Өлең, жыр, ақындар

Москва туралы жыр

  • 19.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1144
Сәлем саған, даңқты зор Москва,
Келдім қазақ жерінен, сонау қырдан.
Гүлжазира шалқыған күн астында
Мұнараңа күлімдеп қарап тұрған.
Жүрегіммен сол жердің сағынышын
Алып келдім алыстан арнап саған.
Сенен ой, сенен білім алу үшін,
Шөлдеп келген адамдай жан аңсаған.
Көргенде Кремльді мұнаралы,
Сүйкімді жүрегімді ой билеген.
Білінбей өр кеудемде тулағаны,
Сырласқан сыры терең дүниемен.
Алыбы асқар ойдың сонда жатыр,
Бөленген тас бесікке өзі мәңгі.
Бірақта шамшырақтай жанған ақыл
Күндей боп аралап жүр жер-жаһанды.
Басты иіп сол тәкаппар мұнараға,
Алғыстап ұлы адамға айттық сәлем.
Миллионның толқындаған сол арада
Алшаңдап аяқ басқан біреуі — мен.
Өйткені көп құмартқан көздеріме
Сыйып тұр зор Москва сәулетімен.
Естіген жырлы даңқын кездерімде,
Көруді өмірде бір үміт еткем.
Әкем өткен аңыз ғып Москваны,
Ертегі еткен ертедегі қойшы қазақ.
Шаһардай ескі көне ғасырдағы
Ежелден даладағы даңқы ғажап.
Көне тас Кремльді тұрмын көріп,
Мұнарасы дүниенің тіреуіндей.
Орыстың кеудесінде қамал берік,
Отанның жанып тұрған жүрегіндей.
Көрінеді үйлері кезіме ыстық,
Әкем салып кеткендей арнап маған,
Адамдары өскендей бір туысып,
Я жатырқап, я кім деп таңданбаған.
Бұнда адам толқыны зор теңіздей,
Шалқып жатыр толғандай біздің дала.
Кең пейіл бірақ орыс кеудесіндей,
Сыя берер сансыз жан Москваға.
Айбынды орыс дауыс сонда шыққан
Жар салған жаңа дүние дүбіріндей.
Тіл бар ма осы тілдей дүние ұққан,
Орыстың жүрек бар ма жүрегіндей!
Мейрімді сол жүрек қой мені тартқан
Кең жатқан кеудесімен Кремльдей.
Астанамсың аяңнан бақыт тапқан
Мен де ұлыңмын орыстың біреуіндей.
Көргенмін жоқ көп шулы Лондонды мен,
Тұрмаған шығар мені іздеп ол да.
Мен секілді қоңырлар жүре ме екен
Өз үйіндей еркімен сірә сонда.
Жаңа келіп тұрсам да, туғандай-ақ
Москвада, Кремль бауырында.
Өзімсініп мен тұрмын, тұрғандай - ақ
Нағашымның үйінде, ауылымда.
Балаңдай басымды иіп мейіріміңе,
Жүрегімді алдыңа тостым анық,
Құшағыңда күлімдеп тұрмын міне,
Мен қазақпын, адаммын Москвалық.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Түнгі көшеде

  • 0
  • 0

Түнгі самал еседі
Тереземнің алдынан.
Кезіп түнгі көшені,
Шаттық шулар шалқыған.

Толық

Мистер Колдердің Сахараға саяхаты

  • 0
  • 0

Джентльмендер жайраңдап қақты жымың,
Мистер Колдер құмға жол тартты бүгін:
— Міне, ғылым жорығы!
— Міне, өрлеу!

Толық

Өлкеме бардым сонырқап

  • 0
  • 0

Өлкеме бардым сонырқап,
Өрінен жыр тыңдадым.
Теңіздей дала толқындап,
Өріске жайған тың дәнін.

Толық

Қарап көріңіз