Өлең, жыр, ақындар

Келін

  • 28.08.2020
  • 0
  • 0
  • 805
Ауыл арты айдын көл – қардың суы,
Қар суына қосылған жаңбыр суы.
Тұщы суға барады қыз-келіншек,
Табанына шашырап шалғын шығы.
Кешке қарай көкжиек күреңітіп,
Қою бұлтты балқытып тұр ерітіп.
Боз жусанның түбінен тіп-тік ұшып,
Бір бозторғай аспанда жүр елітіп.
Ауытқыған ауамен бозторғайға
Көп қадалды бір кемпір, көз талмай ма?
Кенет ұшқан құстардың қанатындай
Келер болса, жақсылық кез таңдай ма?
Құдіретімен тұрған кез көктем буып,
Күн сәулесі алтын зер боп төгіліп.
Қайта оралды әлгі құс, қайран дүние,
Келмейді, әттең, бұлдырап кеткен үміт!
Көмейінен торғайдың төгілген үн
Әкеледі көзге жас, көңілге мұң.
Майдан біткен, мазасыз кемпір күткен,
«Махаббатын ән қылып менің де ұлым...
Менің де ұлым оралар, орнында бар,
Орнында бар болған соң орман толар.
Мен де қайта көктермін жапырақ шашып,
Жапырылып жапанда қалған томар».
Күтті кемпір екі жыл, үшінші жыл,
Күтті келін көп естіп қысыр сыбыр.
Екеуі де сұрайды әлдекімнен:
«Құсымызды кенеттен ұшыршы бір».
...Суға барған көп әйел шалқып әні,
Кешке жақын көл жақтан жел тұрады.
Қараша үйдің шығып ап қолдауына
Қадалып тұр сол жаққа кемпір әлі.
Көл маңайы көп жұрттың шуын құшып,
Ерте түсті шалғынға бүгінгі шық.
– Келін, бүгін көлге сен бармаушы ма ең,
Жалғыз қалдың, кетті ғой іңір түсіп.
Және де айтты:
– Қыздардан жай қалдың ба,
Әлде бүгін бір жаққа ойландың ба? –
Келіні тұр таранып, шашын өріп,
Керегеге ілулі айна алдында.
Абыройын қалдырып аманатқа,
Жардан артық жоғалған жара боп па?!.
Кемпір де дал барғанын айна алдына
Жори алмай жақсылық, жаманатқа.
– Көңілінің шашбауы көтеріліп,
Көлге қарай асығып жетеді жұрт.
Қайда асығам, қашанғы күзетемін,
Бұл босаға мен үшін бекер үміт.
Иінағашы салдырлап иықтағы,
Қараңғыда көл жаққа жуықтады.
Жабамын деп түндікті жатты кемпір,
Құлап түсті бір дәуіт уықтағы.
Келер күні тұрып па келін ерте
Қолы үйренген қашарын еміренте,
Еміренте сауғанда елжіреді
Ене емшек секілді көңіл дерте.
Содан кейін кір жуып, шай қайнатты,
Білек түріп шайқады бал қаймақты.
Бұзауы бар қашар да май береді,
Қысыр қалу, япыр-ай, қандай қатты?!
Көрші жинап, көп жұрттың батасын ап,
Келін айтты:
– Келгем жоқ жат асырап,
Тайып тұрар тағы да мен емеспін
Алып ұшқан нәпсімен шатасып ап.
Мүлкін де алмай бұл үйден, малын да алмай,
Кейде орнында тұрмайтын лағылдардай
Кетті келін, кетерде енесіне
Еңіреді «Кетті деп бағым жанбай».
Қыз-келіншек күлкісі сараласып,
Көлден қайтты жарысып, жағаласып.
Жалғыз кемпір келеді жұрт соңында
Ақ жаулыққа ақ самай араласып.
Жалғыз кемпір келеді...
Қайран көңіл
Артта қалған жылдарға ала қашып.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Куә қайда?

  • 0
  • 0

Есімде жоқ ең алғаш жылағаным,
Айды әпер деп аспаннан сұрағаным.
Бақыт деген сол шығар – жылағанда
Білмеу шығар жанында куә барын.

Толық

Көзімді ашып қараймын кейде өмірге

  • 0
  • 0

Көзімді ашып қараймын кейде өмірге,
Басымда бар жұрттағы ой менде де.
Басымда бар жұрттағы ахуал,
Артық-тыртық тұсым бар кейбір жерде.

Толық

Жазады уақыт барлық жараны

  • 0
  • 0

Жазады уақыт барлық жараны,
Оң қараса егер тағдыр қабағы.
Табылар керең сордың да амалы,
Табылар терең ордың да амалы.

Толық

Қарап көріңіз