Өлең, жыр, ақындар

Тұтқынға түскен фельдмаршал

  • 07.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1104
Бет қаратпас долы боран гуілдеп,
Құтырынған, сақылдаған сары аяз.
Қиян – кескі соғыс жатыр гүрілдеп,
Қарқылдаған кәрі қарға қанға мәз.
Күңіренген, жалын тиген қара орман,
Солдаттардай азап шеккен жаралы.
Қайырымсыз қара перде оранған,
Ажал – соғыс,сақ – сақ күліп жүр әлі.
Ойрандаған Европаны оп – оңай,
Қанды тырнақ фашистер тұр масайрап.
Өзен керек болды ма екен Волгадай?
Бүгін соңғы зор майданын жасамақ...
Басқыншы жау алды бірақ тойтарыс,
Бұза алмады Сталинград қамалын.
Мазалаған ішін өртеп толғаныс,
Фельдмаршал түйіп отыр қабағын.
Қайдан біткен өр табанды азамат,
Дал болумен зығырданы қайнайды.
Өлімнен де қорықпайды ғажап – ақ,
Өжет халқы алыптардан аумайды.
Бұл не деген қасиетті махабат,
Туған елін сүйе білген жан сала.
Тұрған еді от қоршауда қат – қабат,
Бұзып шықты. Отан деумен жар сала!
Шыныменен күйретті ме тағдырды,
Шегіне ме қашқын болып опасыз.
Шіріп біткен фюрердің де әмірі
Болашаққа ертең не – деп айтамыз?
Қаусап қалған әскері де даңқты
Қара бұлттай қаумалаған кешегі.
Қаңқалары әрбір жерде қалыпты,
Крестерін күйе басқан бес елі.
Отырғанда ауыр бейнет жан қысып,
Қалың оймен өзін – өзі қаралап.
Қарсыласы «Катюшасын» атқызып,
Шабуылға шыққан еді,уралап.
Қоя берді тұла бойы қалшылдап,
Бұл не сұмдық,айырылды ма бақ – құннан?
Қоян жүрек, әскер қашты ырсылдап,
Амалсыздан көзін салып алқынған.
Тек жаралы кейбір солдат қажыған,
Ілбіп – сілбіп жүдеу аттай жүр әлі.
Айбат қайтқан, күні кеше тасыған,
Жұргізбейді ұлып орыс бораны.
Қарайды олар фельдмаршалға мұңдана,
Қадап өлі, оты сөнген жанарын.
Бізге мола болар мынау кең дала,
Одан бар ма дегендей – ақ хабарың.
Неге келдік Россияға осы біз,
Біздің елге,олар мылтық атты ма?
Соғыспауға мына біздің өзіміз,
Қол қойдық қой, достық кепіл шартына.
Аппақ қарға қызыл қаны төгілген,
Бір жас солдат өз ұлынан аумайды.
Көрмекші боп келіп еді көзімен,
Ол да байғұс фашизмді қарғайды.
Оқ иісі мен қызыл қанға сасыған,
Дала жатыр, қара көрпе жамылып.
Өз ойынан өзі селкіп шошыған,
Фридрих Паульс толғанады жабығып.
Әлі есінде бұдан бұрын төрт жылдай,
Бас штабқа Гальдер оны шақырған.
Сол бір сұмдық еске түссе япырма – ай,
Адасқандай болады ол,ақылдан.
Россияға ашамыз біз соғысты,
Олар қазір бәрінен де алаңсыз.
Жүз елудей дивизиямен ұлы істі,
Жоспар құрып, әбден талдау жасаңыз.
Бұйрық алып сентябрьдің үшінде
Ол шабытпен кеуде соғып кіріскен.
Отыз тоғыз, сол бір жылдар есінде,
Жоспар бітіп,Гитлер ой бөліскен.
Міне,бәрін есіне алса далбаса,
Ол үміттер бүгін түгел көкке ұшты.
Коммунистер қоршауға алып жан қысса,
Көрсетті ғой өздеріне соғысты.
Тыныстауға тұрып еді азырақ,
Сүрту үшін маңдай терін мұздаған.
Азар жеткен адъютанты қансырап,
Біттік – дейді, қашу бізге жазбаған.
Үрей билеп бар кеудесін амалсыз,
Шылымын да соңғы шекпей тастады.
Біз тұтқынға берілуге барамыз,
Сарбаздарын жинап,алға бастады.
Құйыттай ғана ақ жалауын көтеріп,
Тізе бүгіп келеді жау аһ ұра.
Ыза буып,ауық – ауық жөтеліп,
Қаруларын жан – жағына лақтыра.
Қатер бар ма, бізге сірә төнбеген,
Қайыспадық түскен шақта басқа сын.
Жанқиярлық ерлігімен гүлдеген,
Ер Халқыммен, Сталинград жасасын!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өзбекәлі Жәнібеков

  • 0
  • 0

Ел сүйген асқақ сезім армандардай,
Жүрмедің қара бастың қамын ойлай.
Бабалар басып өткен іздерінен,
Қастерлеп саз балшықтан соқтың сырнай.

Толық

Тұрар Рысқұлов

  • 0
  • 0

Дауылдарда қызыл тұман қаптаған,
Қан жаудырып аштықпенен қапталдан.
Зар жылатып еңіретіп халқымды,
Жер бетінен жоқ қылуға оқталған,

Толық

Абыл ақын

  • 0
  • 0

Сүйекем сапар шекті сексен бесте,
Сәскеде қалды аға жатып төсте.
Қорлыққа көнбен деген бір пенде еді,
Ажалға ол да көнді салған іске.

Толық

Қарап көріңіз