Эссе және өлең-жыр байқауы

Солбыр (пассивті) агрессия

Көбіміз агрессивті адамдарды анықтай аламыз: олар тіл тигізеді, сынап-мінейді және кемсітіп-қорлайды. Олардың жүріс-тұрысы көзге бірден көрініп тұрады, бұндай адамдар қиқарлық танытады, ондайлардан қашқың келеді де, бұл ұрыс-керіске ұласады. Бұдан бөлек, ашық дұшпандығы жоқ, бірақ сөйлесіп-пікірлескен соң көңіл күйіңді нашарлатып жіберетін адамдар да болады. Бұның себебі - олардың пассив-агрессивті мінез көрсететіндігінде. Оны қалай байқауға болатынын және ол көрініс бергенде оны қалай еңсеру керек екенін бүгінгі мақаламызда айтып береміз.

Пассив-агрессивті мінез-құлық — бұл өмірде болып тұратын белгілі бір жағдайлар кезінде адамның жасырын түрде білдіретін негативті сезімдері мен эмоциялары. Бұл неше түрлі тұспалдар, екіұшты мақтау-мадақтаулар, «аңқаулықпен» айтылған кемсітіп қорлау, үндемей қою, іргесін аулақ салу болуы мүмкін.    

Бұндай мінез-құлық жасырын түрде білдірілетіндіктен, оны айыра білудің маңызы зор. Әуелі, біраз мысалды қаузап көрейік.  

Пассив-агрессивті мінез-құлықтың мысалдары

Пассив-агрессивті мінез-құлық әр алуан түрде көрініс беруі мүмкін. Мысалы, бір кісі үнемі белгілі бір адамдардан бойын аулақ салып жүруге тырысады, олармен араласпау үшін түрлі-түрлі желеулер айтады — бұл ол кісінің сол адамдарға деген жақтырмаушылығын немесе наразылығын білдіру амалы.  

Пассив-агрессивті адам ашуланған кездері, тіпті долданып тұрған да, ол ашуланып, бәрі дұрыс екенін неше қайталап айтуы мүмкін. Өзінің сезімдерін жоққа шығару арқылы ол ары қарайғы талқының жолын жауып, проблемасын талқылаудан бас тартады.   

Пассив-агрессивті адам біреуге деген жеккөрінішін көрсетіп, шешім қабылдауды немесе жұмысты атқаруды кешеуілдете беруі мүмкін. Мысалы, егер қандай да бір мәселені бір жақты қылуды өтінсеңіз, ол сізді жазалау үшін соңғы минут қалғанша саусағын да қимылдатпайды. 

Бұндай мінез-құлықтың себебі не? 

Пассив-агрессивті мінез-құлықтың отбасында, жұмыс орнында, сонымен қатар адамдар әрекеттесетін кез келген жерде адамдар арасындағы қарым-қатынасқа едәуір кері әсерін тигізуі мүмкін. Көбінесе деструктивті болып келетін бұндай мінез-құлық неге сонша көп таралып кеткен? Бұған өз септігін тигізетін бірнеше жағдай бар:  

Тәрбие: кейбіреулер пассив-агрессивті мінез-құлық эмоцияны жасырмай білдіруге рұқсат жоқ ортада пайда болады деп біледі. Ата-анасы негативті эмоциялар жоқ сияқты жүріп немесе оларды позитивті эмоциялармен алмастыру керек деп, балаларға жылауға, ызалануға, көңілін түсіруге рұқсат етпеген. Бұндай адамдар өсе келе өздерінің шынайы сезімдерін ашық түрде білдіре алмайтындықтарын түсініп, осы себепті өзінің ызасын немесе қалған көңілін пассивті түрде жеткізуге болатын басқа да амалдар табады.   

Ситуациялық мінездеме: мінез-құлыққа, сонымен қатар, нақты жағдайдың да ықпал етуі мүмкін. Мысалы, кей кездері агрессияны ашық түрде көрсеткен адамды кінәлап шығатындар болуы мүмкін, сондықтан адам басқа жолдарын іздеп, эмоцияларын байқатпай білдіреді.   

Оңай жолды таңдап алу: агрессивті және эмоциялық тұрғыда үнемі ашық болу оңай бола бермейді, сол үшін адам өзін қорғансыз қалғандай сезінуі мүмкін. Көңіл қошыңыз болмай тұрған кезде пассивті агрессия эмоцияларыңызды тура білдірмей-ақ, оларды ырқыңызда ұстаудың оңай әдісі сияқты көрінуі мүмкін.   

Өзіңіздің пассив-агрессивті мінез-құлқыңызды қалай көріп-байқауға болады?

Әлбетте, біз, ең әуелі, пассив-агрессивті мінез-құлықтың нышандарын басқа адамдардың бойынан іздейміз, бірақ мәселе өзімізге қатысты болса ше?  

Өзге адамдарды жақсартпай тұрып, алдымен өзімізді жөндеп алайық. Артқа қарай бір қадам жүріп, өзіңіздің мінез-құлықынызға бейтарап көз тастап көріңіз.  

— Бір нәрсеге көңіліңіз толмай тұрған кездері басқа адамдарға үнсіз ашулануыңыз жиі болып тұра ма?  

— Ашуыңызды келтірген адамдардан аулақ жүруге тырысасыз ба?  

— Адамдарға ашуланғанда олармен сөйлеспей қойған кездеріңіз болды ма?  

— Біреуді жазалау үшін мәселенің бір жақты болуын кейінге шегеріп қоясыз ба?  

— Маңызды әңгімелерге ат салыспау үшін келеке-мысқылды жиі қолданып тұрасыз ба?  

Мінез-құлық терепаевті Алекс Хеджер де біз басқаларға қоятын сұрақтарымызға құлақ асу арқылы өзіміздегі пассивті агрессияны байқай аламыз деген пікірде. Әдетте ол сұрақтар сын, көңіл толмағандық, тіпті бопса сипатында болады. Мысалы: «Сен бұл туралы бұрын неге ойламадың?», «Есіңіз дұрыс па?» (әрине, сізбен сөйлесіп отырған адам жындының сандырағын, мысалы, самғау биіктен парашютсіз секіру туралы айтып отырмаса).   

Бұндай пассив-агрессивті сұрақтар әңгімелесушіні қорғануға мәжбүрлейді. Бұның нәтижесінде сіз іздеген жауабыңызды ала алмай ғана қалмайсыз, сондай-ақ ол кісімен қарым-қатынасыңызды нашарлатып алуыңыз мүмкін.    

Сонымен бірге мұндай мінез-құлық сіз бір нәрсені қалап, бірақ өз қалауыңыз жайында тура айтпайтын кезде де пайда болады. Бұның орнына сіз адамның жеке өзіне соқтығысуды білдіретін немесе жасырын тіл тигізуді білдіретін сөздерді қолданасыз. Мысалы, біреу кеңсеге жаңа әдемі туфли киіп келсе, сіз: «Осындай туфлиді сатып ала алмайтыным жаман, менің ақшам пәтер жалдауға жұмсалып кетіп жатыр» дейсіз. Бұндай комментарий адамды өзін кінәлі сезінуге мәжбүрлейді.  

Екіұшты мақтау да айтып қалатын шығарсыз? Кей кездері көреалмаушылық пен пассив-агрессивті мінез-құлық бір біріне ілесіп жүреді. Ол адам үшін шын көңілден қуанудың орнына сіз өз сезімдеріңізді дөрекі түрде білдіресіз. Мысалы, сіздің құрбыңыз жаңа ғана некелессе, сіз қуанып, бірақ сол бойда: «Бриллианты айтқандай үлкен емес екен, бірақ, бастысы махаббат қой, солай емес пе?» дей салуыңыз мүмкін.    

Егер пассив-агрессивті мінез-құлық сіздің қарым-қатынасыңызға нұқсан келтіріп жатқанын сезсеңіз, жағдайды өзгерту үшін мына  қадамдардың іске асуын қамдаңыз.  

Өзіңіздің жете түсінушілігіңізді жақсартыңыз. Пассив-агрессивті қам-қарекеттер кейде не үшін кейіп немесе нақты нені сезініп тұрғаныңызды білмегендіктен пайда болады. Әртүрлі адамдар мен жағдайларға реакцияңыз негативті болған кездері көңіліңіздің түбінде не болып жатқанына зейін қойыңыз.  

Өзіңізге өзгеруге уақыт беріңіз. Өзіңіздің мінез-құлықыңыздың бүлдіргіштігін мойындау — өзгерістерге қарай жасалған жақсы және ересек адамның қадамы, алайда мінез-құлықтың қалыптасып қалған модельдері мен реакцияларының транформациясына едәуір уақыт кетуі мүмкін.   

Бұқпантайламауды үйреніңіз. Өзіңіздің эмоцияларыңызды түсініп алу сезімдеріңізді тиісті түрде білдіріп отыруға септігін тигізеді, бұл пассив-агрессивті мінез-құлықтан арылудағы маңызды меже. Жанжал — өмірдің ажырағысыз бөлігі, бірақ өз сезімдеріңізді қалайша тиімді білдіру керектігін білу дау-жанжалдарды бітіріп ымыраластыру машығын жетілдіреді.   

Пассив-агрессивті адамдармен қалай тіл табысуға болады?  

Енді, өз қалпыңызды талдап, өзіңіз де осындай мінез-құлық танытуға бейім болуыңыз мүмкін екенін анықтап алған соң, басқалар танытатын бұндай мінез-құлыққа қалай жауап қату керектігін ойланайық.  

Сонымен, сіздің досыңыз, туысқаныңыз, әріптесіңіз немесе жұбайыңыз пассив-агрессивті мінез-құлық танытқанда не істей аласыз?    

Ең алдымен бұндай мінез-құлық байқалатын бірнеше қалыпты жағдайларды тізіп шығайық, өйткені олар аз емес:   

— Әдейілеп істелетін қателіктер.

— Айқын көрінбейтін қастық қарым-қатынас.   

— Әділетсіздікке қарсы айыпталатын шағымдар.  

— Мақтау мен сынауды араластырып сөйлеу.  

— Астыртын психологиялық соққылар.  

— Әдейілеп сөйлемей қою.

— Табалаушылық. 

— Қасарысушылық.

— Тіке айтылмайтын өтініштер (жанай немесе басқа адамдар арқылы айтылатын өтініштер: «Оған айт…»)  

— Саботаж.

— Шу-жанжал тудыруы мүмкін сұрақтар.  

— Сіздің қателіктеріңізді тізіп отыру.  

— Құрбандық кейпінде жүру.  

Көңіліңізде пайда болатын алғашқы қалауыңыз текетіресу немесе кімнің кім екенін анықтау болуы мүмкін. Кей кездері бұл шынымен-ақ жалғыз жол, бірақ ол жылдар бойы құрылған сыйластығыңызды бұзғыңыз келмейтін жақын адамыңыз немесе бастығыңыз болса қайтесіз?  

Шынына келгенде бұл кісілер көңілінің түбінде өздерін жас баладай болып жүргенін біледі, сол себепті өкпесін жасырын білдіріп, ренішін ішінде сақтайды.   

Сіз бұған ең соңында, басқа амал қалмағанда ғана, агрессиямен жауап қатуға болатынын түсінуге тиіссіз. Бұл жанжал тудырады, іс насырға шауып жатса, сіз кінәлі боласыз, өйткені бөгде адамдар солбыр агрессияны байқамайды, есесіне сіздің ашуланғаныңызды көріп, сұхбаттасыңыздың жағына шығады.     

Бірінші тәсіл — ештеңе байқамаған сыңай таныту. Бұндай әдіс сіз байсалды және парасатты адам болған жағдайда жақсы. Шынымен-ақ, егер сұхбаттасыңыз өзінің психикасында бағдарынан айырылып қалғанын және өзінің эмоцияларын адекватты түрде білдіре алмайтынын білсеңіз, оған ашуланудың қажеті бар ма? Бұл стратегия адамды тез сабасына түсіреді, өйткені ол көңілінің түбінде жанжал шығуына үміттенеді, ал жақсы қарым-қатынастың агрессияның тегеурінін еңсеріп кетуі өте жиі болып тұрады.   

Екінші тәсіл — адамнан мейлінше алшақтап кету. Алайда бұл стратегия, егер ол адам сіз үшін маңызсыз болса ғана, іске жарамды. Егер де ол туысқаныңыз болса, өзінің ойлары мен эмоцияларын өзі жайғап алуы үшін, оны еркіне қойып беріңіз. Бұл үшін жай ғана: «Мен қазір кетемін, ал сен мына қылығың туралы ойлан. Мен өзімнің қылығым туралы ойланайын. Сабыр сақтайық.» деңіз. Адам  дұрыс қылық көрсетіп жатпағанын өзі түсініп тұрғаны қаперіңізде болсын.  

Үшінші тәсіл — адамның мінез-құлықының үлгілерін бақылап көріңіз. Ол үлгілер оннан көп бола қоймайды. Өзіңіздің сезімдеріңізді бақылаңыз. Екеуіңіздің де көңіл күйіңіз жақсы болған кезде ол кісінің соңғы кездері көрсетіп жүрген мінез-құлқына көңіліңіз толмай жүргенін білдіргіңіз келетінін айтыңыз. Басты шарты — жағымды атмосфера. Кез келген адамды, егер ол өзін жақсы сезінсе, ақылға шақыруға болады. Ол қолданатын барлық стратегияны тізіп шығыңыз.    

Бұдан не шығады? Адам бәрін теріске шығаруы мүмкін, бұл қалыптан ауытқушылық емес. Бұндай сынды адекватты түрде қабылдайтын адамдар некен саяқ. Бірақ, сіз оны (сын) барынша достық көңілмен айтқандықтан, ол сынға зейін қояды. Сол сәтте болмауы мүмкін, бірақ бұл болмай қоймайды, ары қарай ол бұндай мінез-құлық көрсететінін өзі байқап қойып, оны түзетіп отырады. Белгілі болғандай, жаман әдетті тезге салудың алғашқы қадамы — оны жиі-жиі көріп, ескеріп отыру.

Сәттілік тілейміз!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...