Эссе және өлең-жыр байқауы

Мектеппен танысу

«Оқушы» мәртебесі балаға да, ата-анаға да үлкен жауапкершілік артады. Алда баланы көптеген жаңашылдықтар күтіп тұр: жаңа міндеттер, күн тәртібі, жаңа таныстар. Бұл кезең барынша жеңіл өтуі үшін алдын ала дайындалған дұрыс.

Психолог мамандар ата-аналарға мұндай кезде жұмысынан демалыс алуын ұсынады. Себебі баланы мектепке дайындап, шығарып салып, күтіп алу керек. Баланы бала бақшаға бермейтін отбасылары да бар. Ондай балаға көбірек көңіл бөлу талап етіледі. Оларға жаңа ортаға үйренуге апта емес, түгелдей оқу жылы қажет болуы мүмкін.

Балаларға жаңа ортада өзін қауіпсіз сезіну маңызды

Баланың мектепке баратын уақыты жақындаған сайын, соғұрлым болашақ оқушы ересектерден мектеп жайлы көп естиді. Саналы ата-ана баланың мектепте білім алуын сапалы, әрі жақсы өмір сүрумен байланыстырады. «Мектепте білім аласың, көп қызық нәрсе үйренесің» деген ойлар айтады. Алайда, мұнда асыра сілтемеу маңызды. Алғашында сіздің «еске салуларыңыз», баланы жалықтырса, кейін олар тіпті қажытып жіберуі мүмкін. Ата-ананың келесі жіберетін қателігі – баланың болашақ «оқушы» мәртебесін жаза ретінде көрсету. Мысалы, «Өсесің, мектепке барасың, сол кезде түсінесің!», «Мектепте былай істеуге болмайды», «Оқушыларға былай істеуге болмайды» және т.с.с. Балалар ересектердің ойын бірден дұрыс түсіне алмауы ықтимал. Ата-ана үшін балаға оқу барысының жағымсыз тұстары жайлы көп сөз қозғамау маңызды. Болашақ оқушының барлық назарын мектеп өмірінің жағымды тұстарын қабылдауға бағыттау керек.

Баланы баратын мектебімен алдын ала таныстыру жақсы әсер қалдырады. Себебі ең бірінші алған әсер ең мықты, әрі ең тұрақты болып келеді. Сол себепті мектептегі демалыс кезеңі таптырмас уақыт. Ұялшақ, тұйық баланы шулаған бір топ жоғары сынып оқушылары қорқытып жіберуі мүмкін.

Үй мен мектеп арасындағы жол балаға таныс болу керек. Үйден шыққанда жан-жағыңызға қарап, жүру бағыты өтетін жолдағы нысандар мен ғимараттарды айтып отырыңыз. Қайтар жолда балаңыздан жолда кездесетін нысандар мен ғимараттар туралы қайта сұраңыз. Балаңыздың есте сақтау қабілетін бағалап, мақтап қойыңыз.

Баланың назарын мектептің айналасында орналасқан нысандарға аударыңыз. Спорт алаңы немесе бау-бақша болса, олардың атқаратын рөлін айтып беріңіз. Спорт алаңында дене шынықтырумен айналысатынын, ептілік пен жылдамдыққа, мықты болуға үйрететінін айтып, баламен бірге қашықтыққа секіріп көріңіз. Бау-бақшада түрлі өсімдіктер отырғызылып, жыл бойы олардың өсуін бақылауға болатынын түсіндіріңіз. Мектеп ғимаратын мұқият қарап, орталық кіре беріс пен қызметтік кіре берісті, асхана мен кітапхананың орналасуын анықтаңыз. Асханада балаңызды дәмді тамақтандыратынын, кітапханада қызықты кітаптар арқылы үй жұмысына дайындалуға болатынын айтыңыз. Ғимараттың неше қабаттан тұратынын бірге санаңыз. Терезе алдында тұрған өсімдіктерге дейін назар аударыңыз, мұның барлығы бала мектепке келгенде оған таныс болып көрінеді. Бұл кезең жасөспірімнің есте сақтау, қиялдау, ойлау және зерттеу қабілеттерінің қарқынды дамитын уақыты. Осы мектепке жасаған алғашқы саяхатын балаңыз міндетті түрде тиісті деңгейде бағалайтын болады.

bilimland.kz


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз