Жаңа қазақтар немесе рухани байлықсыз да мемлекет құруға болады деп ойлайтын жас бизнесменге хат

Жаңа қазақ, шала қазақ — жас інім,
Алшысынан тұрды бүгін асығың.
Саған қарап ойландым да, жасыдым.
Айырмаған азғыны мен асылын
Мына ғасыр, бәлкім, сенің ғасырың.
Мына ғасыр безбүйректеу өр ғасыр,
Жүрегінде сезім емес, қорғасын,
Шетке қақты тұлпары мен жорғасын.
Қақпай қайтсін, бәрін сатып алуға
һәм сатуға мүмкіндігі болғасын.
Сенде қазір думан дәурен, масат күн,
Өзіңді-өзің бар жауаптан босаттың,
Рухани байлыққа да тас аттың.
Аудандағы жалғыз кітап дүкенін
Сатып алып, сырахана жасаттың.
Тез ашылып саудагерлік дарының,
Таудан, тастан қайтпастай өр арының,
Саудаладың Алматының жарымын.
Ұлағатты ұлы қазақ елінде
Сатылмайтын байлықтар да бар, інім.
Жалғыз саған борыштыдай бар халық,
Топ ішінде ісіп-кеуіп, нарланып,
Кейкиесің қол беруге арланып.
Дегенмен біз сені туған ұлттың
Сатылмайтын қасиеттерін қорғадық.
Көз көп қазір сыртымыздан сын айтар,
Бәйтеректі мазақтаса құмай тал,
Ерден бұрын ел сенімін мұңайтар.
Бірақ бізге өз ұлтыңды өзгеден
Кем сүйесің деп, қанекей, кім айтар?
Асау даусы әр қиырдан естілген
Ағаң бізбіз, ерте есейіп, кеш күлген.
Аман қалған талай қарлы көшкіннен.
Уақыт артқан абырой мен беделі
Сұрап, сатып алынбаған ешкімнен.
Желтоқсанда құрық түсіп арманға,
Жас буынның өзегін өрт шалғанда,
Үнсіздігі айналып зор қорғанға,
Дәл бүгінгі батырлардың көбісі
Столына жасырынып қалғанда,
Найзағайлар жарқ-жұрқ ойнап аспанда,
Ұлтымызға ызғарлы үрей шашқанда,
Қыздарымыз қайсар мінез ашқанда,
Кей еркектер, құдай қара басқанда,
Ұқсағанда піштірілген қошқарға,
Қонаевтың жақсылығын көргендер
Қонаевты жалғыз тастап қашқанда...
Сахаровқа іні болып табысып,
Горбачевпен, Крючковпен қағысып,
Талай залым алпауытпен алысып,
Біз тіккенбіз басымызды бәйгеге
Бар қазақтың ар-намысын ап ұшып.
Ұлтымыздың әр мұңының басында,
Салт пен сана, тіл мен дәстүр қасында,
Арал зары шапқан кезде насырға,
Қорғаушы боп тағы да біз жүргенбіз
Мейірім қосып мейірімсіздеу ғасырға.
Тамырсыз жан жұрт мұңына саңырау
Деген пікір рас па еді, тәңір-ау?
Неге болдық рухсызға қоңырау?
Қандай қорлық, ағыл-тегіл дәулеттен
Дәулеттінің жан байлығын танымау.
Дәстүріміз тұрса екен деп күшінде,
Егемен ел болуды аңсап түсінде,
Ұлы арманы запыран боп ішінде,
Сан ғасырлық ұлтымыздың шайқасы
Сендейлерді тайраңдату үшін бе?
Мұндай бақты көрдің бе екен түсінде,
Бүгін жұртты менсінбеген пішінде
Шыға келдің айналып тас мүсінге.
Біздің қилы күресіміз кешегі
Сені атқа отырғызу үшін бе?
Біздің дәуір нарықтан кеп табылды,
Бірақ, нарық жүрмей жатып жаңылды.
Нақ сол тұста сынап қалдың бағыңды:
Қоғам мүлкін заңдастыра жымқырып,
Іс бастап ең, байлық сел боп ағылды.
Рухынан артық қойған қарынды
Шын безбүйрек болып шықтың алымды.
Нәтижеде жұрт қалтасы қағылды.
Ал, әйтпесе мына үйлер, зауыттар
Қайдан тапқан дәулетіне алынды?
"Бөлінсе де сана төртке, ми үшке,
Нарық заңы солай, жөнсіз тиіспе!" –
Дейді біреу шығып алып мүйіске.
Сонда қалай, кедейленіп бар халық,
Жүз-ақ адам бай болуға тиіс пе?
Жүз бай шырқап, миллион кедей аһ ұрған,
Пайда тым аз жүз бай еккен дақылдан.
Кім бар жұртты тең баюға шақырған?
Қайыршысы жоқ ел,"- депті ақылман.
Сорласа жұрт рухсыздан сорлайды.
Қырандардан биік қойсақ торғайды,
Отанды кім торғайлардан қорғайды?
Рухсыздың, қайырсыздың баюы,
Бәлкім, ертең ұлтымызға зор қайғы.
Жинасаң да әлемнің бар алтынын,
Адамдығын көрсетпесе жарқылын,
Қоршар сені салқын шаттық, салқын үн.
Ешкім рух байлығынан бөлініп,
Шын бақытқа жеткен емес, жарқыным!

Басқа да өлеңдері

Тарысы бар аймақтың

  • 2
  • 0

Даттайды екен бір кінәңді ел білсе,
Бірақ ол да келген қайғы уақытсыз.
Қызғанышы ізгілігін сөндірсе –
Нақ сол адам бақытсыз.

Толық

Жеңілген жеңімпаз хақындағы Отырар дастаны немесе Шыңғысханның қателігі

  • 0
  • 0

- Даңқың қайда төске өрлеген?
Екі жүз мың әскерменен
Алты ай бойы кіп-кішкентай
Отырарды ала алмау,

Толық

Жароков көшесіндегі кездесу

  • 1
  • 4

Лаулата алмай бойдағы бар ұшқынды,
Жүрген кезім армандап алыс қырды.
Бірде мені Төлеген Айбергенов
Тарлан ақын Тайырмен таныстырды.

Толық

Пікірлер (3)

Мариям

Мұхтар ағамыздың өлеңінде біздің еліміздегі ғана емес, Әлемнің бүгінгі күрделі мәселелері ашылады...

Бинура Еримбет

Керемет создер

Асхат

Фарабиден мықты ел кім деп сураса,
Қайыршысы жоқ ел,"- депті ақылман.

үстінгі тармақты қосып қойсаңыздар!

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)