Өлең, жыр, ақындар

Ерден неге кешікті

  • 29.01.2020
  • 0
  • 0
  • 1300
Сабағынан келгенде,
Ақша беріп Ерденге.
Апасы оны жұмсады,
Кешіксе егер ұрысады.

Білесіңдер е, нені?..
Бар оның да себебі:
Дүкенді ылғи сылтау қып,
Жолай ойнап келеді.

Ойын десе шатасып,
Ұмытады барлығын.
Ең соңғы рет апасы,
Ескертті оған ал, бүгін...

Алды-дағы керегін,
Қайтты кейін жолымен.
Көрді жолда Зерені,
Ойнамады онымен.

Кешікпейді бұ жолы,
Апасы оған не деді?!.
Ұрыс күтіп тұр оны,
Құстай ұшып келеді.

Соңғы ескерту... қорықты,
Кешірмейді, соны ұқты!..
Кенет жолда жылаған,
Балақайға жолықты.

Жөн сұрады жаны ашып,
Екен неден тарықты?
Ойнап жүріп адасып,
Үйін таппай қалыпты.

Мекен-жайын білмейді,
Іздегенмен... кім дейді?
Баланы жоқ мекені,
Қайда тастап кетеді?

Құрмет тұтса ағаны,
Болды бұл іс – жақсы үлгі.
Тауып үйін, баланы,
Әкесіне тапсырды.

Орайынан оңалды іс,
Табылды ұлы «жоғалғыш».
Ата-анасы Ерденге,
Арқалатты көп алғыс.

Неге мұнда бөгелді?
Ал, ақталып көр, енді...
Кенет Ерден үйіне,
Құстай ұша жөнелді.

Кешіктің деп мұншама,
Апасы енді ұрысады, ә?!
Күнделікті жолынан,
Кетіпті ұзап біршама.

Тырс-тырс тамшы тамды да,
Салды кенет жаңбыр ән.
Қолында ауыр сөмкесі,
Жолықты әжей алдынан.

Қол талып, бел ауырған,
Сөмкесі де көп екен.
Паналайтын жауыннан,
Қолшатыры жоқ екен.

Әкесі айтар оң ісін,
Ұмыта ма соны шын?
«Қиналғанға әрдайым,
Беру керек қол ұшын».

«Жастар ғой бұл текті, ізгі»,
Мақтан тұтқан деп бізді.
Қарт әжейді үйіне,
Ерден жылдам жеткізді.

«Жүк артылмас нар белден,
Еңкеймесін ал, кеудең!»
Деген қарттың алғаусыз,
Ақ батасын алды Ерден.

Тағы міне, кешікті,
Ашты ақырын есікті.
Қатуланып барады,
Апасының қабағы.

«Ер көтерер нар жүгін»,
Күтпей қатал «жарлығын».
Апасына айтты Ерден,
Болған жайттың барлығын.

Жаңа қату қабағы,
Жадырады бір демде.
Мейір төкті жанары,
Еміреніп Ерденге.

Әкесі де нақ бүгін,
Жасыра алмай шаттығын.
«Міне, азамат болды!», - деп,
Арқасынан қақты ұлын.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Еріншектің ермегі

  • 0
  • 0

Жапырардай сол күймен,
Жау тұрса да жолында.
Ершат шықты төргі үйден,
Планшеті қолында.

Толық

Жапырақ-ғұмыр

  • 0
  • 0

Сарғайған бақта өзгерген мүлдем реңі,
Жапырақ бірде жылайды, бірде күледі.
Онсыз да оның бір сәттік келте ғұмырын,
Зулаған мынау қатыгез күн кеміреді.

Толық

Қарлығаштың ұясы

  • 0
  • 0

Тұрғанмын лашықта да, шошалада,
Болған жоқ жылуынан ошағы ада.
Өз үйіме қолымыз жеткен күні,
Қарлығаш ұя салды босағама.

Толық

Қарап көріңіз