Эссе және өлең-жыр байқауы

Баланың өтірік айтуы

«№173 мектеп- лицей» КММ
Бастауыш сынып оқытушысы: Жандаралова Лаззат Байжумаевна

Бүгінгі мақаламда баланың өтірік айтуы тақырыбын қозғауды жөн көрдім. Өйткені баланың өтірік айтуға әдеттенуі келешекте көп келеңсіздіктерге әкелетіні айтпаса да белгілі. Өтірікшілігімен аты шыққан адам елге масқара болумен қатар, айналасындағылардың сенімінен шығады. Қоғамда қадірі болмайды. Сондықтан бұл тақырып әрбір ата-ананы толғандыратын мәселе. Алдымен баланы өтірік айтуға итермелейтін себептерді жіктеп көрейік: Өзіне көңіл аудартуды қалау. Ата-анасынан көргенін істеу. Ұрыс естуден, сын естуден қашу үшін. (Мыс: үй жұмысын бермеді немесе орындап қойдым деп өтірік айту). Қасындағыларды таң қалдыру үшін. Жауапкершіліктен қашу үшін. Мақтау есту үшін. Ата-анасының қатал мінезі себепті өтірікке жүгіну. Жаза татудан қашу үшін. Ата-анасының ашуынан қорқу. Өзін мақтау үшін, қадірлі, мықты екенін көрсету үшін. (Мыс: бәрінен де жақсы жүгірдім) т.б.  

Енді өтірікке бейімделуіне тосқауыл бола алу үшін нендей мәселелерге көңіл аудару керектігіне аздап тоқталайық. Алдымен ата-ана ретінде өзіңіз адал, дұрыс сөзді болыңыз. Айтқан уәдеңізді міндетті түрде орындаңыз. Балаңыздың өтірік айтқанын сезген жағдайда дереу ашу шақырудан аулақ болыңыз. Неге өтірік айтқанын түсінуге тырысыңыз. Баланың өтірік айтуы негізінде ата-анасына берілген белгі. Бұл оның бір проблемасы немесе қажеттілігі барын көрсетуі мүмкін. Сондықтан баланың өтірік айтқанына емес, “өтірік айтуына не себеп болды?” соған назар аударыңыз. Ата-ана ретінде өзіңіздің ұстанымдарыңыз бен жүріс-тұрысыңызды қадағалаңыз. Тым қатал қағидаларыңыз бар ма? Перфекционистік ұстанымдарыңыз бар ма? Әлде дереу ашу шақыратын, қызба мінезіңіз бар ма? Балаңыз сізден қатты қорқа ма? Балаңызға тым көп сын айтасыз ба? Балаңызды жеткілікті мөлшерде тыңдайсыз ба? Жеткілікті мөлшерде онымен сөйлесесіз бе?...

Сонымен қатар өзіңіз өтірік айтушы болмаңыз. “Пәленше сұраса, мені жоқ деп айта сал” деген сияқты болмашы деп ойлаған сөздер де баланың өтірікті қалыпты нәрседей қабылдауына септігін тигізуі мүмкін. Балаңызды басқа балдармен салыстырмаңыз (жұрттың баласына қарашы деген сияқты) Қажет кезінде балаңызды мақтаңыз. Одан разы екеніңізді сездіріңіз. Сын айтпаңыз. Балаңыздың әрбір сөзін шын-өтірігіне қарамай “өтірік, өтірікші” деп таңбалай бермеңіз. Өтірік айтқан кезіне, баланың жекелеген қасиетінен бөлек тұрғыдан қараңыз. Байсалды, жылы сөзбен сөйлесіңіз. Өтірік айтудың дұрыс емес екенін, зиянын, өзі үшін де, өзгелер үшін де болымсыз, кері нәтижелермен аяқталуы мүмкін екендігін түсіндіріңіз. (Мысалыға: Өтірік айту қарсыңдағы адам ренжітумен қоймай, ашуын келтіруі мүмкін. Өтірік айтатын болсаң, достарың саған сенбейтін болады. Осы себепті достарың азаюы мүмкін... т.б.) Өтірік айтпаудың, дұрыс сөзді болудың пайдаларын айтыңыз. Басқалар сені алдағанда қандай сезімде болғанын сұраңыз. Өзін басқаның орнына қойып көруді айтыңыз. Сонда қарсыдағы алданған адамның сезімдерін жақсырақ ұғынуы мүмкін. Балаңыз өтірік айтып құтылуы мүмкін бола тұра, шындығын айтқан кезінде, шындықты айтқаны үшін оны мақтап, алғыс айтыңыз.

Өзіңіз жақсы мінезді болыңыз. Көбінесе балалар ата-анасын өзіне үлгі етіп алады. Балаңызды мейірім ішінде өсіріңіз. Мейірім көріп өскен бала мейірлі болып өседі.      


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...