Өлең, жыр, ақындар

Үміт пен күдік

Үміт пен күдік,
Бөлек пе досым,
Егіз бе әлде бір туған?
Адамға сірә керек пе осы?
Бақытқа қарай ұмтылған
-Әрине, керек,
-Дейсің- ау үміт
Шөліңді басар су сынды,
Ол да бір білсең,
Ғаламға зиян
Әсілі ащы у сынды
Себебі, құрбым,
Адамдар аз ба?
Үмітін әсте үзбеген,
Келместі күтіп
Сарғайған аз ба?
Самырық сары күзбенен,
Ішіңе түскен
Қарақұрт сынды
Жегідей жеген жаныңды,
Күдік те маған
Керексіз мүлде
Сындырған талай сағымды
Үміт бар жерде,
Күдік те болар,
Сенбесең бұған сірә да,
Үмітпен күтсең
Күдікпен онда
Келесің бе?-деп сұрама
Өмірдің кейбір
Сабақтарымен,
Жоқ қылған санам екеуін,
Бәрінен жырақ
Елсізде жатыр,
Бұл күні менің мекенім
Тағдырдың салған
Сынақтарымен
Болса да ақыл кеш кірген
Үміттенбеймін. Күдіктенбеймін,
Ешқашан енді ешкімнен.
Сен ше?



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар