Өлең, жыр, ақындар

Ғұн патшасы Аттиланың өсиеттері

  • 07.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1740
Ғұн ұрпағы тумысынан күрескер,
Сені күтіп алда тұр ғой ұлы істер.
Өсиетімді ақ жол тілеп айтайын,
Қабыл алсаң қашпас сенен жеңістер!
Серік қылып қара тастай төзімді,
Өмір бойы шәкірт санап өзіңді.
Барша білім бұлағынан сусындап,
Аша біл сен иман- жүрек көзіңді!
Қанды келер тажалының тырнағы,
Болмас үшін озбырлардың құрбаны.
Адалдық пен батылдықты қастерлеп,
Жастайыңнан шыңдап өсір ұланды.
Сусындатып әдебімен халқымның,
Нұрын құйып ата-дәстүр салтымның.
Жауды алатын өршіл Рухтан дем салып,
Өр киесін дарыта біл Түркінің!
Бақытым де ауыз бірлік тірлігін,
Сәні сонда қорған болар көркіңнің,
Айбатыңда, қайратыңда осында,
Кең ғаламға шалықтасын еркін үн!
Өр Алтайдың жарып шығып біз төсін,
Берік ұстап ұлтымыздың намысын.
Алға тартып ұлы көштің қонысын.
Кең әлемді сілікіндірдік жаңғыртып,
Бабалардың ала білдік алғысын.
Жол жасадық ерлікпенен елдікке,
Келер ұрпақ самғау үшін кеңдікте.
Арын қорғап аянбастан халықтың,
Көріне алып серттен таймас бірлікте.
Ерік беріп желден озар жүйрікке,
Тұлпардың тұяғымен жыр жазып
Тәуекелді қанат қылып ерлікке,
Көрерміз- деп, жазылғанын маңдайға,
Жасық ойға берілмедік тірлікте!
Еркіндіктің тарылтпауға тынысын,
Аянбастан Түркі халқы ел үшін.
Ұлы көштің кеңейтуге өрісін,
Таптатпауға жатқа жерін- ырысын.
Жүдетпеуге ата-жұрттың тұрмысын,
Қағанаттың құрған алғаш іргесін,
Қайталауға тектілердің ұлы ісін,
Жоғалтпауға ата-салттың болмысын,
Қалың жауға сермеп жалаң қылышын,
Кегі қайнап қас дұшпанын кескілеп,
Қорғай біліп өзі құрған ұлысын.
Бойтұмар қып топырағын киелі,
Бабаларың алысқан ғой ел үшін!
Ұрпағысың сендер ұлы халықтың,
Жоғалтпасқа ерлік толы болмысын.
Есіне алып ердік даңқ ұлы ісін,
Елдің қамын ойлайтұғын күрескер,
Ұрпақтарың жау жүректі ер болсын!
Өрлік мінез сұс көрсетер жауына,
Ерте сіңсін десең ыстық қанына.
Бесік жырмен ерліктерін ардақтап,
Жол ашыңдар тарих ана- танымға!
Байлық мұраң ұлттық Рух- тамырда!
Адамзатқа төндірген сан сұмдықты,
Кім сүйеді бодандықты құлдықты.
Нағыз қорлық бұғауына шырмалсаң,
Қанішерлер жасар небір қулықты.
Көзі тоймай қазыналы байлыққа,
Еркіндікке салар бұғау құлыпты.
Өкінініштен у ішпеске жас төгіп,
Қорғай біл сен бірлік -атты хандықты.
Өз ұлтыңа қорған болып қашанда,
Айта біліп сескенбестен шындықты.
Мақсат қылған даңқ құмарлық тұғырын,
Алдамшының әрдайымда күні мұң.
Ол ұялмас жылатуға әлсізді.
Бет пердесін сыпыр тіліп зұлымның!
Тектілігін өн бойыңнан жоғалтпай,
Көкжалдығын көрсете біл бөрінің!
Ер болама жаралса егер күйікке,
Ұл болама аунап жатса күлдікте.
Қыз болама қол салдырып кіндікке.
Етек ашып жер қаратса кеңдікте.
Болар бола бесігінде бұлқынар,
Болар құлын желісінде жұлқынар,
Көз ашқаннан талпынумен өрлікке,
Ерік күшің мығым болып іштегі,
Арман болсын жетелейтін биікке.
Туралықтан айнымауың басты шарт,
Болмау үшін қуыс кеуде жел өкпе!
Қай кезде де нәпсі атты қу залым,
Көзді бағып құрар тұзақ торларын.
Оған еріп екі сөйлеу азғындық,
Адам болып рас болса туғаның.
Серте тұру адамдықтың келбеті,
Адалдықтан ешкім өлмес біл жаным!
Оны бұзсаң жабысады ауыр дерт,
Өз- өзіңе терең көрді қазғаның!
Ақыл ойдың жібін жалғай алмассың,
Қысқа болар көктемдерің, жаздарың!
Қапа болып қалмас үшін тасада,
Арқа сүйе үш нәрсеге қашанда.
Қадір тұтсаң өмір,уақыт,жүректі,
Бет алғаның ізгілікті сапарға.
Бәрі алдамшы дүниені ұмытып,
Тәңір сыйы ана сүтін ақтауға.
Көркем мінез жақсылыққа жеткізер,
Шомылдырып имандылық ақ таңға.
Адамзаттың ақыл ойын жинай біл,
Маңдай термен кәсіп тауып бақ барда!
Жол ашылмас әділ істі қолға алмай,
Халқың сыйлар қызмет қылсаң аянбай.
Өз қолымен жұлдыз қылып көгіне,
Сүйген ұлын биіктетіп қойғандай.
Кімде болсаң бола біл тек еліңмен,
Қор болады өз халқынан безінген.
Қазынаңда, қазаныңда өзі ғой,
Сен сүрінсең өз анаңдай дем берген.
Ұға білсең ажалды жанға бір тағдыр,
Даладағы қепкен шөптей қу тамыр.
Дәм біткен күн соламыз да қаламыз,
Иманды ұрпақ өсірмесең кім таныр?!
Инабатты қазық қылып әр күнде,
Қаратауың- қарияларыңды қадірле.
Достарыңмен дәм тұзыңды бір бөліс,
Өмір атты қимас таң мен іңірде.
Күнім-деп, біл жандары пәк шуақты,
Аруларды жаратылған сүюге.
Жеткізумен жүрегіңнің жарығын,
Алаламай адамзаттың бәріне.
Жылу құйып даналықтың дәніне,
Қорғаушы боп жаралғандай сәбиге,
Айнала алып татулықтың сәніне
Жақсылыққа құмар болып асығып,
Сусында тек әділдіктің нәріне!
Ар туыңа дақ түсірсең жасық боп,
Жата алмаспын күңіреніп қабірде!
Ұстазың ғой жол бастаушы тіреуің,
Сыйластықта болсын ізгі тілеуің.
Қадірлеумен атаңнан да әзіз тұт,
Кие тұтып берген білім өнерін.
Ол жетпеген жетістікке сен ұмтыл,
Асыруға нұрға толы мерейін.
Ұстаз әке, досың әрі жолдасың,
Қиналғанда сырласатын мұңдасың.
Қасиетін сіңіре алсаң бойыңа,
Қанша дауыл соқса дағы сынбассың!
Әр заманның орын алар төрінде,
Адамдар ғой бұл өмірдің мәні де.
Бар ғаламның ақыл ойын бағалап,
Сәуле жина имандықтың төріне.
Желкен құрып бабалардың ізімен,
Ерлік жолын жалғастырсаң төзіммен.
Келер ұрпақ алғыс айтып ұмытпай,
Алға ұмтылар ақыл ойдың көзімен
Аз болыппа дегенменен бақталас,
Ақымақтар өлі көзді жаны лас.
Кесірлері тимес үшін жұртыңа,
Ерлікпенен білек түріп тайталас!
Бар жақсылық байланысты адамға,
Беріктігі ұлттық сана танымда.
Тілмен -діні қос шырағын жоғалтса,
Адасқандай қарлы құйын боранда,
Арылмайды маңдайының соры онда.
Адалдықпен көрсетіп бар күшіңді,
Әділ атқар елің үшін ісіңді.
Әдептілік бақыт жолы соны ескер,
Рухани байлық сақтар күшіңді.
Өнер ғылым досың болсын айнымас,
Өрге сүйрер ізгілікті көшіңді!
Кім біліпті қандай тағдыр тұр алда,
Қол ұшын бер мұқтаж болған жандарға.
Садақаң мен зекетіңді ұмытпай,
Жеткізе алып уақытында жан барда.
Жаман әдет шырмауына бой бермей,
Адал жүріп ұқсап шуақ таңдарға.
Сыйға тартқан саған өзін өмірдің,
Айқаса біл ақ жолы үшін Тәңірдің.
Ең асылы-адамзаттың рухы,
Ғибадат қыл жаратқанға әрбір күн,
Пендешілік әуресінен аулақтап,
Ойлауменен Түркі халқы бірлігін!
Өмір мұқит толқындары алмасып,
Күнде жатар тыным таппай жалғасып.
Білсең мұнда қуаныш пен реніш,
Сәттілікпен өзекті өртер өкініш,
Әйтеуір бір күйбең тірлік толған іс.
Тыным бермес етегіңе жармасып,
Кім жетіпті шор дария түбіне,
Қанша патша жер астына кетті асып.
Оны ойласаң миға шабар қан тасып.
Қаншама азап көрсең дағы өрлікпен,
Жаратқанның сұлулығына бол ғашық!
Қателеспес жан болмайды жастықта,
Жігеріңді күйіп пісіп жасытпа.
Түземесең өз қатеңді кезінде,
Ұрынасың иіс қоңыз сасыққа.
Өз-өзіңді тани білу заңдылық,
Парызыңды ел алдында ұғынып,
Бар мақсатың болып игі ізгілік,
Жан сарайды адалдықпен таза ұста.
Өмір өзі қара нандай дана жыр,
Ізденбесең сыйлай қоймас қолдан гүл.
Тіршілікте қасіретке майыспай,
Қуанышқа майыспайтын бола біл!
Ғылым нұрдың ашылуға жолдары,
Төрге шығар білімі мол жандарды.
Данышпандар көп жиналса жаныңа,
Үмітіңнің ашық болар таңдары.
Содан танып ұлы Ғұндар айбарын,
Айбатыңа қайран қалар жауларың.
Біліктілер баға жетпес қаруың,
Олар барда мәңгі көктем жан-жағың!
Сенің үшін алысумен күн кешкен,
Бабаларды шығара көрме мүлде естен
Есеп беріп Тәңірімнің алдында,
Періштелермен емін еркін тілдескен.
Рухтар жүр биіктерде қалықтап,
Мәңгілікпен мәңгі бақи күй кешкен.
Сен қиналсаң олар жетер көмекке,
Самғауменен еш бөгетті білместен.
Сезіне алсаң әруақтар киесін,
Дем біткенше жалындарсың сөнбестен!
Тірек болар халқың сенің орманың,
Ел мүдесі болсын дәйім арманың.
Болжай біліп ақылменен алысты,
Соға біл сен ізгіліктің қорғанын.
Сақтау үшін азаттығын елдігін,
Әлдилеген ұлы Отан анаңның.
Тастамастан ауыр жүгін көтеріп,
Жау тиіссе айбатыңмен от өріп.
Әрбір тасын, әр төбесін қорғай біл,
Қасық қаның қалғанынша кектеніп!
Басшы болсаң ұнау емес бар мақсат,
Қара қылды қақ жара алсаң сол жақсы ат.
Кім мойындап берер саған бағаңды,
Қаңылтырдай болсаң егер майысқақ.
Уақыт құнын зерделемей басынан,
Дәл кезінде шешім алмай тосылған.
Адастырған соңына ерген халықты,
Ықпал болмас сенім кеткен басшыдан!
Жалтақтаумен желге тартқан желісін,
Мен олардың көрген жоқпын жеңісін.
Қай жерде де тәртіп керек темірдей,
Ынтымақпен алға тартып өрісін,
Пікірлесіп өз халқыңмен сырласып,
Ақыл ойдан таба білген келісім.
Іс басқарсаң көппен берге бірлесіп,
Болмас әсте кінә артатын сенбестік.
Өзіңменен елдік қамын бірге ойлар,
Игіліктің жасампаздық гүлі өсіп!
Қаққан шегең тапқандай өз орынын,
Талапқа сай тауып сәйкес тұғырын.
Әр азамат өз міндетін атқарса,
Еңбегіңнің ұзартады ғұмырын.
Ізгі мұра қалдыра алар кейінге,
Тапжылмайтын ерлер керек еліңе.
Жалау қылып ұлттық рух мұрасын,
Басын иіп Тәңір нұры тіліне
Өнегемен ұрпағына ой салып,
Жетелейтін игі істердің төріне.
Ал соғыстың саясатын шешкенде,
Жаттан келген келімсекке еш сенбе.
Мен басымнан өткізгенмін бұл жәйді,
Өкінішім ұмтылмаған өлсемде!
Сақ болғайсың көп ғой сатқын жансыздар,
Бірақ оның бас бұғатын жері бар.
Сыйлайтұғын болсын десе қас жауың,
Сайысқанда ерлігіңмен жеңіп ал!
Әрбір күннің ашқан сайын беттерін,
Әрдайымда сақтай білсең есіңе,
Мұның бәрі жігер талап күшіңде.
Ақыл –дария қанша алсаң да таусылмас,
Айтқан сөзім талаптыға жетсін де!
Ой жетеді бой жетпеген жеріңе,
Қиял жетер қыран жетпес көгіңе.
Ең жаманы бұл тірлікте ойсыздық,
Жетектейтін дозақ оты өлімге.
Ел дегенде сырының жоқ бүкпесі.
Жүрегінде ғаламның бар нүктесі.
Жыйнақталып тылсым күшпен тоғысқан,
Жазылғандай даналықтың термесі.
Бұл жөнінде ақындардан сұраңдар,
Ғылым барда ақиқаттың кемесі!
Ар ұят ғой адал жанға ең қымбат,
Ол бар болса көрікті бар азамат.
Отаным-деп, тұрса отты санасы,
Періштелер болар дәйім қолқанат.
Имандылық кетсе жердің бетінен,
Адаспайма хақ жолынан адамзат?!
Жаратушы жүрегінде адамның,
Оған аян басқан әрбір қадамың.
Жан сарайын таза ұста шаңдатпай,
Жалғау үшін ата-баба жолдарын,
Біліміңмен еліңді ағарт бұлақ аш,
Көкіректі тазартады нұрлы ағын!
Ақ бесіктен сүйсін десең Отанын,
Жауынгерлік Рухта өссін ұрпағың!
Ынтымақта жарасымды нұр сәулет,
Кенсіз қалмас тату болса әр әулет.
Адасcа егер ер серкесі көш бастар,
Онда кетер елді оралып бақ дәулет.
Жарық күнің түнек болар қараңғы,
Доңыз біткен алар әбден мазаңды.
Жақсыменен жаман шығар алысып,
Арам малмен толтыруға қазанды!
Қызыл көрген бұқаға ұқсап талтаңдар,
Билік құрар әдеп білмес шолтаңдар.
Тілін,дінін ашық теуіп өзекке,
Адалдықтың жолын бөгер сортаң жар.
Елдің емес ойлап жеке мүдесін,
Жын шайтандай іштен бастап күресін.
Мейірімсіздер тексіздігін көрсетіп,
Елдің бөлер бар қазына үлесін.
Тұман басар қою шаңнан көз көрмес,
Ізгіліктің солқылдатып іргесін.
Басқа түсіп азап салып сұм тағдыр,
Отты дауыл көрсе мұндай сұрапыл.
Қорған болып әлдилеген халқына,
Бұл қорлықтан алып шығар діні асыл!
Менің ұғып бақыт жәйлі түйгенім,
Аман болсын ата-жұртың тірегің.
Жер бетінде біткенінше сапарың,
Сол ғой сенің егіз біткен жүрегің,
Бола біліп жас жаныңа күн-бесік,
Анашыңның жеткізе алған тілегін,
Батырлардың шежірелі жырымен,
Желбіретіп ақ жаулығын әжеңнің,
Бабалардың ұран қылған үндерін,
Төкпе күйін домбырамен шалқытып,
Жатқа айтқызған нар халқыңның әндерін!
Ұмтыларма өзің айтшы ашылып,
Қарсы алғаның ұлттық болмыс көктемін?!
От қаныңда дауыс салып Көк Бөрім!
Ер Тұңғаның байшұбары елестеп,
Ерліктерге шақырғандай Күлтегін,
Тал шыбықты ат қып шауып мінгенің.
Бауырларың, құрдастармен бірге ойнап,
Көкке өрмелеп тәтті жидек тергенің.
Туған ауыл кеңдігі еді-ау сүйгенің.
Айта берсем таусылама жарқыным,
Құшағында шаттық жарқын күндерің.
Басқан талай албырт көңіл аптығын,
Жұпар иісті неткен көркем гүлдерің.
Жұмақ деген туған ел ғой, туған ел,
Кетерме естен сайран құрып жүргенің?!
Тұңғыш ұлың алыс жолға шығарда,
Қолды жайып ақ батаңды бергенің.
Өткен дәурен қызықтарын еске алып,
Қалың ойдан жырдан жалын өргенің.
Әлдилеген қуат беріп, дем беріп,
Отаныммен шыбын жаным бір менің,
Қасиетін ұға алмасам өлгенім!
Онсыз сірә кімге қажет ойлашы,
Жеке байып даңғойлықпен күлгенің.
Ақтамасаң сенім артқан үмітін,
Қажеті не үлде менен бүлденің?!
Туғызбайма ызы кекті бойына,
Намыссыз боп итше босқа үргенің!
Тәңір мұндай азабынан сақтасын,
Қырсық келіп қақпаңызды қақпасын.
Ұлттық санаң биік болып қашанда,
Имандықтың таза ұстасын тұтқасын.
Ғұн ұрпағы өсиетімді қалдырдым,
Лайлаттырма Отан-Ана, от басын!
Есіңе алып өсиетімді қастерлеп,
Намысың болса,
Аманатымды ақтарсың!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бір тал жусан

  • 0
  • 0

Әрбір сөзі жыр болып,
Әлдилеген халықты.
Академик Қабдолов,
Сырқаттанып қалыпты.

Толық

Күлтегін

  • 0
  • 0

Мен құдіретті халық едім,
Қайда менің өр күшім.
Айтшы өзге құдіреттерді,
Жинап жүрмін кім үшін.

Толық

Бауыр

  • 0
  • 1

Баспанасыз зардап шеккен соғыстан,
Балғындары қалдырмастан дауылға.
Қара поезд алып жетті алыстан
Тылдағы ел, біздің шалғай ауылға.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар