Өлең, жыр, ақындар

Арғымақ мен арба

  • 04.05.2020
  • 0
  • 0
  • 985
Құлагер тектес,
Қас тұлпар құстай ұшатын,
Төгілсе тері,
Сөгіліп қолтық,
Көктегі бұлтты құшатын,
Бұрқырап көбік,
Жал, құйрық бірдей суылдап,
Темірдей тұяқ,
Дүбірге бөлер,
Тып-тыныш жердің бір сәтін!
«Жүйріктің неге
Құс болып ұшу арманы,
Бұлт құшып көкте,
Ұшқанның қанша бар мәні?
Азығын қамдап,
Қамбаны жазда толтырып,
Сүйреген артық
Жем толы ескі арбаны!»
Егесі бір қу,
Тапқандай ақыл, айланы,
Ойлады мықтап,
Мерейден бұрын пайданы,
Он қап жем артқан
Салдырлақ ескі арбаға,
Жүйрікті жегіп,
Жетегін мықтап байлады.
Киген соң тұлпар
Тұғырдың ноқта, қамытын,
Сұлқ түсіп, сөнді,
Салғандай біреу сабытын,
Есерлеу еге,
Қамшымен тартып жіберді,
Қайда деп, қане,
Бәйгеде қозған шабытың!
Желқанат шіркін,
Шыққанда қиқу,
Құйыннан озған құйғытып,
Тыпырлап бақты,
Тұяғы тасты сырғытып,
Қамытқа қор боп,
Намыстан күйген жануар,
Теңселе басты,
Арбаны әрең жылжытып!
Илеген тасты,
Сом тұяқ болды майтабан,
Жүйрікті жеккен
Есердің ісін,
Көргендер басын шайқаған...
Аламан дүбір,
Шыққанда бейбақ,бәйгеге,
Тағы да қосты,
Қас тұлпар бірақ,
Ұша алмай қалды қайтадан!
Қызғанда бәйге,
Жүйріктің ерек егесі,
Көсілте сілтеп,
Көріп-ақ еді
Кібіртіктей берді,
О несі?!..
Желкеден басып,
Кейінге тартып тұрғандай,
Жем артқан ескі,
Салдырлақ арба елесі!
Атқандай еді,
Алдынан таңы арайлап,
Атақ пен даңқ та
Алғандай еді орайлап,
Жете алмай қалды,
Жүйріктің серті сырт беріп,
Жем артқан ескі
Арбаға қайта қарайлап!
Балтамен ұрып,
Мылтықпен атып
Малмай –ақ қолды қанға да,
Жүйрікке жүген,
Күлікке шідер,
Айламен салып замана,
Тұлпарды талай,
Шобыр ғып жуас жіберген,
Еріксіз жегіп,
Жем артқан ескі арбаға!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бейнет пен зейнет

  • 0
  • 0

Бір дөкейге ел жайын,
Айтып едік онлайн:
«Машина емес, әйелдер!»
Десек, қақты таңдайын:

Толық

Төрттаған

  • 0
  • 0

Тағдыр бізге тартады неше түрлі табағын,
Қабыл алмай қайтерсің, бар ма басқа амалың?
Ертең күлкі ұялайды, бүгін түссе қабағың,
Кім бар екен түбін бойлап, ұққан өмір сабағын?

Толық

Қайран елім

  • 0
  • 0

Адамзатқа
Ақиқат пен
Ізгілікті іздестің,
Қиянатқа

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар