Жұмыс нағыз азапқа айналып, ақша үнемі жоқ болып жүрсе, бұның бір-ақ амалы бар — кедей болу әдетінен арылу.
Жұмыс ығырыңызды шығарып, жеке әуестіктеріңізге, қарым-қатынастарыңызға және демалысыңызға тиісті көңіл бөлмей, сіз күн өткен сайын көбірек жұмыс атқарып жүрсіз… Айлық жалақыны ақыр көңіліңізден шығатын мөлшерде алып жүрсіз, бірақ көбірек алғыңыз келеді, өйткені шығындарыңыз күн санап артып барады ғой.
Қанша ақша тауып жүрсеңіз де, кедейшілік тұзағына түсіп қалу қатері әрқашан да бар.
Бұл ұғым бізге адам әлеуметтік жәрдемақы алу үшін жұмыс істемей қоятын экономикалық құбылысты сипаттау үшін poverty trap деген сөз тіркесі қолданылатын ағылшын тілінен келген. Ондай адамның жұмысының еш мәні жоқ, өйткені оның алатын жалақысының деңгейі көбінесе жұмыссыздық бойынша төленетін жәрдемақы деңгейінен төмен болып тұрады. Бұндай кедейшілік тұзағы әр буынды кедейірек еткен үстіне кедейірек етіп отырады, ал жүдеу-жадаулықтан, шындап келгенде, құтылар жол жоқ.
Алайда, қазір кедейшілік тұзағының мағынасы кеңіп кетті. Ол адамның ақшасы мен дүние-мүлкінің мөлшерін білдірмейді. Кедейшілік тұзағына жұмысыз кісі де, бизнесмен-миллионер де түсіп қалуы мүмкін.
Гәп есеп-шотта қаражаттың жоқтығында емес, ақшаны және ақша табу тәсілдерін жаңсақ түйсінуде. Адам қанша ақша тапса да, оған ақшасы әрдайым аз көрініп тұрады. Тұзақ деген осы.
Төменбіліктілікті еңбек (қара жұмыс) атқаратын адамдар
Кез келген еңбек түрі адамға пайда әкеледі, бірақ кез келген түрі үшін көңілден шығатын ақы төлене бермейді. Мысалы, Алматыда айына 200 000 теңге алатын құрылысшыларды да, 600 000 теңге алатын құрылысшыларды да көруге болады. Әрине, басқа өңірлерде еңбекақы анағұрлым аз болуы мүмкін, дегенмен, жұмыскердің негізгі міндеттері өзгермейді.
Кедейшілік тұзағына еліміздің кез келген қара жұмысшысы түсе бермейді. Тәжірибелі жұмыскер жақсы табысқа кепіл болатын барынша тиімді нұсқаны таба алады. Бірақ жақсы жұмысты іздеуге қажетті тәжірибе мен уақыт екінің бірінде жоқ.
Осы тұста «бұның кедейшілік тұзағына қандай қатысы бар?» деген сұрақ туындайды. Бар гәп ата-аналары қара жұмыс істеген отбасында дүниеге келген балалар кедейшілік құрдымына тап болу тәлейі көбірек. 2015 жылы Массачусетс университетінің ғалымдары эксперимент жасап, оның барысында кедейшілік тұқым қуалайтынын анықтады.
Проблема қаржы тұрғысынан ғана емес, қаржыны дұрыс түйсінбеуден де шығады. Кедейшілік жайлаған отбасында тәрбие алған балалардың ойына жұмыстың ляззатқа бөлей алатыны ойына кіріп шықпайды, олар үшін жұмыстың басты мақсаты — тек қана ақша ғой. Үлкейген бала ата-анасының жолын қуып, өзіне таныс болып қалған мамандықты таңдауы мүмкін.
Қара жұмыс жоғары білімнің жоқтығымен тікелей байланысты. Университетте оқуға жағдайы болмаған адамның өзін және отбасын асырау үшін ақырында еңбекақысы аз төленетін (қара күш жұмсалатын) жұмыс тауып алатынын жиі байқауға болады. Осымен бітті: тұзақ тартылды, енді одан сытылып шығу әлдеқайда қиын болады.
Бос уақытын мән-мағынасыз демалысқа жұмсайтын адамдар
Былайша айтқанда, кез келген демалыс — бұл жақсы нәрсе. Дейтұрғанмен, бір реттік-екі реттік «жалқаулық басқан» демалыс күндері мен бос уақытты ұдайы зая кетіріп отырудың айырмашылығы бар.
Бұл жерде гәп пайдалы әрі белсенді демалысқа ақшаның жоқтығында емес, дұрысында — оған күш-қуат жетпей қалып жатады. Осылайша, біз еңбегің шығындалатын уақыт өткізу орнына қолжетімдірек әрі оңайырақ бірдеңені: достармен бірге барда отыруды, Netflix-тен берілетін жаңа сериалды көруді немесе төбеге ойлана қарап диванда жатуды қош көреміз.
Тұйыққа тірелді деген осы: дәулетіңізді арттырып, материалдық жағдайыңызды жақсартқыңыз келеді, бірақ күш-қайратыңыз да, уақытыңыз да жоқ. Яғни, даму да жоқ. Бұл кедейшілік тұзағы емей немене?
Өте жас кезде балалы болғандар
Баланы жақсылап тәрбиелеп шығу үшін ата-ана болсақ деген тілектің ғана болғаны жеткіліксіз. Осылай бола тұра бұл көптеген қыздарға, баланың бар қажетін өтеуге жететін қаражаты болмаса да, тәуекел етіп, бала тууға кедергі бола алмайды. Бұл мәселенің бір жағы ғана.
Екінші жағынан алғанда, қыздың жоғары білім алатын, мұқтаждық көрмей өмір сүруін қамдайтын жақсы жұмыс табатын мүмкіндігі жоқ. Міне, осылайша, сәбиі бар жас ана автоматты түрде кедейшілік тұзағына тап болады.
Декреттен шыққан соң да жағдай жақсара қоймайды: қыздың еңбек тәжірибесі, кейде тіпті жоғары білімі туралы дипломы да жоқ болып, бұл оның жақсы қызметке тұру мүмкіндігін анағұрлым азайтып жібереді.
Нәтижесінде біз тұзақтағы, шығып кетуге болатын, бірақ оған көп уақыт пен күш кететін, тағы бір ұяшық аламыз.
Бүкіл өмірін дамымаған кедей елде өткізетіндер
Ел де, адам сияқты, кедейшілік тұзағына түсіп қалуы мүмкін. Әлсіз экономика, жемқорлыққа былыққан көшбасшылар, тұрақсыз сауда — осының бәрі өмір бойы осындай елде тұратын қарапайым азаматтың автоматты түрде кедейшілік тұзағына ілінуіне апарып соғады.
Бұған қоса, ол адамның айналасында өзі сияқты өмір сүрудің емес, тыраштанған күнкөрістің, өзін тұтқыннан «босатып алу» үшін мейлінше көбірек ақша табудың қамымен жүрген адамдар қаптап жүр. Осылайша ол өзінің жағдайын нашарлата береді.
1. Ақшаға деген қарым-қатынасты өзгерту
Біздің көбіміз ересек өмірді соқыр тиынсыз бастаймыз. Алғашқы алған айлығымызға шаттанып, бекер тыраштанбағанымызды түсіне бастаймыз: енді бүкіл арман-аңсарларымыз бен жоба-жоспарларымызды жүзеге асыруға болады. Бірақ айлықтың өсуімен қатарласып біздің мұқтаждықтарымыз да арта береді. Бұның жаман ештеңесі жоқ, керісінше, жақсыға ұмтылу — адамды дамытып отыратын жақсы қасиет. Ақша — жақсы мотиватор, дегенмен, ол жұмыстың басты мақсатына айналып кетпеуі керек.
Бір нәрсені жете ұғып алу қажет: ақша сіздің ырқыңызға бағынады, керісінше емес. Және де ақшаның қанша болатыны өзіңізге байланысты. Сіз бар ақшаңызды арзан күлкіге жұмсап тастап, артынан айлықтың аздығына қынжылуыңыз мүмкін. Не болмаса ақшаны жинап немесе оны өзіңіздің бизнесіңізге және өзіңізді дамытуға жұмсау арқылы ақшаны дұрыс пайдалануыңыз мүмкін. Қай жағдайда да ақша мөлшері тең болуы мүмкін, тек ақшаны дұрыс пайдалану — оны көбейте түсудің кепілі. Сондықтан, өз жұмысыңызды, қымбатшылықты және нашар билікті сынаудан емес, өзіңізден бастаңыз.
2. Ұсақ-түйек шығындарды да ескеріп отыру
Жұмыстан қайтып келе жатып сіз қалай да үй маңындағы кофеханаға бас сұғып тұрасыз. Ал қиын тиген жұмыс күнінен соң тәтті бірдеңе тістегіңіз келіп тұрады, сіздің оған еңбегіңіз сіңді ғой. Әр адамның өзінің азғантай ғана ақша кететін сияқты көрінетін кішігірім дәстүрлері, әдеттері мен еркелігі бар.
Бұндағы түйінді сөз тіркесі — «сияқты көрінетін». Сіз өзіңіздің сүйікті таңғы кофеңізге қанша ақша құрдымға кетіп жатқанын бір рет болса да есептеп көрдіңіз бе? Немесе сатып алмай кете алмайтын ұсақ-түйек әшекей заттарға қанша кетіп жүр? Сіз достарыңызбен кафеге барып жүріп қанша ақшаны жоқ қылдыңыз?
Бір реттік-екі реттік азғантай шығындар қаржылық жағдайыңызға әсер ете қоймас. Егер олар шынымен бір реттік-екі реттік қана болса… Бізге егер бүгін бір назымыздың өтеміне 500 теңге қашласақ, бұдан ақшамыз ортайып қалмайтындай көрінеді. Алайда, осындай азғантай ақшаның өзі сізді бір айда 15 000 теңгеге шығынға ұшыратады.
Өз қаржыңызға ие болудың ең жақсы әдісі — бюджетті нақты қадағалап көріп отыру. Шығындарыңызды (ең ұсақ шығындарды да) бірін қалдырмай жазып отыратын арнайы мобильдік қосымша болсын немесе қойын дәптер болсын — бұлардың кез келгені ең құрығанда сізге ақшаның қайда кетіп жатқанын түйсінуге септігін тигізеді.
Ары қарай оңай: іште жатқан шопоголикті уысыңызда ұстауды үйреніп, ақыры кедейшілік шырмауынан құтылу.
3. Ғайыптан келе қалар кереметті күтуді доғарыңыз
Бір күнде-ақ бай болып шыға келетін мүмкіндік болса ғой, деген ой әркімге-ақ келген шығар. 100 теңгеге лоторея билетін сатып алып, миллион ұту. Бейтаныс туысыңыздан Норвегиядағы керемет бір үйді мұраға алу. Жұмыста қызметіңіз жоғарылап, жаныңыз қалағанның бәріне жететін айлық алу.
Әрине, кейде кейбіреулердің шынымен-ақ «бағы жанатын» жағдайлар болып тұрады. Бірақ, жылдар бойы сәттілікке сеніп жүре бергенше, өздігіңізден мансапта табысқа жету қамын жасауға болады ғой.
Сіздің табысыңыздың көлемі тек өзіңізге ғана байланысты. Аздан: ақшаның бір бөлігін жинап отыруға немесе, ең болмағанда, ақшаны байлықтың астында қалдыруға уәде беретін лоторея сияқты нәрселерге шашпаудан бастаған абзал. Жұмыста кәсіби деңгейге жетуге тырысу, «абырой әперетін» қымбат заттарды алу үшін несиеге ұрынбау және бәзбәреудің сізді бай қылып жіберетініне иегіңізді қышытпау — бұны тек өзіңіз ғана істей аласыз.
4. Тәуекел етуден тайсақтамау
Жаңа бір нәрсені істеп көруден, қалыптасқан бағыттан ауытқудан қорқу, дұрыс тәуекел ете алмау адамдарды не ештеңе істемеуге, не ағат қылықтар қылуға мәжбүрлейді. Екі жағдайда да адам өзінің қорқынышының немесе дұрыстап ойластырылмаған тез байып кетуге деген талпынысының кесірінен тұзаққа түсіп қалады.
Тәуекелге бел буу — бұл шығармашылықпен айналысу үшін тұрақты жұмысты тастау, несиелер алып, Балиге тартып кету емес. Тәуекелге бел буу — бұл өз өмірің мен әдеттеріңді ақырындап тиімді жолмен өзгерту.
Біліктілік арттыру курстарына баруға немесе әуестігіңізді (хобби) сүйікті ісіңізге және ақша табу тәсіліне айналдыруға болады. Бастысы — асықпай, ақшаны бірінші орынға қоймай, өзіңіздің өміріңізге енгізетін алғашқы жақсы өзгерістерден ләззат алу.
Кедейлікте өскен адамдардың зиянды 5 әдеті
Сіздің үнемшіл емес, бейшара қайыршы екеніңіздің 10 белгісі
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі