Өлең, жыр, ақындар

Адай бабам

  • 07.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1520
Отпан таудың басынан Адай бабам,
Әуел бастан халқына ұран салған,
Кесенесін көтерсең келер ұрпақ,
Қайта оралар мәңгілік Рух саған!
Ақтау үшін перзентік борышыңды,
Аяма сен байлығың қол ұшыңды,
Баталы істер әрдайым жалғап берер,
Келер күнге таусылмас ырысыңды.
Ізгіліктен кезінде қалмай қалыс,
Ұран отын жаға алсаң ұлы табыс,
Осы жерден тіл қатар бабаларың,
Келімберді, Құдайке, Сегіз арыс!
Сусындайтын бұлағың көзін ашып,
Жігеріңе дем берер шашу шашып.
Жеткіншегің жарқын жүз қуанышпен,
Жаныңа ерер өзіңе бауыр басып!
Қайта алаулап төріңе Мұнал ошақ,
Сүйген халқың қуанар тойын жасап,
Бар мұсылман бас иер әруаққа,
Жарайсың-деп, Адайлар ерлігі асқақ!
Өн бойында өшпестей жалын өріп,
Темірқазық нұр себер жылу бөліп,
Бар маңайың бөленер салтанатқа,
Оралғандай Рух күш жауынгерлік!
Сезінерсің ғажайып болмыс барын,
Үш жүз алпыс әулие Маңғыстаудың.
Ақша бұлтқа айналып көкке шығар,
Айту үшін ұрпаққа алғыстарын.
Ой салып сұлулыққа мәңгі өшпейтін,
Үн жетер бір Алламен тілдес дейтін,
Көрінер Отман таудан Адай бабаң,
Күн туып ұрпақтарын бір иіскейтін!
Елім –деп, көсемдердей көш бастаған,
Сөз бастар тебіреніп Әбіш ағам,
Елжірер қариялар еміреніп,
Үніне қырандардай дауыстаған.
Той болар мәңгілікке тарқамайтын,
Жыр оқыр таң атқанша Сабыр ақын.
Жылойдан, Иә, Бекет-деп, Лұқпан келер,
Ұран қып алты алашқа Адай атын!
Жаңғырып қазақ үні кең әлемге,
Күй болып күмбір қағып жетер демде.
Тәңірім тілегімді қабыл қылып,
Жеткізсін біз аңсаған сол бір күнге!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

1937 жыл

  • 0
  • 0

Қанды шеңгел тырнағы,
Қалың елге қол салып.
Бар байлығын тонады,
Өн бойынан қан сасып.

Толық

Жалау Мыңбаев

  • 0
  • 0

Қилы заман қызыл тұман шағында,
Адай Ревком елдің бітіп бағына
Өрге сүйреп өжеттікпен нар халқын,
Қолын созған болашақтың таңына.

Толық

Жұбан ақын және Колбин

  • 0
  • 0

Кремль жұлдыз тағып алтындаған,
Ей, Колбин қарғалардай қарқылдаған.
Сен неге көкірек боп басынасың,
Не жазды кең пейілді халқым саған?!

Толық

Қарап көріңіз