http://a-brands.kz/

Білімдіні ұнатады бұл ғасыр

Авторы: Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы

Білімдіні ұнатады бұл ғасыр

Жиып алып балғын шәкірт достарды,
Салтанатты сәтке бөлеп жас жанды.
Мектептердің қоңырауы қағылып,
Тағы, міне, білім күні басталды!

Сыңғырлы үнге жас балдырған тамсанды,
Ата - ана да осы күнді аңсар - ды.
Қол жеткізген жетістіктер еленіп,
Келешекке жоспарлар да жол салды.

Екшеп алып дұрысы мен бұрысын,
Күтеді деп тағы қандай ұлы сын.
Әз ұяда басталады сабақтар,
Естіледі ауласынан күміс үн.

Шәкірт бойда болады әр кез сан қылық,
Солар барда, болашаққа жанды үміт.
"Апай, апай, мен айтайын!" деген үн,
Тұрады енді сыныптарда жаңғырып.

Әуелейді білім атты асқар ән,
Осы жолда қандай сынақ тоспаған.
Жас мамандар кіреді алғаш именіп,
Барі солай еңбек жолын бастаған.

Білім қымбат, оны жұрттар біледі,
Жетелейтін ұстаз соған үнемі.
Шәкіртімен достарындай сырласқан,
Сенсің, Ұстаз, мектебіңнің жүрегі.

Қосылсыншы білім атты сырға сыр,
Өзгерсе де уақыт атты жыл, ғасыр.
Білім жалғар дәуірлердің арасын,
Білімдіні ұнатады бұл ғасыр.

Осы жолға ұмтылады бүгін жұрт,
Келешектен асқаралы ұғым күт.
Азат елдің арманы да - осында,
Азат елдің аңсары да - білімді ұлт.

Ғасырың бар тоса қояр сынағын,
Соны игерсең, заманыңа ұнадың.
Білім күні құтты болсын, Ұстаздар!
Білім күні құтты болсын, Мұғалім!

Бала шағы, болашағы ұлтыңның!

Киімі де, сөмкесі де көркем-ді,
Білім жолда арманы асқақ желкен-ді.
Мектебіне бара жатыр ұлтыңның
Әлиханы, Ахметі ертеңгі.

Бір-бір үйдің қызы-айы, ұлы-күн,
Бола берсін, еркелеу ме бірі тым.
Мектебіне барады олар ұлтының
Арқалап ап үкілеген үмітін.

Өткен дәуір көрсең де өмір бұрқағын,
Талай мәрте жеңіс жырын шырқадың.
Білім жолға бет түзеді, міне, енді
Санасы да, ойы да азат ұрпағың.

Ұл-қызым деп ана ұйқысы сан қашты,
Бесік тербеп, күн мен түні алмасты.
Солар үшін алдағы үлкен өмірдің
Соғылады қоңырауы алғашқы.

Бөбегінің оятса ана талғамын,
Тілейді енді жақсы шәкірт болғанын.
Сол бөбектер алып бара жатқандай
Өз ұлтының жалау етіп арманын.

Бесігінен асыққандай бүгінге,
Ұстазына ол ұмытпайды гүлін де.
Ұға жүріп заманының үнін де,
Сөйлейді олар бабасының тілінде.

Басталғанда білім жолдың асқары,
Қадамдарын үлкендер де қостады.
Олар үшін соғылса алғаш қоңырау,
Сол қоңырау - келешектің бастауы.

Маңызын да, мәнін де ұғып бұл күннің,
Міне, тағы биіктерге ұмтылдың!
Бара жатыр көшелермен мектепке
Бала-шағы, болашағы ұлтыңның!

Қастерлі тұлға - Мұғалім!

Білімнің ғана тиегі,
Мектебін жаны сүйеді.
Қарапайым мамандық -
Ұстаздық атты киелі.

Бойына жиған нұр ағын,
Білімнің жаққан шырағын.
Шәкіртімен көркейер
Қастерлі тұлға - Мұғалім!

Шәкіртке шуақ төгетін,
Жанына мейір егетін.
Еңбекпенен жалықпай,
Білімнің нәрін себетін.

Бойына жиған нұр ағын,
Білімнің жаққан шырағын.
Шәкіртімен көркейер
Қастерлі тұлға - Мұғалім!

Кешегі балаң түлегі,
Есінде мәңгі жүреді.
Кетсе де алыс өзінен,
Ұстаз боп қалар үнемі!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)