Өлең, жыр, ақындар

Мұхтар мен Қаныш

  • 06.09.2020
  • 0
  • 0
  • 1055
(баллада)
Мұхтар мен Қаныш кездесе кетті бір жылы,
Біреуі Мәскеу, біреуі Жезді тұрғыны.
Ұлылық жанған жанарларының түбінде
Бар сияқты еді кіреуке мұңның кірбіңі.
Әуелі Мұхтар:
– О, пәлі...Қаныш!.. – деп қалған,
Қас-қабағын да аңғарған еді қапталдан.
– Жездінің шаңы үстіңдегі аздап болмаса,
Жез киік сынды бозбала қалпың сақталған.
– О, пәлі! – деді, сүйекке сіңген дағдыны-ай, –
Тау-таста жүр ғой, болмас деп едім дәл бұлай.
Даланы сүйіп, күніне күйіп көрмеген
Көрінеді де тұрады маған сорлыдай...
– Сіз-дағы Мұха-ай, айтасыз-ау бір аңызды,
Астана жақта атқарған істер маңызды.
Тауы мен тасын тапсыр да бізге даланың
Атқара берші одан да үлкен парызды.
Біріне-бірі ілтипат жасай иіле,
Біреуін бірі сүйсінте күліп, сүйсіне.
Халқының қамын тұрғандай еді бірге ойлап,
Халқының жанын жан жүрегіне үйіре.
Жанарларының түбінде жатқан көлшік мұң,
Дария шайған шылауындай-ақ шалшықтың.
Жоғалып кетті. Жомарт мұхиттар толқыны
Қалдыра ма исін шылаулар менен қаңсықтың?
– Айтыңызшы, Мұха, Арқаның қолат, иірі –
Менделеевтің кестесі жатқан бұйығы.
Керек қой кені, қайткенмен біздер алармыз,
Кенінің ділін, құрамын іздеп табармыз,
Тарихтың тілі қиынның, Мұха, қиыны!
Тағы да Мұхаң «пәлімен» бастап қолдауын,
– Қосатын кімдер тарих пен халық жолдарын?..
Менделеевтің кестесі жатқан даланың
Ойлайсың қалай, Академиясы болмауын...
Ғұлама қабақ, сұңғыла сағақ бітімі,
Сауалмен берді келген бір сөзді ұтыры.
Қаныш та сол сәт данышпан ойды дәл басып,
Айтатын сөздің келгендей екен күтуі.
– Бұл сөзің, Мұха, сауал да, сын да, арман да,
Жіп ұшын беріп, демей ме қазақ ал жалға?!.
Іліккен жіпті екі қол ұстап сүйресе,
Жүк қала ма екен намыспен тартса нар жолда?
Соңғы жол сөзді тек айтпады Қаныш тілімен,
Көзімен айтты, Мұхаң ұқты ділімен,
Академиясы құрылып біткен адамдай,
Жайраңдайды олар біреуі өтіп бірінен.
Сол кезде Мұхаң қақпағы шалқақ кеудемен,
– Аман болсын де, болады бәрі – ел деген.
Көрдің бе, Қаныш, Арықты көше бойынан
Керемет көрініс тұрмын көріп көрмеген.
Көрдің бе, Қаныш, күншығысында көк белес,
(Таң атар жақта тау биік болу шарт емес).
Тау жаққа қара – Медеуге маңдай тірелер,
Ой жаққа қара – ол-дағы жазық дөп-дөңес.
Шіркін-ай, мынау биіктеу дөңес сұлаған,
Ескерткіш қойса, Абайдай тұрар ұлы адам.
Академияның есігі қарап жазыққа,
Алдында оның сәуледей түскен сынадан.
Тұрар ма Шоқан сынадан түскен сәуледей...
Тұрды олар үнсіз біреуін бірі сәл демей.
Осынау сөзді айтты ма олар естіртіп.
Айтты ма әлде көңілдің ділі ой көмей.
Келешек жылдар өтті ме көздің алдынан
Ғұлама мидың қатпарларымен қарғыған.
Мырс етіп Мұхаң:
– Орын жоқ, Қаныш, – деді де, –
Орын жоқ артық тарихтың берген орнынан.
Орнында бәрі.
Орындалды арман.
Қалпында.
Ойлаған ойлар орамы қалды артында.
Академияның тізесін қосып ой толғап,
Даланың бірге көтерді биік даңқын да.
Орнында бәрі.
Орындалды арман.
Қалпында.
Әуезов дейтін әлемдік ойда бар тұлға.
Сәтбаев – тұлға,
Жездінің мысы секілді
Жарқылдай берер қарылған сайын шарпуға...
Ғұлама ойдың, көреген көздің жарқылы,
Табиғат заңы – табиғат саған тартуы.
Кезінде көрген керемет құбылыстарды
Жүреміз ұзақ кері әсер ету арқылы.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Адамзаттың өнері

  • 0
  • 0

Өтеді уақыт.
Тағдырдың болмақ жазғаны,
Қағида заң ғой адамнан уақыт озбағы.
Уақыттың жалын қаламыз сипап бәріміз,

Толық

Көкжиекке бір ымырт қонды келіп

  • 0
  • 0

Көкжиекке бір ымырт қонды келіп,
Жарық дүние тағы бір күнді ұрлатты.
Жалқын сәуле жарығы жонды бөліп,
Сәл қозғалған селеулер діріл қақты.

Толық

Бір мысқал мұң

  • 0
  • 0

Бір мысқал мұңым, тұрмыс, тағдырым сенбісің,
Болмыстан бітім, тумыстан ділім сенбісің?
Туыс та, дос та суысқан күні басымды
Сүйеген менің бір мысқал мұңым сенбісің?!

Толық

Қарап көріңіз