Өлең, жыр, ақындар

Ит жылғы оқиға

  • 02.01.2021
  • 0
  • 0
  • 358
(Әзіл)
Жер – батпақ, көк қымтанып ыс-шапанмен,
Жылап құр қоштасуда қыс шаһармен.
Көктемде Һақ Тағала Махаббатты,
Балқашқа аттандырды іс-сапармен.
Жеті қат көкте бұйрық ғапыл қалмай,
Періште Жерге аттанды – шақырғандай.
Жеті мұржа астында қала жатыр,
Мыс емес, бұлт өндіріп отырғандай.
Мастарды тәй-тәйлетіп кешкі барлар,
Жастарға той тойлатып ресторандар.
Еш пенде қарсы алған жоқ Махаббатты,
Тіпті оны менсінбеді ескі вокзал.
Таң ата қайнап кетті қазан-базар,
Періште бір мұсылман адамға зар.
Саудакеш, арбакешке жетіп барад,
Ал базар аудармады оған назар.
Әр пенде таба алмаса әз мұратын,
Базарда бос жүргенді жазғыратын.
Махаббат миы қатып, жан таппады,
Келді деп куәлікке жаздыратын.
«Құдай-ау, мұнда неткен көп ед кәпір?!»
Періште бола қалды кенет пақыр.
Мешітке Алла үйі деп жетіп барса,
Тарс жабық есігі ол да ремонтта тұр.
Жан таппай бір шаһардан жүректі, арлы,
Әкімге кірсем бе деп бір оқталды.
Ақыры қолын сілтеп Алла жаққа,
Махаббат «Аладдинге»* түнеп қалды.
Махаббат, пәк күндерің қайда, құрғыр?!
Махаббат енді дейді ел жайға дүлдүл.
Шапағат сол маңайдан жұға ма деп,
Қыз біткен «Аладдинді» айналып жүр.
Аспан болса тып-тыныш...

* «Аладдин» - Балқаштағы қонақүй кешені.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мен қысты күтем

  • 0
  • 0

...Мен қысты күтем,
Сағынам аппақ қарды,
Жердің тәні қымтанар ақ мақпалды.
Күннің нұры тайғанап қыр-қыраттан,

Толық

Соқыр аккордеоншы

  • 0
  • 0

Шығыстың жырланатын ғазалында –
Ерекше нұр шалқыған ажарында,
Тұрады соқыр жігіт сырнай тартып,
Қарағандының орталық базарында.

Толық

Құба белде қалмағанда гүл-ажар

  • 0
  • 0

Құба белде қалмағанда гүл-ажар,
көрден қашып Қорқыт ата пірәдар
тұрақ таппай кезген еді жалғанды,
тек алдынан шыға берген көр мәңгі.

Толық

Қарап көріңіз