Өлең, жыр, ақындар

Дүрліктірді отарба маң даланы

  • 13.02.2021
  • 0
  • 1
  • 480
Дүрліктірді отарба маң даланы,
Жанға шабыт береді самғағаны.
Дөңгелектер әуенін тыңдап жатып,
Дімкәс көңіл соған да малданады.
Жолаушылар бұйығы мүлгігендей,
Бара жатыр дәм айдап кімді нендей?
Қандай қызды қарсы алар қандай жігіт?
Жолықпаса жарады жынды мендей.
Күңгірт вагон, тымырсық тұмшалаған,
Қайда тартып барады мұншама адам?
Аққу қаздай тізіліп қыздар отыр,
Артық-ауыс қимылды мін санаған.
Жаным, жүйкем еріксіз шымырлады,
Сендерсіңдер, қалқатай, ғұмыр мәні.
Сұлусыңдар ...
Айтыңдар ал, әйтпесе,
Сезімімді сел ғылып кім ұрлады?
Нұрын шашқан көз қандай, қабақ қандай?
Күңгірт вагон ішінде таң атқандай.
Аққу-қаздар жаныма қонақтаса,
Кететіні белгілі тағат қалмай.
Сезімімді шырға еттім шүпілдеген,
Ысып-суып барады бүкіл денем.
Ай жүзіңнен, арулар, шапақ көрем,
Келіп, желпіп кетіңдер шытыңменен.
Барады ұшып кептерлер қолдан әні,
Міскін халім, тағдырым долданады.
Тыңдамайды әнімді ешкім менің,
... Отарбаның тынбайды доңғалағы.



Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Тереземнен телміреді

  • 0
  • 0

Тереземнен телміреді
Түн дүлей,
Аңдып отыр қимылымды мүлгімей.
Далада – аяз,

Толық

Бірінші тыныс

  • 0
  • 0

Сыбағамнан қалдырмапсың – шылқыдым,
Уайыммен өтіп жатыр күн-түнім.
Айшалық боп көктем, күзде айбынам,
Тірлігімді түсінеді кім, күнім?

Толық

Періштесің жүрекке сыр тұндырған

  • 0
  • 1

Періштесің жүрекке сыр тұндырған,
Асқан бақыт табылмас шіркін, бұдан.
Ғашық еттің мәңгілік жанарыңа,
Ішімде – күй, шалқыған сыртымда да – ән.

Толық

Қарап көріңіз