауынан айрылды. Ол өзін қуантатын ештеңе ойлап таба алмады. Оның қорқынышы да, зер салу қабілеті де жоғалды, ол немқұрайлы адамға айналды. Ләззатты күту қабілетімен бірге үмітін де жоғалтып, терең күйзеліске ұшырады.

Қалауының жоғалуына әкеп соқтырған не? Адамды емдеген Колумбия университетінің психиатрлары оның миының томографиясының нәтижелерін зерттеп, бұл сұрақтың жауабын тапты. Есірткіні шектен тыс қолдану кезіндегі оттегі жетіспеушілігі оның қуаттау жүйесін зақымдаған.

Адамның жағдайы «Американың психиатриялық журналында» жарияланды. Өте ерекше жағдай: адам тәуелділіктен зардап шегіп жүрді де, кенеттен «Мен қалаймын» деген күшінен толық айрылып қалды. Бірақ бақыттан дәмету қабілетін жоғалтатын басқа да адамдар бар. Психологтар бұл күйді ангедония (тура аударғанда «ләззатсыз») деп атайды. Ангедониясы бар адамдар өмірді рахаттануды күтпейтін әдеттердің жиынтығы сияқты суреттейді. Олар тамақтанып, заттар сатып алып, сөйлесіп, жыныстық қатынасқа түсе алады, бірақ олар ләззат  күтпейді. Ал ләззат алу мүмкіндігі жоғалғанда, ұмтылыс, мотивация да жоғалады. Өзіңізді қуантатын нәрсе ойлап таба алмасаңыз, төсектен тұру да оңай емес. Қалаудан мүлде арылу үміттен, тіпті көптеген адамдарды — өмірге деген құштарлықтан да айырады.

Қуаттау жүйесі тынышталған кезде, адам разылықты емес, зауықсыздықты, апатияны сезінеді. Сондықтан милары дофаминді мүлде дерлік бөлмейтін паркинсон сырқатына шалдыққан науқастардың көпшілігі тыныштықты емес, басылып, жаншып қалған күйді бастан кешіреді. Шын мәнінде, қазір нейробиологтар қуаттау жүйесі қызметінің әлсіреуін күйзелістің биологиялық негізі деп санайды. Ғалымдар күйзеліс кезінде адамдардың миы қалай жұмыс істейтінін зерттеген: олардың қуаттау жүйесі тіпті бірден, әп-сәтте марапатқа ие болған жағдайда да әрекет ете алмайтын болып шықты. Аздаған белсенділік нышаны бар, бірақ ол «Мен қалаймын» және «Талпынуға дайынмын» деген түрткілердің оянуы үшін жеткіліксіз. Адамдар қызығушылығы мен ұмтылысын, мотивациясын жоғалтады — күйзеліс, депрессия деген де осы.

Марапаттың қарама-қайшылығы

Студенттерімнің көпшілігі сияқты, сіз де енді не істеу керек деп сұрайтын шығарсыз. Сыйдың, марапаттың, уәдесі бақытқа кепілдік бермейді, бірақ марапат уәде етілмесе, бақытсыз боларымыз анық. Егер оған құлақ ассақ азғырыламыз. Бірақ онсыз бізді ештеңе қызықтыра алмайды.

Бұл нағыз дилемма және оны шешу оңай емес. Марапаттың, сыйдың уәдесі бізді өмірге ұмтылдыру үшін керек екені анық. Сәті түссе, қуаттау жүйесі бізге мұны ғана бермей — бізге қарсы шықпайды да деп үміттенейік. Біз үнемі қалауымызды тудырып және сол қалауды сирек қанағаттандыратын тәулік бойғы мүмкіндіктер, технология мен жарнама әлемінде өмір сүреміз. Егер өз-өзімізді басқарғымыз келсе, өмірімізге мән беретін шынайы марапаттарды көңілді арбап, тәуелділік тудыратын жалған марапаттардан айыруды үйренуіміз керек. Мұны үйрену қолымыздан бар келгеннің ең дұрысы шығар. Бұл оңай бола бермейді, бірақ мида болып жатқан нәрселерді түсіну мәселені аздап жеңілдетуі мүмкін. Олдс пен Милнердің тетікті басатын егеуқұйрығын еске сала отырып, азғырылып алданатын кезімізде сана тазалығын сақтап, миымыздың өзімізді алдауына жол бермеуіміз мүмкін.

Түпкі түйіні

Қалау арқылы ми бізді әрекетке итермелейді. Көз жеткізгеніміздей, қалау өз-өзін басқаруға қауіп төндіруі де, сонымен қатар, ерік күшінің көзі де болу да мүмкін. Дофамин бізді еліктіргіш нәрсеге бағыттағанда, қалау мен бақытты ажырата алуымыз керек. Сондай-ақ дофамин мен марапаттан дәметуді өзімізді және басқаларды мотививациялау үшін де қолдана аламыз. Түптеп келгенде қалау сезімі жақсы да, жаман да емес, бастысы ол бізді қайда апаратынында және оның соңынан еру немесе ермеу керек пе дегенді ажырата алуымызда.

Негізгі ой: миымыз марапатты уәде етуді бақыттың кепілділігімен шатастырады, сөйтіп рахатты бізге бермейтін нәрселерден іздейміз.

Жақыннан қарағанда:

— Сіздің дофаминергиялық нейрондарыңыз неден бөлінеді? Сізге марапат уәдесін беретін және ләззат іздеуге итермелейтін не нәрсе?

— Сіздің дофаминергиялық нейрондарыңызды кім басқарады? Сатушылар сізді сыйдан дәмелендірумен қалай арбайтынына назар аударыңыз.

— Қалау күйзелісі. Қалауыңыздың қай кезде стресс пен алаңдаушылықты тудыратынын бақылаңыз.

Тәжірибелер:

— Дофаминді «Қол жеткізем» деген күшіңізді сынауға бағыттаңыз. Егер қандай да бір шаруаны өзіңізге ұнамағандықтан кейінге қалдырсаңыз, оны дофаминергиялық нейрондарыңызды ынталандыратын нәрсемен байланыстырып, іске кірісіңіз.            

— Марапат уәдесін тексеріңіз. Миыңыздың сездіруінше сізді бақытқа бөлейтіндей көрінетін, бірақ ешқашан қанағаттандырмайтын (мәселен, тамақ, дүкен аралау, теледидар көру немесе ғаламтор) іспен айналысып көріңіз. Шынайылық мидың уәдесіне сәйкес келе ме?


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (1)

Кисметов

Миды толық түсінсек көп қызық ашылар еді

Пікір қалдырыңыз